11 Қараша, 2011

Математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды

1501 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы математика пәні мұғалімдерінің І съезінің шешімдерін жүзеге асыру бағытында атқарылған істердің бірі Оңтүстік Қазақстан облысы математика пәні мұғалімдері мен оқытушылары қауымдастығының құрылуы болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұйытқысымен құрылған бұл қауымдастық өзінің алғашқы жұмысын «12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайында мектеп пен жоғары оқу орындарындағы математикалық білім беру сапасын жетілдіру мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстелден бастады. Дөңгелек үстелдің мақсаты – мектеп пен жоо-дағы математикалық білім беруді жетілдіру мәселелерін талқылау, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағ­дайын­да мектеп пен жоо-дағы мате­ма­ти­калық білім беру мазмұнының сабақ­тас­тығын арттыру негізінде оларды шешу жол­дарын анықтау. Оған Оңтүстік Қазақ­стан облыстық білім басқармасы, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қай­та даярлау институтының өкілдері мен мек­теп директорлары, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің математика пәні әдіс­кер­лері, магистранттар және PhD докторанттар қатысты. Басқосуда математикалық білім беру­дің өзекті мәселелері көтерілді. Олардың бірі еліміздің мектептерінің 12 жылдық білім жүйесіне көшу жағ­да­йын­­дағы математика пәнінен таңдау курс­тарын жасау мәселесі болды. 12 жыл­дық білім беру жүйесінде бейіндік немесе ма­те­матиканы тереңдетіп оқыту­ға байла­ныс­ты таңдау курстары мен оларды оқытуға қажетті әдістемелік материалдар, есептер мен тапсырмалар жи­нақтарының сапалы­лы­ғы мен маңызды­лығы айтылды. Қаты­су­шылар «Ресейде 2004 жылдан бастап бейіндік және бейі­нал­ды дайындыққа арна­лып көптеген оқу материалдары жарық көрді. Бізде ол жоқ. Мұғалімнің өзі бейіндік курстарды жасауы үшін оған пайда­ла­на­тын казақ тілінде математикалық әде­биет­тер болуы керек, ал ондай әдебиеттер жоқ десе де болады. Кейбір мектептерде элективтік курстар үшін «Анықтауыштар және матрица», «Аналитикалық геометрия» сияқты тақырыптарды таңдаған, оның мазмұны жоғары оқу орындарында оқылатын мазмұнмен бірдей. Бейіндік оқытудың мақсаты жоо материалдарын мектепте оқытып қою емес, жоо бағ­дар­ламасын еркін меңгере алатындай етіп дайындау екенін біз естен шығармауымыз керек» – десті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың математигі, қауымдастықтың төрағасы Д. Ра­хымбек «біздің облыс сияқты халық саны көп облысқа оқулықтар мен оқу құ­рал­дарын шығаратын баспагерлік қыз­меті керек, жоо-ға арналған жоғары математика курсынан бірнеше оқу құрал­дары жарық көргенімен, математика мұ­ғалім­дерін дайындауға қажетті матема­ти­калық талдау, алгебра, геометрия сияқ­ты іргелі пәндерден қазақ тіліндегі оқу­лық­тар мен есептер жинағы осы күнге дейін жоқ, осы пәндердің оқулықтарын жазуға арнайы конкурс жарияланып, жа­зылса дұрыс бо­ла­ды» – деп өз ойын түйіндеді. Келесі мәселе – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері М. Әбенованың «Математика және өмір» ат­ты баяндамасында сөз болды. Онда мектеп математика курсын оқытуды өмірмен байланыстыру керектігі айтылды. Ғалым ХХІ ғасырдың ұстаздарға қоятын талабы өте жоғары, себебі орта мектепте, жоо интерактивті тақтаны пайдалануда, өн­ді­рісте, ғылымда нанотехнология қол­да­ны­луда. Химия, биология, физика және компьютер бірлестігі негізінде нанотехнология жасалуда. Сол пәндердің бәрінде математика қолданылатындығын айта келіп, оның 3 құраушысына тоқталды: 1) пәні; 2) әдісі; 3) қолданылуы. Матема­ти­ка­ның пәндері: арифметика (есеп), алгебра, геометрия, сол пәндерді оқушы жақ­сы игерсе, білімнің іргетасы құйы­ла­ты­нын ескертті. Педагогтардың айтуы бо­йын­ша «Оқушы құты емес, толтыру үшін құя беретін, оқушы жалын, жалынды тұ­та­ту керек». Ал тұтатушы – ұстаз. Ұстаз білікті болса әр тақырыпқа өз тәсілін қол­данып, оқушыға түсінікті етіп сана­сына жеткізсе, ол сабақ түсінікті болады, оқушының есінде сақталады. Педа­го­ги­ка­лық зерттеу бойынша естіген нәрсенің 30%-ы, көрген нәрсенің 70%-ы есте қала­ды, сақталады. Оқушы болса сабақта әрі естиді, әрі көреді (тақтадағы суреттер, формулалар, плакаттар, компьютердегі суреттер т.т.). Егер оқушы математиканы жақсы оқыса, ол басқа пәндерді де жақсы оқиды. Себебі, математика сабағы ойды ұшқырлайды, логиканы күшейтеді, сон­дық­тан оқушы ойын (сөйлемді) жүйелі, ықшамды түрде жеткізе алады» деп өз ойын қорытындылады. Дөңгелек үстелде геометрияны орта мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытудағы сабақтастықты жүзеге асыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Өйт­кені, барлық математикалық пәндердің ішінде, геометрия, сезу мен кеңістіктікті елестетуді және түсінікті дамытуға, ал оның негізінде жеке тұлғаның шығар­ма­шылық дамуына көбірек ықпал етеді деп толық сеніммен айтуға болады. Сезу мен елестету кез келген шығармашылықтың негізі болып табылады. Мектеп геометрия курсындағы оқу­шы­лардың кеңістіктік түсініктерін қа­лып­тастырудың қажетті құралдарының бірі сызбалар, яғни есепте қарастырылып жатқан кеңістік фигураларының параллель проекциядағы кескінін салу болып табылады. Зерттеушілердің пікірінше, сыз­ба «модельдер мен абстрактты кеңіс­тік объектілерінің арасын байланыс­ты­рады». Ол үшін планиметрияның салу есептері керек. Сондай-ақ, геометрия курсын оқытудағы проекциялық сыз­ба­ларды пайдаланудың әдістемелік қырына келер болсақ, олар оқушылардың оқу ма­териалын қабылдауын жеңілдетеді. Нақ­тырақ айтқанда, стереометрияның ал­ғашқы сабақтарынан бастап кездесетін қиындықтар жоғары сыныптарда сабақ беретін әрбір математика мұғаліміне та­ныс. Стереометрия аксиомаларымен та­ныс­тыру кезінде оқушылардың кеңіс­тік­тік түсініктерінің әлі де нашар дамыған болуына байланысты, стереометрияның алғашқы ұғымдары туралы мәліметтер абстрактілі сипатқа ие болып, жаттанды білімдер қалыптасады. Сондықтан да, оқушылардың көпшілігі стереометрия курсын мектеп пәндерінің ішіндегі күр­делі пәндердің бірі ретінде қабылдап, оған деген қызығушылықтары жойылады. Дөңгелек үстелге жиналғандар бұлар­дан басқа да көптеген мәселелерге тоқ­тал­ды. Мысалы, мектеп математика пәні­нің бағ­дарламалары мен оқулықтарына талдау жасалды және ұсыныстар берілді. Ө.Жол­дасбеков атындағы №9 лицейдің математика пәнінің мұғалімі Г.Нұр­жігітова 5-6 сы­нып математикасын оқы­ту­дағы қолданыс­та­ғы технологияларға тоқталса, Қазығұрт ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейден Р. Қарақбаева математиканы оқы­тудың сапасын арт­ты­ру бойынша ұсыныс­тар айтты. Дөңгелек үстелге қатысушылар назарынан бас­тауыш сынып математи­ка­сын оқыту, математикадан тестік жүйенің ерекшеліктері, кемшіліктері мен оны жою жолдары да тыс қалмады. Математиканың жоғары санатты мұғалімі А.Нысанов осы мәсе­ле­лер төңірегіне тоқталып, ҰБТ-да кездесетін есептердің 60-70%-ын талдау ар­қылы-ақ шешуге болатынын дәлелдеді. Ұсыныс ретінде тестті екі бағытта, яғни гуманитарлық және жаратылыстану ба­ғы­тында құрып, олардың мазмұнын жыл­да 70%-ға дейін өзгерту керектігін айтты. Жиын соңында талқыланған мәсе­ле­лер бойынша математиктер ұсыныстар қабылдады. Осылайша қызу тартыс түрінде өткен дөңгелек үстел бүгінгі таңдағы облы­сы­мызда математикалық білім берудің өзекті мәселелерін талқылап, оның кемшіліктерін жою бағытындағы жұмыс­тар­ды айқындады, математиканы оқытудың мектеп пен жоо арасындағы сабақ­тас­тық­ты жақсарту керектігіне тоқталды. Дөңге­лек үстелге қатысушылар қауым­дастықтың веб порталы – www.asm ukgu.kz ашыл­ғандығының куәсі болды. Нұрлыбай МАДИЯРОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Шымкент.