29 Қазан, 2011

Елімізде ет бағасын тұрақтандыруды ойласайық

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруа­шы­­лығын дамытуға көп көңіл бөлініп жатқандығы бәрімізге белгілі. Халқы­мыз­дың ата кәсібі – мал шаруа­шы­лы­ғы­ның ел экономикасындағы алар орны ерек­ше. Ауыл экономикасының, яғни ауылдағы халықтың тұрмыс жағ­дайы­ның деңгейі негізінен осы саланың да­муымен тікелей байланысты екені баршамызға мәлім. Сондықтан да мал шаруашылығындағы ахуалды жақсарту, оның жоғары деңгейде дамуына қажетті жағдайларды туғызу бүгінгі таңдағы үл­кен мақсаттардың бірі болып табылады. Оны шешу жолында көптеген ауқымды шара белгiленген. Iрi қара етiн өндiруге арналған мал бордақылау алаңдары, жемшөп өндiру цехтары, мал сою, ет өңдеу кәсiпорындарын салу жұмыстары қолға алынуда. Және де бұл мәселе 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық бағ­дар­ламасының ең маңызды міндет­тері­нің бірі болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі атал­ған бағдарламаның негізінде рес­публикамыздың өңірлеріндегі барлық мал шаруашылығымен айналысатын кә­сіп­керлермен тығыз жұмыс істеуде. Қа­зіргі таңда осы аталған мәселені дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Сонымен бірге, қазіргі таңда елімізде ет бағасы шарықтап барады, мұның бір себебі шет елдерден әкелінген ет баға­сының жоғары болуымен байланыс­ты­рылады. Алайда, елімізге импорттала­тын етке байланысты жылда мемлекет та­рапынан квота бөлінеді. Бұл квотаны бөлумен еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі айналысады. Аталған министрліктің бөлген кво­тасы көбіне трейдерлік компаниялардың жетегінде кетіп, еліміздің басты ет өңдеуші кәсіпорындары квотасыз қалып жатады немесе осы арадағы трейдерлік компаниялардан бөлінген квотаны үстеме бағамен сатып алуға мәжбүр бо­лады. Нәтижесінде, еліміздің ет өңдеуші кәсіпорындарына ішкі рыноктағы ет бағасын көтеруге тура келеді. Бұдан зардап шегетін тағы да қарапайым халық. Осы жерде туындайтын бір сұрақ, еліміздегі ет өңдеуші кәсіпорындар тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігімен қарым-қатынаста, бірақ, осыған  қарамастан, етке квотаны басқа министрлік бөлуде. Меніңше, осы аталған кво­таны Ауыл шаруашылығы министр­лігінің құзырына беру өте тиімді болар еді. Арадағы көптеген трейдерлік компаниялардан арылар едік, нәтижесінде,  еліміздегі ет бағасы біршама тұрақтанар еді. Ерзат ӘЛЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты.