Осыған дейін біздің команда сыртта сүреңсіз бес кездесу өткізіп, ұпайсыз қайтқан. Енді міне, Евгений Корешков шəкірттері қатарынан 7-ші рет жеңіліп отыр. Кездесудің алғашқы минутында шайба соғып, "Барыс" алға шыққан. Артынша қонақтар қорғаушыларымыздың қателіктерін пайдаланып есепті теңестірді. Біздің жігіттерге ес жиғызбай "Металлург" қақпашымызды тағы қапы қалдырды. Екінші кезеңде командамыз түк бітіре алмады. Есесіне қонақтар есепті еселей түсті. Екі шайба жіберіп алған жігіттеріміз жігерлік таныта алмады. Шешуші кезеңде елордалықтар есеп айырмасын қысқартқанымен, теңестіруге күштері жетпеді. Айдын иелерінен кездесуде Талғат Жайлауов, Артем Лихотников, Линден Вейлер көзге түсті. Қонақтар командасынан шайбаларды Денис Казионов, Денис Кокарев жəне Владислав Калетниктер соқты. Қорытынды есеп 3-4.
"Барыстың" бар білгенінен жаңылып жүргенін бұрын да жазғанбыз. Біздің командаға көз тиді ме? Жеңіссіз серия қашанға дейін жалғасады? "Металлургты" ұтпасақ, сонда қай команданы ұтамыз?
Жоқ, магнитогорлық команданы осал қарсылас дей алмаймыз. Былтыр финалға дейін жеткен мықты ұжым. Биыл бірнеше негізгі құрамның ойыншыларынан айырылған "Металлург" қарсыластарын əупірімдеп ұтып жүр. Шайбаны шебер соғатын шабуылшы Данис Зарипов "Ак Барсқа" ауысты. Тасқамал қорғаушылар Виктор Антипин мен Крис Ли мұхит асып кеткен. Басқалар басым түсіп жүрген магнитогорлық қомандаға "Барыстың" шамасы келмегені шамбайымызға батады.
"Барыс" келесі кездесуін 5-ші желтоқсан күні "Трактормен" (Челябі) өткізеді. Енді Евгений Корешков командасы жеңіске жетпесе, плей-офф кезеңіне шығуы қиындай түседі.
Еркебұлан Жомарт
"Егемен Қазақстан"