Аймақтар • 27 Қазан, 2017

БҚО жастары латын әліпбиін қолдайды

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған күні Орал қаласында «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа қадам» атты жастар форумы өтті.

БҚО жастары латын әліпбиін қолдайды

- Апырмай, Ақ Жайық жастары мен Елбасының арасында біз білмейтін бір байланыс, қарым-қатынас бар-ау, сірә! – деп әзілдеді форумның құрметті қонағы, саясаттанушы Дос Көшім сахнаға шығып тұрып. – Неше күн бұрын дайындалып, алыс-жақыннан меймандарды шақырып, форумның басталуын Президенттің латын әліпбиі туралы Жарлыққа қол қойған күніне дәл келтіру үшін қандай шеберлік керек?!

Дос Көшім жаңа әліпбиді дайындау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия құрамында бірнеше ай еңбек еткенін, әліпбидің жүздеген нұсқасын талқылауға қатысқанын айтып берді.

- Әрине, бастапқыда көз үйреніп қалған кириллмен қоштасу қиын көрінер. Қай реформа да оңай емес, соның ішінде тілдік реформа – ең қиын іс. Біздің алдымызда үлкен жұмыс енді басталады. Осы жолда кездесетін қиындықтарды бірге жеңейік, - деді саясаттанушы.

Шыны керек, қазақ бірнеше әліпби реформасын бастан кешті. Соның ішінде қазіргі кирилл әліпбиін енгізу – Совет Одағы құрамындағы барша ұлтты бірте-бірте орыстандыру мақсатынан туған саяси қадам болатын. 38 дыбыс, 42 әріп, қазақтың бүкіл тілдік-дыбыстық жүйесіне қатысы жоқ 9 таңба күштеп енгізілді. Бұл тарихты біле тұрып кирилл аймағында қалу – бүгінгі Тәуелсіздік тұсында кешірілмейтін іс болуы керек.

- Біз бүгінгі күнге үлкен дайындықпен келдік. 2012 жылы Президент латын әліпбиіне көшу идеясы туралы ойды ортаға салды. Содан бері 4 жыл дайындық жүрді. Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына көпшілік халықтың наразы пікірін ескерген мемлекет басшысы әліпбидің екінші нұсқасын ұсынды. Осының бәрі бұл істің үлкен жауапкершілікпен, салмақтап, саралап жасалып жатқандығңын көрсетеді. Шыны керек, әліпбидің қазіргі нұсқасының өзін түбегейлі шешім деп айтуға болмайды, қатесі мен кемшін тұсын түзету, жаңғырту – алда тұрған үлкен міндет. Ең үлкен жұмыс – жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен, қателік жібермей өту, - деді Дос Қалмаханұлы.

Латын әліпбиіне 1990 жылдары өткен Әзербайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан елдерінің тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен сабақ. Бұл мемлекеттердің жүріп өткен жолынан сабақ алып, қателігін қайталамау әліпби реформасын сәтті жүргізуге ықпал етері анық.

Форумның тағы бір қонағы – Астанадан келген жас ғалым, гуманитарлық ғылымдар магистрі Елдос Тоқтарбайдың жалынды сөзі жастардың қызу қолдауына ие болды.

- Біз, осы залда отырған жастар, бір заманның тумасымыз. Тәуелсіздіктің сарыауыз құрдасы ретінде біз бүгін тарихи күнді қарсы алып тұрмыз. Дәл қазір біз бұл күннің тарихи мәнін сезінбеспіз. Бұл күннің мәні мен маңызы, рөлі болашақта айқындалады. Біз осы күннің жемісін болашақта тататын боламыз! – деді Елдос Нүсіпұлы.

«Бұл ұлттық ұлы бұлқыныстың қарсаңы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тарапынан латын әліпбиіне көшуге Жарлық шықты. Бұл біздің түркі халықтарымен, бауырлас туыс елдермен бірігуімізге бастайтын жолдың басы. Латын әліпбиіне көшу не үшін қажет, және жастарға не береді? Осы мәселе төңірегінде ойланып көрейікші. Латын әліпбиінің игілігі жастар үшін өте маңызды. Әр елдің, әр ұлттың басынан өтетін ауыр кезең болады. Біз өткен ХХ ғасырдың бас кезінде көптеген тарихи тұлғаларымыздан айрылдық. Көптеген оқиғаларды бастан өткердік. Сіздердің жерлестеріңіз, қазақтың алпауыт ақыны Жұбан Молдағалиев айтқандай, мың өліп, мың тірілдік. 1991-де азаттығымызды алып, биыл тәуелсіздіктің ақ таңын 26-жыл қарсылағалы отырмыз. Біз енді латын әліпбиіне нартәуекелмен баруымыз керек. Латын әліпбиі біздің және балаларымыздың жарқын болашағы үшін қажет. Латын әліпбиі қазақ тілін жоғары көтеріп, қазақ үнін, мәртебесін биіктетеді, болашақта қазақ тілін престижді тілге айналдыру, елімізді 100 пайыз қазақтілді қоғамға айналдыру осы қадамдардан басталады. Енді қайтып Исатай мен Махамбет немесе Абай келіп, қазақ тілі үшін күреспейді. Ендігі күрес бізде. Ұлттық ұлы бұлқынысқа нәртәуекелмен кіруіміз керек!» деп толғады жас ғалым.

- Елбасы өзінің бір сөзінде « Еліңнің азаматы болсаң, еліңе жаның ашыса, жер бетіндегі жалғыз Отаның – тәуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне күш-жігеріңді, қажыр-қайратыңды салып жүріп еңбек ет» деді. Бұл сөз – бізге беріліп отырған сенім эстафетасы. Біз осы сенім эстафетасын болашақ ұрпаққа аманаттап беруіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, аманаттың жүгі ауыр! – деп қорытындылады сөзін жас алаштанушы Елдос Тоқтарбай.

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумда сөз алған спикерлердің барлығы мемлекеттік тілдің маңызын нақтылап, латын әліпбиіне қатысты мәселедегі өзекті тақырыптарды талқыға салды. Өңірге белгілі тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі, блогер Галина Самойлова латын әліпбиіне көшуді қолдап пікір білдірді.

Шараға қатысқан өрімдей cтуденттер, тілші мамандар, ғалымдар, білім беру ұйымдарының педагогтары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының БҚО филиалындағы өкілдері, жастар мен тіл жанашырлары спикерлердің сөздері мен ұсыныстарын қызу қолдап, қол шапалақтап отырды.

Форум барысында жастар өкілдері Елбасы бекіткен латын әліпбиінің жаңа нұсқасының маңыздылығына тоқталып, оны бірауыздан қолдау туралы үндеу жариялады.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»