09 Қараша, 2011

Шетелдік қоқыспен отандық қоқысты өңдей аламыз ба?

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел газеті – «Егемен Қазақстанның» биылғы жылғы 14 қазан­дағы санында жарық көрген «Қазақ даласы күл-қоқыс қоймасы емес» атты мақалаға үн қосамыз. Газетте журналист Жылқы­бай Жағыпарұлы көтерген кө­кейкесті мәселе бізді ерекше тол­ғандырып, өз ойымызды көп­шілік оқырман назарына ұсы­нуға мәжбүр етті. Алдымен ма­қалада қозғалған тақырыптың өзектілігіне келер болсақ, қоқыс және оның зар­даптары қазіргі таң­дағы тек біздің еліміздің күр­делі шешімін тап­паған пробле­масы емес, бүкіл әлемге тән қа­сірет болып табы­лады. Қаншама жылдар бойы адам баласы қо­қыспен күрес жүргізіп, тазалық орнатуға бел буса да, қанағат­тандырарлық нәти­же­ге қол жеткізе алмады. Автордың айтар ойы – әлем­нің күйінішпен айтар жайы. Қа­­зір қазақ даласында 22 миллиард тонна қалдықтар мен қо­қыс жи­налғаны, оның 16 мил­лиард тон­насы техногендік-ми­нерал­дық қалдықтар болса, 6 миллиард тон­насы адам ағза­сына аса қа­уіпті химиялық қалдықтар екені еліміздің кө­ңілден тыс қалған мәселелерге мән беруіне негізделіп жазыл­ған. Құс екеш құс та өз ұясын былғамайды! Атадан аманат, ұрпаққа мұрағат болған өз жерімізге жауапсыз қарауы­мыз тура­лы мақала шынайы жазылған. Бұл мәселе – даусыз, бұл мәселе – ақиқат. Оған бар­ша­мыз куә­герміз. Автордың ма­қалада ұсыныстар төріне жайғас­тырар ойы – кәсіпкер­лерге ай­тылған ақылы. Себебі, күл-қоқыс қал­дықтарын іске жарата білсе, байлыққа жету мүм­кін­дігін автор нақты мысалдар арқылы қарастырған. Дәлел ретінде шетел тәжірибелері атап көрсетілген. Мысалы, «Қоқыс ханшайымы» атанған қытайлық Чжан Иньнің бизнесінің негізі осы қажетсіз қағаздардан құра­лады. Міне – бизнес көзі. Қо­қыс­қа байлық ретінде қарасақ, біздің еліміз қазіргі таңда жер астында да, жер үстінде де бай­лыққа толы болып тұр. Осыдан түсінетініміз, қасиетті жерімізді былғап жатқан күл-қоқысты өң­деу арқылы эко­ло­гиялық жағ­дайымызды жақсар­тып, эконо­ми­калық тиімділікке қол жеткізу мүмкіндігінің бар екенін журналист Ж.Жағы­пар­ұлы ашық та нақты дәлелдермен тол­ғанады. Өкінішке орай, әзірге автор айтқанындай, шетелдік кәсіп­керлер өздерінің ескі қоқыс өңдеу технология­ларын бізге тыққыш­тауда. Дө­рекі айтсақ, шетелдік қоқыс­пен отандық қоқысты өңдей аламыз ба? Ал өз елі­міздің өнертапқыш­та­ры­ның ойлап шы­­ғарған техно­логияларын мем­лекет қолда­майды, қолда­мауы бы­лай тұр­сын, тіпті мән бермейтіні ма­қалада ашық ай­тылады. Осын­дай өнертап­қыш­тық-инно­ва­циялық жобаның авторы, техника ғылымда­ры­ның докторы, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профес­соры Тө­леу­хан Ермеков аға­мыздың жа­ңалығы қолда бар, қадірі жоқ алтынмен пара-пар екендігі қатты алаңдатады.  Бұл ма­қа­лаға оң бағамызды беріп, сол бағаны билік басында жүр­гендер өздерінің жанашыр­лық әрекеттерімен қолдаса деген үміттеміз. Мұқағали КАИМОВ, Ислам РАХМАНОВ, Халықаралық бизнес академия­сының 2-курс студенттері. Алматы.