09 Қараша, 2011

Парыз өлшемі

286 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің үс­тіміздегі жылғы 1 қазан күнгі санында Серікқали Байменшенің «Бөкей хан кесенесі» атты мақаласы жарық көр­ген еді. Аталған мақалада Қазақ­стан­ның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен Астрахан облысында іссапарда болып, облыс губернаторы А.Жилкинмен кездесуі барысында алаш тарихындағы орны бөлек Бөкей хан­ның басына көрнекті кесене тұрғызу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгендігі айтылады. Сондай-ақ, елші­лік­тің мемлекетаралық деңгейге көтерген бастамасы атыраулық бір топ ұлт­жанды азаматтың ізгі ниетімен ұштас­қаны тілге тиек етіледі. «Сол өңірдегі мақсаттас жігіттер осыған орай бас­тамашы топ құрып, оның жұмысын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық басқармасының бастығы Мұхит Ізбанов үйлестіріп отырды. Мұхит Кәрімұлы Қазақстан тарапынан атқарылатын істерді өз қолына алып, барлық жұмыстың ұйымдас­ты­ру­шысы ретінде елшілікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, осы жобаның ойдағыдай жүзеге асуына шын мәнінде елеулі еңбек сіңірді», деп жазады басылым тілшісі. Қай істе де белсенді қалпынан айнымайтын М.Із­бановтың іскерлігіне кезекті мәрте осылайша куә болдық. – Тарихи таным ұлттық рухымызды асқақтата түседі. Бөкей ханның тағылымды істерімен таныс­қанда, тебіренбей отыра алмайсың. Бөкей хан 1801 жылы Ресей патшасынан ресми түрде рұқсат алып, Еділ мен Жайық арасына қазақтарды қоныс­тан­дырғаны мәлім. Қазіргі Қазақстанның басты байлығы – мұнайға малынып отырған өңір. Ендеше, ел ертеңін ойлаған сарабдал қайраткердің басына кесене тұрғызу – ұлыларын ұлықтай білетін ұрпақтың тікелей міндеті. Сондықтан азаматтық парызымызды тиянақты атқаруға баршамыз бір кісідей жұмылдық, – дейді Мұхит Кәрімұлы. Айтса айтқандай, Мұхит Кәрімұлы ұйытқы болған іргелі іс биыл ерте көктемде басталып, күзге салым жемісті аяқталды. Мемлекет басшыларының бәтуа­сымен басталған шаруа Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев бастаған атыраулық азаматтардың арқасында баянды жалғасын тауып, еңселі ескерткіш уақтылы бой көтерді. Мұхаң кесене құрылысын ұйымдастырудың хас шеберіне айналды, керек-жара­ғын түгендеп, құрылысшылардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасады. Кесенеге қызыл ағаштан жасалған есікті өзбекстандық ұсталарға арнайы тапсырыс беріп, оны Астраханға жеткізуінің өзі бір хикая. Мұхит Кәрімұлының мемлекеттік қызметті ақсатпай, қоғамдық іске құлшына кірісуі азаматтық емей немене! Мұхаңның тарихи тұлғаларға деген сауапты ісінің басы бір бұл емес. Ана бір жылы Зауытбек Тұрыс­беков Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып қызмет істегенде осы ел аумағында Әйтеке би кесенесін тұрғызуға да қолұшын берген-ді. Енді, міне, тағы бір тарихи тұлғаның рухын асқақтатуға атса­лысып отыр. Бұл өзі айтатындай, ұлттық намыстың арқасы шығар. Ұлттық намыс демекші, Мұхаң еліміз тәуелсіздік алатын тұста Жоғарғы Кеңестің депутаты болатын. Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастағанда кеңес армиясын да берекесіздік жайлаған-ды. Сонда Қазақстаннан армияға алынған жігіттердің әлімжет­тікке ұшырағаны да аз болған жоқ. Отан қорғауға аттанған өрендердің өздері соққыға жығылып жатса, оларды кім қорғайды? «Еліміздің тыныштығы үшін де, жауынгер-балаларымыздың амандығы үшін де, ата-анасының көз жасы төгілмеуі үшін де осы іске мемлекеттік дәрежеде назар салатын уақыт жеткен секілді», деп Мұхит Ізбанов Қазақ КСР халық депутаты ретінде мінберден сөз қозғаған. Өткір мәселені күн тәртібіне қоюмен қатар, әскердегі әлімжеттікке ұшы­раған қазақ жігіттерінің тағдырына арашашы болып, Қиыр Шығысқа арнайы іссапармен атбасын да тіре­ген-ді. Сөйтіп, әскердегі талай қазақ оғыланының басындағы өткір мәселесіне мемлекеттің назарын аударта білді. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелегелі жатырмыз. Ұлық мереке Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында Тәуелсіздік туралы заңды қабылдаған ресми салтанаттан басталған еді. Сол ұмытылмас тарихи сәт әлі күнге дейін М.Ізбановтың көз алдында. – Тәуелсіздіктің арқасында тарихи тұлғалары­мызды түгендеп жатырмыз. Кезінде Сұлтанмахмұт: «Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен?!» деп аласұрған еді. Ақын армандаған заманға тәуелсіздіктің арқасында ғана қол жеткіздік. Құдайға шүкір, Қазақстанды қазір бүкіл әлем біледі, оған тәуелсіздік алуымыздың, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы қажырлы еңбе­гінің арқасында жеттік, – дейді Мұхит Кәрімұлы. Ел боламыз деп етек-жеңімізді жинап, алыс-жақын елдермен қарым-қатынас орната бастаған жылдарда Мұхит Кәрім­ұлының өзі де еліміздің парламен­таралық байланыстарын қа­лып­тастыру барысында өзіндік қол­таң­басын қалдырды. Ол 1993 жылы тұңғыш рет Қазақстан атынан Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық жөніндегі кеңес (ЕҚЫК) Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті болып сайланды. Халық­ара­лық ұйым шеңберінде Қазақ елі атынан ұсыныстарын ортаға салып, тәуелсіз елдің бейбітшілік пен қауіп­сіздік төңірегіндегі ұстанымын білдірді. Былтыр ғана Қазақстан елор­да­сының төрінде өткізілген ЕҚЫҰ ая­сын­дағы алқалы жиынның әлқиссасы сол кезде басталды десек, артық айтқандық емес шығар. М.Ізбанов ол кезде еліміздің Жоғарғы Кеңесі Сыртқы қатынастар және парламентаралық байла­ныстар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары-тұғын. Қазақстандық делегация ЕҚЫК Парламенттік Ассам­блеясы – біздің республикамыздың әлемдік қоғамдас­тыққа енуінің бір жолы, ал М.Ізбановтың вице-президенттікке сайлануы халықаралық аренадағы осының тағы бір дәлелі деп бағалаған-ды. Мұхаңның парла­мен­таралық байланыстың халықаралық дең­гейде қанат жаюында өзіндік қолтаңбасы бар дейтініміз де сондықтан. Депутаттық қызметтен соң Мұхит Кәрімұлы Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон департаменті бастығының бірінші орын­басары қызметін атқарды. Еңбек министрлігінің құзы­рында басталған жұмыстың аясы барған сайын кеңейе түсіп, тарыдай шашылған қазақтың көші атамекенге қарай ағылды. Сырт елдердегі қандаста­ры­мыз­дың атажұртқа атбасын бұруын Мұхаң бастаған азаматтар ойдағыдай ұйымдастыра білді. Кейін көші-қон агенттігі төрағасының орынбасары ретінде Мұхит Кәрімұлы Моңғолияға бірнеше мәрте барды. Тіпті, оқ атудан күн құрғамайтын Ауғанстан жеріндегі қазақтарды көшіріп әкелуге барғаны да естен кетпейді. Қандастарымызды оқ пен оттың арасынан аман-есен алып шықты десе де болады. Ортамызды толтырған отандастарымыздың көпшілігі Мұхит Кәрімұлын жақсы білетіні де сондықтан. Қазақ диас­порасы проблемасымен тікелей шұғылдану Мұхаң­ның ұлттық мәселеге деген ұстанымын ширата түсті. Бүгінде Атырау облысы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы ретінде еліміздегі мемлекеттік қызметті реформалаудың бел ортасында жүр. Мемлекеттік қызметпен қатар, қоғамдық жұмыстан да қол үзген емес. – Бұл ат шығару, атақ қалдыру ниеті емес, тәуелсіз еліміздің ертеде өткен ерен ұлдарының есімін ел арасында қайта жаңғырту, оларды бүгінгі ұрпақтың танып-білуіне көмектесіп, қандастарымыздың па­триот­­тық сезімін ояту ниеті ғой, – дейді Мұхит Кәрімұлы. Расында да солай. Мұхаңның атқарған іргелі ша­руасына қарап риза боласың. Жарнамаламай-ақ, сауап­ты істі дөңгелетіп, үйлестіріп жатқанына. Туған елдің тарихына деген құштарлық әу бастағы мамандығы – ғалым-зоотехникті түбегейлі тарихшыға айналдырып жібергендей. Тарихшы болғанда да танымы, көзқарасы тұрғысынан емес, жан дүниесі, болмыс-бітімі түгелдей ұлт тарихымен біте-қайнасып жатқандығында. Онысын болашақ ұрпағын қазақ тарихының тереңіне бойлатып, баулуынан да байқауға болады. Мектепте оқитын Қайсарға жыл сайын қазақ даласының тарихи жерлерін аралатып, бабалардың ұлағатты істерінен мағлұмат беріп отыруы да осының дәлелі. Алаш даласының қатпарлы шежіресі мол өңірлерін түгелдей сүзіп шыққан Мұхаң биыл Қайсарға Жалаңтөс баһадүр билеген Самарқанды, Төле би төрелік жүргізген Ташкентті де таныстырып қайтты. Жалпы тарихқа, тарихи тұлғаларға деген құрметін Мұхаң өзінің азаматтық борышы санайды. – Біздің мақсатымыз еліміздің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалар туралы естелікті қайта жаң­ғырту болып табылады. Бұл жөнінде бізде әлі көпте­ген идея бар. Мәселен, Жәңгір ханның мәңгілікке жай тапқан жерін іздестіру. Болашақ ұрпақ өзінің өткен тарихы туралы білуі тиіс. Біздің міндетіміз – тарих­тағы ақтаңдақтардың орнын толтыру, – дейді Мұхит Кәрімұлы. Ұлт тарихына жанашырлық, сергектік танытатын азаматтардың арқасында тарихи тұлғаларымыздың көмескі тартқан іздері құмнан аршып алған саф алтындай айқындалып, жоғымыз түгенделіп, рухы­мыз биіктей түсетіні анық. Мұхит Кәрімұлы да осындай ұлағатты жолда жүр. Оның әр қадамы, әр сапары, елдігімізді түгендеудегі өрелі еңбегі қандай мадақтауға да сыйып тұр. Сол себепті ұлтжанды ағамызға біз де өз лебізімізді жеткізуді мақұл көрдік. Ғабит МҮСІРЕП. _____________ Суретте: М.ІЗБАНОВ.