08 Қараша, 2011

Алғашқы алтын

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенбі күні Франция астанасы Парижде ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл бәсеке біздің ел үшін жағымды жаңалықпен басталды. Жарыстың басталуына екі тәулік қалғанда өткен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті конгресінде еліміз 2014 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел болып шешілді. Сол жиында АҚШ, Ресей, Түркия, Таиланд, Польша Қазақстан, тағы басқа елдер әлем чемпионатын қабылдап, оны аса жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндіктері жететіндіктерін мәлімдеген еді. Конгреске қатысып, көп­шілік алдында сөз сөйлеген республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов: «Қазақ­стан жағы қандай маңызды шараларды қолға алса да, оны дүркіретіп тұрып өткізе алады. Ол үшін елімізде қолайлы жағ­дайдың барлығы жасалған. Елімізде спортты дамытуда көп­те­ген ауқымды шаралар мен іргелі істер атқарылуда. Ең бастысы, бұл сала Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей назарында. Осыдан бірер жыл бұрын Елбасының Жа­р­лы­ғымен құрылған «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқаты қоры бұл күндері спортшылар қауы­мына барынша қолдау көр­сетуі жоғарыда айтылған сөзі­міздің айқын дәлелі. Міне, мем­лекет тарапынан көрсе­ті­ліп жатқан осындай қамқор­лық­тың арқасында отандас­та­рымыз халықаралық аренада орасан зор нәтиже көрсетіп жүр», – деді. Басқа үміткер елдердің өкілдері де мәлімдемелер жасап, өздерінің өзгелерден ар­тық­шылықтарын көрсетуге ты­рысты. Конгресс бары­сында айтылған барлық уәжге құлақ асқан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мүшелерінің таңдауы ақыры Қазақстанға түсті. Бұл шешімді барлық делегаттар қолдап, 2014 жылғы әлем чем­пио­натын біздің елдің аса жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімділік білдірді. – Біздің бүйрегіміз Қазақстанға бекер бұрып отырған жоқ. Біріншіден, аталған елдің соңғы төрт-бес жыл шеңберіндегі толағай табысы таңдандырмай қоймайды. Екіншіден, олар қандай да бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастыра біледі. Бұған дейін қазақстандықтар екі рет ересектер арасындағы Азия чемпионатын өткізген болатын. Бірін – 2005 жылы Алматы, екіншісін 2009 жылы Талдықорған қа­лалары қабылдады. Сары құрлық сайыпқырандарының басын қос­қан қос жарыстың дүркіреп тұрып өткеніне көпшілік куә. Үшіншіден, бұл елде қызмет бабымен өзім бірнеше рет іссапармен болып қайт­тым. Жасыратыны жоқ, Қазақ­стан­да мемлекет тарапынан спорт са­ласына өте жақсы көңіл бөлінеді. Ауыр атлетикаға деген халықтың ықыласы ерекше. Спорттық ны­сан­дары заман талабына сай. Сон­дықтан да біздер төрткүл дүние теңдессіздерінің басын қосатын дүбірлі доданы өткізуді Қазақ­стан­ға сеніп тапсырдық, – деп Халық­аралық ауыр атлетика федера­ция­сының президенті Томаш Аян өз сөзін қорытындылады. Париждегі жарыс осындай жа­ғымды жаңалықпен басталды. Сөй­тіп, 2014 жылғы лицензиялық әлем чемпионатының жалауы Астана қала­сында желбірейтін болды. Енді жарыстың өзіне келер болсақ, онда әлемнің әр түкпірінен 93 мемлекеттен келген 600-дей зілтеміршілер бақ сынауда. Алғашқы күні отандастарымыз бәсекеге түс­кен жоқ. Бұл сайыста Аспанасты елі­нің асығы алшысынан түсті. Әйел­дер арасында 48 кило сал­мақ­та Тянь Юань топ жарса, ерлер сайысында 56 кило салмақта Ву Цзинбяо дара шықты. Есесіне жексенбі күні күллі жанкүйерлер қа­зақ­стандық Зүлфия Чиншан­ло­ның теңдессіз өнеріне құлшына қол соқты. 53 кило салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған ол жұлқып көтеру жаттығуы бойынша басты бәсекелестері – түркиялық Айым Дасделен мен қытайлық Цзи Чжиннан төрт кило артық көтерді. Серпе көтеруде де қарқынын еш бәсеңдетпеген жерлесіміз алтын­нан алқа тағынды. Оған қоса жаттығудың осы түрі бойынша әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді. Чиншанлоның нә­ти­жесі – 227 (97 + 130) кило. Түр­кия аруы 219 (93+126) килолық көрсеткішпен күміске қол жеткізсе, Қытай қызы қола медальды иеленді. Оның нәти­жесі – 214 (93+121). Сөйтіп, Париждегі додада зілтеміршілеріміздің алғашқы қадамы сәтті болып, бас жүлдені олжаладық. Зүлфия Чин­шан­лоның жеңісті жолы алдағы күндері өзге де жерлестерімізге жұ­ғысты болуын тілейік. Дастан КЕНЖАЛИН.