11 Қараша, 2011

Сүтті селдей ағызған

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Міне, Павел Яковлевичтің өзі де келіп қалды», – деген аудандық ауыл шаруашылығы маманының оқыс үні бізді тәтті ұйқыдан оятып жібергендей селк еткізді. Жол бастаушымыз ауыз жиып үлгергенше кеңсе үйінің алдына «Джип» көлігі тоқтай қалды. Кабинадан жетпістерді алқымдап қалған етжеңді, мығым денелі кісі түсе берді. Танысып-біліскеннен кейін ширақ қимыл­мен бізді сауын сиырлар кешеніне қарай бастады. Жүрісіне ілесу қиын. Жастайынан еңбекпен шынығып өскені қимылынан айқын аңғарылады. Мінезі тұйықтау. Суыртпақтап сыр тартып отырмасаң онша шешіле қоймайды. Зоотехник-инженер маман­ды­ғын алғанын, еңбек жолын ауылдан бастағанын сөз арасында аңғар­тып өтті. Жауапты қызметтер атқарып, ұйымдас­тырушылық іскерлігімен танылған. Мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп келе жатқа­нына 40 жылдан асқан. Ұлы Яковты ізбасар ретінде тәрбиелеп жүрген көрінеді. Несі бар, «әке көрген оқ жонар» деген. 1980 жылы «Смирнов» кеңшарына жетекшілік етіп, кейін осының негізінде «Леонов» шаруа қожалығын құрған. – Былтыр Қызылжар өңірінде он индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылды. Солардың бірі – осы сауын сиырлар кешені, – деді ол мал фермасын аралатып келе жатып. – Бірде бір топ агроқұрылым жетекшілері көршілес Түмен облысында болып, іс-тәжірибе алмасқан едік. Маған сол жолы осы заманғы құрал-жабдықтар орнатылған тауарлы сүт фермала­рының жұмысы қатты ұнады. Сапардан үлкен ой түйіп оралдым. Көп ойланып-толғанғаннан кейін сауын сиырлардың сүттілігін арттыратын, бағым-кү­тімін жеңілдететін озық бағдарламаны шаруашы­лыққа енгізуге бекіндім. Бастама облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, жарты миллиард теңгенің жобасы қысқа мерзімде іске қосылды. Жобаның артықшылығы туралы ол соншалықты қымбат емес әрі қарапайым дегенді айтады. 600 сиырға арналған фермаларда мал байлаусыз күтіледі. Екіншіден, «шырша» әдісі орнатылған сауын залында бір мезгілде 24 сиыр сауылады. Бұрындары сауынмен 12 сауыншы айналысатын. Қазір 3 оператор ғана жұмыс атқарады. Басқару процестері автоматтанды­рылған. Осыған дейін әр сиырдан 2500-2800 литр сүт алынып келсе, қазір 4 мың литрге дейін жеткіздік. Мұнымен тоқталмақ емеспіз. Түпкі межеміз—6-7 мың литр. Эстонияның қара ала сиыр тұқымынан мал табындарын қалыптастырып, асылдандыру, қолдан ұрық­тандыру ісімен шұғылданудамыз. Етті мал шаруашылығын дамыту мақсатымен қазақтың ақ бас сиырын өсіруге үлкен ден қойып отырмыз. Сауын сиыр фермаларына украиналық құрал-жабдықтар орнатылғалы сүттің сапасы артып, майлылығы 3,9-4-тен кеміген емес. Жыл басынан бері 10 мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, «Молсервис» ЖШС-не жөнелтіліпті. Осылайша сүтке берілетін мемлекеттік субсидиядан ғана 14 миллион теңге таза табыс тапқан. Орташа айлық жалақы 50-55 мың теңгені құрайды. 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз күндері жұмысшылар саны 150-ге дейін көбейеді. Озық технология өрлеу тетігі екенін түсінген тәжірибелі басшы бәсекеге қабілетті өнімдер шығарумен бірге берік жем-шөп базасын жасауға да мықтап бет бұрғаны байқалады. Жыл сайын 2600-2800 гектар жерге азықтық дақылдар егіліп, оның сапалық құрамына баса мән берілген. Енді құрамажем цехын жаңғырту мақсатымен құны 110 мың АҚШ долларына бағаланған голландық жоба енгізу жұмысы қолға алынған. Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алу жолындағы қарымды қадамдар да сүйсінтпей қоймайды. Ғылым жетістіктерін тиімді пайдаланудың нәтижесінде әр 100 сиыр­дан 90-92 бұзау өргізілген. Табындарға қосыл­ған 440 бұзау ойнақ салып жүр. Алдағы мақсат – ірі қара малын 3 мың, сауын сиырларды 750 басқа жеткізу. Шаруашылық егіншілікпен де айналысады. Техникалар түгелдей жаңартылған. Астықтың шығым­ды­лығы 35 центнерден айналып, жұмысшы-қызмет­керлердің пайларын үлестіріп беріпті. Көп жылғы еңбек пен ізденіс текке кетпеген тәрізді. Көршілес Кенжеғалы ауылының 35 түтіні пай үлестерін осы шаруа қожалығына беруді жөн көріпті. Десек те, кедергілер де аз емес. Павел Яковлевич жедел шешілуге тиіс мәселе ретінде алдымен жайылымдық жердің тарлығын атады. Екіншіден, сүт өнімі әлі де арзан бағаға саудаланып жүр. Петропавл қаласындағы «Маслодел» кәсіпорны сүттің әр литрін 90 теңгеден алуға бейіл болғанымен, алыстау болғандықтан тиімсіз. Үшіншіден, орта буын кадр­лар әлі де жетіспейді. Әсіресе, зоотехник, ұрықтан­ды­рушы-техник мамандары тапшы. Жас мамандар­дың орнығуына барлық жағдай қарастырылған. Баспанаға дейін әзірлеп қойыпты. – Менің есебім бойынша, 2012 жылдан бастап пайдаға шығуға тиіспіз. Ол үшін алдымен мал басын көбейтіп, өнім түрлерін молайту шарт. Қазір осы бағытта кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруды ойластырып жатырмыз. Ет өнімдерін қалдықсыз өңдеуге де басымдық беретін боламыз, – деді қоштасар сәтте ауыл шаруашылығының ардагері. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы.