01 Қараша, 2011

Арзан сөз абырой әпермейді

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шынын айтсақ, жергілікті ба­сылымдардың «сүйікті» тақыры­бы­на айналып отырған бал ара­лары «дауына» байланысты мақа­ла жазу ойымызда жоқ еді. Қо­лымызға қалам алуға «Әби-Жер» ЖШС құрылтайшыларының тілшілер қосынына арнайы хабар­ла­суы қозғау салды. – Өркениетті елдерде кез кел­­ген түйткілді мәселеде сотқа жү­гіну үрдісі қалыптасқан. Біз, өкі­ніш­ке қарай, ондай мәдениетті дағ­дыға әлі үйрене қойған жоқ­пыз. Кей қалам иелері істің байы­бына барып, ақ-қарасын ажыра­тып жазудың орнына алаулатып-жалаулатуға, арзан сөзге, жалған беделге әуес. Соның салдарынан қоғамдық пікірді қолдан жасап, оқырмандарын адастырып жата­ды. Осындай күйді басымыздан кешіп отырғаннан кейін болған оқиғаны боямасыз жеткізуді жөн санадық, – дейді бізге жолыққан серіктестік басшылары. Аталмыш шаруашылық Қы­зыл­жар ауданы Асанов ауылдық окру­гы аумағында егіншілікпен айна­лы­сады. Соңғы жылдары май­лы дақылдар өсіруге ден қойған. Би­ыл 2400 гектар жерге рапс егіп, өнім бітік шыққан. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қызылкеңірдек кикілжіңнің тұ­та­нуына бал араларының қыры­лып қалуы себеп болған. 7 тамыз күні рапс алқаптарынан 145 омар­таға ұя салған бал араларының өлі денелері табылған. Егістік «Аби Жер» ЖШС-не тиесілі екенін білісімен омарташылар іске бірден журналис­терді араластырып, ұлар­дай шу­ла­тып қоя берген. Олар болған жайт­тың себеп-салдарына терең үңілу­дің орнына жерден жеті қоян тап­қандай ұшқары мақалалар жа­рия­лаған, сұхбаттар ұйымдастырған. – Жапа шегушілер заңға жү­гі­ніп, тиісті органдар арқылы қуда­ланса, ренішіміз болмас еді. «Тентек шоқпарын бұрын жұмсай­ды­ның» әрекетімен бізді ә дегеннен жерден алып, жерге салған қы­лық­тары ашындырады. Бұл не сонда: ең күшті қорғаныс – шабуыл дегенді аңғарта ма әлде «ұра берсе, сайтан да өледінің» кері ме? Тіпті кей газет беттерінде қасақана жа­салған арандатушылыққа балай­тын пікірлер де кездеседі. Сот төрелігіне дейінгі «кінәсіздік пре­зумпциясы» қайда сонда? Бір­жақ­ты қаралау серіктестіктің де, біз­дің де абыройымызға нұқсан келтіріп, беделімізді түсіріп отыр, – деді күйіне сөйлеген фирма құ­рылтайшыларының бірі Игорь Грищанов. – «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. 22 миллионға жуық бал араларының қырылып қалуы нәпақасын айырып отырған омар­та­шыларға оңай тимегені анық. Бәлкім, егістік зиянкестеріне қар­сы химиялық өңдеу кезінде серіктестік тарапынан кемшіліктер орын алған болар? – Ара өсірушілердің серіктестік химиялық өңдеу жұмыстарын өз беттерінше жүргізді деген ай­ыптаулары ешқандай шындықпен үйлеспейді. Алдымен олар мына қарапайым жайтты түсініп алған­дары жөн. Атап айтқанда, арам­шөп­терге және түрлі зиянкестерге қарсы атқарылатын шараларды об­лыстық аумақтық басқарма­сы­ның аудандық филиалындағы өсім­дік қорғау инспекциясы белгілеп, қа­дағалауымен жүргізіледі. Оны орындау – біз үшін міндет. Шағым иесі зәбір көруші­лер­дің химиялық өңдеу алдын-ала ескертілмеген деген сөздерін де бекерге шығарды. Олар «Ара шаруа­шылығы туралы» Заңды көлденең тартып, күнібұрын құлақтанды­рыл­­мады дегенді желеу етеді. Біз­дің тарапымыздан бұл талаптар­дың толығымен сақталғанын дәй­ектейтін айғақтар жеткілікті. Мә­селен, А.Шинкаренко, Ю.Пиликушко, Е.Рожко, С.Васитов, Г.Гав­ри­ков, А.Зинько, С.Попов, Р.Розанов, тағы басқа омарташылардың бал аралары дін-аман. Өйткені, бұл азаматтар жыл сайын шаруа­шылықпен келісім-шарт жасасып, омарталарын рапс танаптарына ор­наластырып жүр. Химиялық өң­деудің алдын-ала ескертілгенін растап отыр. Жер иесінің айтуына қараған­да, бір топ омарташы шаруашы­лық­тың келісімін алмастан омар­таларын рапс танаптарына өз беттерінше қойған. Ол жөнінде хабардар етпеген. Тиісті ауылдық округте тіркелуді де, серіктестікпен келісім-шартқа отыруды да қажет санамаған. БИ-58 препа­ра­тымен рапсты өңдеуге мүлдем болмайды деген адвокаттың ой­лары қисынсыз. Сертификатталған өнімді әлемнің көптеген елдері қолданып жатса, біз неге бас тар­туға тиіспіз? – деген оның сөзі иланымды көрінді. Орасан шығын шеккен омарташылар бал арала­ры­ның неден өлгенін анықтайтын сараптама қорытындысын күтпес­тен келтірілген шығынды өндіріп алғанша әлек. Шығын мөлшерін кім анықтады – тағы белгісіз. – Қазір іс қалай өрбіп отыр? – деп сұрадық одан. – Қарсы тараптың шағым­да­рына байланысты тергеу алды жұ­мыстарымен Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімі айналысып, қыл­мыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде қаулы шығарған болатын. Одан арғысынан хабарым жоқ. Журналистердің құқық қорғау ор­ындарының ішкі жұмысына да негізсіз араласып отырғаны таңыр­қат­пай қоймайды. Ширек ғасырға жуық бал ара­сын өсірумен шұғылданып келе жатқан Геннадий Гончар жоға­ры­дай жағдайдың өріс алуына омар­ташылардың өздері кінәлі екенін кесіп айтты. Тиісті салық-төлем­дерден жалтарудың ақыры осын­дай орны толмас шығынға ұшы­ратуы басқаларға сабақ болуы тиіс. Мен жетекшілік ететін бригадада 80-ге жуық омарта бар. Х­и­миялық өңдеу жайлы күнібұрын құлақтандырылғандықтан сақтық шараларын қамтамасыз еттік. Қа­зір бал өндіру ісін жалғас­ты­рудамыз, деді ол. Қызылжар ауданының про­ку­ро­ры Уәлихан Кәрімов кей жайт­тарды нақтылау мақсатымен іс материалдары қайта тергеуге жіберілгенін, жуырда аудандық ішкі істер бөлімінен серіктестіктің әреке­тінде қылмыстық сипат жоқ деген жауап келгенін, соған орай ұйға­рым әзірленіп жатқанын жеткізді. Өңір жұртшылығын елең еткізген бал аралары дауы қай тарап­тың пайдасына шешілетінін тиісті органдар анықтай жатар деген үміттеміз. Ал, арзан сөз, жалған бедел қуған басылымдардың әрекеті абырой әкелмесі анық. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.