10 Қараша, 2011

Сананың тәуелсіздігі

414 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Кафканың «Құбылу» дейтін атақты әңгімесі бар. Әңгіме кейіпкері Грегор Зам­за күндердің бір күні, әдепкі уақы­тын­да оянған кезде өзінің аяқ астынан алып мүйізгек қоңызға айналып кеткенін кө­ре­ді. Әуелде бұл ұйқы қанбағаннан, қа­зір бір ұйықтап тұрсам бәрі қалпына келеді деп ойлай­ды. Ақыры ол өзінің ақыл-есінің бүтіндігіне кү­мән­дана бас­тайды. Бұл әдеби хикаяны адамның кенеттен жат, бөтен жағдайға тап болуы, бөтен кепке түсуі туралы метафора деп те қа­былдауға болады. Яғни, сізге үй­рен­шікті өмірден табан тіреп, тиянақ ететін еште­ңе қалмаған, сіз жат қалыпқа душар бол­дыңыз. Қоршаған орта, күні кеше көзге таныс, көңілге ыстық орта ендігі жерде сіз үшін беймәлім, күмәнді әлемге ай­нал­ған. Психологтар адамның санасы үшін ең қатерлі құбылыс үйреншікті жағда­й­дың күрт және түбе­гей­лі өзгеруі деп есептейді. Ақыр соңы өмірді, болып жатқан оқиғаларды нақты қалпында қа­был­дау түйсігінен адасасыз. Мұны ғы­лым­да футурошок, яғни кілт өзгерген болашақтың соққы­сы­нан есеңгіреу деп атайды. Батыс биологтары жасаған ғылыми тәжі­ри­белерге жүгінсек, кең далада еркін жортып жүр­ген қасқырды аяқ ас­ты­нан қапасқа қамаған кезде немесе өмір бойы қапасқа үйренген қасқырды кенеттен азат кеңістікке қоя бергенде, бейшара бө­­рі­нің жүрегі жарылып кеткен жағдай­лар да бол­ған кө­рі­неді. Бұл дегеніміз – шұғыл бол­ған тас-талқан өз­ге­рістің, қа­зақша айт­қанда «дүниенің шырқ айна­луының» адам ғана емес, жалпы түй­сігі бар жануар атаулыға ауыр әсер ететін­дігінің бір белгісі. Осыдан жиырма жыл бұрын, мәңгі бақи мызғымастай көрінетін Кеңестер Одағы құлаған кездің аз-ақ алдында, “дү­ние шырқ айналған” бір құбылыс бас­талған еді. Өмірдің үйреншікті ыр­ғағы бұзылды, жалпы халық не істерін, неге сенерін білмей, сеңдей cоғылысып, тап­қа­ны тамағына жетпейтін жағдайға душар болды. Айлар бойы жалақы ала алмай сенделген жұрт. Бір-ақ күнде құн­сыз­данған зейнетақысының кезегінде таңды таңға жалғап тұрған қариялар. Жылан жалап кеткендей жалаңаш қалған дүкен сөрелері… Еңбек­те­ген баладан ең­кейген қартқа дейінгі аралық­та­ғы халық­қа “біз жер бетіндегі ұжмақты орнатып жа­тырмыз, біз деген – ең бақытты, ең ба­қуатты, ең әділетті, ең айбарлы, ең ақыл­ды, ең мейірімді… елміз” деп үй­ре­тетін алып империя аз ғана уақытта батыс киносының эсхатологиялық фильмдеріндегі сияқты азған, тозған, қылмыс жай­ла­ған, адамшылықтың барша қасие­тін та­бан­ға са­лып таптауға негізделген қор­қы­нышты кеңістікке айналды. Бағыт-бағдар жоғалып, табан тірейтін ештеңе қалмай, түпсіз қуысқа құлап бара жат­қан­дай күй орнады. Кеше ғана кеңестік өмірдің ма­ғынасына айналған құнды­лық­тар келмеске кетті. Дюркгеймнің сө­зімен айтқанда: “Жауаптар ғана емес, сұрақтар да ескіріп, қажетсізге айнал­ған” заман туды. Кеңестер Одағының құрамындағы республи­ка­­ларға тәуелсіздік осындай уақытта келген бола­тын. Әбден дағ­дар­ған қоғам тығырыққа тіреліп, сенім кү­й­реген сол бір өте күрделі кезеңде республикалар бірінен соң бірі өз тәуелсіздігін жариялап жатты. Күдігі, күмәні көп, күні кеше ыды­раған импе­рияның қордаланған ауыр мә­селелері одан да көп, тек үмітті таяныш еткен дәуір басталды. Бұрын да, қазір де сол Кеңестер Ода­ғы ыды­раған аласапыран шаққа қатысты алуан-алуан пікір, бағалаулар айтылып жүр: “суверенитеттер ше­­руі”, ”ұлттық эй­фо­риялар уақыты”, «жиырма­сыншы ға­сы­р­дағы ең зор апат”, “демократиялық жа­ңарулар кезі”, “еркіндік, азаттық бас­та­уы”, т. с. с. Осы ретте назар аударатын бір заңдылық – бір кездегі метрополиядан естілетін пікірлер мен бір кездегі колониялардан шығатын дауыстар бір-біріне мүл­де қайшы, кереғар бағытта бо­лып келеді. Әлбетте, жаңағы кереғар пі­кір­лердің та­са­­сы­нан мұраты басқа, қай­ғы-мұңы бас­қа, тағдыры бас­қа тұтас бір саяси мә­де­ниет­тердің сұлбасы та­нылып тұратыны да жа­сырын емес. Бірақ, қалай дегенмен де бай­ыппен ойлансақ, сол пікірлердің қай-қайсында да белгілі дәрежеде шын­дық­тың ұшқыны бар екендігін мойындар едік. Әрине, Кеңес мемлекетінің құлауы мен пост­кеңестік кезеңнің алғашқы жыл­дары туралы пікірлерді тұтастай жи­нақтап, пайымдау – арнайы тарихи, саяси, социопсихологиялық талдау жұ­мы­сын қажетсінетін тақырып. Тек, біздің­ше, ең нақты, ең реалистік және қатал тұжы­рымды Ба­тыс ғалымдары жасаған сияқ­ты: “жүйеленген хаос!” Бір қара­ғанда – күлкілі, ұшқары байлам. Хаоста жүйе болушы ма еді, жүйе болған жерде хаос қалай тұрмақ дейміз ғой. Алайда, бір кездегі алып мемлекеттің әр қиы­рын­да бо­лып жатқан берекесіздіктерді са­лыс­ты­рып қарасаңыз, солардың барлы­ғы­на тән ортақ белгілерді бірден аңдар едіңіз. Ор­тақ белгі, ортақ сырқат айқын­далған соң, солардың түп-төркіні қайдан туындап жатқанын да бажайлау қиынға cоқпайды. Тым ұзаққа созылған тоталитарлық дү­лей экспе­римент ұлты, нәсілі басқа мил­­лиондаған адамның, қаншама ұрпақ­тың санасына оңдырмай соққы берген екен. XIX ғасырдағы аса ірі француз ойшылы және саяси қайраткері Токвиль Француз революциясын терең зерттеп барып, то­­сын бір тұжырым жасайды: “Бұл адамдар (революционерлер) сырт қарағанда адам­зат­тың парасатына, оның әлемді, заңдар­ды, әлеуметтік инструменттерді, мінез-құ­лықты өзгерте ала­тын құдіретіне шексіз табынатын, бірақ, шындап келгенде, олар тек өз ақыл­дарына ғана табынушы еді. Парасатқа деген құрмет ешқашан да дәл осы революция кезіндегідей кеміген жоқ. Сол дәуірден бері осындай екіжүзділік, екіұ­дай­лық бүкіл революционер атаулыға тән мінез ерекшелігіне айналды. Олар өздері көтерген ұраннан басқа пайымды мүлде мойындамайтын еді”. Советтік идеологияның, совет кезіндегі мемлекет – адам қарым-қаты­на­сы­ның революция­шыл ойдың негізінде пайда болғанын ескерсек, сол кез­дегі жария ұрандар мен нақты істер­дің ара­сын­дағы қайшылықтың сырын ұғуға бір табан болса да жақындай түсеріміз анық. Парасатты, ақылды танымау, таныса да мой­ын­дамау! Кеңестік вербализм қа­лыптаған ойлау типінің ең ауыр дерті осы болатын. Және бұл ойлау типі бар­ша­­мызға: білімі таяз көпшілікке де, білімді элитаға да тән еді. Мұның бәрін тәп­­тіш­теп отырған себебіміз – біз жасы бар, жаса­мысы бар бұрынғы кеңес хал­қы деп аталатын қауым өзіміздің тәуел­сіз­діктің алғашқы жылда­рын­да қандай болға­ны­мызды ұмытпасақ деген ниет қана. Өйткені, Кеңестер Одағының құра­мы­нан енді ғана шыққан, жаңа заманға лай­ықты, әлемдік өркениет стандарт­та­ры­на сай тәуелсіз мемлекет ор­нату тә­жі­рибесі жоқ елдердің алдына қатар ат­қа­рылуға тиіс ең ауыр екі міндет, шешімі қиын екі түйін тартылған еді. Бірі – бү­кіл қозғалыс тетіктері істен шығып, инер­циямен ғана қыбырлап келе жатқан шалажансар экономикаға жан бітіру, екіншісі – кеңес қауымының өз ішінде “совок” деген кекесінді, қорлық атқа ие болған менталитетті, яғни ескі идеоло­гия­ның рудименттеріне әбден шырмал­ған сананы өзгерту болатын. Әсі­ре­леп айтқанда, артымызда күйреген мемле­кет­тің бық­сыған үйіндісі, алдымызда “боламыз ба, болмай­мыз ба?” деген гамлеттік алапат сұрақ тұрған. Әр ел өзінше жол іздеуге кірісті. Ұлт рес­пуб­ликаларының бірі Батысқа, бірі Шығысқа тартып дегендей, бір үдерген процесс басталды. Кеңес дәуірінен қал­ған үйреншікті әдетпен ескі ұран­дардың орнын жаңа ұрандармен алмастыруға кірісті. Бұрынғы бауырлас республика­лар­дың біра­зы әсіре ұлтшылдық, енді қай­сыбірі діншілдік жобаны мақұл көрді. Алайда, бұл Қазақстан үшін беймүмкін жол еді. Біріншіден, Қазақстан – поли­этникалық мемлекет болатын. Сол себепті де, тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да қаулап шық­қан айғайшыл топтың реваншистік ұрандарына ырық беру – елдің шаңырағын шайқалтып, іргесін тал­қандайтын апатқа ұрындыруы сөзсіз еді. Екіншіден, бағзы грек-латын өрке­ние­тінен тамыр тартып, XVIII ғасырдан бастап дамудың жа­ңа сатысына өткен, XX ғасырдың екінші жар­тысында ұлт­тық менмендіктен үзілді-кесілді бас тар­тып, жалпы адамзатқа ортақ либералды құн­ды­лықтарды қорғайтын демокра­тия­ны мұрат тұт­қан Батыс әлемі (Батыс Еуропа, Америка) және сол әлемнің ық­па­лымен демократиялық даму жо­лына түс­кен өзге де өркениетті жұрт үшін жаңа қ­ұ­рыл­ған мемлекеттің ұлтшылдық амби­циясы бері дегенде түсініксіз, әйтпесе тіпті жиіркенішті көрінер еді. Оның үс­тіне, мүмкін, ең бастысы, әсіре ұлтшыл­дық сүрен – әлеуметтік психология­сы ксенофобиядан ада, бөгдені жатырқап ала­ламайтын, “жақсыда жаттық жоқ” деген ұғым еншілі мәдениетінің өзегіне ай­налған және сол прин­ципті Абай сияқты алыбы “Адамзаттың бәрін сүй бауы­рым деп, және хақ жолы осы деп әділетті” деген ұлағатымен тиянақтап кеткен қа­зақ халқының тарихи санасына жасалған қиянат болар еді. Дәл осындай алмағайып, ұстараның жүзіндей қылпыған жағдайда Қазақстан басшылығы жаңа ғана қол жеткен тәу­ел­сіздіктің іргесін бекітетін, барлық ұлттар мен ұлыстарды тең ұстай отырып, қазақ елінің еңсесін тіктейтін соны жол табуға тиіс еді. Ел тағдыры, бүгіні мен ертеңі тәу­­елсіз мем­­ле­кет­тің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұлтан Әбіш­­ұлы Назарбаев­тың қан­дай шешім қабылдап, қан­дай жол таң­дай­тынына тікелей байланысты бол­­ды. Тарихта жекелеген ұлыстың ғана емес, тұ­тас бір дәуірдегі көптеген ел­дер­дің тағ­дыр, келешегі бір-ақ адамның, сол мезгілде мойнына бар жауапкершілікті жүк­теген Ұлт көшбас­шы­сының ыр­қы­на, соның оң немесе теріс шешіміне тәуелді болғанын әйгілейтін мы­салдар аз емес. Адам­зат тари­хының мән-ма­ғынасы жай­ын­да аса құнды философиялық еңбек қалдырған Ясперс: “Тарих – жекелеген тұлғалардың қажырлы түрде алға ұм­ты­луы” деген мәшһүр пікірін бекерге айтпаса керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өз елін бір формациядан келесі, мүлде бас­қа формацияға өткермек қа­терлі өткелден аман ғана емес, абырой­мен алып өтті. Мемлекет құры­лысы, ха­лық­­ара­лық қатынастардан бастап, ком­му­налдық қызметке дейінгі ара­лықтағы бар­лық сала түбе­гейлі реформаны қа­жет­сін­ген кез еді ол. Сол реформалар Пре­зи­дент­тің тікелей жетекшілігімен жүзеге асып жатты. Көп­ші­лігін біз бұ­рын­ғы кеңес рес­публи­каларының ішінде бірінші бо­лып қа­был­даппыз, бау­ыр­лас, көр­ші­лес жұртқа үлгі, нұсқа болыппыз. Қа­зақ­стан Республика­сы­ның Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев – пост­кеңестік кеңістіктегі, пост­ке­ңестік дәуірдегі ең кемел реформатор. Және бұл – тек біздің емес, Қазақстан дамуы­на ықыласпен қараған шет жұрттың да пікірі екенін ұмытпаған жөн. Әлбетте, сол кезеңдегі өзгерістер жұрт­­тың бар­шасының көңілінен шықты десек, шындыққа қиянат болмақ. Шұғыл өзгерістерді қабылдай ал­маған, үрке қараған, қарсылығын ашық білдірген адамдар, топтар болды. Бұлай болуы заңды да еді. Бұл заңдылықтың объек­тив­ті, субъективті себептерін талдап жат­пай-ақ, осыдан жиырма төрт ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, әлемдік филосо­фияның түп атасы Аристотель өзінің “Саясат” атты еңбегінде бірде-бір режим бүкіл бұқараның қолайына бірдей жақ­пайды, олай болуы мүмкін де емес, өйт­ке­ні адамдар қандай әр түрлі болса, олардың талап, сұраныстары да әр алуан деп, қадап айтып кеткенін еске алсақ та жеткілікті деп білеміз. Осыған орайлас лепесті XIX ғасырда атақты швейцар философы, тарихшысы Буркхард та айтқаны белгілі: “Демократия мен саяси бостандықтың жұрт­тың бәріне бірдей ұнайтын кемел сатысы жоқ”. Қазақ елі үшін Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған жолдың дұрыстығын уақыт дә­лелдеді. Біз тағ­дыр­лас елдерді табалау­дан аулақпыз, бірақ жол ай­рық­та әсі­ре­қызыл ұрандардың жетегіне еріп, демо­кра­тияға сорпасы еш қосылмайтын ох­лок­ра­тия­ның ырқында кеткен кейбір рес­публика­лар­дың қандай қанды траге­дияларға, тіпті азамат соғыстарына тап болғанын қаперден шығармаған дұрыс. Қазақстанда жиырма жыл ішінде жасалған ре­формаларды талдап емес, көктей шолып шы­ғудың өзі – бір мақаланың мүмкіндігінен тыс­қары міндет. Сондықтан біз болашақ бет-бағ­дарымызды айқындап берген, алысты көздеген, ел тағдыры, елдегі демократия тағдыры үшін өте мәнді екі мәселеге ғана тоқталып өтпекпіз. “Демократтарсыз демократия болуы мүмкін емес”, – дейді Фукуяма. Ал қандай да болсын қоғамда демокра­тия­ның нық, кәміл орнығуының бірден-бір кепілі – жаңа технологияларға негізделген индустрияның, дамыған экономи­ка­ның болуы екендігін демократия тари­хын зерделеген ғалымдардың барлығы дерлік атап көрсетеді. Аш-жалаңаш, бар­лық салада бірдей артта қалған қоғамда шынайы демократия болуы неғайбыл, ондай елде демократия нышандары міндетті түрде охлократияға, содан соң ох­лократияның болмай қоймайтын салда­ры – зорлықшыл тоталитаризмге айналады. Өркениетті жұртқа ежелден мәлім осы заңд­ы­лықты мойындағанда барып, Нұрсұлтан Назар­баев­тың ең әуелі елдің әл-ауқатын көтеріп, жаңа заман талап­тарына сай озық технологиямен қа­ру­лан­ған қуатты экономикалық жүйе қа­лып­тауды көздеген бағдарламасының ұлы мақсат, түп мұ­ратын түсіне аламыз. Жаңа индустрия жасау стратегия­сы­нан кіндігі ажырамайтын келесі мәселе – білім мәселесі. Тек білімді адам ғана күрделі технологияны меңгере алатыны дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Ал білімді адам – демократия орнатушы бірден-бір күш. Бұл – Гегельден тартып, қазіргі заманғы өте танымал социолог, футуролог Тоффлерге дейінгі аралық­та­ғы ірі ойшылардың бәрі тоқтаған тұжы­рым. Қазақстан Республикасы Президен­тінің “Бо­­лашақ” бағдарламасы, заман талабына сай оқу орындарын ашуға ба­ғытталған қажырлы еңбегі осы мұрат­тың үдесінен табылса керек-ті. Басқаша айтқанда, біз қазір формалды емес, нақ­ты демократия орнату бағытындағы ересен жұмысты атқару үстіндеміз. Бұл тараптағы ойымызды түйіндей келе айтарымыз: ел тарихындағы жиыр­ма жыл ішінде болған қыруар өзгеріс­тер­дің жеңіске парапар нәтижесі – сана­ның, ой­лау типінің өзгеруі, содан соң жаңаша ой­лайтын, әлемді еркін аралап, жасқанбай танитын бұла ұрпақтың пайда болуы. Бір сөзбен айтқанда, санамыз тәуелсізденді. Алда биік асу, ұлан межелер тұр. Сол межеге адаспай жету үшін қажет ең асыл қасиет – қазақ даналары тынбай өсиеттеп кеткен ел бірлігі екенін жа­ды­мыз­да ұстағанымыз абзал. Заманында алты Алаш “Көмекей әулие” деп қас­тер­леген Бұқар жырау былай деген екен: “Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз!” Дархан КӘЛЕТАЕВ, саяси ғылымдар докторы.