Ұлттық спорт • 30 Қараша, 2017

Тасқалада тазылар байқауы өтті

955 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында қазақы тазылардың далалық сынағы өтті. «Ит төресі – тазы» деп аталған шараны ұйымдастырушы – аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі Рауан Сатыбалды екен. 

Тасқалада тазылар байқауы өтті

Рауанның өзі көп жылдан бері тазы асырайды. Жойылып кете жаздаған қазақы тазыны көбейту, баптау мәселесіне қоғам назарын аударып, ұлттық спортты дамыту жәйін үнемі көтеріп жүрген азаматтың бірі. Ол биыл қыркүйек айында Тасқалада өткен «Аудан күні» шарасына да облыстың әр түкпірінде жүрген итбегілердің басын қосып, тазылар байқауын ұйымдастырған болатын. Бұл жолғы дала сынағына Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарынан және Ақтөбе қаласынан бірнеше азамат жеті қазынаның бірінен саналған ең адал достарын алып келіпті. Ақтөбелік Ғабит Серікұлы («Қыран» тазы) мен Аслан Жамбылұлы («Бейім» тазы), Орал қаласынан Қобыланды Айтқұлұлы («Жебе» тазы) мен Талғат Файзоллаұлы («Бүркіт» тазы) және Арсен Еркінұлы («Қыран» тазы), Зеленов ауданынан Асxат Хабиболлаұлы («Қаракөз» тазы), Қазталов ауданынан Нұрбек Тұрарбекұлы («Найза» тазы), тасқалалық Абзал Асқарұлы («Бугатти» тазы), Әміржан Серікұлы («Верный» тазы), Ринат Фаритұлы («Таймас» тазы), Рауан Таңатжанұлы («Құндыз» тазы) сынды итбегілер соның алдында ғана қырбық қар жауып, нағыз қансонар болып жатқан далаға шығып, тазыларын сынап көрді.

 

- Күн тұманданып, бұлыңғыр болды. Қарғысынан босанған тазылар әп-сәтте ен даланы иемденіп, төңіректі шарлап кетті. Әсіресе Ақтөбе қаласынан келген «Бейім» атты тазы талайды таңдай қақтырды. Көз алдына көрінген қоянды екі жүз метрден әрі асырмай, шалып, қоян қуып кетіп түлкі ұстап әкелген «өнеріне» итбегілер қайран қалды. Қалған тазылар да қашқан қоянды қақпалап, қайырып, жүйріктігін, алғырлығын көрсетті, - дейді дала сынағын көзімен көрген Меңдібек Нұрболатұлы.

Үш сағатқа созылған далалық сынаққа Тасқала ауданының кәсіпкерлері демеушілік көрсеткен. Ауыл азаматтары қонақжайлық танытып, Ақтөбеден арнайы келген қос азаматтың әрқайсысына қазақы тазының бір айлық күшігін сыйға тартты. Ғабит Серікұлы да мәрт екен, «Қыран» атты тазысын оралдық Талғат Файзоллаұлына байлап кетті.

- Мұндай алыс-беріс қазақы тазылардың таза қандылығын сақтауға, қан жаңартуға әсер етеді, - дейді Рауан Сатыбалды.

Рауан әлемдік кинология саласында әлі күнге дейін қазақы тазының бекітілген тұқымы, ғылыми стандарты жоқтығына налиды. «Бұған кінәлі – ең алдымен өзіміздің ортақ пікірге, ымыраға келе алмауымыздан» дейді итбегі.

Рауан Таңатжанұлы болашақта Қазақстанның батыс өңірін түгел қамтитын тазылар байқауын ұйымдастырғысы келеді. Әрине, оған қолдау, демеуші керек. «Бүгінгі өткен шараның өзі Бауыржан Кимұлы, Әлібек Нәубетұлы, Ерлан Хамитұлы, Нұрбек Асылбекұлы сынды азаматтар болмаса, өз деңгейінде болмас еді. Оларға алғысым шексіз» дейді итбегі азамат.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Меңдібек НҰРБОЛАТҰЛЫ