05 Қараша, 2011

Дақпырттың түбінде негіз жоқ

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәжілістің соңғы отыры­сын­­да мәдениет саласы үшін ма­­ңыз­ды заңдардың бірі тал­қыға ұсынылып, мақұлданды. Бұл заң 1970 жылы ЮНЕСКО қабыл­даған конвенцияны ра­ти­фикация­лауды қарастырады. Осы уақытқа дейін 119 мемлекет ратификация­лаған бұл кон­венцияға Қазақстан, Түркі­мен­стан және Латвия ғана қо­сыл­мапты. Баяндама жасаған Мә­де­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед біздің еліміз бұл конвенцияға осыдан 10-15 жыл бұрын енуі керек еді деп, бірақ осы уақытқа дейін неге созы­лып келген себебін білмейтінін айтты. Сонымен, бұл конвенция нені көздейді дегенге келейік. Алысқа бармай-ақ оның «Мәде­ни құнды­лық­тарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы» деген атауын айтсақ та оның көздеген мақсаты көрі­ніп тұрғандай. Демек, мәдени құн­ды­лықтарға жататын дүние­лердің қолды болуы­на әлемдік көлемде тосқауыл қоятын осын­дай ізгі ниетті конвенцияны неге ратифи­кацияламасқа? «Аталған құжат мәдени құн­ды­лықтарды ұрлаудан, заңсыз тасымалдаудан оны қорғау мен заңды иесіне қайтару шара­ларын айқын­дайды. Конвен­ция­ға сәйкес мәдени құнды­лық­­тарға археология, әдебиет, өнер мен ғылым­ға қатысты дүниелер жатқызы­ла­ды», деді министр өзінің сөзінде. Сонымен бірге, оларға белгілі тұлғаға қатысты заттар, археология жаңа­лық­тары, сирек қолжаз­балар, көне кітаптар және жасал­ғанына 100 жылдан артық уақыт өткен тиын­дар, мөрлер, жиһаздар жә­не т.б. заттар жатады екен. КСРО кезінде ортақ үй, ортақ қазан дегенді сылтауратып, рес­пуб­ликамыздың барлық қиыр­ларынан табылған мәдени құн­ды­лықтар Ресей­дің мұражайлары мен көрмелерін көркейтуге та­сылған еді ғой. Соның ішінде Тайқазан секілді жәдігерлер де Өзбекәлі Жәнібеков сияқты та­банды қайраткерлердің орасан күш салуымен зорға қай­тарыл­ғаны белгілі. Осындай құнды дүниелер Ресей мұражайларында әлі де көп. Мына заң күшіне енгеннен кейін оларды қайтаруға мүмкіндік туа ма деген сұрақ қойыл­ды министрге. 1991 жылы республикалар КСРО-дан еншісін алып, өз алдына тәуел­сіз ел болған­дарын­да сол кезеңде өз аумақ­тарында қалған дүние­лер­дің бәріне, со­ның ішінде мәдени құнды­лық­тарға да меншік иесі болып та­былады деген шешім қабыл­данып, заң күші бар ортақ құжат қабыл­данған болатын. Сон­дық­тан, сол кезеңде Ресейдің Эр­митаж, «Оружейная палата», «Орыс музейі», т.б. музей, көрме­лерінде қалған құндылық­тар­дың бәрі Ресейдің меншігі болып танылды. Өкініш­ке қарай, ұлттық құндылықтарымызбен қа­тар, Шо­қан Уәли­ханов сияқты қайрат­керлері­міз­дің жеке басына қатысты дүние­лерге дейін Ре­сей­дің меншігі болып кетті. Оларды енді қайтару оңай емес. Мына заңмен де олар қайтарыл­майды. Тек тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңде сыртқа кеткен дүние­лерді ғана қай­таруға осы заң мүм­кіншілік тудырады деген жауап берілді. Мәселенің бәрі түсінікті бо­лып, талқылау қорытын­дыланып келе жатқан тұста депутат Амангелді Момышев Ресейге әкетіп, бермей қойды деп қазақ бала­сының бәрінің мұңына айналған Кенесары ханның бас сүйегін қайтарту жайын жарқ еткізді. Бұл мәселені Мұхтар Абрарұлы түбе­гейлі зерттеп, анық-қаны­ғының бәрін біледі екен. Тіпті Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де осы мәсе­леге назар аударып, кезінде министрге хан Кененің бас сүйегін табу туралы тапсырма берген көрінеді. Сонымен... министрдің жауа­бы­на келейік. Кенесарының бас сүйегі анда жатыр, мында тұр деген дақпырттар 90-шы жыл­дар­дан бастап айтыла бастады. Менің оны іздемеген жерім жоқ. Орынбор, Омбы, Кунсткамера, Этнографиялық музей, тіпті анда-мында болуы мүмкін деген ұсыныс­тардың бірде-біреуі ескерусіз қалмай, тексерілді. Тіпті, Қырғызстанның Тоқмақ қаласы­ның түбінен бір дерек шығып қалмас па екен деп археоло­гия­лық қазба жұмыстарын да жүр­гіздік. Ешбір жерде, соның ішінде Ресейдің бірде-бір музейі мен қоймаларында «мынау Кене­сарының басы» деп тіркелген құ­жат болған емес деген түбе­гейлі жауап берілді. Бұл көп қазақтың көңілін көптен бері күпті етіп жүрген мәселе еді. Кене­сарының басын өз көзімізбен көрдік, «Голова киргизского султана-бунтаря Ке­не­сары» деген жазуы бар екен деген дақпыртты таратып жібергендер көзі тірі болса осыдан кейін не айтар екен. Жақсыбай САМРАТ.