4 000 000
Атырау қаласынан 30 шақырым жерде осынша тонна күкірт жиналады
Алдағы жылдың соңына таман Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мол мұнайдың алғашқы тонналарын өндіру басталмақ. Сол кезде теңіз мұнайын Атырау қаласынан шамамен 30 шақырымдай жерде салынған «Болашақ» зауытында түрлі қоспалардан тазарту қолға алынады. Соның ішінде мұнай құрамындағы күкірт мөлшерінің мол болатындығы да мамандарды ойландырып отыр. Мәселен, «Аджип ҚКО» компаниясының жер үсті кешеніндегі жобалары жөніндегі менеджері Лука Моридің жергілікті журналистерге мәлім еткеніндей, мұнай құрамынан бөлінген күкірт зауыт маңында жинақталмақ. Лука Моридің айтуынша, жинақталатын күкірттің көлемі 4 миллион тоннаны құрамақ. Ал сол мол күкірттің қоршаған ортаға әсері қандай болмақ? Атырауда тұратындар денсаулығына зиянды емес пе? Әзірге бұл жөнінде мамандар ештеңе айта қойған жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.* * *
109 000
Железин ауданының шаруашылықтары биыл осыншама гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарына қарағанда, биыл 110 шаруашылық, соның ішінде 14 серіктестік, 96 шаруа қожалығы егін салыпты. Яғни, бидай 87,9 мың га, арпа 9,1 мың га, сұлы 8,5 мың га, қарақұмық 2,3 мың га, күздік қара бидай 0,63 мың га, бұршақ 0,3 мың га көлемінде болған. Ал Ақсудағы Жолқұдық элеваторына 15,1 мың тонна бидай мен 793,78 тонна арпа тапсырылды. Соңғы жылдары алғашқы рет «Самұрық» серіктестігі 60 га, «Пахарь» серіктестігі 8,2 га алқапты суармалы жерге айналдырды. Сонымен қатар, аудан көлемінде күнбағыс, қарақұмық, картоптан жыл сайын мол өнім жиналады. Жалпы құны 477,1 миллион теңгеге 34 жаңа техника сатып алынды. Бұл күндері аудан көлемінде 32 қайта өңдеу нысандары ашылып, жұмыс жасауда. Олардың қатарында 4 диірмен, 13 наубайхана, 1 сүт өңдеу цехы, 2 шұжық цехы, макарон, жарма, тері цехтарын атауға болады. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.* * *
100
Қарағандыдағы «Силициум Қазақстан» ЖШС зауыты шығаратын кремнийдің осынша пайызы экспортқа жөнелтіледі
Елімізде бірінші рет металдық кремний өндіруді бастаған бұл кәсіпорын осы уақытқа дейін оның 8 мың тоннасын алды. Жоғары технологиялық қондырғылар жасауда қолданылатын мұндай өнім түрі әлемде әлі де сирек. Соған байланысты өте өтімді. Сондықтан Қарағанды кремнийінің барлығы, яғни 100 пайызы сыртқы рынокта үлкен сұранысқа ие тауарға айналды. Оның сапалық көрсеткіші 99,4-99,6 пайызды құрайды. Жақында зауыттың екінші кезегінің құрылысын салу туралы шешім қабылданды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.