Президент • 14 Желтоқсан, 2017

Асқар тауға көлеңке түспейді

350 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің тарихы мен тағдыры Елбасының  тарихы мен тағдыры болып қалыптасты 

Асқар тауға көлеңке түспейді

Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасымыз анық. Өйткені Елбасы ел тәуелсіздігінің 26 жылында қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сия қоймастай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды. Назарбаев Қазақ елі үшін әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашып берді. Ақиқаты да осы! 

Туған еліміздің мерейі өсіп, абыройы тасқанын көруден артық қуаныш та, бақыт та жоқ болар бәлкім! Және де сол мерей мен сол абырой әлемдік деңгей мен әлемдік дәрежеде болып жатса, бұл дегеніңіз күні кеше ғана отар болған Отаныңның бағы жанғандығы деу керек. Отар болған да жалғыз біз емес едік. Әлем алдында абыройлы боламыз деп ұмтылғандар да жалғыз біз емес едік. Әрине бүгінгі заманның өлшемімен жиырма алты жыл дегеніңіз тарих үшін қас-қағымдық бір ғана сәт те болар. Алайда сол тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орны, беделі мен абыройы дүние құрлығындағы талайғы бір ертеден қалыптасып, ертеден қуатты мемлекет болып орныққан елдерден кем түсіп отырған жоқ. Тағы да бір ақиқат осы!

Біз тәуелсіздікті Кеңес өкіметінен қалған ауыр зардаптарымен қабылдап алып едік. Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік жағдайы да аса қиын болды. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос қалып жатты. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Өзге дүниені қойып, қара сабын іздеп сабылдық. Міне, сол жоқшылық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақтығыстар мен берекесіздік жайлап бара жатқан тұста, «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән де кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шықты. 

Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді. Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Бұл – бізге сын! 
Кешегі күні Алматы қаласын­дағы бұрынғы Фурманов көшесі­нің «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» болып аталуы және де Астана әуежайының «Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» болуы да халқымыздың өз ұланын ұлықтай білер, өзінің ұлы перзентін хан көтере білер дана қасиетінің айғағындай болып, көңілге орнықты. Өйткені Қазақ­стан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімі алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын Иордан Корольдігінің Амман қаласын­да және Ресей Федерациясын­дағы Чешен Республикасының астанасы Грозный қаласындағы бір-бір көшелерге берілген болатын. Сондай-ақ Елбасы атындағы көшелер Түркиядағы бірнеше қалада, Татарстандағы Қазан қаласында да бар. Міне, Елбасын, қазақтың бір ұланын жат жұрттықтар бізден бұрын ұлық­тап жатса, бұған сүйсінейік те және де ал­дағы уақытта Қазақстанның әр облыс­тарының орталықтарында да бір-бірден «Нұрсұлтан Назарбаев» даңғылы болып жатса, бұл да елдігіміздің биік бір парасат пайымы болар еді.

Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындады. Бұл да Қазақ елінің абыройы. Н.Назарбаевтың осы бір сая­сатын әлемнің мойындағандығының бір көрінісі мынау болса керек. 2014 жылдың 24 наурызы күні Еуропаның төріндегі Гаага қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дүбірлі дүниенің бүгінгідей дүрлігіп тұрған шағында қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылды. Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарған-ды. Ал енді 2016 жылы Елбасының Жапонияға сапары барысында таныстырылған «Президент Назарбаев» хризантема гүлі бертін «Мәртебелі» атағына ие болды. «Президент Назарбаев» хризантемасы сары түйнекті гүл екен. Ал сары хризантема Жапонияның символы болып табылады және император тағы мен осы ел азаматтарының ұлттық паспорттарын әшекелейтін мемлекеттік гербін білдіреді және де хризантема гүліне бұған дейін бірде-бір мемлекет басшыларының есімдері берілмегендігін ескерсек, Еуропаның «Президент Назарбаев» қызғалдағы мен Күншығыс елінің «Президент Назарбаев» хризантемасы қазақ перзенті, біздің Елбасына деген тұтас әлемнің құрметі мен сыйы деп білгеніміз абзал. 

Әлем көне тарихтың беттерінен мәңгі өшпейтін тағы бір тарихи оқи­ғаны біледі. 2010 жылдың желтоқ­сан айының 1-2-сі күндері Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы ұйымының беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалу­дың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың тағы бір маңызды қадамына жол ашты. Осылайша дүбірлі де дау-дамайлы, қарулы қақтығысы да дүние тіршілігінің жүйкесін жұқартып тұрған әлемнің бүгінгі дамуына Назарбаев сынды адам баласы­ның жаңаша әрі жауапты көзқарасы қажеттілігін адал ниетті, адал ойлы адамзат баласы терең түсініп те отыр. Әрине ол үшін жұдырықтай жүрегіңе тұтас әлемді, барлық адамзат мүддесін қазақ Президентіндей сыйғыза білу де қажет еді.

Адамзат мүддесі демекші, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күнгі әлемдік дау-жанжалдарды, қарулы қақ­тығыстарды бейбіт жолмен, келіс­сөз­дер арқылы реттеу жолындағы бітім­гершілік саясатын тағы да әлем жоғары бағалай білді. Бүгінгі әлем­нің тынысын тарылтып, қызуын көтеріп тұрған Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу бағытындағы түрлі көзқарасты жақтардың Астана қаласында кездесулері бұл мәселедегі Таяу Шығыстың қатып қалған тоңын жібітіп, бұрын қарудың тілімен ғана сөйлесіп келгендердің енді адами парасаттылық тілімен, дипломатиялық тілмен сөйлесулерін бастап берді.

Бізге Тәңір иесі дүбірлі дәуір­дің отты шағындағы мемлекеттер мен құрылықтардың, ғасырлар тоғысындағы жер шары мен дүниенің тыныштығы, жер-жаһанның саулығы, Адамзаттың амандығы, ең бастысы, қазақ баласының бағы үшін кемел кемеңгерлікпен әрдайым алаңдаумен күн кешіп келе жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды адал ұлды, алғыр да ойлы саясатшыны сыйлады. 

Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймастығын және де ғасырлық мұраттардың жүзеге аса бастағандығын тағы бір ойға ала отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып Астана қаласын салып орнықтыра білгендігі Мәңгілік ерлігінің бәйтерегі болып мәңгі жасары да анық. 

ХХ ғасырдың соңғы он жыл­дығы­ның дүниесi өзгерiп, саяси жү­йесi әлi қалыптасып болмай жат­қан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа астанасын жаңа орын­ға көшiрiп алып келiп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Есілдің бойына ел қонды­рып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүние әкелгендігі біздің, яғни Қазақ елінің Мәңгілік Ел бола алатындығын дәлелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген ұлылығы еді. Және де тәуелсіздік жылдары айдай әлемнің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орна­тып бере алған Елбасы бүгінгі Аста­наны салу арқылы барша қазақ жұр­тын егемендік жолында ерлік жасау­ға талпындырса, қазақ жұртын мойындатып, өз халқына айдай әлемді сүйсін­дірте білген тағы бір кемеңгерлігі мен ерлігі бол­ған­дығын айтқан ләзім. Осы бір ойлар тоғысында «Астана – Тәуел­сіз­дігі­міз­дің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі!» және де «Астана – халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып те­рең­г­е тартқан тамыры, жайқалған жапы­рағы!», – дегенді өз кезінде айтқан да болатын­быз. Бүгінгі Астананы өз басым Ел­басының қазақ баласы үшін соғып бер­ген ұлы Ескерткішіндей қабылдарым бар.

Біз тәуелсіздіктің алғашқы сәттері­нің куәгер ұрпақтарымыз. Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма алты жылдан бергі бар тарихы мен тағдыры да, жүріп келе жатқан жолы мен асқан асуы да, тар жол тайғақ кешуі де, дәуірлеп өсуі мен өркендеуі де біздің көз алдымызда болып жатыр. Біздің әрқайсымызға Жаратушы иеміз тәуелсіздік тарихын жасаушы да және соны жазушы да сыйын берді. Сол тарихи тәуелсіздіктің тағдыршешті кезеңдерінде Нұрсұлтан Назарбаев сынды Адамзаттың асып бір туған перзентін өз халқымыз­дың бағы деп бағалап, айбыны деп айта білсек етті. Асқар тауға ешқашан көлеңке түспейді.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

КӨКШЕТАУ