29 Қазан, 2011

Сөзсойыл

346 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ТҮЙРЕГІШ ТҮЙІНДЕР Қылдан да көлеңке түседі. *   *   * Өтірікшінің қоңызы – Доңыздан да үлкен. *   *   * Тентектің бәрі – долы. *   *   * Ішкіштің – иіні түскіш. *   *   * Ақымақпен достасқан, Ақылымен қоштасқан. *   *   * Кіжінгеннің қыжылы кө­бе­йеді. *   *   * Шалқақтағанның шаруасы шат­қаяқ. *   *   * Шала оқыған – шамданғыш. *   *   * Шатағына қарай – шапалақ. *   *   * Үлкені миғұла болса, Кішісі сұңғыла болмас. *   *   * Тантыма таңдана білмейді. *   *   * Талапсыздардың бәрі – тартыншақ. *   *   * Тұйыққа тірелгендер ты­пыр­лайды. *   *   * Түңілген тұншығып өледі. *   *   * Озбырдың бәрі ұрынғыш. *   *   * Өркөкіректің шын аты – көркөкірек. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. _____________________   ЖЕМ...ҚОРЛЫҚ Дағдарыстан аман өту үшін, Өркениеттілікке жету үшін, Шылқып баюымыз, Былқып тоюымыз керек. Сосын дамуды Жолға қоюымыз керек, – Деп бәріміз дүрлігіп, Сүрініп-қабынып сүрлігіп, Кедейшілікке қарсы Майдан ашып, Кірістік жеуге ашық. Арамза алпауыттар асап, Арсыздар жеңгетайлық жасап, Алаяқтар жұртты алдап, Суайттар жанын жалдап, Ұрылар бір жерден жымқырып, Жымқыра алмаса, қымқырып. Сыбайластар ұйымдасып, Айлакерлер жалған ұйым ашып, Жалақорлар жала жауып, Делдалдар пайда тауып, Парақорлар пара алып, Тоқетері – жемқорлықтың түр-түрі Бара жатыр таралып... О тоба! Еңбек етпей ішіп-жеу, Болмай қалды жаңалық. *   *   * Оу, ағайын! Адалдап асымызды Жейік те талғап-талмап. Әйтпесе ақырында, Өзімізді өзіміз Қоярмыз бір күн жалмап. _____________________   МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ... Елімізде алдағы уа­қыт­та тек «Жарнама» берумен ай­налы­са­тын телеканал құ­рылмақшы. Сөйтіп, жарнаманы жа­нын­­дай жақсы көретін ел-жұрт, онысын арасындағы жа­­ңа­лық­тар мен көр­кем фильм­дерсіз-ақ айызы қана көре алуына мүмкіндік жа­салып отыр. * * * Әлемге танымал шахматист Гарри Кас­­­­паровтың цыған шахматисімен ойнаймын деп, бесінші жүрісте-ақ бақандай екі аты­­нан айырылып ты­ғы­рыққа тірелгені бар. * * * Зерттеулер бойынша әй­­елдердің 40 пайызы қыс мезгілін ұнатады екен де, ал 60-ына қыс онша ұнай қой­май­тын көрінеді. Өйт­­кені, олар­дың 40 пайы­­­­­­­­­­­зын­да әсем де қымбат тон бар екен де, ал 60-ында ол қолжетпес қыс киім жоқ көрінеді. * * * Жұмыстан ерте кету­­­­дің аяғы жақсылыққа апа­­­рып соқпайды. Бізде біреу кете қалып еді, көп өтпей ажырасып тынды. * * * – Арман ауруханаға түсіп қалыпты! – Мәссаған! Кеше ғана оны орталық саябақта бір әдемі қызбен қыдырып жүр­­­­генін көріп ем... – Сен ғана емес, әйелі де көріп қалыпты... ______________________ ТІЛЕМІЗІК Орысша сөйлегеннен Мүйіз шықса, Қазаққа шығар еді... Бірақ әлі шыққан жоқ Сонда да мұны Көкелеріміз ұққан жоқ. Сондықтан бара жатыр үніміз өшіп, Пұшаймандықпен күніміз өтіп. Жоғарыда Оны ойлар адам жоқ, Өз ұлтының арқасында Жүргені адам боп. Бірінің де қаперіне кірмейді, Анасының тілін көзіне ілмейді. Ағылшынша үйреніңдер, Америкалық күйге еніңдер, – Деп тілі шықпаған баланы оқытпақшы, Батысша былдырлатып шоқытпақшы. Қысқасы, резеңке емізікпен емізіп, Аузына салмақшы тілемізік. Әй, бірақ жасандылық нәр бере ме?! Ойы шатылып бұзылған бала, Өскен соң әкесіне әл бере ме?! Күләш КЕРІМБЕКҚЫЗЫ. Қостанай. __________________________ Шолақ мылтық ДӘН РИЗА БОЛУ... Бір жас жігіт супермаркетті ара­лап азық-түлік алып жүрген­­­де, өзіне кірпік қақпай қарап тұр­­­ған егделеу әйелді байқайды да, оған мән бермегендей жүре береді. Есеп айырысу үшін кассаға келіп тұрса, әлгі кісі қасында тұр екен. – Балам, бағанадан бері саған қарап тұрғанымды байқадың ба? – дейді ол. – Иә, оқасы жоқ. – Теріс түсінбе. Өткенде ғана қайтыс болған ұлыма өте ұқ­сай­ды екенсің. – Апай, ұлыңыздың арты қайырлы болсын! Өте өкінішті жағдай екен. Сіз үшін қандай жақ­сы­лық жасай аламын? – Рахмет, балам, мен дүкеннен шығарда «Пока, мама» деп қол бұлғасаң, дән риза болар едім... Жігіт келіседі де, апай шығып бара жатқанда қол бұлғайды. Содан кейін кассаға келіп ақша төлейін десе, сатушы елу мың теңге сұрайды. Жігіт: – Менің алғаным: азғантай ғана. Елу мың қайдан шыққан ақша? – дегенде, сатушы: – Жаңа ғана сіздің анаңыз: «Менің ұлым төлейді», – деген болатын, – депті. ______________________ ЖЕТІМ СӨЗ Қилыбай кеңес заманында да ат үстінде болды. Белді қызмет­­­терді атқарып, ауданнан әріге де барып, облыста да дүрілдеп тұрды. Кеңес құлап «тұрымтай тұ­­­сымен» болғанда Қилекең шық­­­қан «шыңынан» құлдилап кеп кіндік қаны тамған жерін паналап, көпті көргендігінің арқа­сын­да оң-солын білмей дағдар­ған ел-жұртының тізгінін қолына алып қожалық еткеніне де біраз болған. Пәлекет, ұжымдастыра да білді, істі ілгері жылжыта да білді... Негізі, қара ба­­­­сының қамын қам­ту жа­­­ғы­­­нан ал­­­ды­на жан салмады. Қарсы келгенді қағып тастайды. Артынан келгенді теуіп, алдына шыққанды тістеп, жалына жан жуыт­пады десе де болады. Әлқиссамды қысқар­­­тып, айтарыма көшейін. Қилыбайға кім-кімнің де қыжылы бар, атарға оғы жоқ, іштен тынып тымсы­­райғандар біраз. Солар қауқылдаса келіп, ма­­­ған: «Бірден-бір айтар адам сізсіз. Сіз айтпағанда кім айтады! Сізді де талай тақырға отыр­ғызғанын білеміз» деп тақымдап болмаған соң, өзімнің де іштегі қыжылым оянып, олардың ұсы­нысын қабыл алдым. Сөзімді «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген мақал бар деп бастап, «Әй, Қилыбай, бері қара, біздің де айтарымыз бар!» деп алып, шешінген судан тайынбас, әйда кеп иттерісін басына қаптайын деп түйдім. Алдымен өз басыма көрсеткен қорлығын тізімдеп келіп, көпке ортақ қазынаны талан-тараж еткенін жайып салай­ын. «Иттен ұят кетсе қазаннан қақпақ кетеді» деп алып, білетін «майлы шелпектерін» шертіп көзіне көк шыбын үймелетейін. «Байлыққа беліңді бекем буы­нып көзіңді шел басты» деп тікесінен қайырып, «Дәлел ме?!. Дәлел керек болса...» деп алып, қаладағы зәулім сарайын, бала­сы тұрмақ кеше дүниеге келген немересінің атындағы үй-жай­­ды... қос-қостан қаңтарылған кө­лік... бәр-бәрін тізіп шығып, сө­зімді: «Өзің оңбадың! Адамгершіліктен жұрдай болдың! Үл­кенді үлкен, кішіні кіші демедің. Аттылыға жол, ауыздыға сөз бермедің. Кедей-кепшікке құлақ аспадың. Астамшылығың алты қап, алапестігің атан түйеге жүк. Байқа Қилыбай! Мұндайда көп­шілік: «Көріңде өкіргір» деп қияс кетеді» деп төтесінен тар­тып бірақ тоқтайын дедім. – Жегенін желкесінен шы­ғару керек! Айғақтаймыз, тайға таңба басқандай тайқып кете алмайды, – деп жатыр келген­дердің бірі. – Қарызы шаш етектен. Ор­­­­тадағы берешегі бел асып кетсе, бір менің бес жүз мыңымды бермегелі бес жылдың жүзі болды. – Үйіп-төккен уәдесі үйме! Қаладағы қызыма үй алып беремін деп алашағын алып әдірем қаптырғаны бар мені! – Менің де баламды бастық етемін деген пәтуасы жел­­ге ұшқалы қашан. – Қала ма­­­ңы­нан жер алып бере­­мін деген сөзіне сеніп бар аша тұяғымды ал­дына салып берген өзіме обал жоқ! ... Ойпыр-ай, «Естімеген елде көп» деген, келгендер осы мәндегі «есепті» сөздерін ағыл-тегіл ай­тып, алдыдағы жиылыста менің «алғыр» сөз бас­тау­ымды өтініп, ретімен өз­дері де іреп-соятындарына келісіп барып тарқады. ... Содан, ажал аяқ асты... «Апаттан жол үстінде Қилыбай қаза тауыпты» деген суық хабар жетті. ... Қайтейік, ажалға амал бар ма, Қилыбайды шығарып салу­дың қазасында тұрмыз. Сауап үшін сапқа тұрғандар бірен-саран ғана... Ауыл молдасы: – Жамағат, қалың көпшілік, алпыстан асқан шағында бұл дү­ниеден татар дәмі таусылып Қи­лы­­­бай көкеміз бақилық болып ба­ра­ды. Сұрарым, ол қандай адам еді? – деп еді, жым-жылас, үнсіздік... Молдекең жаңағы сұрағына екпін тастай тағы да үш рет қай­талап төңірегіне төңкеріле қарап еді: – Жақсы адам... – деген сөз жарықшақтанып естілген болды. – Тірісінде пендешілікпен бере алмаған қарызы бар ма марқұмның? – деп жатыр молда. ...Үнсіздік... Молдекеңе де керегі сол, өзі өз болғалы бірінші рет іле-шала айтылатын «Қарызын өтейсіздер ме?» деген сөзді айтпаған күйі «мүрдені алып жүріңдер» деп ишарат жасады... Менің миымды өткендегі Қи­лыбай туралы «жетім» сөздер өңмеңдеп алғандікі ме, басым сыздап, көзім қарауытып талық­сып құлаппын... Данияр ЖЕҢІС. Талдықорған. _______________   МЕКТЕПТЕГІ МЫСҚЫЛ Самат: – Апа, бүгін мектеп директоры менен «аға-әпкең немесе іні-қа­рын­­­дастарың бар ма?» деп сұрады. Мен: «Жоқ, мен жалғыз баламын» дедім. Шешесі: – Ал ол не деді? – Ол: «Құдайға шүкір!» деді. *   *   * Кішкентай бала мектептегі үзіліс кезінде ойбай салып бақырса керек. – Не боп қалды? – депті жанашыр біреу. – Математика пәнінің мұғалімі баспалдақтан құлап түсіпті! – деп еңірейді әлгі бала. – Ойбай-ау, оған бола уайым­да­май-ақ қойсаңшы, мұғалімің аман-есен, ауруханаға бір күн жатады да шығады! – Мен оны уайымдап жылап жат­қан жоқпын! Мұғалімнің құла­ға­нын балалардың бәрі көріпті, мен ға­на буфетте болып көре алмай қа­лып­пын! *   *   * Сабақта мұғалім оқушыға: – Александр Македонский қа­шан қайтыс болды? – деп сұрақ қойғанда ол: – Ойпыр-ай, мен ол кісінің ауы­рып жатқанын да естімеппін! – депті. *   *   * Мұғалім: – Асабасов, ертең ата-анаңсыз мектепке келмей-ақ қой! Асабасов: – Арғы күні ше?.. __________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.