05 Қараша, 2011

Қауып айтқандар халық алдында жауап берсін

338 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
2011 жылдың 20 қазаны күні еліміздегі белгілі сайттардың бірі «Тенгринюс.kz» «Қазақстан халқының 1/3 бөлігі Ресейге және Шығыс Европаға көшуге дайын» (В Казахстане треть населения готова эмигрировать в Россию и Восточную Европу) деген мақала жариялады. Ол мақаладағы мәліметке сүйенсек, сұрау жүргізіл­ген­дер­дің 28,5 пайызы Қазақстаннан кетуге дайын. Оның ішінде кетуге нақты шешім қабылда­ған­дары 11,8 пайыз, жоспарлап отырған­дары 48 пайыз деп көр­сетілсе, олардың кету себебі бір бөлігі материалдық-қаржылық се­беп­тер, екінші бөлігі мемле­кеттің тіл саласындағы саясаты десе, үшіншілері ешқандай келешекті (перспектива) көрмеуіз­ден деп жауап беріпті. Сондай-ақ әрбір алтыншы қазақ, әрбір екінші орыс, сонымен бірге, бас­қа ұлт өкілдерінің тең жар­тысының елден кеткісі келеді деп жазады. Бұл – Саяси шешімдер инсти­тутының беріп отырған мәліметі. Аталған сауалдамаға бар­лы­ғы 2294 адам қатысқан. Соның ішінде Қазақстаннан кетуге дайын екені 28,5 пайыз немесе 653 адам сондай ойы барын білдірген. Қазақстан халқының саны соңғы ресми деректерге сәйкес 16,6 млн. адам екенін ескерсек, сол халықтың 0,01 пайызының (2294 адам), оның ішінде 0,004 пайыз (653 адам) адамының пікірін ескере отырып Қазақстан халқының 3/1 бөлігі Қазақ­стан­нан кеткелі жатыр дегені не мас­қара? Оның үстіне азамат­тардың Қазақстаннан кетуге бел бууы­ның бірінші себебі аза­мат­тардың материалдық-қар­жы­лық жағ­дайы­ның нашарлауы деп көрсеткен. Мына деректерге құлақ аса­йық, ағайын. Алысқа ұзамай-ақ орташа ай­лық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2011 жылы 93 мың тең­геге дейін артқанын, ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мем­лекеттерінің рейтингінде Қазақ­стан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілгенін, біздегі орташа айлық жал­ақы 5 жарым есеге, зей­нетақы­ның орташа көлемі 4 есеге көбей­генін, 1994 жылы жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асса, 2011 жылдың 1 қара­шасына қа­рай бұл көрсет­кіш 12 еседен, ар­тық өсіп, 9 000 АҚШ дол­ларынан асып түс­кенін ескерсек «мате­риал­дық-қар­жы­лық жағдай­ды­ның нашарлауы себепті алтын­шы қазақ, әрбір екінші орыс, соны­мен бірге, басқа ұлт өкілдерінің тең жартысының елден кеткісі келеді дегенді» бұл институт қайдан алып отыр ? Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жы­лында мұндай нәтижеге еш­қандай ел қол жеткізе алмағанын әлемдік тәжірибе растайды. Мы­салы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда – 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Аталған зерттеушілер азамат­тар­дың елден кетуінің тағы бір себебі – мемлекеттің тіл саясаты деп атап көрсетуде. Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 7-бабының 3-тар­мағына сәйкес «Мемлекет Қазақ­стан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу­ға қамқорлық жасайды». Ал 9-ба­бы­на сәйкес «Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайда­л­а­ну­ға, қа­рым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таң­дап алуға құқығы бар». Бү­гінгі таңда Ата Заңның бұл қағи­дасы толық орын­далған. Елімізде қоныстанған 140-қа жуық ұлт өкілінің еш­қайсысының тілі шеттетіліп немесе кемсі­тілген емес. Бұ­ған елі­мізде өмір с­ү­ріп отыр­ған кез келген ұлт өкілі дәлел бола ала­ды. Қазіргі таңда 108 мектепте 22 эт­нос­тың тілдері жеке пән ретінде оқытылса, 88 мектепте білім алу орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр жә­не ук­раин тілдерінде жүзеге асырылады. Негізгі Заңымыздың 7-бабы­ның 1-тармағына сәйкес Қазақ­стан Рес­публикасындағы мемле­кет­тiк тiл – қазақ тiлi. Елбасымыз атап айт­қандай, «мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды бі­ріктірудің бас­ты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек. Сондықтан мемлекеттік тіл­ді меңгеру – әрбір қазақ­стан­дықтың асыл парызы. Дана хал­қымыз «Тіл білген құшақ­та­сады, білмеген пышақтасады» деп қате айтпаса керек. Сондықтан кез келген ұлт өкілі үшін тұрақтауға жері жай­лы, өмір сүруге елі жайлы, өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамы­ту­ға және жаң­ғыртуға барлық жағдай жасалып отырған елдің тіл саясаты азамат­тар­дың елден кетуіне себеп болып жатыр дегені зерттеушілердің қай сасқаны? Мемлекеттің өз тілін өркен­де­темін дегені, өзгені төмен­де­темін дегені емес қой, шыны? Байыппен қарар мәселенің бірі осы болар. Жоғарыда айтып кеткенімдей, аталған институт мамандары аза­маттардың елден кетуіне тағы бір себеп ешқандай келешекті (перспектива) көрмеуінен екен? Қазақта мақал бар, «Біреу то­ңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген. Меніңше, бұл тойып секір­геннің сергелдеңі. Әлемнің дамы­ған еңселі елу елінің қа­тары­на қо­сылуға ұмтылған, жас та болса бас болып Тәуелсіз Мем­лекеттер Дос­тас­тығы, Шанхай ынтымастық ұйы­мы, Еуро­па­дағы қауіпсіздік жә­не ынтымас­тық ұйы­мы, Ислам Ын­тымас­ты­ғы Ұйымы сынды ұйым­дарға төраға­лық еткен, өзіндік стра­те­гиялық даму жоспары бар елдің келешегін көрмеу деген не сөз? Ел келешегі жоқ болса, Тәуел­сіздік жыл­дарында ел экономи­ка­сына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйыл­мас еді. Ал енді біз елдегі сыртқы көші-қон мәселесі бойынша Қа­зақ­стан Республикасы статистика агенттігі берген ресми мәліметке сүйеніп көрейік. 2010 жылы елімізден 393 056 азамат шетел асса, 408 521 адам тұрақты тұру үшін келген. Оның ішінде 329 403 қандасымызды есеп­­темегенде, 44 568 орыс, 5497 украин, 1110 беларус, 2988 өзбек, 2297 әзербайжан, 3588 чешен, 3139 корей, 3605 неміс 3277 ұй­ғыр және басқа да жүздеген ұлт өкілдері Қа­зақ­станға қоныс аударған. Оның ішінде еңбекке жарам­ды жастағы 314 834 азамат шетелге тұрақты тұруға кетсе, керісінше, біздің елге 325 974 азамат келген. Сонымен қатар, нақты маман­дық­тар бойынша 14 890 аза­мат елден шетелге кетсе, 12 366 нақты ма­мандық иесі Қазақ­стан­ды тұрақты тұратын мекені ретінде таңдаған. Оның үстіне ресми болмаса да халық арасында басқа ұлт өкіл­дерінің елден өз туған отаны­на тоқырау жылдары көшіп кетіп, енді, міне, өркендеген Қазақ­стан­ға қайта оралып жатқаны ту­ралы хабарларды көптеп естиміз. Мен бұл мәселені неліктен көтеріп отырмын. Көші-қон – мемлекеттік саяси мәселе. Оған атүсті қарамау керек деп ойлай­мын. Себебі, мемлекетті адам ресурсы құрайды. Ал мына ма­қа­ла мүлдем шындыққа жанас­пай­тын, ел арасына теріс ой қалып­тастырушы, «жақсы бай­қап сөй­лердің» емес, «жаман шайқап сөй­лердің» кебін киген мәлімет деп түсінемін. Біздің халық қашаннан боз­дағанға басу, жоқтағанға жорал­ғы айтқан, адасқанды аластама­ған, қателескенді кері итермеген, жат­ты жатырқамаған, қан­дай қиын заман болса да көзі мен сөзіне қарап бөлмеген, ша­ңы­рағының астынан пана берген, қара нанын бөліп жеген емес пе? Сонау сұрапыл соғыс кезінде де, одан кейінгі «қырғи-қабақ соғыс» саясаты кезінде де қуы­лып келгенді құрдымға жібермей, айдалып келгенді айыпты­сың демей, өз бауырындай көріп, талай­лар­ды қамқорына алды емес пе? Ал мынадай мақалаларға жол беру еліміз, жеріміз туралы аза­маттар арасында, шетелдік әріп­тестеріміздің алдында өзге­дей жарнама жүргізу деп ойлай­мын. Сондықтан шындыққа жа­наспайтын мәліметтерді жария­лау­ға жол берілмеуі керек. Ел Конституциясының 12 және 34-баптарына сәйкес әркiм Қа­зақстан Республикасының Конс­ти­туциясын және заңдарын сақ­тауға, басқа адамдардың құқық­тарын, бостандықтарын, абы­ройы мен қадiр-қасиетiн құр­мет­теуге мiн­дет­тi, адамның жә­не азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауы, конс­титуциялық құры­лыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуі тиiс. Ал бұл мақала, біріншіден, біздің мемлекетті, басқа адам­дар­дың патриоттық сезімдерін құрметтемейтін, адамдар, ұлт­тар арасында іріткі салатын ма­қа­ла. Яғни, ондағы мәлі­мет­тер­дің негізділігі мен заңдылығына құ­қықтық тұрғыдан баға беру қажет деп есептеймін. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.