08 Қараша, 2011

Шаршы алаңда жас боксшылар

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қызылорда облысының спорт және туризм, дене тәрбиесі басқармасының бастығы Садық Мұстафаев ақеділ жігіт. “Іс тетігін кадр шешеді” деген қанатты сөздің ақиқатын осы Садықтың спорттағы жетістіктерінен көресің. Бір қызығы, Садыққа дейін облыс спортын басқарғандар тұсында Олимпия ойындарында олжа салмақ түгілі, қатысуға жолдама алуы­ның өзі тарихи оқиғадай көрінетін. Мұстафаев бас­шы болып келгелі бір алтынды соның са­йып­қырандарынан күтетін болып дағ­ды­лан­дық. Сол Садық айтады: “Спортшы биік дәре­же­ге жету үшін оған облыстық, респуб­ли­ка­лық, қала берді халықаралық жарыстар керек. Соның тезінен өтіп, тәжірибе жинақтаса, үл­кен шеберлікке жетеді. Ол кезде спортқа бө­лін­ген қаржы аз болды. Сондықтан, елден шық­қан мықты жігіт, айтулы азаматтарға сауын айта жүріп, солардың жүлде тағайындауымен рес­пуб­ликалық жарыс­тар өткізе бастадық. Мұның жақсылығы сол, жеңістен дәмелі жігіттеріңнің бәрі қатыса ала­ды. Кейін ішінен мықтылары іріктеліп шығады”. Жұмыс істей білетін, тастүлектерінің то­ма­ғасын уақытында сыпыратын азаматтардың кесігі осылай болады. Сол Садықтың Дәулет Ниязбеков деген шәкірті биыл грек-рим кү­ре­сінен Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында қоржынға алғашқы медальды салғанын және айта кетейік. Қазағы киіздей ұйыққан, берекесі мол Оңтүстікте де ешкімге айтпай-ақ қайырымды істер атқарып жүретін азаматтар бар. Соның бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Сәуі­р­бай Есжанов. Әрісін айтпағанда, беріде Сидней олимпиадасында қазақтың даңқын айдай әлемге жайған Бекзат пен Мұқтархандай ерлері бар оңтүстік боксы кейінгі жылдары қожы­раң­қы­рап кетті. Ал таланттарымыздың тұма бұла­ғын жасөспірімдер арасында өтетін жа­рыстар ашады. Осыны бағамдаған Сәуірбай Көл­байұлы Қазығұрт ауданында бокстан облыс­тық жа­рыс­тың тұсауын кескен. Биыл ердің жасы елуге толған айтулы азаматтың жүлдесіне арналған 1996-1997 жылдары туған жасөс­пі­рімдер ара­сын­дағы VII халықаралық турнир Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде өтті. Техникалық делегаты халықаралық дәре­жедегі АИБА төрешісі, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Ресейден арнайы шақырылған қонақ – Валерий Рачков. Бас төреші – АИБА төрешісі Н. Батыров. Қазақ даласы таланттарға бай. Оны Шым­кент төрінде керілген шаршы алаңнан байқа­дық. Жарыстың бәрін шолмай, екі-үш талантты боксшыға тоқтала кетсек, 46 келі салмақтағы өзбекстандық боксшы Елдар Сарыбаевтың ұрыс мәнері есте ерекше қалды. Бойы, қолы ұзын, шаршы алаңды жақсы көреді, қарсыласының ойын тез оқиды. Шабуылының алдын орап кетеді. Сынаптай сырғиды. Сауатты. Дәл ұрады. Өзбекстан боксшылары техникалық дайын­дық­қа дене қуатын жақсы қосатындығын бұрын да байқап жүретінбіз. Шыршық қаласынан келген Елдар “өздеріңіздің бауырларыңызбын ғой”, дегендей пішінімен танылып еді. Түйсігіміз алдамапты. Қазақ екен. Жаттықтырушысымен сөйлестік. “Албан, оның ішінде Қоңыр бөрік”, дейді біз иланбайтындай. Өзбекстан боксы бізге талай талантты қазақ боксшыларын сыйлаған. Ол – жастар арасындағы әлем чемпионы Марат Қиясов, ол – ересектер арасындағы әлем чем­пионы Ердос Жаңабергенов, ол – Бейжің Олим­пиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев. С.Есжановтың турниріне арнайы келген Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мыр­за­ғали Айтжановтың Сарыбаев туралы сыр тартқанынан Елдардың да туған жерге ерте ме, кеш пе оралатындығын топшыладық. Жағымды әсер қалдырған боксшылардың бірі 66 келі салмақта жеңімпаз болған шым­кент­тік Есен Бекболат. Бұл жігіт қазірдің өзін­де әлем чемпионатының олжасына таласуға дайын секілді. Ал аса ауыр салмақта қарсы­ла­сып, екінші раундта екі рет нокдаунға жіберіп, ай­қын басымдықпен ұтқан, қолы ауыр Құр­мантай Нұров туралы даңқты боксшымыз Мұх­тархан Ділдәбеков жүзінде нұр ойнап әңгімелеген. “Боксқа келгеніне екі-үш ай ғана, көп жаттықтырушыларымыз баламызды тал­ды­рып тастайды», деп спаррингке қоймайды”, дейді. Мұхтарханның өзі үлкен боксқа 18 жа­сын­да көкпардан келгені бүгінде көпке мәлім. Қазақша құлаштап ұратын Құрмантай Мұх­тархан ағасындай әлем чемпионаты, Олимпия ойындарының финалында ойнап жатса, қазақтың бөрікті аспанға ататын кезі ғой. Төрт күнге созылған жарыс мәресіне жетті. Жақынбек Райымбек (44 кг), Елдар Сары­баев (46 кг), Әбілқасым Бекжан (48 кг), Наурызбек Абаев (50 кг), Жалолоддин Мойлинов (52 кг), Рауан Затулла (54 кг), Дулат Жұмабек (57 кг), Азамат Амангелді (60 кг), Нұрдәулет Оспанәлі (63 кг), Есен Бекболат (66 кг), Биболат Дінислам (70 кг), Бақрамбек Рамазан (75 кг), Әлішер Әбдірашитов (80 кг), ал ең ауыр салмақта Құрмантай Нұров алтын­нан алқа тақты. Жеңімпаздарды Оңтүстікте арнайы сапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары марапаттады. Сәт Тоқпақбаев ақ тілегін айтты. Сәуірбай Есжанов жеңімпаздар мен жүл­де­герлерге жүлде тапсырып, әлем чем­пио­ны Валерий Рачковқа арнайы сый-сияпат жасады. Жарыс барысында көптеген талантты жасөспірімдер байқалды. Даңқты спортшылар өткен жол осы. Тай-құнандар бәйгесінен кейін күні ертең талай Құлагерлердің қара үзіп шығатындығы сөзсіз ғой. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.