29 Қазан, 2011

Сөз құдіреті шексіз

423 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Әзербайжан астанасында Түркі тілдес журналис­тер­дің медиа-форумы өткізіліп, оған Қазақстан, Әзербайжан, Түр­кия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан журналистерімен қатар, Ресей Федерациясы құрамындағы башқұрт, татар, малқар, саха, тыва, қарашай, алтай бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдері және Молдовадан – гагауыз, Ирактан – кекрук түріктері, Украинадан – қырым татарлары, Косово, Македония, Грекияның батыс Фракиясынан, Солтүстік Кипр­ден, Болгариядан түркі тілдес қаламын қару еткен журналистер қатысты. Былтырғы жылы түрік жерінде алғаш жиналған түркі тілдес журналистердің Баку қала­сын­да­ғы бұл екінші форумы. Жер-жер­ден 200 делегаттың басын қосқан форум өз жұмысын таңер­тең­гілік Гейдар Әлиевтің ескерткішіне гүлдесте қоюдан басталды. Ал форум беташары Әзер­бай­жан әнұраны орындалысымен түріліп, барлық қатысушылар әуелі Түркияның Ван өлкесіндегі зілзаладан құрбан болғандарды бір минөт үнсіздікпен еске алды. Тарих, тіл, төл ерекшеліктері және мәдениет ортақтастығына негізделген ортақ құндылықтары бар Түркі дүниесінің дауысы би­ылғы жылы тәуелсіздіктерінің 20 жылдықтары мерекеленіп жатқан Қазақстан, Әзербайжан, Өзбек­стан, Түркіменстан, Қырғызстан мен тәуелділік қамытын мойнына іліп көрмеген Түркия мемле­ке­ті­нің түбі бір, түбірі бір екендіктерін айқын ұғынып, интеграция­ла­нуы нәтижесінде жарқын шыға бастады. Жақында ғана Алматы қаласында өткен Түркі кеңесінің бірінші саммитінде қабылданған декларацияда мүше мемлекеттердегі бұқаралық ақпарат құрал­да­ры Түркі кеңесі және оның тиісті органдары туралы халықты жиі ақпараттандыруда маңызды рөл атқара алатынын атап өтіп, осы орайда, «Түркі тілдес мемлекет­тер­дің медиа тұғырнамасының» құрылуын қоштаса, медиа-форум осы игілікті ойдың іс жүзінде жалғасуының көрінісі болды десек, артық айтқандық емес. Шынында да түркі әлемінде талқыланатын да, көтерілетін де мәселелер жеткілікті. Сол себептен де форум жұмысы «Жаһан­дан­ған әлемдегі Түркі тілдес ме­диа-факторы: ерекшеліктер және ортақ құндылықтар» мәсе­лесіне арналып, талқыланған тақырыптар «Түркі әлеміндегі медиа: өзіндік ерекшеліктер, қыз­мет аясы және мүмкін­діктер», «Түркі тілдес медиа ынтымақтастығымен оның бо­ла­шақта бірлесудегі қадам­дары», «Түркі тілдес елдер мен қауымдастықтардағы әлеумет­тік медиа: оларды жақындас­тырудағы ғаламтор мүмкіндік­тері», т.с.с тақырыптарға арналды. Журналистерді Бакуге жиып, ортақ мақсатқа жұмылуға ша­қырған форумды ұйымдасты­рушы Әзербайжан Баспасөз ке­ңесінің төрағасы Афлатун Амашев, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің форум жұ­мысына сәттілік тілеген құттық­тауын жеткізген Президент әкімшілігінің қоғамдық-саяси мәселелер бөлі­мінің басшысы Әли Гасанов, еліміздегі билік басындағы партия жанындағы «Нұр Медиа» холдин­гінің Бас директоры Қайсар Жанаханов, Түркияның Баспасөз және ақ­парат тарату агенттігінің бас директоры Мұрат Каракая өз сөздерінде түркі тілдестердің бір-бірімен ұғыныса, жақындай тү­суінде осындай шаралардың атқа­ратын жүгі мол екендігін айтып, мемлекеттер мен олар­дағы түбірі бір халықтардың, жеке азамат­тардың арасында сенім мен түсіністік орнауындағы бұқара­лық ақпарат құралдары­ның рөлі ерекше екендігіне баса мән бере сөйледі. Расында да, Жаратқан Иенің адам баласына тартқан баға жетпес сыйы – тіл арқылы ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жа­қындастыруға да, алыстатуға да, тіптен жаулас­тыруға да бо­лады. Сөз құдіреті орнымен пайда­лансаң жасампаз, бір ұлт қана емес, бүкіл адамзат бала­сының игілігіне қызмет ете алады. Форумға жан-жақтан жеткен делегаттар ойларын ор­таға салып, Түркі әлеміндегі ортақ проблемаларды сөз етіп, мінберге көтерілген шешендер жи­налғандар назары­на өз елдерінде тіл аясында туған қиын­дықтарымен де бөлісті. Медиа-форум жалғасуда. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Бакуден.