01 Қараша, 2011

Ұлттық спорт қанат жайып келеді

2198 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Биыл еліміз егемендік алғанына 20 жыл толып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Биылғы жылы Қазақстан өзінің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Тәуелсіздік – Қазақстан өміріндегі бетбұрыс болды, ол халқымыздың рухани баюына кең мүмкіндік жасап, экономиканың алға басып, әр азаматтың әл-ауқатының өсуіне жол ашты» деген еді. Осы 20 жыл ішінде елі­міздің экономикалық-әлеуметтік дамуымен қа­тар ұлттық спорт саласында да айтар­лық­тай жетістіктер болды. Осыдан 20 жыл бұрын «ұлттық спорт» деген сөз тіпті қол­данылса мардымсыз, бүгінгі таңда еліміздің ұлтжанды азаматтары ұлттық спорттың 26 түрін өмірге әкеліп, оның 16 түрінен федерациялар құрып отыр, оның құрамында миллионнан астам адам ұлттық спорт түрле­рімен айналысуда. 2005 жылы еліміздің отан сүйгіш азаматтары, федерациялардың басын қосып Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құрып, ұлттық спорттың дамуына кең жол ашты. Биылғы Тәуелсіздік жылын еліміздің Ұлт­тық спорт түрлері қауымдастығы мерекемен, «Ұлт­­­тық спорттың үздіктері» атты шара өткізумен бастады. Өткен жылдарда ұлттық спорт түрлерін өркендетуге айрықша еңбек сіңіріп жүрген спортшыларды, жат­тық­ты­рушыларды, ұйымдастырушыларды, спорт­ты насихаттауға көп еңбек сіңірген журналистер мен тұрақты демеушілік көрсе­тіп келе жатқан меценаттарды, барлығы 37 адам­ды, наурыз айында Президенттік Мәде­ниет орталығына жинап, марапаттап, соңы­нан «Ұлы дала тұлпарлары» атты еліміздің өнер қайраткерлерінің күшімен арнайы концерт ұйымдастырды. Өткен жылдың күзінде еліміздің Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ­стан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетімен бірге Ұлттық спорт түрлерінен ІІІ республикалық фестивалін өткізуге шешім қабылдаған еді. Фестивальді 4 кезеңмен: алдымен барлық ауылдық округтерде, екінші кезең аудандар мен қалаларда, үшінші кезең облыстардың орталықтары мен Алма­ты, Астана қалаларында, ал соңғы, ақтық жа­рысты облыс әкімдігінің өтініші бойынша Шығыс Қазақстан облысында өткізу жос­пар­ланған еді. Шығыс Қазақстан облысы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап сол елдің белгілі азаматтары Нариманов Мэлс, Базарханов Тоқан, Алексей Плахута сынды азаматтардың ұсынысын қол­дап, облыста сол кезде жұмыс істеген әкім­дер В.Метте, Т.Абайділдиннің күшімен ат спорты мектебі ашылып, қала орталығын­да­ғы халыққа қолайлы жерден атшабар са­лын­ған еді. Олардың еңбектері еш болған жоқ, облыста ұлттық спорттың – қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді түрлері жақсы дамыды. Сондықтан да қойылған мақсат басқа облыстың өкілдеріне Өскеменнің жетістіктерін көрсету және қала халқына ұлтымыздың ғажайып өнерін насихаттау, қызықтыру болатын. Таяуда қыркүйектің 20-нан 26- на дейінгі аралықта Өскемен қаласында ІІІ фестиаль өз мәресіне жетті. Бұл республикалық жарысқа 14 облыс пен 2 қаламыздың 12 облысы мен бір қаласынан толық команда келіп, бір апта бойы өз облыстарының намысын қорғады. Жарыс регламентін «Нұр Отан» ХДП, ҚР ҰСТҚ, Туризм және спорт, Ауыл ша­руа­шылығы министрліктері, Қазақстан халқы ассамблеясы келісе отырып бірге жа­сады. Фестивальдің алдына қойған мақса­ты:  Президент Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық жаңа экономикалық өрлеу-Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру; Елімізде ұлттық спортымызды дамыту, саламатты өмір сал­тын насихаттау; ұлттық спортқа деген қы­зығушылықты арттырып, жастарды отан­сүй­гіштікке, патриотизмге тәрбилеу, ха­лық­тар арасындағы достық пен татулықты нығайту және ауыл, аудан, облыстардағы ең мықты спортшыларды анықтау, Тәуелсіздік жылын бүкілхалықтық спорт мерекесі етіп өткізу. Фестивальде ұлттық спорт түрлерінен: ежелден елге таныс-аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан, тай, жорға жарыстары және көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ қүресі, тоғызқұмалақ және мың­­даған жылдық тарихы бар бірақ өткен ғасырда ұмыт болып егемен­ді­гіміздің арқасында қай­та жанданған спорты­мыз: саяткерлік, жекпе-жек, асық атудан жа­рыс­тар өтіп, ал хан дой­бысы, алыпсоқ, алаш алыспағы, жұдырық­­­­тасу, ержігіт ойынынан көрсетілімдер қойылып көрермен қауым тама­ша­лады. Сонымен қа­тар, фестивальдің бағ­дар­ламасына «Керемет сәйгүлік» сұлу аттар бай­­қауы, «Сәнді киіз үй­лер» байқауы да енгізіліп, көрермен қауым не­бір көздің жауын алар сұлу сәйгүліктерді, қа­зақ­тың ғажайып киіз үйлерін, қазақтың ұлттық киімдерін, асын, жәдігерлерін көрді. Осы жолғы фестивальге бұрынғы жыл­дары республикалық жарыстарға қатыспай шет қалып жүрген облыстар да келді. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ұлттық спорттың кейбір түрлері республика шеңбе­рінен шығып, халықаралық қауымдас­тық­тарын құрып, әлем елдеріне тарап барады. Осындай спорттарымыз: қазақ күресі, то­ғыз­құмалақ, жекпе-жек, көкпар. Тәуелсіздігіміздің арқасында Қостанай, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласынан басқа, еліміздің барлық облыстарында ұлт­тық спорт мектептері ашылып, әрбір облыс орталықтарында, қалалар мен аудандарда, ауылдарда атшабарлар мен көкпар алаң­дары салынып, ұлттық спорттың материал­дық ба­засы нығайды. Ұлттық спортпен айналы­сушылар жылдан-жылға көбейе түсті. Ал­маты қаласындағы Спорт және туризм ака­демиясында ұлттық спорт кафедра­сы, Павлодар мемлекеттік университетінде ұлтты­қ спорт бөлімі ашылып, ұлттық спорт­тың мамандары даярлануда. Дегенмен, ұлттық спортымыздың даму барысында түйінді, шешімін күткен мәсе­лелер де жоқ емес. Ұлтымыздың мақал-мәтелдері, ойында­ры мен спорты атпен байланыстырылып – «Адам жылқы мінезді», «Ер қанаты – ат», «Ер­дің атын ат шығарады», «Жылқы – мал­дың патшасы» «Ат пен қазақ – егіз ұғым» деп келеді. Біздің ұлтымыздың спортының дені аттың үстінде атқарылады. Ат – қа­зақ­тың жаны десе де болады. Жарыстарымыз Маң­ғыстаудан бастап Талдықорған, Көкше­тау мен Өскеменде, кең-байтақ даламыздың әр шетінде өтетіндіктен жылқыны тасы­мал­­дау, баптап күтудің өзі де оңай шаруа емес, дегенмен ұлттық спортымыз ұлт­жан­ды, халқының спортын сүйетін патриот азамат­тардың арқасында өркендеп келеді. Спорттың олимпиадалық түрлеріне ертеден ерекше көңіл бөлініп, қаржы да мол құйылып, материалдық базасы да нығайды, қалыптасқан заңды ережелері де бар, ал кейінгі жылдары ғана қолға алынған ұлттық спорт үнемі қаржы тапшылығынан жарыс­та­рын қиындықтармен өткізіп келе жатыр. Өйткені, ұлттық спорттың нысандары ат, түйе, бүркіттерді тасымалдау, оны жемдеу, шөбі, саулығын қадағалау, қоражай тағы бас­қа көптеген шығындарды талап етеді, ола­р­ды тасымалдау мен ұстауға қажетті заң ережелері де әлі толыққанды жетілген жоқ. Осы жағдайдың шешілуінің қиындығынан кей жағдайда спортшылар жарысқа келе алмай да қалады. Жер шарындағы әрбір елдің өз ерекшелігі, өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрі, спор­ты бар. Біз ешбір елде жоқ ерекше әсерлі, мағыналы спортымызды жоғалтпай қайта жаңғыртып түлете беруіміз керек. Екіншіден, біздің өнеріміз бен спортымызды басқа елдер еншілеп кетпесіне кім кепілдік бере алады, ендеше өзіміздің ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлтымыздың спорт­та­рын түгендеп, жаңғыртып өмірге әкелуіміз, және оның иесі өз ұлтымыз екендігін заң­дастырып алуымыз, барымызды жоғалтпай біртіндеп дамыта беруіміз қажет. Жасыра­тыны жоқ, бізде қалыптасқан жағдай, об­лыстардағы кез келген шаруа облыстың бірінші басшысының түсінігіне, көзқарасына келіп тіреледі. 2004-2005 жылдары алғашқы Ұлттық ат спорты федерациялары құрылған жылдары әрбір облыстарда олардың фи­лиал­дары құрылып, облыс әкімдері сол фе­дерациялардың құрметті президенттері бо­лып сайланып, олар алғашқы қарқынмен ұлттық спорттың нысандары: атшабарлар мен көкпар алаңдарын салып, ат спорты мектептерін ашып берген еді. Өкінішке орай, сол нысандар қазір кей жерде біртіндеп көзден ғайып болып бара жатыр. Өске­мен қаласындағы жер бедері мен тұрған орны халыққа өте қолайлы, бұрынғы жыл­дары мыңдаған көрермендерді жинайтын атшабар арамшөп өсіп бос тұр да, осы жолы Өскеменде өткен ІІІ фестиваль қаладан алыс­тағы атшабарда өтіп оған көрерменд­ер­дің көбі бара алмады. Алматы қаласында да осындай атшабар пайдаланылмай тұр, ал Қарағанды, Ақтау қаласында жөні түзу атшабар да жоқ. Жалпы біздің ұлттық спорты­мыздың дамитын ортасы өз еліміз, оны дамытатын өз ұлтымыздың ұлтжанды жана­шыр­лары. Жоғалтқанымызды іздеп тау­ып қалпына келтіру, барымызды сақтап ел игілігіне жарату әрбір ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың борышы болуға тиіс. Ұлттық спорт елінің мерейін көтеретін, елді басқа халықтарға таныстыратын өнер, спортына қарап елдің мәдениетінің деңгейі­не де баға береді. Ұлттық спорт қауым­дас­тығы биыл осы жағдайлардың барлығын ескере оты­рып, еліміздің Парламент Мәжі­лісінің де­путаттарына арнайы ұсыныс жасап, «Ұлттық спорт туралы заң» қабылдау ту­ралы және «Ұлттық спортты дамытудың 2012-2020 жыл­дарға арналған бағдарлама­сы» туралы құжаттар тапсырды. Енді де­путат­тары­мыз­дың тарапынан белсенді қолдау күтудеміз. Ал, көктемде басталып, ақтық жарысы Өскеменде өткен фестивальдің жарыс қоры­тын­дысын шығарғанда Алматы облысы бірінші, Шығыс Қазақстан облысы екінші, Астана қаласы үшінші орынды иеленді. Қалған облыстар жарыс қорытындысы бойынша ор­ын­дарды төмендегіше бөлісті: Жамбыл об­лысы төртінші, Ақмола облысы бесінші, Маң­ғыстау облысы алтыншы, Солтүстік Қа­зақстан облысы жетінші, Оңтүстік Қазақ­стан сегізінші, Қарағанды тоғызыншы, Павлодар оныншы, Қостанай облысы онбірінші, Ақтөбе облысы онекінші, Атырау облы­сы онүшінші, Қызылорда онтөртінші, Ба­тыс Қа­зақстан онбесінші, Алматы қаласы соңғы орында болды. Айта кететін жәйт, елімізде өтіп жатқан ұлттық спорт жарыс­та­рына бас демеуші болып келе жатқан ENRC компа­ния­сы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Оларға алғысымызды білдіреміз. Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, экономикада да, әлеуметтік салада да, өнер мен спортта да айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Соның ішінде ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп мақта­ны­шына айналуда, оның болашағына деген сенім де үлкен. Қайрат САТЫБАЛДЫҰЛЫ, «Нұр Отан» ХДП хатшысы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.