Поль Валери секілді таңсәріде болсын, кешкі бесте я түстен кейін ғана төсегінен тұратын Ламартинге ұқса, тіпті көп жазушының сүйікті уақытына айналған түн ортасында жазсаң да тұрақты болсаң жетеді. Біздің заман жазушыларды түнде жазуға мәжбүрледі десек, қателесер едік. Vigiliae noctae – түнгі сергектік, рефрен секілді көптеген жазушылардың өмірінде қайталанған.
Бюффон, Гете, Вальтер Скотт, Виктор Гюго, Бодлер, Флоберлер шенеуніктің жұмысына келгеніндей уақытылы жазу үстеліне отыратын. Бұлай жұмыс істеуді әдетіне айналдырған жазушылардың тізімін жасасақ, тіпті ұзап кетер еді. Бірақ солардың бәрі ә дегеннен-ақ тәртіппен жұмыс істемеген. Тұрақты жазу уақыт өте келе қалыптасып, жазушы қаламы төселіп, классикалық шығармалар кездейсоқ, «бақытты» сәттерде жазылмайтынын толық сезінгенде беки түскен. Әдебиет тарихындағы әр жауһар туындының ар жағында төзім мен еңбекке толы машақатты жол жатыр.
Ал егер жоспарланған уақытта ойың сан-саққа жүгіріп, жазуға құлық та, күш те жоқ болса не істейсің? «Отыр» дейді Метерлинк, және өзі де үш сағат бойы ештеңе жазбай, темекі тартып қана уақытын өткізсе де, жазу үстелінен тұрмапты. «Ал мен болсам, ақ парақты алып алғашқы сөйлемді жазамын. Менің сөйлемдерім мысық сияқты, қалай жазсам да төрт аяғы тең түседі. Алғашқы сөзге ой тіркесіп қалам жүре кетеді», дейді Теофиль Готье өзі туралы.
Ерекше темпераментті, арындаған, эйфорияға икемді жазушылар да болады. Алқынған бұлақ сияқты қаламдары мүлгуді білмейді. Өкінішке қарай бұндай жазушылардың шығармашылық мейрамдары жазған дүниелерін салқын ақылмен қайта оқығанда көңілсіз аяқталып жатады. Егер де осыдан кейін тоқмейілсулері басылмаса, өз шығармасына сын көзбен қарай алмағаны үшін жақсы аттан айырылып тынады.
Ең нашар жазушының өзі ойына келген сөз бен кейіпкерден бас тартпайды. Түннің бір уағында тұрып болса да жазады. Тіпті ештеңе жаза алмаған күннің өзінде кейін бәрін ретке келтіру үшін, ой тапшылығынан, жұтаңдығынан құтылу үшін тәртібін бұзады.
Жазушылықта қатып қалған ештеңе жоқ. Дүниеде қанша жазушы болса, жазудың сонша әдісі бар. Жазу әдісі бірдей екі жазушыны табудың өзі қиын шығар. Ең жаманы оқырман қолына дайын кітапты алғанда, оның қалай дүниеге келгені туралы ешқашан ойланбайды. Ертеңін жазушылықпен байланыстыратын жастардың да осы жазу еңбегі туралы ойланбайтыны қиын. Олардың көз алдына болашақ жұпар аңқыған раушан гүліндей елестейді. Қолына қалам алып, еңбектенуге кіріскенде, ештеңенің қиялдағыдай емес екеніне көздері жетеді. Сол кезде әлсіздер беріледі де, жазушы болатындар раушан гүлін тікенектерімен қоса қабылдайды. Бірде жас Мопассан Флобердің жазу үстіндегі күйін көріп, өмірлік сабақ алғандай болыпты. Қан қысымынан жүзі сұрланып, қызарған көзімен қолжазбаға әр сөзбен, тіркесті мүлт жіберіп алмайын деп үңілген қалпы олжасын мұқият көздеп тұрған аңшыдан айнымапты, әріпке дейін мұқият зер салуының өзі ойдың ырғағын бұзғысы келмеген ғажайып сезімталдықтан хабар беріп тұрғандай. Сосын өте баяу жаза бастаған. Жазған, өшірген, қайта жазып, сызған, бел ортасынан аямай сызылған жолдың үстінен басынан жазып, ұнамаса сызудан жалықпай, көлденең тұрған бос жерлерге дейін ойын түсірген. Беті дірілдеп, қабағының үстінен шым-шым тер ағып, мойны созылған. Кәрі арыстан ой мен сөздің арасында арпалысып отырғандай.
Мұндай тым ауыр көрініс психологиядан гөрі, шығармашылық физиологияға жатады. Бұл тақырыптың өзінде өте қызықты трактат жазуға болар еді. Тынымсыз, тұрақты еңбек үстіндегі жазушы болмысының, түр-сипатының қалай өзгеруі де белгілі дәрежеде шығармашылыққа әсер ететінін де айтпай кетуге болмас.
Ян Парандовскийдің
«Сөз алхимиясы»
кітабынан аударған
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»