Ол бұл жерде қаншалықты боран соғып, дауыл тұрса да мұндағы тау болып үйілген құмның жан-жаққа шашырап кетпей, жинақы жататындығы. Содан соң ауа райының жел, құйын сияқты қандай да бір әсері болмасын, жота үстіндегі ұзыннан ұзақ созылған пышақ қырындай жалдың өз болмыс-бітімін ешқашан жоғалтпайтындығы. Ал осындағы елгезерден өткізгендей етіп табиғат-ананың сұрыптаған біркелкі құм түйіршіктері ше? Алтындай жарқыраған соның құдіреті шығар, сөз етіп отырған төбеге шығып, етекке қайта түскендегі адам ізі сәлден соң жоқ болады. Сөйтіп Айғайқұм бұрынғы момақан, тылсым, жұмбақ күйіне қайта оралады.
...Бұл жолы да ол бізді осындай келбет-көрінісімен қарсы алды. Ұзындығы 2020, ені 551, биіктігі 182 метрлік құмды жота өзі орналасқан аңғардағы тақырда оқшау тұр. Төңірегінде шашау шыққан ештеңе жоқ. Қыздың жиған жүгіндей жинақы. Таза.
– Бұл құмды төбенің гүрілдеп, дүрілдейтіні қайда? Жотаның ән салып, дыбыс шығарады дегені не сөз? – деді жүргізуші жігітіміз Думан Мұхамеджанов.
– Ол үшін мына қырдың күнгей бетіне көтерілу керек. Содан соң бері қарай жүргенде не болатынын өзің көресің, – дедім мен оған 1984 және 2004 жылдардағы өз басымнан өткерген оқиғаны есіме алып.
Бұған онша түсінбеген серігім артына жалтақ-жалтақ қарап қойып, Айғайқұмның орта тұсындағы текшеге қарай бет алды. 80-90 метр өрлеп барған соң сәл демалып, төменге түсуге ыңғайланды. Сол кезде, яғни етекке қарай 5-6 адым аттағанда аңғарды жаңғырықтырған гуіл басталды дейсіз. Бір қызығы, оқыс шыққан үннен секем алған Думан беткейде сәл-пәл кідіріс жасап еді, дыбыс та тоқтай қалды. Қозғала бергенде гүрілдеп, дүрілдеген дауыс қайта пайда болды.
– Бұл не жұмбақ? – деді етекке түсіп, есін жиған серігім. – Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
Мен оған жауап ретінде П.И.Мариковский деген ғалымның болжамын айттым. Өмір бойы Алматыда тұрып, Жетісу жерін талмай зерттеген биология ғылымдарының докторы Павел Иуистинович Айғайқұмдағы құпия дыбыстар туралы кезінде былай деген болатын. «Бұл жотаның дыбыс шығару себептері жөнінде көптеген жорамалдар бар. Солардың дені боранды, дауылды күндері құм қозғалғанда, одан сықырлаған үн шықпай қоймайды дегенге саяды. Бірақ жай кездің өзінде шағылға аяқ басқан адам мен жан-жануарлар қимылы әсерінен оның неге гуілдейтінін ешқайсысы түсіндіре алмайды. Меніңше бұл былай. Құм төбелердің қай-қайсысының да төменгі қабаттары дымқылданып жатады. Мұндай ылғал тіпті онша тереңде де болмайды. Көктемгі жауындардан кейін және күздігүні әлгі қабаттар жоғарыдағы құрғақ құммен араласады. Бұл жағдайда құм төбеден ешқандай үн шықпайды. Жаздыгүні ыстықта құмның үстіңгі қабаттары әбден кеуіп, төменгі дымқыл қабаттан бөлінгендей болады. Мұның өзі жоғарғы қабаттардағы ауаның алмасуы себепті ылғал қабаттардың неғұрлым төмен түсуіне әкеп соғады. Құмның үсті түгел дерлік кепті дегеннің өзінде төменде, бәрібір ылғал қабат жатады. Бұл ретте құмның бет жағы әбден құрғап, астыңғы қабаты біршама дымқылдануы, оның арғы жағында тағы да құрғақ құм желісі жатуы мүмкін. Құм төбелердің үстіңгі қабаты төмен қарай сусығанда оның төменгі қабаттарынан озып кетеді де, бұлардың бір-бірімен үйкелісуі онша қатты болмайды. Сол себепті мұндай құмның үсті бұйра толқынданып жатады. Осы жағдайларда құмның біршама төмен жатқан бөлігі сыртқа шығып қалады. Оның үстімен жылжыған құм музыка аспабына қол тигендей діріл шығарады. Бұл үн кең көлемде таралып күшейе келеді де, біз сөз етіп отырған төбе жаппай гуілдегендей болады».
Профессор П.И.Мариковский осылай десе, Санкт-Петербург ғалымдары Я.Рыжко мен Б.Русинов құмның сансыз көп түйірлерінің бір-біріне үйкелуінен дыбыс шығады деп есептейді. Себебі құм түйірлерінің сыртында кальций мен магний қосындыларының жұқа қабаты бар. Солардан шыққан үн скрипка ішегін үйкеген ысқы секілді дыбыс тудыратын сияқты. Сондай-ақ олар құмнан үн шығудың тағы бір себебі құм түйірлерінің аралығындағы ауаның қимыл-қозғалысына байланысты деп пайымдайды. Жотадан құм сырғығанда оның ұсақ түйірлері арасындағы саңылаулар кейде азайып, кейде көбейеді екен. Ауа осы саңылауға бірде кіріп, бірде шығып жатады. Дыбыстың дірілдеп естілу сыры міне, осыдан деп ұғу керек. Бұл зерттеушілер пікірінде тағы мынадай түсінік бар. Құмның электрленуінен де дыбыс пайда болады екен. Үн шығаратын құм таудың ұсақ тас түйірлері бір-бірімен үйкелісу салдарынан әртекті электр зарядтарын тудырады. Сөйтіп бір-бірімен серпіліп қосылып, тағы да серпіліп қосылу әсерінен дыбыс шығып отырады.
– Міне, өзің қасында тұрған Айғайқұм жөнінде ғалымдар осындай пайымдаулар айтады, – дедім мен Думанға.
...Көлікке отырып, Бесшатырды басып өтетін Іле жағалауына беттеп келе жатқанда ойымызға: «Айғайқұмнан шығатын әртүрлі дыбыстар... Мұндай құбылыс тек осы жерге ғана тән бе, жоқ ол әлемнің басқа түкпірлеріндегі шөлдерде де бар ма?» – деген сауал оралды. Бала күнімізде атақты жазушы Джек Лондонның «Үш жүрек» атты романын оқығанымыз бар еді. Сондағы баяндалатын оқиғалардың бірінде кен іздеушілер Орталық Америкадағы далалы аймаққа жеткенде, олардың табанындағы құм неше түрлі әнге басып қоя беретіні айтылатын. Одан секем алған адамдар жүрістерін тоқтата қойған кезде төңіректің басқа ұрған танадай тынши қалғанына куә болған. Жүргіншілер қайта қозғалғанда, құм тағы да әндете жөнелген.
Жазушы бұл детальды әдеби тұрғыда суреттегенімен, оны ойдан алып отырмағаны анық. Оған өзіміз жаңа ғана жанында болған Айғайқұм, ондағы текшеге көтеріліп, одан төмен түскен серігіміздің қимыл-қозғалысынан туған гуіл анық дәлел. Құдды Джек Лондон шығармасындағы сюжеттің көшірмесі дерсің. Көлік ішінде осыны еске алған біз: «Мұндай құбылысқа байланысты интернет не дейді екен?» – деп іштей күбірлеген күйі ноутбукке үңілдік. Сөйтсек..., әлем картасында жоғарыдағы жағдайға ұқсас 3-4 жұмбақ құм төбелер бар болып шықты. Олар: Ауғанстандағы Рек-Раван деп аталатын «дірілдеуік қырат», Таяу Шығыстың Синай түбегіндегі Джебель-Накунгтегі «дабыл жотасы» және Чилидің Копиано аңғарындағы Эль-Бармадор атты «ұлитын шоқы». Осылардың бәріне тән ортақ белгі – бұл құмды жоталардағы гуілдердің жел мен боран әсері, адам және жан-жануарлар қимылынан кейін ғана туып, ал жай уақытта тым-тырыс жататындығы.
Жер бетіндегі құм төбелер... Олардан шыққан әртүрлі үн мен дыбыстар... Қалай болғанда да бұл өте қызық құбылыс. Осы ғажайыптың дүние жүзіндегі жоғарыда айтқан санаулы елдерден басқа өз атамекенімізде, туған еліміз – Қазақ жерінде тұрғаны бізді таңғалдырмай қоймайды. Содан да болар, табиғаттың осы қайталанбас құпиясына деген ынтызарлығың артып: «Бұл Тәңірдің бізге тартқан сыйы ғой», деп қуанып, мақтанасың. «Тәубе! – дейсің.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы