11 Қараша, 2011

Әсіреұлтшылдар биліктен қолдау көретіндей

372 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ресейде өзінің ойын да, пікірін де жасырмайтын әсіреұлт­шыл­дар ел астанасында, рас Мәскеудің ортасында емес, оның шетінде «Русский марш» деп аталатын шеруін өткізді. Сөз жү­зінде билік оларды қолдамаймыз десе де, олардың жосық­сыздау әрекеттеріне төзімділік көрсетіп отыр. Бұл елде 4 қа­­­раша халық бір­­лі­гінің күні са­на­ла­ды. Дәл осы кү­ні сол халық бірлігіне қарсы әрекет жа­салып жатса, не­ге оған тыйым жа­­салмайды дей­сің. Қисын бо­йын­ша осы күні ха­лықтардың бірлігіне арналған ша­ралар өтуге тиіс қой. Әр ұлт­тың өкілдері басқосып, ынты­мақ­қа бастайтын әң­гіме айтса, жараспай ма? Жарасар еді. Не жасыратыны бар, бұл елде ұлт мәселесі талай ғасырдан бері барынша өткір болып келді. Өткір дегенде, әсіресе, кіші халықтар үшін өткірлеу. Ұлт­шыл­дық үстем­дік құ­рып, елдің шенеунік қауы­мы басқа кіші ха­лық­тарға өктем­дік жасады. Рас, елдің зиялы қа­уымы ішінде бұл саясатты қатты айып­тағандары да кездесті. Осынау жөнсіз саясаттың салдары КСРО күйреп, орнына тә­уелсіз елдер пайда бол­ғанда да жалғасып жатты. Ұлт­шыл-па­т­риот­тар дегендер пайда болып, өз ұлт­тарының артық­шы­­лығын, құқы жо­ғарылығын ай­тып, шулай бастады. Шүкір­шілік дейтін бір жәйт, әзірге бұл жо­сықсыз айқайлар мемлекеттік саясатқа айнала қойған жоқ. Енді Мәскеудегі жағдайға орал­сақ, Мәскеудің шеткі ау­даны Люб­линоға жиналған ала­шұ­бар ұлт­шылдар (скинхэдтер, национал-социалистер, национал-демократтар, ұлтшыл фанаттар) орыс империя­сының қа­ра-сары-ақ түсті туын көтеріп шы­ғып, бір-бірін құттықтап, «Ал­­ға, орыстар!», «Ресей – орыс­тар үшін!», «Мәскеу – мәскеуліктер үшін!» деп ұран­датып, шуласты. Олардың сөз­деріне, ұран­да­рына түсініктеме беріп жатудың қа­жеті жоқ. Мұ­ның астам ұлт­шыл­дық­тың кө­рінісі, бұ­рын да жер-жерде орын алған ұлт­аралық қақты­ғыс­тардың жалғасы екендігі даусыз. Орыс ұлт­шыл­­дарының шеруіне әртүрлі баға беріліп жа­тыр. Біраз са­рапшылар елде қалыптасып отыр­ған әлеуметтік мәселелер­ден жұртшылық назарын бас­қа­ға бұ­ру үшін Ресей бас­шылығы осы­нау әсіреұлтшыл­дар­дың әре­кет­терін қат­­ты шектемеу арқы­лы олар­ға қолдау көрсетіп отыр дегенге тоқ­тайды. Әсіресе, ашық ұлт­шыл­дық арандатуларды айт­па­ғанда, «фашистік ойындарға» жол бермеуге болар еді ғой дейді олар. Біраздан бері бұл елде билік­тегілердің түсініксіздеу ұлттық сая­саты ұлтаралық, этносара­лық қа­рым-қатынастарды ушық­тырып отыр­­ғаны белгілі. Футбол фанат­тарының арасындағы қақтығысқа да этностық сипат беру жастар ара­сында ұлтшыл­дық көңіл-күйді қоз­дырғаны болатын. Ел басшы­ларының ел халқын ай­мақтарға бөлгендей әңгі­ме­лері отқа май құйғандай болған. Әсі­ресе, әсіре­ұлт­шылдар­дың кав­каз­дық­тарға, таяу шетелдерден келгендерге қыр көрсету әре­кет­тері жиілегені шын­дық. Осын­дайда ел бас­шы­лығы осы­нау жосықсыздыққа қар­сы пәр­мен­ді шаралар қол­дану­ға тиіс қой дей­сің. Бірақ оның аңғарыла қой­май­­тыны өкіндіреді. Жаман әдеттің жұққыш бо­ла­­тыны бар. Кешегі күні аға са­на­ған ұлттың, халықтың, елдің басқа халық­тарға қарсы жөнсіз­деу әре­кет­­терін тәуелсіздік ал­ған елдердегі белгілі бір топ­тар­дың да қай­талағысы келетіні бар. Олар да «жетекші» ұлт бол­ғы­сы келеді, біреулерді тұқыр­тып, олардан жо­ғары тұрғысы келеді. Тарих мұн­дай әре­кеттер­дің болашағы жоқ­тығын талай дәлелдеген. Біреуді төмендету арқылы ешкім де биікке көтеріле алмайды. НИКАРАГУА ТАҒЫ ДА ОРТЕГАНЫ ТАҢДАДЫ Әрқашанда өздеріндегі тосын оқиғаларымен әлемдік саясатта көрініп қалатын Никарагуадағы президент сайлауын­да бүгінге дейін билікте болған Даниэль Ортега жеңіске жет­ті. Сайлаушылардың 60 пайыздан астамы оған дауыс берді. Қай елде сай­­лау өтпей жа­тыр, онда кім президент болып сайланбай жатыр, бә­рін  айта бе­ру міндет те емес. Бұл елдегі сай­лауға тоқта­луы­мыздың бірнеше себебі бар. Ең алдымен, жо­ғарыда айтқандай, елдің де өзгешелігі бар, ал оның президенті әлемдік саясатта көрініп жүрген адам. Біреуге жағады, біреуге жақпайды. Өзіне сөз де көп ереді. Соңғы кезде осы сайлауда жеңіледі деген сөз де біраз айтылған. Жеңілген жоқ, айқын басым­дылықпен жеңді. Оның негізгі қарсыласы, біраз адам жеңісінен үміт еткен «Тәуелсіз либерал­дық партия» одағының көсемі Фабио Гадеа 30 пайыз­дан сәл ғана асырып дауыс алды, үшін­ші үміткер либерал-конститу­циялық партияның кандидаты Арнальдо Алеман үлесіне тигені – алты-ақ пайыз. Халыққа Ортега несімен жақты дегенде, ең алдымен, көпшілікке көп ұнаған оның солшыл-центристік экономика­лық саясат жүргізгені. Ол ха­лықтың ең әлсіз, кембағал тобы­на айтарлықтай материал­дық кө­мек көрсетті. Сонымен бірге биз­нестің еркін дамуына да жағдай жасады. Сөйтіп, ел экономикасы айтарлықтай биік деңгейге көте­рілді, былтырғы жылы төрт пайыздық өсімге жетті. Сөйтсе де, халық Ортеганы ел тәуелсіздігі жолында қажыр­лы күрес жүргізген, дикта­тураны жойып, демократиялық үрдістің қалыптасуына үлкен үлес қосқан қайраткер ретінде біледі. Ол негізін қалаған Сандинистік ұлт­тық-азаттық май­да­ны көпшілік қол­да­уына ие болып отыр. Осы президенттік сайлаумен қоса өткі­зіл­ген парламент сайлауында да сандинистер 61 пайыз дауыс жинап, же­ңіске жетті. Бүгінгі жеңіс – Ортеганың үшінші жеңісі. 1985-90 жыл­дарда да ел президенті болған. Алғашқы кезіндегі асығыстау қадамдарындағы шалыс басула­ры сынға да ұшырады. Соның салдарынан кезекті президент сайлауында жеңілген болатын. Сонда жеңілісті парасаттылық­пен мойындап, өзінен кейін билікке келген оңшылдар мен центристерге оппозиция болып, сая­си күрестің әдіс-айлаларын меңгерді. Сөйтіп, арада 16 жыл өткенде қайта билікке жетті. Енді тағы да жеңіске жетіп отыр. Сол жеңістің тағы бір сыры – ол ел таныған тұлға. Кейде оның авторитарлық басқару стилі сынға ұшыраса да, бұқара халық оған кешіріммен қарай­ды. Оның Венесуэланың алыс-шалыс қадам жасайтын президенті Уго Чавеспен достығы да таңдандырады. Ресеймен де қарым-қатынасы жақсы. Абхазия мен Осетияны Ресейдің ең жақын елдері танымағанда, әлем­дегі үш-төрт елдің бірі болып, Никарагуаның танығаны да тосын жай. Сондай Даниэль Ортега же­ңіске жетті. Бұрындары ұлы ойшылдар айтқандай, халық қашанда өзіне лайық басшыны таңдайды. Мамадияр ЖАҚЫП.