08 Қараша, 2011

Халал индустриясы талапқа сай дамысын

547 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Еліміздегі «Халал» өндірісінің басы-қасында жүрген бір топ өндірушілер мен оны тұтынушылар, бірқатар қоғамдық ұйым­дар Қазақстандағы осы салада бүгінгі таңда қалыптасып отырған мән-жайдан сізді хабардар еткіміз келеді. Өзіңізге белгілі, соңғы жылдары бұ­қаралық ақпарат құралдарында хабар­ланып жатқандай, халал өнімге деген сұраныстың еселеп артқаны байқалады. «Халал» стандарты бойынша техникалық комитет төрағасы М.Сәрсенбаевтың ай­туына қарағанда, республика бойынша осы салада 500-ден астам үлкенді-кішілі кәсіпорын жұмыс істеуде және олардың саны өсу үстінде. Бүгінгі өмір көрсетіп отырғанындай, әлемде, соның ішінде елімізде де адам денсаулығына пайдалы әрі қауіпсіз халал тағамға тиісінше мән беріле бастады. Көпшілік тамақ өнімдерін сатып алып жатқанда, оның құрамында консервант­тардың бар немесе жоқтығына, гендік модификацияланғандығына және т.б. жағ­дайларға ерекше басымдық беретін жағ­дайға жетті. Бұл дұрыс та. Өйткені, адал тағам – денсаулық кепілі. Осы тұр­ғыда халал өнімдер табиғи таза, заманауи экологиялық талаптарға жауап беретін бірден-бір өтімді әрі жоғары сұранысқа да ие. Бүгінде бүкіл әлем бойынша халал индустриясы ерекше қарқынмен дамуда. Азық-түлік және жеңіл өнеркәсіпке, парфюмерия мен фармакология және т.б. салалар да халал өндірісіне айрықша ден қоюда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев салған сара жолды басты бағыт етіп алған Қазақ­стан да бәсекеге қабілетті дамыған елдер­дің қатарына қосылу үшін жаңа бастамалар мен озық технологияларды іске асы­рып, ел азаматтарының мейлінше жақ­сы өмір сүруін қамтамасыз етуі керек. Әлемде тамақ өндірісінің дамығаны соншалық, бұл салада өз орнын тауып, жаңа бастаманы іске асыру қиынның қиыны. Алайда, елімізде халал өндірісі енді ғана аяғынан тұрып, қалыптасу кезеңін бастап өткізіп жатқандықтан оның жолына кесе-көлденең тұру­шылар да, түрлі жасанды кедергілер де жетерлік. Халалдың атын жа­мылған кейбір өндірушілер тұтынушы­ларды алдап, оларға адалдығы күмәнді тағамдарды саудалауда. Олар шығу тегі белгісіз әрі күмәнді өнімдері мен тауар­ларын рынокқа көптеп шығарып, ел тұр­ғындарының тәні мен жанына өз зиянын тигізуде. Дана халқымыз: «Ауру – астан» дейді. Сондықтан адам денсаулығының күшті әрі саламатты өмір салтын ұстануы үшін ішер асы мен жейтін тағамының шариғат талабына сай болуының мән-маңызы ерекше. Шариғат талаптарына сай дайындалып, нормативтік-техникалық құжаттар арқылы негізделген тауар түрі халал өнімнің қата­рына жатады. Ал Алматының «Көк база­рының» сауда сөрелерінде «Мұсыл­ман­ша», «Халал» атты сауда белгілерімен қаншама тамақ өнімі мен тауар саудаға салынуда. Өкінішке орай, олардың басым бөлігінде өнімінің халал екенін растайтын сертификаттар атымен жоқ. Ал, сертификат беретін (жоғарыда аталған) жауапты мекеменің өзіне де халықтың сенімі күн өткен сайын кеміп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Өйткені, бұл мекеме өз қызметін шариғат талаптарына сай жүргізе алмауда. Осы­лайша нақты бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан елімізде халал индус­триясының дамуы тежеліп, ол ел эконо­микасына тиісінше өз зардабын тигізуде. Осының салдарынан халал нарқы өз тұтынушыларынан айырылса, кәсіпорын­дар пайдадан, ал мемлекет тиісінше кіріс салығынан қағылуда. Үкіметтік деңгейде халал өндірісін реттейтін мемлекеттік стандарттың жоқ­тығы да аталмыш саланы аянышты жағ­дайға жеткізді. Қандай да бір өнім өн­діруші тұтынушыларды өзіне тарту үшін халал сау­да белгісін пайдалануды әдетке айнал­дырды десек еш қателеспейміз. Бір сөзбен айтқанда, халал көрінгеннің ермегіне, көлденең көк аттының табыс көзіне айналуда. Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Мемлекеттің ең басты байлығы – азаматтың құқықтары мен бостан­дықтары» деп нақты атап көрсетілген. Ал, біз келтіріп отырған бұлтартпас деректер еліміздің басты байлығы саналатын ел азаматтарын рухани және тән ауруларына шалдықтыратыны айтпаса да түсінікті. Шынтуайтында, жеке азаматтың денсау­лығын сақтауына байланысты құқы өрес­кел бұзылуда. Бұлай дейтін себебіміз, адам өзінің немен тамақтанып жатқанын өзі білмейтін жағдайға жетті. Өйткені, өнімнің құрамы жөніндегі қапталындағы таныс­тырмада көрсетілген мәліметтердің шын мәнінде растығына тұтынушы күмәнді. Осы келеңсіз түйткілді мәселелерді шешу мақсатында 2005 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төр­ағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақстан қажылар қауым­дастығы» республикалық діни бірлестігіне «Халал» стандартына негізделген қоғам­дық комитет құру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Сонымен қатар, халал стан­дартының тізімін тиісті министрліктермен және өзге де салалармен бірге дайындау жағын да ескерткен еді. Осы ұсыныс себепкер болып Индустрия және сауда министрлігінің №385 бұйрығымен «Қазақ­стан қажылары» РДБ-нің базасы негізінде халал стандартын реттейтін №57 техни­калық комитет құрылды. Осы техникалық комитеттің негізгі қызметі елімізде «Халал» индустриясының аяғынан нық тұрып кетуіне жан-жақты қолдау көрсету еді. Бұл арқылы қоғамның халал өнім тұтыну арқылы дені сау болуына әрі экономиканың да одан қар­қынды дамуына атсалысу мақсаты көзделді. Іле-шала №57 техникалық комитет тарапынан халал өндірісімен шұғылда­натын кәсіпорындардың жалпы тізімі жасалып, алғашқы кезде сертификат алған­дары мүмкіндігінше қадағалауға алынды. Ал, келе-келе бақылау мен қадағалау тоқтады. Содан бері бұл салаға «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ. Аталмыш комитет тек сертификат бергеніне, онысы үшін кәсіпорын табысынан белгілі пайыз ал­ғанына мәз. Кәсіпорын болса, өнімін өз қалауынша «халал» деген атпен шығарып жатқанына көңілі тоқ. Ал, мұның обалы кімге? Осылай жалғаса берсе не болмақ? Онда, «халал индустриясы» деген тек аты ғана қалмай ма?! Мұнан артық көз бояу бола ма?! Ел­басы халал индустриясын жолға қойып, дамыту мәселесін көтерді. Ал, биылғы көктемде бізде шығарылып жатқан халал шұжық сапасына қатысты Парламент Мәжілісінде үлкен сөз болды. «Халал» деген атпен шығарылып жатқан басқа да өнімдердің шариғат талабына сай еместігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қағуда. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сон­дықтан да өз мүмкіндігімізді жіберіп алмау үшін мынадай шараларды тез арада іске асыруды жөн санаймыз. Республика Үкіметі жанынан «Халал» комитеті немесе департамент ашу ой­ластырылса. Мұнда мұсылман және басқа да мемлекеттердің уақыт сынынан өткен тиімді тәжірибелері ескеріліп, еліміздің өзіндік ерекшеліктері де есепке алынуы қажет. Халал индустрия да­муының орасан зор мүмкіндігін назарға ала отырып, бір­ыңғай техникалық саясатты жүргізу үшін оның нормативтік-техникалық база­сын қалыптастыруға тиіспіз. «Халал» өнімдеріне берілетін серти­фикаттардың шынайылығына көз жеткізу үшін арнайы зертханалар ашу және оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Зертханалар тек физикалық-хи­миялық зерттеулермен шектеліп қалмай, микробиологиялық және гендік-моди­фикациялық көрсеткіштер бойынша да сараптама жасауы тиіс. Осы айтылған ұсыныстарымыз халал индустриясының мәселелерін жүйелі түрде оң шешілуіне ықпал етіп, оның дамуына тың серпін берері хақ. Мұндай шаралар халқымыздың денінің сау бо­луына, жастарымызды рухани-адамгершілік, патриоттық негізде тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосады деп сенеміз. Бұл мәселелердің сіздің тарапы­ңыздан оң шешім табарына біз үлкен үміт артамыз және бұған тиісінше атсалысуға қашанда дайынбыз. А.БАЙДУЛОВ, «Манар» қоғамдық қорының директоры. А. ӘБУБӘКІРОВА, «Ясин» ислам қайырымдылық қорының директоры. М.ДАНИЯЛОВ, «Фирдаус» мүгедектерді оңалту және ағартушылық дербес бағдарламалар орталығы қоғамдық қорының директоры. А. НҰРМАШЕВ, жеке кәсіпкер. Б. ҚҰСМАНОВА, «Finance & Law EC» ЖШС-нің бас директоры. Н.ДӘУЛЕТОВ,«Береке-ет» халал өндірістік бірлестігінің бас директоры. Д.БӘТИШЕВА, жеке кәсіпкер және бір топ кәсіпкерлер мен тұтынушылар қол қойған.