ТІЛ
Дүние жүзінде болған жанды мақұлықтар бәрі де өздерінше біріне-бірі ойға алған мақсаттарын аңғартады. Аңғартулары түрліше: біреулері дауыспен, біреулері дене мүшелерінің қозғалыстарыменен, енді біреулері шырайларымен...
Адам баласы басқа жануарлардан тіліменен айырылады. Тіл деген бек құтты нәрсе. Ол біздің барлық ішкі сырларымыздың айнасы. Әуелі, адамды басқа айуандардан айыратын белгісі болса, екінші, бір-біріне ұқсаушы болған адам балаларын бір-бірінен айыратын ұлттық айырмасы. Адамдарды қараңғыдан жарыққа сүйрейтін, төменнен жоғарыға қарай тартатын, аңдар дүниесінен адамшылық майданына шығаратын және сол – тіл.
Адам баласының тілінің түрлері бек көп. Қазір дүние жүзінде сегіз жүзден аса тіл бар. Бұлардың 153-і Азияда, 114-і Африкада, 117-і Австралия менен ұсақ аралдарында, 422-ы Америкада, 53-ы Еуропада деп айтылады. Мұның үстіне бұл тілдердің айырым тармақтарын да есептесең, бүтін дүние жүзінде 3,5 мыңнан астам тіл болады екен.
Енді осы тілдердегі сөздердің һәм сөйлеушілердің салдары бір шамада емес, біреулері орасан көп болса, екінші біреулері шамадан тыс аз.
Мәселен татар тілінде 70 мың, орыс тілінде жүз мың шамасында, ингылизше менен арабша бұдан да көбірек есеп етіледі. Америка үнділері сияқты тағы ұлттардың тілдерінде он мыңға да толмайды. Әлі бұ да ешнәрсе емес, Американың күнбатыс жақ жағасында сондай тағы зеңгілер бар, олардың тілдерінде 350-400-ден артық сөз жоқ. Сондай-ақ ингылиз, француз тілдерін жер-жерде естуге болады, әлгі тағы жұрттардың тілдерін де тек сол тұрған орындарында ғана ести аласың.
Сөздердің һәм сөйлеушілердің көп-аздығы неліктен? Бұл сол тілменен сөйлеуші ұлттың ағарып-ағармауынан, яки қай шамада ағаруынан, өнер-білімнен һәм ұлттығын сақтай алып-алмауынан келеді. Қарасаңыз жоғарыда көрсетілген сандардан осы айтылғанды байқауға болады. Ұлттығын сақтай алмай, тілдерінен ат-жұт айырылып қалған елдердің де барлығы тарих оқығандарға мәлім. Жалпы қарағанда, тағы жұрттар тіл жағынан бек жарлы болады екен. Әлі олар тұра тұрсын, тіпті бір ұлттың өз іштерінен оқыған білімдер менен оқымағандар бір болмайды. Оқығандар соңғыларға қарағанда, көбірек зор біліңкірейді. Бұның себебі: тағылардың, надандардың тұрмыстары оқыған, ағарыңқыраған кісілерге қарағанда, көп төмен. Төмен тұрмыс үшін сөздің көптігі керек емес. Алайық Австралия тағыларын, олар жылға, көл дегеннің не екенін де білмейді. Өйткені онда бұлар жоқ. Сол себепті олардың тілдерінде бұл екеуінің орнына сөз де табылмайды.
Енді өзіміздің қазақ тіліне келейік, қазақ тілі үлкен түрік тілі тарауынан болған бір табы. Тәураттың айтуынша, бұл тіл осы күнде бар түрік тілі тараулары арасында нағыз әуелгі қалпында тұрған, өзінің бұрынғы сипатшылық түрін бұзбай, бұзылмай, аман сақталып келген тіл. Қазақ тілі осы істелмегеннің өзінде-ақ біркелкі тілдерден бай. Тек бір кемшілігі болса, о да осы заманға дейін жұмсалмай тұтығып жатқандығы. Әлбетте, оның себебі бәрімізге мәлім, ұзақ баяндаудың қажеті жоқ. Ойлап қарасақ, бізге оған өкіну керек емес, қайта қазақ ұлтының патша билеуінде тұрған кездерінде басынан өткендерін, жай-күйлерін һәм билік басындағы ұлықтардың бұратаналарды орыстандыру деген саясаттары бағытына даңқты Ильминский сияқты миссионерлердің құрған тұзақтарын еске алып, бұ шаққа дейін тіліміздің жоғалмай, яки бұзылмай аман-сау сақталып келгендігіне алақайлап қуануымыз, алақан шапалақтауымыз керек.
Бір ұлттың тілінің жоғалуына, яки үлкен өзгеріс тауып бұзылуына көбіне көп басқа мәдениетте ілгері болған уалаятты елдермен аралас болу, соларменен түрлі реттерде қатынас жиірек болуы себеп. Қазақ ұлты жоғарыда айтылған миссионерлердің тұзағынан қалыс болмаса да, қонысы басқа мәдениетті ұлттардың қонысынан бірыңғай болып, оларменен қатынасу, араласуға еріксіздендіретін сауда, кәсіп, әрекет сықылды нәрселерде мешеулігімізден әлгі айтылған үлкен мақсатқа көп жәрдем етті. Тілдеріміз сақталып келді дегенмен соның өзінде орыс, ноғайға көршілес отырғандардың тілдері шұбарланған. Сондай-ақ орыс школдарында, татар мектептерінде оқыған бірсыпыра жастар әуелгі әзірде жат тілге үйрету, жаттығу мағынасыменен артық көңіл қойып кетіп, өз тілдерін ұмыта жаздап, аздап қалған. Әйтеуір соңға таман өздері оянған ұлтшылдық арқасында қайтадан арттарына айланып, өздерінің ана тілдерін іздене бастаған. Бірақ осы күнде де кейбір оқығандар әлі күнге дейін, білмеймін, үйреніп қалған әдет бойынша қазақша сөйлегеннің өзінде екі сөздің бірін орысша айтады.
Тіпті орысша түгіл нағыз қазақ сөзін айтқанда да «Қ» орнына «К», «Ғ» орнына «Г»-мен айту секілді орысша қолданады. Мұсылманша оқығандар татаршасынан, татар мен араб сөздерінен құтыла алмайды. Әлбетте, мұндай азаматтар бұл әдеттерін тастамаса, шексіз ана тілін үйрене алмайды. Сонымен тек өз тіліне емес, жалпы қазақ тіліне кемшілік келтіреді. Біздерге бар тілімізді жойып, бұзып-жарып, қазақша аты бар сөздерді орысша атап, соған әдеттену һәм оның орнындағы қазақ сөзін ұмытудың орнына қазіргі мәдениет дүниесінде әдебиетімізде жетіспей жатқан қазақ сөздері үшін жаңа-жаңа сөздер табу деген құлақтарыңызға жат болып естілмес. Жаңа сөздер тағы жұрттарда да, тараққи еткен ұлттарда да бүтін дүние жүзінде шығып, өршіп тұрады. Бұл адам баласы дүниеге келгеннен бері солай. Тағы жұрттарда жаңа сөздер өз-өзінен шығады екен. Содан бір уақыт тағы адам өз дәуірінде ең әуелі сиырды көріп, «Муу» аталған дауысын естіп, оған «Пуу» деп ат қойған. Көкектің аты әр ұлтта деп айтарлық бір-біріне ұйқас екендігі білінген. Көп сөздер солайша өздіктерінен пайда болған. Сондықтан біз өзіміз де бір нәрсенің аты болмайды екен, жаңадан лайықты, үйлес нағыз қазақ тілімен ат қойсақ; егер ат таба алмайды екенбіз, шет тілдерден сол күнде ғана тіліміз арасына жаңа жат сөздер кіргізіп алсақ та оғаш іс еткен болмасақ керек. Біз өз тілімізді тексеріп қарасақ, өзімізден де жаңа сөздерді көп табуға болады. Соның сияқты қазақша ат таба алмай, я болмаса табуға азаптанбай тұп-тура өзіміз айтып, қазақ жобасына аударып қолданып кеткен там-тұм шет сөздер бар. Олардың енді қазақ арасында біздің өз сөзіміз емес деп айтуы бек жат түйіледі. Біздерге жат сөздерден сақтану дегенде болады да, тілімізден шығарып тастау деген сөз аңғарылмас. Бұлар бұ күнде өз сөзіміз болып кеткен. Оларды шығарып тастасақ, орындарын басатын бізде басқа сөздер жоқ болғандықтан бәрібір өз сөздерімізді алып тастағанға есеп болады. Бізге тек осы күнге дейін қазақ тіліне кірмегенін я кіре тұрса да оның тілімізде басқа аты болған я болмаса ат табуға мүмкін болған жат сөздерден ғана бек сақтану тиіс.
Әзірлеген
Ұларбек Нұрғалымұлы,
«Егемен Қазақстан»