09 Қараша, 2011

Этномәдени орталықтар да қатыстырылады

665 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Әлеуметтік жауапкершілік форумы болып өтті. Форум арнайы ұйым­дас­тырылған үш секциялы көр­ме­нің тұсаукесерімен ашыл­ды. Онда этномәдени бірлес­тіктердің бизнес, ауыл ша­руа­шылығы, индустриялық-ин­но­вациялық даму сала­ла­рын­дағы бастамалары жан-жақты көрсетілген. Сондай-ақ, әлеу­меттік жаңғыртуларға бағыт­тал­ған бірқатар жобалар да бар. Әсіресе, келушілерді елі­міздің әр аймағынан келген қолөнер шеберлерінің туын­ды­лары тәнті етті. Сонымен қатар, көрмеде Астана қала­сы­ның «ЕХРО-2017» халы­қ­ара­лық мамандандырылған көр­ме­сін өткізу құқығын жеңіп алуға өтінімін насихаттау бой­ынша ақпараттық тақталар да қойылған. Аталған шара еліміз Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығы ая­сын­да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Индустрия және жаңа технологиялар минис­тр­лі­гінің қолдауымен өтті. Ал форумның мақсаты – Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқы Ассамблея­сы­ның ХVI және XVII сес­сия­ларында Ассам­блеяның елімізді ин­дус­триялық-иннова­циялық дам­ы­ту және әлеу­меттік жаңғырту үдерісіндегі рөлін күшейтуге байланысты берген тапсырма­ларын жүзеге асыру. Пленарлық отырысты жүр­гізген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Ералы Тоғжанов еліміздегі мәдени орта­лық­тар­дың ішкі әлеуетін еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына араластыру екендігін ерекше атап өтті. Қой­ыл­ған индустриялық-иннова­ция­лық жобалардың жалпы саны 60 болса, өздерінің салт-дәс­түрімен астасып жататын эт­ностардың 20 жобасы келушілер назарына ұсынылды. Мы­са­лы, Түрік мәдени орталы­ғы­ның Алматы облысы, Талғар қаласында қазақ-түрік лицейін салуы нақты жүзеге асы­рылған жобалардың бірі са­налады. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев өз кезегінде 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын және қабылданған құжаттар мен бағдарла­ма­лар­ға кеңінен тоқталды. Отандық тауар экспорттаушыларға шы­ғындарын өтеу тетігі енгізілсе, тек былтырдың өзінде бұл сома 41 миллион теңгені құ­ра­ған. Жалпы, мұндай қолдау елі­міздің 1,5 мыңға тарта экс­порттаушы кәсіпорындарын қамтуы тиіс. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 194 миллиард теңге болатын 500-дей жоба бекітілсе, көрмеге қойылған жо­ба­лардың ішінде де осы бағ­дар­ламаға лайықтылары бар екендігін вице-министр атай кетті. Қызмет көрсету мен тау­ар­ларды сатып алуда қазақ­стан­дық үлесті арттыру бағы­тын­да 8,5 триллион теңге көз­дел­ген. Бұл жер қойнауын пай­да­ланушылар, ұлттық холдингтер мен мемлекеттік орган­дарға қатысты. Шамамен ол 30 миллиард АҚШ доллары болса, оған ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасау қолға ал­ыныпты. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құ­ны 8,3 триллион теңгелік жобалар жүзеге асырылуда. То­лықтай алғанда 2011 жылдың 9 айы ішінде құны 120 миллиард теңгенің 82 жобасы іске қосылған. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-тың басқарушы дирек­то­ры Ерлан Байжанов Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамын ұйыстыруға ықпал ететін Ас­самблеяның бастамаларына ерекше маңыз беріп, АҚ бұдан былай да қолдай береріне сендірді. Жалпы, тартылған ин­вестицияның 51 пайызы немесе 22 миллиард АҚШ дол­ла­ры «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ үлесіне тиеді екен. Басқарушы директордың мәліметіне қарағанда, келесі жылы инновациялық жоба­ларға 40 миллиард теңге ба­ғытталса, 2015 жылы 72 миллиард теңге жұмсау көзделген. Бүгінгі таңда холдинг 19 жо­баны таңдап алып, қаржы­лан­дыруды бастапты. Бұдан кейін форум ая­сын­да Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясының кәсіпкерлер қау­­ым­дастығының бірінші жи­налысы өтті. Онда ҚХА-ның жаңа құрылымдағы мүше­лік, жұмыс басымдықтары және басқа да ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды. Форумда Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ара­сын­дағы ынты­мақ­тастық ту­ра­лы меморан­думға қол қой­ылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ------------------------------ Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.