Әдебиет • 17 Қазан, 2017

Ұлбике ақын

4508 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Айтыс – ақын, жыраулардың шабытын қоздырып, талант көзін ашатын бірден-бір өнер қайрағы. Сан ғасырдан бері өлмей, ұмытылмай рухани қазынаның сүбелі қайнары болып келеді. Ақындар айтысы туралы әңгіме қозғалғанда бұл өнердің ту ұстаушылары ретінде Күйкентай, Шә­ріпжамал, Дәме, Ұлбике, Тыныштық, Шә­кей, Қарлығаш, Ақсұлу, Ақба-ла, Рыс­жан, Сара, Болық және Тәбия сияқты айтыскер әйелдердің есімін айтпай кету обал болар еді.

Ұлбике ақын

Бұл тұста Сара Тастанбекқызының есі­мі алдымен ауызға оралады. Рас, оның жар­­ты өмірі қапаста, қайғы-қасірет қа­мауында өткен. Дегенмен оның айтысы көп таралған, аңызға айналған, әр кезеңде өз бағасын алған-ды.

Қазақта Сарамен тағдырлас, талантты дейгейлес, бірақ зерттелуі, насихаты әлі кемшін түсіп жатқан бір айтыскер ақын бар. Ол – Сырдан шыққан Ұлбике Жанкелдіқызы. Ұлбике Сарадан жарты ғасырдай бұрын Қызылорда облысы Қарөзек бойында 1825 жылы дүниеге келген. Әкесі Жанкелді мен анасы Жаңыл да өнерпаз, бірқағары бар жандар болған. Әсіресе анасы әншілігімен төңірекке мәшһүр екен. Демек Ұлбике бойындағы таланттың өте ерте оянуына ата-анасының ықпалы болып, олар перзент жүрегіндегі жалынды өшірмей, үнемі үрлеп отырған. Оны енді Ұлбикенің өз ау-зынан естиік:

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігімде үйренгем мен өлеңді.

Балапандай кезімде қайран шешем,

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

Ұлбикенің пәрін ашып, талант отының тұтануына Сыр бойындағы жыршылық өнер себепші болды. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл ішінде жаяу ақын жігіттермен сөз қағыстырып, қара үзіп жүрген ақын қыздың дабысы елдегі сүбелі сүлейлерді де елең еткізіп, олар да оза шауып жүрген қызды сынамақ ниеттері болады. Сөйтіп жүргенде Ұлбике-мен жыр жа­рыстың пердесін Қарақалпақ елінен келген Жанкел (Жанкелді емес) деген кедей жігіт ашады. Қараөзек өзенінің сол жағында Ұлбикемен қағысудың сәтін аңдып жүрген Жанкел бірде өзеннің оң жақ жағасында сиыр сауып отырған Ұлбикеге былай деп өлең айтады:

Топ қамыс, топ-топ қамыс сайда болар,

Көп жылқы, қоралы қой байда болар.

Ар жақта сиыр сауған Ұлбикежан,

Өткелі Қараөзектің қайда болар?

Жігіт дауысын естісімен Ұлбике сиыр­дың бауырынан басын көтеріп, іле былай деп жауап береді:

Ар жақта Жанкел отыр қардай борап,

Нағып жүр әкең байғұс алдыңды орап?

Бара ма малың өтпей сорлы кедей,

Өткелін Қараөзектің менен сұрап?

Жанкел:

Әңгіме табылады құрағанға,

Өзіңдей жақсылармен ұнағанда

Байталдай шапқа түрткен шамдандың ғой,

Өткелін Қараөзектің сұрағанға.

Ұлбике:

Жігітім, біздің байтал тарпаң еді,

Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді.

Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа,

Жанкел-ау, жүресің де байқап енді.

Бұл айтыс та екеуара сөзжарысқа, жоға­рыдағы үзіндіде келтірілгендей бір-бірінің мінің бетіне басып, ең қызықтысы ойнақы әзілге құрылған. Қайымдасу үстінде өз сөзінен ұсталып, Ұлбике жеңі­леді. Бірақ бұрынғы ауыл арасындағы қала­бай қалжыңнан гөрі ұстамды, күрделірек болғандықтан Ұлбикені ширатып, тұсауын кескен нағыз сөз айтысы осы болған еді.

Ұлбикенің ақындық жолдағы ал­ғаш­қы бетін ашып, тұсауын кескен, ұстараның жүзін жаныған қайрақтың рөлін атқарған, талантты шын танып, батасын берген Күдеріқожа Еркөшекұлы еді. Ұлбикемен алғаш сөз жарысына шыға ба-стағанда ол қырықты алқымдап қалған егде жігіт екен. Ұлбикемен сөз жарыстыра бастағанын естіген әкесі Күдеріге: «Балам, Ұлбикемен айтысу үшін Бұхараға барып үш жыл оқып кел, әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың», депті деген аңыз бар. Мұның өзі Ұлбикенің тапқырлығын, шешендігін, ой-өрісінің кеңдігін, ақындық алымдылығын көрсетеді. Бұл айтқанымызды шегелей түсетін айғақтармен, Ұлбикенің бағасын үстемелей түсетін бұрын-соңды өткен сөз зергерлері айтқан әлденеше тұщымды мысалдарды алға ұстауға болады. Мысалы, ресми халық ақыны деген атағы бар Қуаныш Баймағанбетұлы:

Күлдіреп Күдері өтті Таспаменен,

Айтысқан талай жүйрік қасқаменен.

Айтысқан Ұлбикемен бәсі түскен,

Тең таппай теңесуге басқаменен, – деп Ұлбикенің ақындығын айшықтай түседі.

Бүтін оңтүстік өлкесіне ақындығымен, оған қоса жыршылық, әншілік өнерімен жете таныс Мәделіқожа да Ұлбикенің ақындығы мен көркіне қайран қалып жырға қосады:

Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,

Қысылса да аузына сөз түседі.

Өлең айтып отырған Ұлбикенің,

Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.

1837 жылы Ұлбикенің елі Әулиеатаға келіп ата-бабаның туған жеріне орныққан соң жылдар өтіп өнері мен ажар-көркіне тәнті болған Қарақойлы руының бір байы үш қыздың қалың малын беріп құда түседі. Ұзамай Ұлбике сол байдың содыр да ұрдажық, әпербақан боп өскен Бойтан деген баласына ұзатылады. Сол күннен бастап Ұлбикенің маңдайының соры қалыңдай түседі. Ата-енесі де жайсыз болады.

Келген жері оның әр қадамын бақылап, өнерін ұштамақ түгіл әр әрекеті аңдуда болған. Қысқасы, Ұлбикені қорлық, зорлық тұманы шырмап алады. Бұл сөзімізге Ұлбикенің өз зары айғақ. Бұл қорлық жанына батқан ақын бірде шөл қысып келген бір жолаушыдан әке-шешесіне сәлем жолдайды. Оны әрине толқымай тыңдау мүмкін емес.

Не деген қайын атам қас кісі еді,

Аузынан айқайласа тас түседі.

Ел-жұрттан осындағы жөн сұрасам,

Бір түнде сәтін тауып қаш деседі.

Ғұмырым ойлай берсем болды қауіп,

Отырмын, жүре алмаймын басым ауып,

Айта бар бұдан барсаң көкешіме,

Өзімен ала келсін тәуіп тауып.

Қызылорданың іргесіндегі Амангелді ауылында Рахмет Мәзхожаұлы деген жырау болады. Тоқсан екіге келіп дүние салды. Ескі жыр-терме, айтыс, қиссаларды көп білетін адам еді. Өзі Күдеріқожамен ағайындас қожа руынан болатын. Мен оны көп тыңдап, біраз айтыстарды (Ұлбикенің де бір айтысын) сол кісіден жаттап алғанмын.

Оның айтуы бойынша, Ұлбикенің ұстазы болған Күдеріқожа көбіне Арқада өмір сүріпті. Онда да талай адаммен қайымдасып өнерін паш етіпті. Сөйтіп Ұлбикенің дерегін естіп, Балқашты жағалап, Шу бойына келген ақын сұрастыра отырып шәкіртінің ауылына түседі. Күдерінің даңқын білетін жұрты жиналып, ақынға қонақасы беріп жырлатады. Сол басқосуда жиылған жұрт қолқалап екі ақынды айтыс-тырады. Бұрыннан сырмінез және өнер бәйгесін сағынған екі ақынның айтысы шу дегеннен қызып, ұзаққа созылады. Қас қарайып, түн жамылғанда таркөңіл, қараниет біреу ен дала-да жылқы күзетіп жүрген Бойтанға барып: «Әйеліңнің Күдері деген көңілдесі бар екен, сол келіп күні бойы екеуі айтысып отыр. Сенбесең үйіңе бар», деп хабар береді. Есер Бойтан шауып үйіне келсе шынында да айтыс жүріп жатыр екен. Кеудесін қызғаныш кернеген Бойтан іргедегі балтаны ала салып Ұлбикені көкжелкеден бір ұрады. Ақын талып түседі. Бұл 1849 жылғы тамыз айының орта кезі еді дейді.

Содан Ұлбике төсек тартып жатып қалады. Жарасы жазылмай, дерті күн са-йын меңдей береді. Бұл кеселден тұрма-сын білген Ұлбике өткен кеткенге өлеңмен мұң шағады. Бірде үйіне ел ақтап жүрген диуана бас сұғып, көңілін сұрапты. Одан Ұлбике: «Сыр еліне барасың ба?», деп сұрапты. «Барамын» депті ол. «Ендеше сондағы жұртқа айта бар», деп мына бір ауыз өлеңді үйретіпті:

Тұс-тұстан халық келіп анталады,

Айтыс деп Күдерімен қолқалады.

Болғанда түн ортасы Бойтан келіп,

Атылып көкжелкемнен балталады.

Абайсызда басынан қатты жарақат алған Ұлбике қыркүйек айының басында небәрі 24 жасында көз жұмады.

Содан әлгі диуана Сыр бойына, Жаңақорғанның түстік бетіндегі бір ауылға келіп, әлгі өлеңді айтады. Үй егесі қожа екен. Мұны қай жерде, кім айтқанын білгеннен кейін: «Оһ, Ұлбике өлген екен ғой, қой барып көңіл айтып, бата қылайық», деп еліне хабар салыпты. Ұзамай Күдеріқожаны ортаға алып бір топ адам марқұмның ауылына барады. Барса Ұлби-кенің асы беріліп жатыр екен. Ас аяқталған соң кұн дауы басталыпты. Жол төркініне беріліпті. Төркіні таңдауды Күдеріқожа айтсын деп ұйғарады. Қожекең сөзді шариғаттан бастапты: «Өлер Ұлбике өлді. Аярда да ас жоқ, тоярда да ас жоқ. Көрді ашып, өкпесін сойып көріңдер, өкпесінде жыбырлаған жазу болу керек. Жазу жоқ болса сөз басқа, егер жазу болса, ол – өлең. Онда үш кісінің құнын бересің», депті. Айтқандай көрді қазып, өкпесін ашса, жазу (құрт) жыбыр-лап тұр екен дейді. Көрген жұрт ботадай боздапты. Сөйтіп Қарақойлылар үш адамның құнын төлепті.

Ұлбикенің жиырмашақты рет айтысқа түсіп, бірнеше өлең шығарғаны, асқақ әнші әрі күйші болғаны халқына ертеден аян. Оның талантына М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, В.В.Радлов секілді әйгілі фольклор жинаушылар ерекше мән беріп, ыждағатпен қараған. Қазақтың М.Әуезов, С.Мұқанов, Ш.Мұртаза сияқты даңғайыр жазушылары да ерекше баға берген. Одан кейінгі буын өкілдерінен қарымды қаламгер Қ.Мұхамеджанов, белгілі ғалымдар М.Жолдасбеков. Р.Бердібаев, С.Дәуітұлы, талантты журналист М.Тө­лепберген, ақындардан Қ.Мырзалі, Ә.Жә­мішев, К.Ахметовалар Ұлбикенің та-ланты жө­нінде тұщымды ойлар айтып, қалам тербеген. Әйтсе де Ұлбике Жанкелдіқызы талантының насихат бағасы әлі кемшін жатқаны жасырын емес. Ол әлі күнге дейін қазақ әдебиеті мен өнерінің сахнасына еркін шыққан жоқ.

Өтеген ЖАППАРХАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет қайраткері

ҚЫЗЫЛОРДА