11 Қараша, 2011

Жаңа диірмен, сапалы ұн

1048 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Екібастұзға жолсапармен ба­рып қайттық. Онсыз да өндіріс орындары қалың шоғырланған  кеншілер қаласында шағын кә­сіп­орындардың да саны артып,  қашанда тынымсыз қалыпта. Солардың қатарында, осыдан екі айдай уақыт бұрын өндірісі түгелімен түрік технологиясына негізделіп жасалған  диірмен кешені ашылыпты. Кешен басшы­сы  Қуаныш Тоқбердиновтің ай­туынша, диірменге түсетін бидайдан сапалы ұн шығаратын бұл  құрал-жабдықтарды  «ҚазАгро­Қаржы» АҚ-тың лизингісі бойын­ша сатып алыпты. Ал, бұ­ған дейін қалада наубайхана­ларды ұнмен қамтамасыз етуде кездескен қиыншылықтар да болғаны белгілі. Яғни, шеттен ұн тасушылар бағаны өздерінше белгілеп әкелетіні де сөзсіз. Қазір диірмен басында қызу жұмыс. Бидайды тазалау, жуу, тарту, қапқа орау сияқты жұмыс­тардың бәрі техниканың қолын­да, тек іс тетігін білсең болды. Қапшық-қапшық ұн тасыған жігіттер. Қапшықтарда  «Еркен» шаруа қожалығы деп тартылған ұнның қай жерден  шыққаны, иесі кім екені жазылған. Қуаныш­тың шаруа қожалығы бидай өсірумен айналысады. Диірменде  тәулігіне 45 тонна бидай тарты­лады. Кешен басшысы бізге жаңа заман диірмендері қалай жұмыс жасайтынын көрсетіп, кешен ішін аралатып шықты. – Жалпы, осындай кешен ашуға мемлекет тарапынан қол­дау көрсетілді. Барлығы 24 миллион 500 мың теңге қаржы алдық. Лизингке жеті жыл мерзімге, 4 пайыз өсіммен берілді. Жаз бойы кешеннің  құрылысын жүргіздік,– дейді Қуаныш. Сонымен, қазір диірменде өткен жылғы жиналған бидай тартылуда. Мұның бір себебі,  диірменшілердің пікірі бойынша, біраз уақыт сақталған бидайдың сапасы жоғары болып келетін көрінеді.Түрік технологиясымен құрылған  диірменнің өндіріс жүйесі 3-4 адамға ғана арналған, автоматты түрде жұмыс жасайды. Барлық жұмысшыларды қос­қанда 10-шақты адам еңбек етеді. Бәсекелестікте алдыңғы орынға шығу үшін Қуаныш басқаратын диірмен ұнның сапасына көңіл бөлуде. Қазір қалалық әкімдік  ұн сату үшін коммуналдық базардан арнайы орын  да бөліп беріпті. Бірінші сұрыпты ұн бағасы 44 теңгеден өтуде. Ал, наубайхана­ларға бір килосы 40 теңгеден сатылады. Қуаныш өз қызының есіміне орай өздері  шығаратын әртүрлі сұрыпты ұнға «Лейла» деген атау қойыпты. Осы «Лейла» деген атауы бар ұндарды 5 килодан бастап, 50 килоға дейін салмағына қарай өлшеп,  арнайы қаптармен шығарады. Бидайдың сапасы кешендегі зертханада бақыланады. Мұнда Қуаныштың келіншегі жұмыс жасайды. Бір қарағанда отба­сылық  шағын кәсіпкерлік деуге де болады. «Лейла» атауы бар қап-қап ұндар Екібастұздан тысқары, Баянауылға, басқа да ауылдарға жөнелтіледі. – Алдағы уақытта жұ­мысы­мыз жолға түсіп кетсе, кешен жанынан нау­байхана, макарон це­хын да ашу ойы­мыз­да бар, – дейді Қуаныш. Фарида БЫҚАЙ. Екібастұз.