29 Қазан, 2011

Қолы ашықтың жолы ашық

552 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығы кезекті иелерін тапты Адам жанына жылылық сыйлап, жақсылық жасауға асы­ғып тұратын адамдар болады. Пейілі кең мұндай жандар бай­лы­ғы асып-тасып бара жатқандықтан жомарттық жаса­май­ды. Оларды әрдайым сауапты істерге итермелейтін жәйт – ал­тын жүрегі. Бейсенбі күні Қазақстандағы Атымтай-жомарт­тар­ды марапаттайтын қайырымдылық саласындағы бірден-бір сыйлық – «Алтын жүрек» сыйлығы кезекті иелерін тапты. Өз еліміздегі меценаттарға берілетін бұл марапат биыл 5 жылдығын атап өтті. Бір ерекшелігі, аталмыш сыйлықтың салтанатты кеші дәстүрлі түрде 27 қазан күні өткізіледі. Айт­қан­дай, биыл ұйымдас­ты­ру­шы­лар алғашқы мерейтойларына арнап «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» дейтін тағы бір атаулы сыйлықты тағайындаған. Сон­дықтан да салтанатты кешке Түркия, Иордания және Германия азаматтары да қатысты. Мына қызықты қараңыз, жақ­сы­лық жасап, меценат дейтін мәртебеге ие болу үшін ақшалы болудың да қажеті жоқ сияқты. Осы сыйлыққа үміткерлер арасында ақ жүрегімен-ақ айналасына шарапатын тигізіп жүр­ген жандар бар екен. Мәселен, «Жылдың қайырымды ада­мы» атағына ие бол­­­ған Қалиша Тұрысбекова 1959 жылдан бері үзбей до­нор­лықпен айналы­­сып, жалпы есеппен 152 рет қан тап­сырған. Оның қа­­­ны талай адамдарды ажал­­дан арашалап, өмірін ұз­арт­қан. Сон­дықтан до­нор­ды марапаттау – лай­ық баға болды. Арамызда өзгенің ба­ла­сына өз баласындай жаны ашып, барын бөліп беретін адамдар да бар. «Алтын жү­ректің» «Жетім бала­лар­ға көрсеткен қамқорлығы үшін» атау­лы сыйлығына ұсынылған жандар ара­сы­нан Наталья Смыкованың жолы бол­ды. Ол – Семей қаласындағы О.Сү­лей­менов атындағы «Жетімдер мен мү­гедектер орталығы» мекемесінің ди­ректоры. Наталья ханым 1996 жы­лы интернаттар мен балалар үйле­рі­нен шығып, далада қалған түлектерге арнап әлеуметтік бейімделу орталы­ғын ашқан. Содан бері Семей, Аягөз, Шар қалалары мен Көкпекті, Үржар ауданының Науалы ауылдарындағы балалар үйлерінің 400-ден астам тү­легін өмірге бейімдеген. Қазір оның әлеуметтік үйінде 62 жетім, мүгедек бала тұрып жатса, 244 түлекті бақы­лауға алып отырған жайы бар. Ал білім саласын дамытуға қос­қан үлесі үшін «Стандарт Цемент» ЖШС марапатталды. Бұл компания өз қаражатына Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Таскескен ауылында 240 орындық жаңа үлгідегі мектеп салып, балалар игілігіне берген. Жоба сомасы 214 190 839 теңгені құраған. Бұл күндері де бұл компания мектепке қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырады екен. Мүгедек жандарға қарайласқаны үшін «Мэри Кей (Қазақстан)» ЖШС «Алтын жүрек» иегері атанды. Кос­метикалық өнімдер сатумен айна­лы­сатын аталмыш компания да бірқатар қайырымдылық шараларын жүзеге асырған. Спортты дамыту да өзектілігін еш жоймақ емес. «Нұр дала» ЖШС құ­рылтайшысы Есей Өркен деген азамат 32 миллион теңге болатын өз қаражатына Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы Машат ауылында ең ірі спорт кешенін салып, көптің игілігіне берген. Кеңес Одағының Батыры Бау­ыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына 1 миллион теңге қосса, Машат ауылындағы мешітті жөн­де­туге 1,5 миллион теңге бөлген. Сон­ы­мен Есей Өркен де «Спортты да­мы­тып, қолдағаны үшін» «Алтын жү­рек» сыйлығының иегері атанды. Ардагерлерді ардақтаған жандар да сыйлықтан қалыс қалған жоқ. «Жақып» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақып соңғы жыл­дары Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлеріне айтарлықтай көмектесіп келе жатқаны айтылып, жаны ізгі Жұмабай да абыройға бөленді. «Жыл меценаты» атағы Аста­на­дағы «ENRC Kazakhstan» ЖШС-ға берілді. Үстіміздегі жылы бұл компания Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 50 миллион теңге көлемінде қаржы­лай көмек көрсеткен. Биыл да об­лыстық онкологиялық диспансерге, Сұлтанов атындағы облыстық ауру­ханаға 311 миллион теңге бөлген. Ардагерлер мен мәдениет саласына да қарайласып келеді. Жақсы іске жаршы болып, көпті жомарттық жасауға үндеп жүргендер арасында бұқаралық ақпарат құрал­дары да бар екен. «Алтын жүректің» Ақпараттық қолдаушы атаулы сый­лығына «Қазақстан» телеарнасын­дағы «Жан жылуы» бағдарламасы ие болды. Бұл бағдарламаның жетімдерді жебеп, көмекке мұқтаждарға қол­дау көрсетіп, ауыр науқасқа шал­дыққан бүлдіршіндерге қаражат жинап келе жатқанынан көрермендер де хабардар болса керек. «Жыл ұйымы» номинациясы бой­ынша «Алтын қыран» компаниялар тобы марапатталды. Бұл компания қазақ тілін қолдау үшін «Дисней» шығарған «Тачки-2» мультфильмін дубляждау ісіне, ресурстық, кадрлық және қаржылай көмек көрсеткен. Айналасындағы жандардың мұңы мен мұқтажына бей-жай қарай ал­майтындар болса, бұл істен мәдениет саласының өкілдері де қалыс қалмақ емес. «Өнер мен қайырымдылық» сый­лығы эстрада әншісі Айжан Нұр­мағамбетоваға берілді. Бұл сый­лық­тан үміткерлер қатарында әншілер Ерлан Көкеев пен Майра Ілиясо­валардың болғанын айта кетелік. Салтанатты кештің сценарийін аздап басқа арнаға бұрған сәт Герма­­ния­дан алып-ұшып жеткен Вильфрид Штайнның сахнаға көтерілуі болды. Ол Қазақстанның өркенде­уі­не қосқан сыйлығы үшін ма­ра­пат­тал­ды. Бұл сый­лық­қа Түр­кия­ның нейрохирургия про­фес­соры Мемет Өзек пен Иордания азаматы Адель Ша­дид те ұсы­нылған бола­тын. Осыдан 10 жыл бұрын профессор Вильфрид Қа­зақ­станға құрылыс сала­сын­­­дағы кәсіпкер ретінде келген. Содан бері Германия аза­маты талай игі іске ор­тақтасып, профессор Нұр­лан Батпенов басқа­ратын Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты­на әртүрлі диаг­ностикалық құрал-жаб­дық­тарды сыйға тартып, қазақстандық ортопед дәрігерлердің Германияда өт­кен семинарлары мен конгрестеріне қатысуын қаржылан­дырып отырған. 50-ге тарта әйел адамдар мен жас балалардың өз елінде емделу ақысын төлеп келген. Соң­ғы мысал, 13 жасар Диана Әлпештің неміс клиника­ла­рына төлеуі тиіс қа­ражаттың қомақ­ты бөлігін Штайн  өз мойнына алыпты. Көпшіліктің алдына шыға бермейтін неміс профессоры сахнада тол­қып сөйлеп, «Алтын жүрек» сый­лығының өз өмірінде маңызы бола­тындығын және бұл марапатты көзі тірі, 90 жастан асқан анасына арнай­тындығын жеткізді. Қалай десек те, айналасына ша­пағатын шашу арқылы бақытқа кенеліп, абыройға бөленіп жүрген жан­дардың осынау тірлігі көпке үлгі. Ал «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығы жүлде таратумен шектелген жоқ. Әрбір атаулы сыйлық иесі үшін еліміздің айтулы өнер иелері сахнадан ән, би, күйден шашу шашып, бекзат музыкаға бөледі. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ––––––––––––––– Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.