16 Қараша, 2017

Тілде буын жоқ...

871 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көп сөйлейміз. Көпіріп. Әңгі­ме­­ні көп айтамыз. Тіл безеп. Ше­шенсиміз. Көсемсиміз. Кеуде ұра­мыз. Біз білеміз дейміз. Біздікі ғана дұрыс. Өзгелердікі сандырақ. Біз ба­тырмыз. Біз ақынбыз. Біздей данышпан халық жоқ. Осының бәрі рас па екен өзі?..

Тілде буын жоқ...

«...Есті ел қандай атауда болса да та­рихи орындарын, отырған иеліктерін қаз-қалпында сақтайды. Біз болсақ тұрақсызбыз» деп жазыпты газетімізде жарияланған бір мақалаға үн қатқан Мағрипа Шөжеғұлқызы атты оқырман. Алдыңғы буын ақсақалдарымыз айтатын сөз еді. Ер-азаматтар айтатын сөз еді. Олардан қайыр болмаған соң, шыдамы таусылып өзім-ақ айтып бе­рейінші де­ген болуы керек. Орынды пі­кір. Ашық айтылған. Шындықты ай­ту үшін қай заманда да ештеңеден қай­мықпай қасқайып тұрып айтуға тура келген. Бұрындары, әрине. Кешегі кеңестік кезде, демократияның жоқ кезінде біздің көптеген азаматтары­мыз шырылдаған шындықты талай-талай айтты. Соның салдарынан қыз­меттерінен айырылғандар да болды. Сон­да да айта берді. Өз бас­тарының пайдасы үшін емес, елі үшін айтты. Кейінгі кездері де айтушылар болды Шерағаң сияқты. Бірақ Шерағаң жалғыз еді. Үні «шықпады»...   

Жоқ... Біз әлі де айтып жатырмыз. Тіпті бұрынғыдан әлдеқайда көп айтатын болдық. Бар айырмашылығы қа­зіргі айтқандарымызда мән-мағына жоқ. Су татиды. Әншейін мақтаншылық. Одан қалды астамшылық. Одан қалды мық­тыларға жағыну. Жарамсақтану. Көл­гірсу. Білгішсіну. Жаппай солай. Сондықтан да көпшілік жұрт күледі. Кейде Абай ХІХ ғасырдағы өлеңдерін ХХІ ғасырда өмір сүретін қазақтарға ар­наған жоқ па екен деп ойлаймын. Құдайдың құдіретімен «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаңнан» бастап бүкіл өлеңдері бүгінгі біз туралы. 

Ал, шенеуніктер ше? Олардың да ауыз­дарына дамыл жоқ. Соған қарағанда қолдары бос, уақыттары көп. Қаптаған жиналыс. Жағалай уәде. Біз ананы әйтіп жатырмыз, мынаны бүйтіп жатырмыз деп бас­тайды. Содан соң ананы әйтетін боламыз, мынаны бүйтетін боламыз деп аяқтайды. Қашан?.. Ел табысын есе­лейтін істерді де енді ғана қолға алып жат­қан сияқтымыз. Мәселен, ауыл шаруа­шылығын дамыту керек екендігі ғасырлар бойы мал бағудан өзге ештеңе бі­тірмеген қазақтың есіне жаңа ғана түс­ті. 

Жалпы, ананы алай қылу керек еді,­ мынаны былай қылу керек еді деген сияқты білгіштік біздің бәрімізге ор­­тақ қасиет. Ұсыныс, пікір айтудан еш­қашан кенде болған емеспіз. Бірақ, ол жұ­мыстарды кім істейді? Сол жағы түсі­ніксіздеу. 

Қолдарында азды-көпті билігі, азын-аулақ қаржысы болып, ара-тұра болса да уәделерін орындап тұрғандықтан ба екен, әйтеуір бұрынғы шенеуніктердің едәуір беделі болушы еді. Халық та бір­шама сыйлайтын. Бүгінде ол жоқ. Шенеунік туралы әңгіме қозғалса, бі­раз ағайын кірпідей жиырылады. Әй, қой­шы соларды, қара бастарының қамын күйттеуден артылмайтын адам кімге қайыр қылушы еді дейді. Еліңді, жеріңді ойлап жатқан олар жоқ деп тыжырынады. Бұл әрине, жақсы емес. Халық мемлекеттік қызметшілерге сенуі тиіс. Тек сонда ғана адамдар адал еңбек етуге тырысады. Болашағына үмітпен қарайды. Өзіміз жиі қайталайтын па­трио­тизмің де осындайдан пайда болады. Біз болсақ іспен дәлелденетін па­триотизмнің өзін сөзге айналдырып ал­дық. 

Сөз бар жерде, іс жоқ дейтін қағидаға илансақ, біздің көп сөзділігіміздің өзі үлкен күмән туғызады. «Сөз – сабан, іс – дән» депті бұрынғы өткен ата-бабаларымыз. Ол аз десең, «Сөз бергенге ерме, бөз бергенге ер: сөз бейнет болар, бөз­ көйлек болар» дейтін мәтел тағы бар. Осын­дайдан ғой біз өзі не істеп, не тындырып жүрміз деп ойлайтының.

Неліктен сөзге сонша үйірміз? Өйт­кені «ауызбен орақ ору» оңай. Ал, біз­ қашанда оңайына қарай жүгіріп дағ­дыланғанбыз. Жоғарыда өзіміз мысал келтірген мақалада жапондар туралы айтылады. Естіген құлақта жазық жоқ, сол жапондарыңыз көшеде кездесіп қалған танысымен тоқтап тұрып амандасудың өзіне уақытым кетіп қалады деп уайым­дап, оң қолымен кеудесін басып, жы­миып, басын изеп қана өте шығатын кө­рінеді. Ал, біз ше?.. «Ота ала келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» дегенді айтқан кімдер еді...

Жақында бір танысыммен кездейсоқ ұшы­расып қалып, жарты сағаттан астам тұ­рып әңгімелестік. Артынан үйге кел­­­ген соң жаңағы кісімен не туралы сөй­­­лескенімді есіме түсіре алсамшы. Сөй­тсе, ананы-мынаны айтып, қысыр әңгімемен уақытты босқа өткізіппіз. 

Сағаттарға созылатын ақындар айтысы мен қазақтың тойлары ше? Шыққан ақшаны қойшы. «Ақша дегенің қағаз емес пе» дейді оны айтсаң тағы. Бәрінен бұрын уақытты айтсаңшы, зая кеткен. Өркениетті елдерде белгілі бір кәсіппен айналысу үшін уақыт жеткізе алмай қиналады екен. Біз болсақ уақытты өткізе алмай қиналамыз. Осыдан кейін қазақты ғажап емес деп көр!

Біреулердің қазақты тағы жамандапты ғой деп ренжитінін білем. Енді қайтейін. Айтып қалған ауыз.

Тілде буын жоқ...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»