29 Қазан, 2011

Бабалар рухына тағзым адал ниетпен болғаны абзал

563 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Еліміз егемендік алғаннан бері ежелгі ескерткіштер еңсе көтере қайта жаңғыртылып, тау тұлғалар тас тұғырларға асқақтай көте­ріл­гендігі баршаға аян. Бағзы замандарда жазыл­ған көне қолжазбалар алыс-жақын шетелдердің мұрағат­­тарынан әкелініп, киелі қорғандардан іздестіріліп алынған асыл жәдігерлер ұлт руханиятының қазынасын то­лықтыра түсті. Ресей патшалығына қара­ған тұста көне жәді­герлер сұраусыз алынып кеткендігі мәлім. Бұған кеңес кезінде жүр­гізіл­ген археологиялық қазбалардан табы­л­ған Ші­лік­тінің алтын жау­һарлары дәлел. Сол заманда көрмеге әкетілген қасиетті тайқазан да Эрми­таж қорында қан­шама жылдар шаң басып жатты. Ел тәуел­сіздігінің басталар тұсында ұлт зиялы­ла­ры­ның пәрменімен осы аса құнды жәдігер қа­си­етті Түркістанға қайта оралды. Түркі мәде­ние­ті­нің асыл қазынасы Күлтегін ескерткішінің кө­шір­месі Астана төріне әкелінді. Ұлттық руха­ният­тың дәуірлеуіне Елбасынан бастап қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы зор үлесін халық бағалап отыр. Осындай өркениет үрдісі Мәдениет министрлігіне қарасты еліміздің барлық мәдениет ошақтарында жалғасын табуда. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы Шы­ғыс Қазақстандағы Тарбағатай тарихи-өлке­тану мұ­ра­жайында кешенді мәдени шаралар жүзеге асырылды. Соның бірі, мұражайдан тыс жұ­мыстар ретінде ұйым жоспарымен белгіленген осы өңірдің ұлы ба­басы, қазақ шежіресіндегі белгілі тұлға Төле­гетай Сүйінішұлының Сыр бойындағы көне кесенесін ғылыми тұрғыдағы зерттеу болды. Тарихи тұлға моңғол шапқын­шы­лығы зама­нын­да Алтайдан Тарбағатай, Же­тісуға ауған жұртты Сыр бойына қоныстан­дырып, кейіннен Жошы иеленген ұлыстың Өзгент өңірін билегені қытай жазба деректерінде сақтал­ған. Сыр өңіріне ислам дінінің тара­луына Қылышты Атамен иық­таса қолдау көр­сет­кені жөнінде аңыздар бар. Олар­дың кесене­лерінің қатар тұрғызылуының сыры осыдан болса керек. Осындай тарихи деректер мен әп­саналарды ғылыми танымды­лы­қ­пен зерделеу өлкетану еншісіндегі міндеттер. 2000 жылдың мамыр айының басында осы мақала авторларының бірі Қызылорда облысы Жа­ңақорған ауданындағы тарихи кешенге іссапармен барып, ескерткіштің жай-күйімен таны­сып, деректер жинақтап қайтты. Алыс­тан бар­ған зерттеушіні қарсы алған жергілікті әкімдік бас­шылары қарт өлкетанушы Шайдарбек Әші­мов­­ті жанына қосып, көлік­пен қамтамасыз етіп, үлкен қолдау көрсетті. Дегенмен, ескерт­кіш­тердің сақ­талуы сын көтермейтін жағдайда еді. Елге оралған өлкетанушы, яғни осы мақала авторла­ры­ның бірі зерттеу жазбаларын мұра­жай қо­рына өткізіп, бұған дейінгі жазылған тарихи дәйек­терді іздестіріп, қайта жаңғырту мәсе­лесін көтерді. Бұл игі бастамаға бірінші болып Шы­ғыс Қазақстан облыстық мәде­ниет басқармасы­ның басшылығы қолдау көрсетіп, жылдық жос­парға енгізді. Ежелгі Өзгент ша­һарына жақын Жібек жолының бойына тұр­ғызылған Төлеге­тай-Қылышты көне кесенеле­рінің қабырғалары 1970 жылға дейін сақталып тұрған. Бұл ескерткішті осы жылдары белгілі сәулетші-ғалым Ескендір Бәйтенов зерттеп, бастапқы көрінісін қал­пына келтірген сызба­сын жасаған. Бұл деректі сәулетші Шығыс Қа­зақстан өңіріндегі кесенелерді зерттей жүріп, 1993 жылы мұражайға келген кезінде айтқан. Жоғарыда аталған іссапарға да осы дерек себеп болған. Мәдениетті қолдау жылы мүмкін­дігімен басталған осы зерттеу, кейіннен көне кесенені жаңғырту бастамасына ұласты. 2001 жы­лы қазан айында мақала ав­торла­ры­ның соң­ғысының құрылтайшылығымен «Төле­ге­тай ұрпақтары» жеке қоры ұйымдасты­рыл­ды (ШҚО Әділет басқармасы заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы Куәлік, №13433-1917Қ-Р). 2002 жылы 18 мамыр – Халық­аралық мұра­жай күні «Туған жер тарихына тағзым» мерекелік бағдарламасында қор тұсаукесері өткізі­ліп, жиынға шақырылған қонақтар мен аудан тұрғындары, барлығы бес жүзге жуық адам қа­тысты. Сол жылдың 9 жел­тоқсанында өткен қор­дың кезекті мәжі­лісінде Қамқоршылық кеңе­сі­нің қол­да­уы­мен көне кесененің қайта жаң­ғыр­тылу мә­селесі жолға қойылды. Қор құрыл­тай­шы­сының ұй­ғаруымен бастаманың алғашқы ке­зеңінде Қы­зылорда облысы Жа­ңақорған ауда­ны­на барып, ауданның сол кездегі әкімі Нәжі­меддин Мұса­баевқа жолығып, ескерткішті қайта жаңғырту жөнінде қолдау ал­ынды. Астанадағы бір топ аза­маттардың басқо­суында Жаңа­қор­ған­да ас өткізу белгіленді. 2002 жылғы асқа дайын­дық бары­сында «Тө­ле­гетай ұрпақтары» жеке қорының құ­рылтай­шысының ұйғаруымен Жаңа­қорғанда өкілдік ашып, жаңғырту жұмысын бастау жос­пар­ланды. Қордың Жарғысына сәйкес өкілдік Ережесі әзірленді. 2002 жылы 18 жел­тоқ­санда Жа­ңақорғанда өткен асқа жүз елудей Төлегетай ұрпақтары еліміздің әр түпкірінен келіп қатыс­ты. Астан кейінгі бір топ азаматтар жи­налған отырыста қызыл­ордалық Олжабай Са­пар­байұлы өзгеше «бел­сенділік» танытты. Өзі­нің екіұшты пікірін айта келе, өкілдікті Қы­зыл­орда қаласында ашуды ұсынды. Отырыс бары­сында өзімен бірге заңгер, қаржыгер ертіп келгенін мәлімдеп, мә­селені шешуді жергілікті жерге бұра тартып отырды. Осы себептермен оты­рыс нәтижесіз аяқталып, асқа жиналған қаржыны Олжабай ақсақал көпшілік­тің көзінше жа­нын­дағы Серік Тәшімбетовке газетке оратып ал­ып кетті. Бұл қаражат Жаңақорғанда ашылмақ бол­ған өкіл­дік­тің есеп-шотына «Төлегетай ұр­пақ­тары» қоры тарапынан орналастырылуы тиіс болатын. Осы­лайша шығысқазақстандық мәде­ни­ет қызметкері көтерген игі бастаманы қызыл­ордалық ішкі істер қызметінің ардагері «меншіктеп» алды. Алғашқы астан жиналған қаржы­ның демеуімен бірқатар қалаларды ұшақпен аралап жиын өткізе бастаған арын­ды ақсақалдың жолын бөгемедік. Біз ата-ба­ба­мыздан қалған жөн-жо­сық­­ты сақ­тап, өзіміз құрған үкіметтік емес ұйым­ның қыз­метін тоқ­татып, жергілікті аза­маттарға жол бердік. Өйткені, ол 2003 жылы наурыз айын­да Қы­зыл­орда қаласында «Төле­ге­тай» қо­ғам­дық қо­рын құрып алған болатын. Ар­тынан емін-еркін екі жыл жүрген Олжабай Сапарбайұлы бас­та­маны қайранға қал­дыр­ға­нын естіп-білдік. Олжабай Сапарбай­ұлының осындай әре­кет­тері сал­дарынан бастама, яғни кесенелерді жаң­­ғырту ісі екі жарым жылға кешіктірілді. Сон­дық­тан, 2005 жылы сәуір айында ақса­қалды қол­­дау­шы­ла­рымен бірге Жаңақор­ғанға отырыс­қа шақы­рып, ұзақ дау-дамайдан кейін, бергісі кел­месе де алғашқы бас­тамамыздың тізгінін қай­та қолы­мызға ал­дық. Кейінгі айғақта дерек бо­луы үшін түркістандық ағайындар отырыс­ты бейне­таспаға түсіріп алды, қазірде қо­лымызда сақтаулы. Игі бастама тізгіні «Төлегетай ұрпақ­та­ры» жеке қоры ұйымдастыруына алын­ған­нан кейін, 2005 жылдың 1 шілдесінде жергілікті қария­лар­дан бата алынып, көне кесенені жаңғырту үшін қызу жұмыстар бас­талып кетті. Ұйым­дастыру жұ­мы­сы өте ауқымды бол­ды, Түркіс­тан, Хиуа, Шым­к­ент, Қызылорда қалаларынан шеберлер шақы­рылды. Таяу жердегі Сайрам мен Созақтан жұмысшылар қамтылды. «Тө­ле­гетай ұрпақ­та­ры» қорының шотына жобаның бас демеушілері: Дәулет Тұрлыханов, Бауыр­жан Оспанов, Жанат Дүз­баев сынды елімізге белгілі азаматтар тарапынан көлемді қаражат түсе бастады. Осын­дай қаржы үлесін жүзден астам демеуші болған тікелей ұрпақтары еселей түсті. Тағы басқа абзал азаматтар белсенділік көрсетті. Кесенелерді жаңғырту кезеңінде ұлы бабалар туралы таным­дық жазбалар жазу туралы зиялы қауымға ұсы­ныс берілді. Халық жазушысы Қабдеш Жұ­ма­ділов «Миллиондай ұрпағы бар Ұлы баба» атты мақала (Қазақ тарихы, 2004 ж.), жас та­рих­шы Тұр­сынхан Зәкенұлы «Сыр бой­ындағы Тө­ле­гетай кесенесі» тақырыбында мазмұнды тарихи зерттеу жазды. Кейінгі жылы елімізге белгілі ақын Несіпбек Айт­ұлының «Төле­гетай» поэ­масы жа­рық көрді. Ақындар Әбубәкір Қайран, Әділғазы Қай­ырбеков, Жанат Әскербекқызы өз толғау­ларын арнады. Біз бұл мақаланы Ұлы бабаның жер бесігін қайта жаңғыртудағы парызымызды дә­ріптеу үшін емес, еліміздің бас газеті – «Егемен Қа­зақ­стан­да» 2011 жылы 10 қыркүйекте жария­лан­ған Ол­жабай Сапарбайұлының «Баба аруа­ғына тағ­зым» мақаласындағы жалған ақпарат­тардың ақи­­қатын ашуға бағыттап отырмыз. Бұл ақсақал бұдан бұрын да Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне де осы мазмұндас бет ұйым­дас­тыр­ған болатын. Онда да кесенелерді жаңғырту­ға ұйытқы болушы деп өзін көрсе­туіне мән бермеген едік. Енді, міне еліміздің бас газетінің жарнама бетіне де қол салып отыр. Белгілі халық термесінде: «Жақсылар жақ­сымын деп айта ал­майды, жамандар жақ­сымын деп айқайлайды», деген сөз осындайда айтылса керек. Төрт жыл бойы еңбектенген құры­лыс­шылардың азық-түлігін Қызылорда, Шым­кент, Түркістан, Шиелі, Темірлан, Сауран­дағы ағайындар қамтамасыз етіп отырды. О.Сапарбайұлы бұл қайырым­ды­лық істен жар­тылай ғана хабардар болғанды­ғынан, өзінің мақаласында құрылысқа жеткізілген азық-түліктің уақытын екі жылға кем, ал құ­рылыстың басталуын бір жылға кейін көр­сеткені – оның игілікті істің сыртында бол­ға­ны­ның дәлелі. Демек, Олжабай Сапар­бай­ұлының «баба аруағына тағзымы» шындықтан алыс. Біріншіден, өзін игі баста­машы қатар­ын­да көр­сет­кен. Екіншіден, «Семейде ашылған «Төлегетай ұрпақтары» дейтін қордың кесене тұрғызуға қауқары жоқ», – деп аталған үкі­меттік емес ұй­ым­­ның жар­ғылық мақсатына нұқсан келтірген. Дүйім елдің көз алдында көне кесенелердің қайта жаңғыртылуын ұйымдастырған «Төле­ге­тай ұрпақтары» жеке қорының ізгілікті қызметін толық аяқтағанына үш жыл өткеннен кейін осылайша сөз саптауы О.Сапарбайұлына не пайда бермек? Үшінші­ден, 2001 жылы Аста­наға шақыртылып, елге танымал абзал кісі ретінде әлі ашылмаған қордың президенттігіне тағай­ын­дала салуы. Бұл халық арасында айтылатын «әлі тумаған қысырақтың қымы­зын ішкен» дейтін әжуаға саятын күпірлік сөз. Ал үкіметтік емес ұйым­дар туралы ережеде қордың басшылық орган­дары сайлануының мемлекеттік тіркеуден кейін ғана жүзеге асатындығы заңдылық тұр­ғы­да жазылған. Демек, бұл айтқаны да ешқандай қисынға жанаспайды. Ол өзін тізгінді мықты ұстайтын кісі деп көрсетуді де ұмытпаған. Осы­лайша өзін-өзі мадақтаудың өңін айнал­дырып, басқа адамның айтқаны деп сілтемелік айласын қолдана білген. Енді дәйексіз әрі жал­ғандықпен құралған мақаланың заң бұрма­лаушылық тұсы­на дәлел келтірейік. О.Сапар­байұлы өз мақала­сының тақыры­бы­на қабаттас­тырып кесененің «Төлегетай ұр­пақтары» қоры­ның тапсырысымен әзірлен­ген жоба көрінісін орналастырған. Бұл сурет «Төлегетай ұрпақ­тары» қоры 2005-2008 жылдар аралығында Төлегетай-Қылышты кесенелерін тарихи-сәу­леттік кешенге ай­налдырып, оның салтанатты ашылу құрме­тіне ұлы бабалар рухына арнап 2008 жылы 25 қазанда Жаңа­қор­ған мен Түр­кістанда өткізілген астың шақыру-бағдар­ламасының мұқабасынан ұрланып алын­ған. О.Сапар­байұлы ешқандай шімірікпестен осы жо­баның авторын Жандарбек Мәлібеков деп бадырайтып, жалған жазған. Жобаның нақ­ты авторы кезінде Қорқыт, Абай, Қобы­лан­ды ескерткіштерін жобалаған ҚР еңбек сі­ңірген сәу­ле­шісі, Шығыс елдері халық­аралық сәулет акаде­мия­сының академигі Бек Ибраев. Осы мақала­ның авторларына, яғни жоба жетекшісі мен сәулетшісіне шығарма­шылық туындылары үшін 2010 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Респуб­ликасы Әді­лет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің №1413 куәлігі берілген. Демек, О.Сапарбайұлы жал­ғандыққа барып отыр. Осы­лайша шын­дық­тың ауылынан алшақтаған ішкі істер ардагеріне не жорық? Сондықтан ондай адамның жобаға еш­қандай қарым-қатынасы бол­маса да, ҚР Тарихи және мәде­ни ескерт­кіш­терінің жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізіміне енген ШҚО об­лыстық мәдениет басқар­ма­сы қолдаған және Тарба­ғатай тарихи-өлкетану мұражайы мен «Тө­ле­гетай ұрпақтары» жеке қоры бірлесіп ат­қар­ған қоғамдық іске заңсыз қол сұғуы заң­дылық тұрғысынан айқындалуы тиіс. Ке­се­нелердің жаң­ғыртылуы кезеңінде бір күн төбе­сін көрсет­пеген, құрылысқа бір кесек кірпіш, құрылыс­­шыларға бір түйір нан апар­ма­ған Олжабай Сапарбайұлының «дайын асқа тік қасық» болып жаһанға жар салуын, бір топ азамат­тар­ды үгіт­теп, халықаралық қор құру әрекетімен әбі­герге түсуі жөнсіздіктің бір көрі­нісі деп түсінеміз. Ең өрескелі сол, игілікті істі иемденген ақ­сақал мақаласының соңында «біз мақсаты­мызға жеттік!» дейді. Сөйте тұра, бірге жеттік деп семейлік «Төлегетай ұр­пақ­тары» қорын екінші қатарға қосымшалайды. Бұл жалған сөздерді тізбектеп жазғаннан жа­ңыл­­ғаны ма, әлде шындықтың өткір жү­зінен қай­­мыққаны ма?.. Оны қос мақаланы салыс­ты­рып оқыған көзі қарақты оқырман көңі­ліне түй­іп, ажыратып алар деген ойда­мыз. Сексеннің сеңгіріне келсе де мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқан үкіметтік емес ұйым­ның ісіне он жыл бойы орынсыз араласуын доғарма­ған ақсақалды сот төрелігіне жүгін­тіп, тоқ­тау салынуына әре­кеттенетін бола­мыз. Шы­ғар­машылық ісімізге ор­ынсыз киліккендерден аулақ болуды қалай­мыз. Біз мәдениет пен өнер саласындағы атқа­рыл­ған игілікті іске қолдау көрсеткен ақ ниетті аза­маттарға риза­шылығымызды білдіреміз. Тө­легетай асында таратылған «Жаңғырған жер бесік» жинағында ізгілікті істің нақты кейіпкерлері – «Төлегетай ұрпақтары» қоры демеу­шіл­е­рі­нің жасампаз үлестері туралы жариялан­ға­ны, телеарналар мен баспасөз арқылы елге тегіс хабарланғаны мәлім. Ұлы бабалар рухына тағзым адал ниеттен болғаны абзал. Бек ИБРАЕВ, академик, сәулетші, Қонысбек АҚЖАСАР, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.