09 Қараша, 2011

Апта айшықтары

350 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АУЫЛДА МЕШІТ АШЫЛДЫ Ауыл – қазақтың алтын босағасы. Мұндағы қаймағы бұзылмаған тіршілік тізгіні өмір заңдылығына сәйкес тіліміз бен дініміз, ділімізге деген ерекше ұстаныммен дамып келеді. Шелек ауылы да осындай іргелі мекендер қатарынан саналады. Халық егемен еліміздің өркендеуіне өзіндік еңбектерін арнап, қай салада болсын қарымдылық танытуда. Көптен күткен Алланың ақ үйінің құрылысының аяқталуы да жұртшылық үшін үлкен қуаныш болды. Ғибадатхананың ашылу салтанатына арысы Астана, берісі Талдықорған мен Алматы шаһарларынан қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер мен ұйым өкілдері қатысты. Қалталы азаматтардың демеушілігімен ел игілігіне айналған мешіттің көгілдір лентасы қиылып, жиналғандар имандылық, достық пен бірлік, татулық жайында кеңінен әңгімеледі. Көк күмбезі көкке тірелген мешітте аруақтарға бағышталып, құран оқылды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * ОБЛЫС БЮДЖЕТІ ТОЛЫҚТЫ Биыл Батыс Қазақстан облысының бюджетінде 11 миллиард тең­ге­ден астам қаржы тапшылығы орын алды. Бұл мәселе жөнінде «Егемен Қазақстанда» өткен қараша айының басында «Бюджет қоржыны неге босаң» деген сараптамалық талдау материал жарияланды. Өткен аптада облыстық мәслихат сессиясында шығынды өтеу және аймақтың экономикалық-қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам мақсатты трансферт бөлінгені аталып өтті. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ Облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық институтта «Үздіксіз білім берудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Өз еліміздің, Ресей және Өзбекстан жоғары оқу орындарының ғалымдары үздіксіз білім беру мен оны сабақтастырудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Оқу орнының ректоры Нұрғали Аршабековтің айтуынша, институтта орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік лицензия бар, бұл үздіксіз білім беру қағидаты болып табылады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырып өткізілген бұл жиында ғалымдар өзара пікір алмасып, инновациялық, жаңашыл тәжірибелерімен бөлісті. Ал конференция қорытындысы бойынша Новосібір, Астана, Екібастұз, Балқаш, Павлодар, Мәскеу, Қостанайдан келген ғалымдардың мақалалары жинақ болып шықты. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * САУАПТЫ ІС ЖАСАДЫ Оңтүстіктің ғана емес, республикамыздың үрейін алған атышулы ВИЧ оқиғасынан кейін Елбасының пәрменімен Шымкентте Қан орталығы салынған болатын. Үш миллионға жуық халқы бар облыста қан тапшылығына зәрулік айқын сезіледі. Алайда, жаманаттан қорқып қалған әлеумет адам өмірін арашалап қалар істен бой тарта береді. Жақында “Халық Банкінің” облыстағы филиалының алпысқа жуық қызметкері денсаулық сақтау мекемесіне келіп, қан тапсырды. Қаржыгерлер осылайша азаматтық танытты. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. * * * АЙТ НАМАЗЫ ЖАҢА МЕШІТТЕ ОҚЫЛДЫ Бурабай ауданындағы Атамекен ауылының жамағаты Құрбан айтта айрықша қуанышқа бөленіп, айт намазын жаңа мешітте оқыды. Алла үйін өз қалтасынан 9 миллион теңге шығарып, өңірге белгілі кәсіпкер Нұрлан Ақынов салып отыр. – Ауылымызда 236 үй бар, – деді Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезов. Мұның 53-інде Қытай мен Моңғолиядан қоныс ау­дар­ған ағайындарымыз түтін түтетіп отыр. Ауылымызда «Бурабай-2007» және «Айдос» ЖШС өндірісті ісін дамытса, 30 шаруа қожа­лы­ғы егіннен бітік өнім жинады. Астана – Бурабай күре жолының жа­нын­да еңселеніп тұрған мешітіміз ел бірлігі мен ынтымағына қызмет ететіні анық. Жаңа мешіттің ашылу салтанатына облыс әкімі Сергей Дьяченко қатысып, жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫ Өңір басшысы Бергей Рысқалиевтың ай сайынғы қоғамдық қабылдауына тұрғындар көп жазылады. Өткен аптадағы қабылдауда да солай болды. Қабылдауға келушілердің басым бөлігін, яғни мұғалім мен дәрігерді де, зейнеткер мен жалғызбасты ананы да пәтер алу қиындығы толғандырады. Сонымен бірге, бұл жолы баспана мәселесі ғана емес, тұрғындар қажеттілігі үшін шешімін күткен түйткілге алаңдаушылар да табылды. Сондай бір мәселені облыстық аурухананың санавиация бөлімін басқаратын Болат Байдаулетов көтерді. Дәрігердің айтуынша, алыстағы ауылдарда тікұшақ қонуға ыңғайлы алаңдар салу кезек күттірмейді. Ол Сағыз, Мұқыр, Құлсары, Индер секілді тұрғындар көп шоғырланған ауылдарда түнгі мезгілде тікұшақ қону үшін көмескі жарық болғанын қалайды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ҮДЕМЕЛІ ДАМУДЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУДА Өткен аптада облыс әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Е.Дүкенбаев баспасөз өкілдерімен кездесіп, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жобалар жайында баспасөз мәслихатын өткізді. Бүгінде аталмыш бағдарлама бойынша облыста жалпы құны 134, 9 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде өңірде 3900 жұмыс орны ашылмақ. – Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бәсекесінде біз еліміз бойынша алдыңғы сапта келеміз. Бұл – жамбылдықтар үшін мақтан етуге болатын нәтиже. Дегенмен, біткен іске масаттанбай, әлі де бірқатар жобаларды іске асыру ойда бар, – деді Ерік Дүкенбаев. Оның бірі – Шу ауданынан салынатын Химиялық парктің жобасы екен. Бұл алып кәсіпорын ашылған жағдайда аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы бұрынғыдан да жақсара түспек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.