01 Қараша, 2011

Даңқ иесі

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Еңбек ету әркімнің дені сау болса, өмір сүру тәсілі және негізі. Саналы адам (homosapiens) еңбек нәти­жесі, дейді ғылым. Әрине, ең­бек­тің түрі көп. Жалпы алып қарағанда, ол дене еңбегі және ой еңбегі болып екіге бөлінеді. Еңбектің жақсы жаманы бол­майды. Бірақ, оны түсіне білу керек. Еңбекке үйренбеген, дағ­ды­ланбаған адамға бәрі ауыр көрінеді: ауланы сыпыру да, кітап оқу да, яғни ауыр жұмыс та, жеңіл жұмыс та. Қашанда ат­қарылған жұмыс нәтижелі болса, адам ондай істен ләззат алған. Ал енді сол еңбекті әр істің мәнісін біліп, сана елегінен өткізіп, оның кілтін тауып атқаруды шығарма­шылық, яғни үйреншікті бір қалыпты емес, жаңаша тартым­ды әдіс қолдану дейміз. Мәселен, ғалымдар көп, Қаныш Сәтбаев – біреу, жазушы­лар көп, Мұхтар Әуезов – біреу, ақындар көп, Жамбыл Жабаев біреу деген секілді. Неге олай? Өйткені, әлгілер алдына үлкен мақсат қойған және өз еңбегінің құнды нәтижесін көрген, өз сала­сының шамшырақтары бол­ған, атқарған ісімен жаңаша із қал­дыр­ған, қоғам дамуына үлес қосқан. Сондай, ел аузына құрметпен ілінгендердің бірі – Ыбырай Жақаев. Ол – қатардағы қара­пайым ел азаматынан күріш егіп, оны күтіп, баптау арқылы ұдайы өте жоғары нәтижеге жеткені үшін үлкен даңқ иегері болды, дала академигі атанды және оған еліктеген шәкірттер шықты. Жа­қаевшылар мектебі дүниеге келді, «Социалистік Еңбек Ері» деген ең жоғары мәртебелі атақты екі рет алды. Сонда ол кісінің ерекшелігі неде еді? Еңбек қиындығына мойы­май, барлық Шығыс елі­нің күріш егудегі жаңа техно­ло­гиясын Ким Ман Самнан пайым­­дап, оны жергілікті жағ­дай­ға сай дамытып, іске асыру арқылы қолы жеткен биік нәти­жеден өзіне зор ғанибет тапқа­ны. Ол кісі еңбекті өзін көрсету үшін, мақтасын деп атқарған жоқ. Оның оған қажеті де бол­мады. Өйткені, Ыбырай Жақаев – еңбек адамы. Өзінің өмір сүру мақсаты мен мәнісін атқарған күнделікті ісінен анық байқады. Бос сөздіктен, басқадан өзін жоғары санаудан, пендешілік, күні үшін қолданатын мардым­сыз айлакерліктен аулақ болды, адамгершілік қасиетін сомдап ұстай білді. Сол үшін халық оны басына көтерді, елге үлгі етті. Ыбырай Жақаев даңққа жетемін деп ұмтылған жан емес. Оған оның өзі-ақ келді. Бұл – өмір логикасы. Ыбырай Жақаев бүкіл республика мақ­та­нышы болды. Халық санасын­да солай болып сақтала береді. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик.