08 Қараша, 2011

Қазақ тілін қажеттілік көгертеді

7252 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

дейді 7-ші телеарна қызметкері Максим Рожин

Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алып, өз еркіміз өзімізге тигелі елімізде оң өзгерістер аз емес. Тек санамызды түзеп, ойы­мыз­ды оятып, тәуелсіз мемлекеттің иесі екенімізді ұғын­сақ, түйсінсек болғаны. Тіліңді білме деген бір пенде жән­е жоқ. Біл дейді, сөйле дейді. Бірақ соны елеп ескермейміз. Президентіміз мемлекеттік тілдің абыройын асыру жөнін­де айтудай айтып, тура жолды нұсқап-ақ келеді. «Қазақ тіліне қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым...» дейді. Осындай жүрекжарды сөзді өзге емес, кейбір өз қандастарымыз бірінші кезекте ұғынбайтыны өкінішті-ақ. Есесіне өзге ұлт өкілдері Елбасы сөзіне ерекше ілтипат танытатындай. Әсіресе, теледидарды қосып қал­саң сұлу торыдай суырылып шығып, қазақ тілінде мүлтіксіз сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің жас­тарын тыңдап отырып, «Әй, бәрекелді!» тіліміздің тірегі көбейіп келе жатыр екен ғой деп сүй­сінесің. Сүйсініп қана қоймай, сондай ұшқыр жандарды әңгімеге тартсақ деген ниет көптен мазалап жүретін еді. Соның сәті түсіп, «Жетінші» телеарнаның «Нысана» бағдарламасын жүргізуші Максим Рожинмен тіл айқастырып, мемлекеттік тілдің қадір-қасиеті туралы сұрағанымызда, ол ағынан жарылып: – Өз Отанында, өз жеріңде жүріп мемлекеттік тілді білмеу деген менің санама сыя бермейді. Оның үстіне тіл мәселесін жиырма жылдан аса уақыттан бері әбден жауыр еттік. Қа­зақ тіліне қатысты айтылмай, жазылмай жүрген әңгіме қалмады. Қазіргі жағдайын алатын болсақ, мүлде құрып кетті деу қисынсыз. Жұмыстар жасалып жатыр. Біраз азаматтар қазақ тілін үйрену үстінде. Оған куәгер болып жүрміз. Өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшаларына, қазақ мектептеріне бере бастады. Кейде олар маған келіп, «Қазақ тілін қалай тез үйренуге болады», дейді. Өз тәжірибемді ұсынамын. Одан ешқашан тартынып көрген емеспін. Шынын айту керек, қа­зақ тілін білмей, Қазақ елінде толық адам болып өмір сүруге болады деген сөзге өз басым еш келіспеймін. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. – Сенің топшылауыңша, қазақ тілінің өркенін қалай өсіруге болады? –  Ең бірінші айтарым, қажеттілік болуы тиіс. Қажеттілік бар жерде, тілдің өркені өседі. Қазақ тіліне деген жағымды көзқарасты жақсы жарнаманы жолға қою керек. Одан соң тіл отбасында, мектепте, жоғары оқу орындарында мықты орныққаны жөн. Тіл мәселесіне кез келген мекеме басшысы бірінші кезекте мән беруі тиіс. Әсіресе, сауатты­лықты алға шығарып, бұл істе өздерін көрсетіп жүрген азаматтарды үлгі етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мен таяуда Астанадағы №1 автопарк директорымен әңгімелескенімде, ол қызметкер­лерін қазақ тілі курсына жіберетінін айтып, ең бірінші қоғамдық көліктегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейту керек деді. Бұл құптарлық нәрсе. – Сонда мемлекеттік тілдің өсуі басшыға да байланысты демексің ғой. – Әрине, қоғамдық көліктің ұйытқысы болып отырған басшылар автобустардағы ілінген жарнама арқылы да тіл мәртебесін көтеруіне болады. Курчатов қаласында болғанымда, қонақүйдің кіре берісінен бастап, әр заттың атын қазақша  жазып қойыпты. Сөйт­сек, қонақүй директоры осылай­ша да мемлекеттік тілді өзге жұрттарға үйретуді көздеген екен. Меніңше, өте дұрыс. Тек өзгелер де осылай істесе ғой дейсің. Әлемнің азулы елдерінде ағылшын, испан, француз тілін үйрету өз алдына, оны қорғау, сақ­тау үшін түрлі амалдарға барады екен. Мынау да соның бір көрінісіндей көрінді бізге. Ал тіліміз жойылып кете ме деп әлгіндей алпауыт елдер қам-қарекет жасап жатқанда, дендеп келген жаһандану кезінде біздің тіл туралы ойлануға құқымыз бар деп білемін. 16 миллионнан аса халық тұратын мемлекетімізде қазақ тілі қашанда бірінші орын­нан көрінуі керек. – Тіл үйренудің жолдары туралы не айта аласың? – Қазір қарап отырсаң, шетелдік компаниялар тіл үйренудің, үйретудің әдемі әдістерін ойлап тауып жатыр. Осыны қазақ тілін үйретуге, үй­ренуге қолдану керек. Мәселен, жарнама тарату­шылар ағылшын тілін үш айда білдіріп шығара­мыз дейді. Бұл сондай тиімді жаңа әдіс дегенді айтады. Осындай бағдарламаларды неге біз де жасамаймыз? – Әлгінде тілді балабақшадан білу керек дедің. Осыған келтірер дәлелің бар ма? – Бар. Мен балабақшаларда жиі болып тұрамын. Бүлдіршіндерге тіл үйрету онда біршама жақсы жолға қойылған. Кейбір балалар үйіне келіп, тілден мақұрым әке-шешелеріне аудармашы болады екен. Қазақ балабақшасына баратын орыс қызына шешесі «хлеб» десе, ол «хлеб» емес «нан» дейтін көрінеді. Біз осы жұмысты жандандыра берсек, қазақ тілінің өркенін өсіретін күні ертең сол бүлдіршіндер болады. Тіпті мектепке барған баласы үшін мемлекеттік тілді үйреніп жүрген ата-аналарды да білемін. Тіл үйрену жасқа қарамайды. Сыныққа сылтаудан құтылсақ, мемлекеттік тілді білуге болатынына бір мысал келтірейін. Бір дөң­гелек үстел үстінде 75 жастағы орыс қарты қазақ тілінде баяндама жасады. Иә, таза сөйлемеді. Қате­ліктері де болды. Бірақ қазақ тіліне деген ілтипатын танытты. «Жасым 70-тен асқанда қазақ тілі курсына барып жүріп, үйреніп алдым. Өйт­кені, менің немерем қазақ мектебінде оқиды. Соған көмектесуім керек қой» дейді ол. – Сонда бәрі ниетке байланысты болып тұр ғой. – Ниет түзелсе, бәрі болады. Бұл басты мәселе. Қазақ тілінің көсегесін көгертетін қажеттілік те осы ниетте жатыр. Өзіміз күн сайын куә болып жүрген бір түйсіксіз мәселе бар. Ол кейбір  мемлекеттік қызметкерлердің қазақшаға деген ниетінің кемістігі. Мемлекеттік тілде сұрақ қойсаң, орысша айтайыншы деп күмілжіп тұрады. – Елбасы «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды», деп еді... – «Аюға намаз үйреткен – таяқ» демейтін бе еді қазақ. Әрине, жоғарыда отырған ағалары­мызды сыйлаймыз. Олардың жұмыстарына, істеген істеріне, сыйластықпен қараймыз. Бірақ олар­дың қазақ тіліне келгенде неге осынша кейін кететіні түсініксіз. Олар Тәуелсіз Қазақстанның ше­неу­ніктері болған соң қазақ тілінде жауап берсе ғой деп армандайсың. Тілші ретінде ондайларды қа­зақ­ша сөйлетіп, үлгі еткің келеді. Керісінше, олар орыс тілінде жауап беріп жатқан соң, толық ақпа­рат алуға құлқың болмайды. Осындайда екеуара әңгіме де дұрыс өрбімейтіні бар. Қазақ шенеу­ніктерінің теледидардан орысша сөйлеп жатқанын көрсе өзгелер: «Әне, өздері сөйлемей тұрып, бізден талап етеді» демесіне кім кепіл? Біздің әрқайсымыз мен тіл үшін не істей алдым, кешегіден бүгін қалаймын, мемлекеттік тілді тік тұрып қолдау маған парыз деуіміз керек. Бұл арада өте көрегендіктің, ғаламат іс тындырудың қажеті жоқ. Өзің сөйле, намысыңды оят. «Мен осы елдің азаматымын. Ендеше, мен неге тілімді білмеуім керек» десең, жетіп жатыр. Елді сыйла, жерді сый­ла. Татқан дәм, ішкен суыңды құрметте. – Максим, сен Алаш арыстарының аруағы­нан қорқайық деп едің бір алқалы жиында. – Бұл сөзді айтқаныма бір жылдай уақыт өтті. Бұлайша ашынып сөйлеу себебім, қазақ тілі Алаш арыстарының арманы еді ғой. Қазақ елі мемлекет болса екен, қазақ өз тұғырына қонса екен, байрағы аспанда желбіреп, тілі сайрап тұрса екен, демеді ме. Сөздің шынын айтсам, ел бостандығын өзек етіп алған сол алаштықтар басын бәйгеге тігіп, құрбан­­дыққа да шалынған. Олардың қазақ қазақ болса екен, қазақ тілінде сөйлесе екен деген армандарын алға тартқанына да бір ғасырдай уақыт өтіпті. Ұлт ұлыларының армандаған сол тәуелсіздік қазір біздің басымызға бақ болып қонды. Елбасымыз, желбіреген байрағымыз, рухымызды көтерген әнұранымыз, елдігімізді таныт­қан елтаңбамыз бар. Сонымен төрткүл дүниеге таныл­дық. Сөйте тұрып, кейде Алаш жетпеген арманға қол артқан азаматтардың қазақ тілінде сөйлей алмай­тынына қалай өкінбейсің. Олар осы ісімен еліме толыққанды қызмет етіп жүрмін дей ала ма? – Тәуелсіздікті ел ғана емес, қазақ тілі де алды емес пе? – Алғанда қандай. Алаштың аңсағаны осы еді ғой. Енді осыны мүлтіксіз орындау бізге сын болып тұр. Иә, ата-баба аманатын орындамаған адам өзінің болашағы үшін қандай іс тындыра алады? Осы мәселе әңгіме арқауына айналып, біріміз өрге, біріміз төмен тартып жатқан жиында Алаш аруағынан қорқайық та дедім. Бұл қызыл сөз емес, шын сөзім болатын. Қазірде қайталауға әзірмін. – Аруақтан қорықпағаннан қайыр жоқ дейсің ғой. – Қайдан білейін, солай шығар. Тірілерді ұялтайын деп аруақты аузыма алғаным рас. Мұның бағасын мен емес, ел беретін шығар. – Қазақ тілі туралы арнайы заң керек дегенге қалай қарайсың? – Бұл туралы айтқанда, бізде әлем тәжірибесіне сүйену деген сән бар. Ендеше, осы сәнге лайық бо­луымыз керек қой. Әлем тәжірибесінде қалай? Мы­салы, Францияны алайық, француз тілі әлемдегі беделді алты тілдің бірі. БҰҰ-ның ресми тілі саналады. Ол елде француз тілін шетелде қорғау туралы заң бар. Француз тілін дамыту туралы құжат жұмыс істейді. Француз тілінің деңгейін төмен­детпеу үшін не істеу керек деген жоба-жоспарлары бар. Осының бәріне қаражат бөлінеді. Біздің елімізде де тілге бөлінген қаржы миллиардтап санала­тыны белгілі. Француздар өз тілін қорғауда, қолдау­да алдарына жан салмайды. Ал біздің «Тілдер туралы» заңның ішінде бір даулы бап бар. Осыны әркім өз пайдасына тартады. Әркім өзінше түсінеді. Біреулер алаңға шығып, пікірін айтады. Қалам­герлер түйіліп, шүйіліп жазады. Тағы біреулер өзім тіл білем, басқада жұмысым қанша деп жайымен жүреді. Ең бастысы, тіл білу ісінде сылтау көп. Сылтаумен жүріп 20 жылдан аса уақытты өткіздік. Елін, жерін сыйлаған адам өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін сыйлауы тиіс. Алдымен мемлекет иесі саналатын адам үлгі көрсетсе, өзгелер соның жолымен жүреді. – Біреудің үйіне біреу үстемдік ете алмайтыны секілді, алдымен өзіңді өзін сыйла. Сонда өзге са­ған билік құра алмайды. Өзің әр мекеменің бо­сағасында тұрған жасанды тал секілді солқыл­дап тұрып, өзгеге мін тағу артық. Осыны менің кейбір бауырларым, әсіресе, іс басында жүрген­дер мен қалтасы қалың дегендер ұғына алмай, тіліміздің қадірін, бағасын түсіріп жүргені өкінішті-ақ. – Сіздің сұрағыңыздың астары тереңдеп кетті. Мұны жоюдың бір-екі жолы бар. Ол біріншіден, қазақ тілінің қазығын мықтайтын заң, екіншісі, сол заң талабына сай қажеттілік. Заң қазақ тілін мықтап қорғауы тиіс. Қисынсыз әрекеттерге тыйым салуы керек. Мәселен, шетелдерден ағылып келіп жатқан тауарлардағы қателерден көз сүрінеді. Иә, кейбіреулері түзегісі келген. Бірақ толық емес. Әлгі тауарлардың иесі шетелдік азамат мен қазақ тілінде қате жазсам, ол елден алар жазам аз болмайды дегенді түсініп, түйсінсе мемлекеттік тілдің өресі биіктейді. Ал олар қатемізге көз жұмып қарайды. Е, дей салады деп жүрсе, тілдің түйткілі көбейе береді. Ол, ол ма, шетелде қазақ тілін үйреніп келіп, біздің елімізге қадам басқанда, сол үйренген тілін қолдана алмаса, ысырып тастаса, тіл қалай өседі? Менің бір жолдасым Кореяға барып қайтты. Сеул университетінің С.Хун деген профессоры Қазақ­стан­ға келіп, корей тілін үйретіп жүріп мемлекеттік тілді жетік меңгеріп алған екен. Одан кейін өз еліне барып, сондағы университеттің Орталық Азия елдері кафедрасында қазақ тілінен сабақ береді. Ол елмен барыс-келісіміз жақсы. Соны алдын ала ұққан профессор мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың көпірі болсын деп қазақ тілін студенттерге үйретіп Қазақ еліне аттандырады. Олар мұнда келсе, үйренген тілдері іске аспай, қазақтарға қазақша сөйлесе, олар орысша жауап береді. Өзде­ріне қажет болмаған тілді біз қайтеміз деп, олар орысшаға ден қойыпты. Біз қазақ тілі дегенде мынаны түсінуіміз қажет секілді. Кейде ойлаймыз, қазақ тілінің мәселесі тек ішкі мәселе деп. Жоқ, жоғарыдағыдай «әй, кәпір» тірлік қазақ тіліне ден қойған барлық жастардың бетін қайтарады. Қазақ тілін үйрететін курстарға да кері әсер етеді. Алыста жүрген бауырларға қазақ тілінде хабар беретін ақпарат құралдарында жетістірмейді. Кей елдерде қазақ тілінде хабар тарататын ақпарат көздері жабылып жатқан көрінеді. Себебі, мониторинг нәти­жесі «Қазақ елінде қазақ тіліне жете мән беріліп жатқан жоқ. Осыған орай, аудитория азайды» дейді екен. Бұл қазақ тілінің сөзін сөйлеп, жыртысын жыртып, нәпақа тауып жүрген бауырларды да тығырыққа тірейтіні сөзсіз. Осындайларға көзжұм­бай­лықпен қарамасақ деймін. АҚШ-та тіл күні бар. Ағылшын тілін жұрт үнсіз үйреніп жатыр. Ал қазақ тілін үйренуге келгенде мойнымызға жеті батпан тұз артқандай боламыз. Бұл да сылтау. Егер мемлекеттік тіл күндердің күнінде қажеттілікке айналса, оны үйрену әлгіндей ауырлық әкелмейтіні айдай анық. КСРО заманында орыс тілін білмесең, күн көре алмайсың деді. Жұрт соны мүлтіксіз орындады. Тәуелсіздіктен кейін өмірге келгендерді қоя тұралық, сол дәуірді көрген, шет жағасын сезген адамдар неге соны бір сәт ескермейтініне қайранмын. Жиырма жылдан бері еркетотай тірлік кешіп келе жатырмыз-ау! – Әңгіме осында болып тұрған тәрізді. Басқа басқа Елбасының жоғарыда ашынып тұрып ашығынан айтқан сөзін елемеу, естен шығару, ойланбау кімнің де болса, санасына сыймайтын нәрсе ғой. –  Нұрсұлтан Назарбаев тіл азаматтарымызды біріктіретін фактор деді. Бұл рас. Қазақ тілінде сөй­лейтін кез келген адам осы елдің қасиетті шаңы­рағына қадалған бір уығымын деп түсініп, қандай істе те өз сүйіспеншілігімен көрінуі керек қой. Осы елді өз елім деп қарауы керек. Бұл үлкенді қойып, балаға да түсінікті мәселе. Өзім өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін білсем, сыйластықта боламын, еңбекте жетістікке жетемін деуі керек. – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді Абай. Қазақ қашанда осыған ден қойған халық. Оны бұрында, тәуелсіздік жылдары да дәйектеп келеді. – Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ бауырларға ешкімнің де өкпесі болмауы тиіс. Қазақ халқының үлгі-өне­гесіне бүкіл әлем қарап отыр. Ал осындай халықтың тілін білмеймін, ойымды орысша жеткізейін дегендерге не айтуға болады? Өз елі жоқ, нағыз көшпенді жұрт сығандар да бір-бірімен өз тілінде сөйлеседі. Тіл шекараға, картаға емес, адамның түсінігіне байланысты, ой-санасына тәуелді. – Қазақ тілін қалай жетік меңгергені жөнінде айтып берсең артық болмас еді. – Айтайын. Жолыққандардың көбі қазақ тілін қалай үйреніп алғансың деп жатады. Мен бір ғана нәрсені айтайын. Қазақ тілі менің бойыма, ойыма, санама көшеде сіңді. Өйткені, 1989 жылы Арыс қала­сына көшіп келдік. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары. Жалғыз үй орыс біз ғана. Оның үстіне менің анам да қазақтардың арасында өскен. Қазақ тілін жетік білетін. Маған ешкім сен қазақ тілін үйрен деп айтқан емес. Үйрендім. Тілеуіме қарай Қазақ елі Тәуелсіздігін алып, қазір қажетіме жарап келеді. Өз халқым, өз елім деген адам тілді тез үйренеді. Тіл білу тәрбиеге байланысты дер едім. Ата-анасының тілге деген ұғымы қалай болса, бала сол қалыпта кетеді. Мен қазақ тілін жай сөйлегем жоқ, біліп сөйледім, түсініп сөйледім. Ата-анам ана тілін ұмытып кетеді деді ме, орыс мектебіне берді. Орыс мектебі деген аты болмаса, негізінде онда қазақтың ұл-қыздары оқитын еді. Біз бір сыныпта үш-ақ бала, өзге ұлт өкілдері едік. Қазақ тілі сабағы ол кезде жақсы жүретін. Орыс мектебіндегі қазақ тілін өте жақсы оқыдым. Біздің кезімізде орыс мектебіндегі қазақ тілінің сабағын көбейту керек деген әңгіме айтыл­ғанда ата-аналар өре түрегелді. Қазір ол сөздің қате екеніне көздері жетіп, пайдасын көріп жүргендерді білемін. Жалпы, орыс мектебіндегі қазақ тілінің сапасын арттырып, оқытатын мұғалім­дердің жауапкершілігін жетілдіріп, сағатын көбейте беру керек. – Осы күні барлық орыс сыныптарында қазақ тілі жүреді. Бірақ оқушылардың тілді меңгеруі көңіл көншітпейді. Сөйте тұра «Алтын белгі», үздік аттестат алатындар қатары аз емес. Бұған не алып қосасың? – Мен жоғарыда жауапкершілік туралы бекер айтып отырғаным жоқ. Мұндай келеңсіздіктердің бары шындық. Егер біз оған тыйым қоймасақ, тіл зиян шеге береді. Себебі, мектептен басталған әлгіндей ұсқынсыз іс жастардың санасына кері әсер етіп, келешекте тілді меңгеруіне кедергі келтіреді. Мемлекеттік тілді білмесек те болады дегенді қызмет кезінде де жалғастыру былай тұрсын, ізін басып келе жатқандарға «үлгі» етуі мүмкін. – Жұбайыңның қазақ қызы екенін білетін едік. Өзге ұлттардың бірлесіп шаңырақ көтеруі жайлы әралуан әңгімелер айтылып жатады. Бұл туралы не айта аласың? – Әр халықтың өзін толғандыратын мәселесі болады. Оның бастысы – демография. «Біз азбыз, ұлтымызды көбейтуіміз керек» дейді. Мен мұны құптаймын. Халық жеріне қарай көп болғаны дұрыс. Бұл қазаққа тікелей қатысты. Қарсы адамдардың пікірін де түсінем. Өйткені, олар өз халқын сақтасақ дейді. Оған қарсы болудың қажеті жоқ. Ұлты үшін ой айтқан адам жаман ба? Жоқ. Оның сөзінің астарына үңілу керек, жанын түсініп, тығырықтан шығар жолды іздеу кезінде көмектесу қажет. Иә, менің осыған дейінгі өмірім қазақ халқымен байланысты. Қазақ балаларымен бірге өстім. Маған көп жұрт орысша акцентпен сөйлейсің дейді. Теледидардан орысша мәтіндерді оқытпайды. Мен қазақтың тілін, салтын, ішкі дүниесін жақсы түсінетін сияқтымын. Отбасылық жағдайым да солай болды. Қазақ қызын жар етіп алдым. Мен Ресейге, не басқа елге кетем деген ойдан аулақпын. Осы елмен болашағымды жалғастырып отырмын. Мен ғана емес, ұрпағым да солай болатынына сенімдімін. Біз шетелге шықсақ, қазақтар келді дейді. Өйткені, қазақ елінің азаматымыз ғой. Бұған шамданудың қажеті жоқ. Қайта өзің тұрып жатқан елдің аты аталғанда қуануың керек. Отбасылық, демографиялық мәселеге байла­ныс­ты тағы бір айтарым, өз еліңде өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қыздардан гөрі, шетелдікке шыққан бойжеткендердің жағдайы ауыр ма деймін. Өйткені, олардың ой санасында өмір бойы елі мен жеріне, туған-туысына деген сағынышы жүрек түкпірінде жүреді. Ол махаббаттың, бақыт­тың, отбасы қуаны­шының әсерінен жас кезінде білінбес. Жасы келгенде өкінтері сөзсіз. Қазақстан­дағы аралас отбасы­лардың ұрпағы қалай десек те қазақ жұртының бір тамыры болып қала берері ақиқат. – Журналистикаға қалай келдің? – Бірден айтайын, қазақ тілінің арқасында. Болмаса негізгі мамандығым еңбек пәнінің мұғалімі. Магистратураны педагогика және психология бойынша аяқтадым. 2006 жылы бір саяси шара өтіп, сонда қазақ тілінде сөйлегенмін. Жиналыс соңында журналистер қауымы сұхбат алды. Содан кейін телеарнаға шақырды. Қазір осы салада істеп жүрмін. Журналистің көзі қырағы болуы керек екен. Жалпы, журналист – халықтың көзі, билік пен екі арадағы көпір іспеттес адам ғой. Журналистерге әртүрлі мекемелер өздерінше баға беріп жатады. Кейде тілшілерге бір пәле қуып, есік пен тесіктен сығалайтын адам сияқты қарайтындар бар. Жоқ, олай емес. Біз кемшілікке төзе бермейміз. Соны айтсақ, шенеуніктер ұнатпайды. Оларға халықтан гөрі, жылы орын қымбат. Жақсы іске жанашырмыз. Соны көрсетуге қашанда әзір тұрамыз. Бар мақсатымыз – ел саясатын, Елбасы­ның бағыт-бағдарын жұртқа жеткізу, адал қызмет ету, ел дамуына өз үлесімізді қосу. Осы арқылы өз беделімізді сақтау, атымызға кір келтірмеу. Біз басшының беделін емес, халықтың қамын алға оздырамыз. – Тілшілерді жолатпайтын, сырт айналатын, сынға жауап беру былай тұрсын, мән бермейтін мекемелер де бар емес пе? – Жетіп артылады. Жолату, жолатпау былай тұрсын, ақпарат бермеуге тырысады. Заң ондай­лар­дың тарапынан орындала бермейді. Жақында Атырауда болдым. Шетелдіктер қалашығы бар екен. Ел, жер біздікі бола тұра, ішінде не барын қайдам, кіргізуді қойып, маңына да жуытпады. Мұндай мысалдар аз емес, көп. – Тілді білудегі үйренудегі теледидардың рөлі туралы не айта аласың? – Қалай десек те, телеарна тәрбие құралы. Ойыма бір азаматтың айтқаны оралып отыр. Адам үйге сырттан келе сала бірінші кезекте жарықты жағады екен. Екінші тірлігі әлемде, елде не болып жатыр екен деп теледидарды қосады. Міне, осы­ның өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. – Сонда сиқырлы сандығымыз қорек етер астың да алдына шығып кетіп тұрар-ау, ә? – Иә, теледидар адам санасына әсер етеді. Жіпсіз байлап алады. Денсаулыққа зиян десе де елемейді. Сана арқылы адам амал жасайды, тірлік істейді, ой түйеді. Санаға әсер дұрыс қонбаса, қонымды ой қайдан шықсын. Сондықтан теледи­дар­дың адам өміріндегі рөлі ерекше. – Тіпті жас ұрпақтың бағыттаушы ала таяғы десек те болатын сияқты. – Әдемі айтып отырсыз. Теледидардың қызы­ғы­мен қатар, болашақ ұрпақ тағдырына қалай әсер етеді деген ой біздің санамыздан бір сәт те шықпауы керек. Сондықтан теледидардан жақсы бағдарлама, тек мағыналы жарнама беруді ойлас­тырғанымыз ләзім. – Сөз мағынасын білмей сөйлейтін әріптес­теріміз бар. Жақында теледидардан көкпар тартып жатқандарды көрсетті. Ол туралы желдіртіп айтып жатқан журналист мына аттың тәрбиесі күшті деді. Сонда тәрбие сөзін жылқы баптауға да қолдана береміз бе? – Сөзді таза пайдаланып, жүйелі айту үлкен мәселе болып тұр. Қазақ тілінің тазалығын сақтау бәрімізге міндет. Әлем мойындалған тілдің өзі жойылып кете ме деген қауіптен сескеніп отыр­ғандар бар екенін жоғарыда айттық. Олар солай күресіп жүргенде, біз қазақ тілінің тамырын тереңдету жайын қалай айтсақ та еш артықтық етпейді. Мен қазақ тілінің байлығына қайран қала­мын. Анау ұлы адамдардың кітабын оқып отыр­саң, небір керемет сөздер бар. – Соны теледидарда, басылымдарда қолдана алдық па? – Иә деп ауыз толтырып айта алмасақ керек. Шіркін, асығыстықтан арылып, салиқалы хабар­­ларды жасағанда әрқайсымыз қазақ сөзінің жау­хар­ларын теледидарға шығарсақ, мемлекеттік тілдің ажары ашылуы былай тұрсын, тыңдаған жұрттың құлақ құрышы қанар еді. Тілді бүлдіріп жатқан, зиянын тигізіп отырған интернет деу орынды секілді. Жазғандарды оқып отырып, қазақ сөзінің қадірін кетіре беретініне күйінбей тұра алмайсың. – Біз Англияда болғанымызда, бір қарт адаммен әңгіме үстінде, сіздер қандай бақыт­тысыз­дар, төрткүл дүние ағылшын тілінде сөйлейді дегенімізде, ол қатты күйініп, тіліміз бүлінді, баяғы тазалығы жоқ, әркім өзіне икемдеп алды деген еді. – Егер біз қазақ тілінің тазалығын сақта­масақ бір замандары ағылшын тілінің жоқтау­шысы секілді болатынымыз еш шүбәсіз. Сондықтан қазақ тілінің құнарын жоғал­тып алмауға үлкен-кішіміз, әсіресе, қазыналы қарттардың үлгісін алып қалуды дәстүрге айналдырсақ, қане. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сүлеймен МӘМЕТ.