Коммуникацияның алға қарай адымдап емес, қарыштап дамып бара жатқаны, XXI ғасырдағы ғылым мен білім беру үрдісінің мүлдем жаңа арнаға бет бұрғаны бізді де дүр сілкіндірмей қоймайды. Бүгінде әлемдегі ең таңдаулы ғылыми және әдеби туындылар осы әріптермен жазылады. Сондықтан біз латын әрпіне көшу арқылы жаһандық өркениет көшіне бір табан жақындай түсеміз.
Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған елдердегі әріптестерімен терезелерін теңестіре алады. Сондай-ақ латын графикасын қолдану – ақпарат алмасудың кең шалқар айдыны. Шығармашылықпен айналысудың таптырмас тұтқасы. Қазіргі кезде әлем елдерінің 70 пайызға жуығы осы әліпбиді қолданады. Екінші бір тұрғыдан қарастырғанда, латыншаға көшу – түркі халықтарына ортақ жазу мәнерін қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге шетелдегі қандас бауырларымыздың шығармаларымен емін-еркін танысуымызға да мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда жаңа графикадағы бірыңғай стандарт нұсқаны қабылдау қарсаңында тұрмыз. Бұл өз кезегінде әдістемелік жұмыстарды одан әрі түрлендіре түсуді қажет етеді. Сондай-ақ жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейту керектігін көрсетеді. Әсіресе, бұл істе мектептерге арналып жазылатын әрі құрастырылатын оқулықтарға аса сақ, жауапкершілік сезіммен қарай білейік дегім келеді. Міне, осы мақсатқа қол жеткізу үшін еліміздегі лингвинст-мамандар мен оқытушы-профессорлардың қайрат қылар кезі есікті қағып тұрған секілді. Өйткені бұл өте маңызды іс. Оған үлес қосу бәріміздің ортақ парызымыз деп санаймын.
Нұргүл Әбішева,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, филология ғылымдарының кандидаты
АҚТӨБЕ