11 Қараша, 2011

Ауылды өркендетудің серпінді жолы

308 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Ертең Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт за­лында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына арналып, еліміздің агроөнеркәсіп кешені қызмет­кер­лерінің республикалық форумы өткізілмек. Бұл форумның жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы ел Тәуел­сіз­ді­гі­нің 20 жылдығына толымды табыстармен келіп отыр­ған­­ды­ғы белгілі. Биылғы жылы бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемдегі ас­тық алы­нып отырса, ақ мақтадан түскен өнім де соңғы 5 жылдың биік белесі бо­лып та­бы­ла­ды. Осының барлығы диқандардың маңдай терімен және мем­лекеттің агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіп келе жатқан қолдау шараларының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Соңғы жылдары еліміздің аграрлық саласында оны заман талабына сай алға жыл­жытатындай серпінді жобалар жүзеге асырыла бастады. Осындай ау­қым­ды жо­ба­ларды жүзеге асыру үстіндегі «ҚазАгро» холдингінің құрылғанына да 5 жыл то­лып отыр. Төменде аталған мәселелерге орайластырып арнайы дайын­дал­ған эко­но­­ми­ка­ ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемелдің мақаласын на­зар­ға ұсынамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы жолдауларында елі­міздің аграрлық саласының даму бағыттарын айқындай оты­рып, оны әртараптандыру, сала­ның бә­секелестік қабілетін арт­ты­ру, азық-түлік қауіпсіздігін қам­­та­ма­сыз ету мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Ауыл шаруашылығы – Қа­зақ­стан экономикасындағы ең ірі сала. Ауылда халқымыздың жар­тысына жуығы тұрады. Еліміздегі еңбек рыногына қатысу­шы 7,5 миллион адамның 2,5 мил­лионға жуығы – ауыл ша­руашылығы саласының еңбек­кер­лері. Өзін-өзі қамтамасыз ету­ші халықтың да басым бөлігі – ауыл адамдары. Ауыл шаруашылығы сала­сын біз тек қана мал мен егін деп түсінсек, қателесеміз. Ол – күрделі әлеуметтік-экономи­ка­лық жүйе. Тамақ өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы шикізатта­рын беру арқылы халықтың өмір сүруін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге ауылдық жерде тұрушы халықтың тұр­­­­­мыс-тіршілігін, олардың өмір сүру жағдайы мен сапасын реттейді. Ауылды көтерудің нақты жо­лы ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты меке­мелердің мемлекеттік активтерін корпоративті басқару сапа­сын арт­­­тыру үшін 2006 жылы 11 жел­тоқ­санда Президент Жарлы­ғымен 100 пайыз мемлекет иелігімен «ҚазАгро» ұлттық басқа­ру­шы хол­дингі құрылды. Оған «Аграрлық несие корпо­рация­сы», «ҚазАгро­Қаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры», «Азық-түлік келісім-шарт корпорация­сы», «Мал өн­ім­дері корпорация­сы», «Астық кепілдіктері бой­ын­ша міндеттемелерді орындауды сақтандыру қоры» (ҚазАгро­Га­рант) «Қазаг­ро­маркетинг» секілді жеті акционерлік қоғам бірікті. Бүгінде осы ірі холдингтің құ­рылғанына бес жыл толды. Осы жылдар ішінде қоғамда ауыл ша­руашылығындағы даму инсти­тут­тарының қажетті-қа­­же­т­сіздігі туралы екіұдай пікір тайталасып келеді. Бір топ саясаткерлер мен ғалымдар «бұл бүйен секілді керексіз элемент, олардың істерін министрлік те атқарып жатқан еді» десе, екінші топ бұл институттарды қажет санайды. Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде ауыл шаруашылығын да­мытудың қандай жолдары бол­ға­нына назар тастар болсақ, на­рық қатынастарына көшудің бас­тапқы мерзімінде (1992-1997) «бір мезеттік», жүйесіз, секіртпелі шаралар жасалды. Одан кейінгі бес жылда (1997-2002) банк­тер шығындарының біра­зын өтеу, шаруаларға жеңіл­де­тіл­ген несиелер беру, лизинг ар­қылы техника беру, т.с.с. шаралар жергілікті мемлекеттік органдар арқылы жасалды. Бұл істерде жүйелілік болған жоқ, өңірдің экономикалық қуатына қарай әр жердегі жұмыс әрқалай өрбіді. Тек 2002 жылдан бастап қана ауыл шаруашылығының да­­муы жаңа сатыға көтерілді. Жа­ңаша істің жүзеге асуына 2001 жылдың соңында құрылған ауыл шаруашылығын несиелендіруді жүйелі жолға көшіруге арналған акционерлік қоғам түрінде құ­рылған жаңа қаржы институт­тары міндетті болды, яғни аг­рар­лық салаға берілетін мемлекеттік қаржы бағыттар бой­ынша бөлініп, бір орта­лық­тан игерілетін болды. Ауылды қолдаудың нақты көрінісі ретінде 2003-2005 жылдарға арнал­ған мемлекеттік азық-түлік бағ­дарламасы қабыл­данып, жүзеге асырылуы да аграрлық саланың жүйелі түр­де жетілуіне серпін берді. Кейінгі уақытта бұл құ­рылым­дар бір холдинг аясына біріктірілді. Холдинг құрылғаннан бері 5 жыл ішінде агроөнеркәсіптік ке­шеннің да­муы­на 790 миллиард теңге қаржы жұм­салды, оның 22,3 пайызы бюджеттік қаржы, бас­қасы – холдингтің өз қаржы­сы мен сырттан тартқан қаржы­лары. Осы қаржылардың есебінен бү­гінгі күнде 33000 несие алушылар өз жұмыстарын игілікті ұйымдас­ты­рып отыр. Холдинг құрылғаннан бері оның құрамындағы компаниялар тобының активі 2,3 есе (189,5 миллиард теңге­ден 438,3 миллиард теңгеге) өсті, хол­динг­тің өз капиталы 2,5 есеге, та­быс­тары 3 есеге ұлғайды. Соның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың соң­ғы он жыл ішіндегі атқарған негізгі жұмысы ретінде елімізде 161 кредиттік серік­тестіктердің ашылып, шаруаларды несиелеу ісімен айналысып жатқанын ай­ту­ға болады. Бұл бағыт бойын­ша несие­леу 7 жыл мерзімге 4 пайыздық сыйақымен беріледі. Бүгінде бұл кредиттік серіктестік­тердің жарғылық капиталы 6,2 миллиард теңгеге жетті, оның 0,3 пайызы ғана корпорацияның үлесінде. Осы серіктестіктерге барлығы 80 миллиард теңгеден астам қаржы несие ретінде берілді. Кредиттік серіктестіктердің құрамында 6616 ауылшаруашылық құрылымдары бар, оларда 175636 адам еңбек етеді. Бұларға бекітілген жер көлемі 7,5 миллион гектар, оның 4 мил­лион гектары, яғни еліміздегі барлық егістіктің бестен біріне жуығы кредиттік серіктестіктердің қаржысы­мен күнелтуде. Қазір корпорация кредиттік серіктестіктердің қатысушы­лары­ның санын көбейту жолында пәрменді істер атқару үстінде. Корпорация несиелеріне осы жыл­дары 363 мың ірі қара, 77 мың жылқы, 4,4 мың түйе, 17 мың бас шошқа, түрлі техникалар мен құрылғылар сатып алынды. Ауыл шаруашылығындағы құры­лым­­дарды кооперациялау ісі қолға алынған соңғы 5 жыл ішінде өнімді өндіру, дайындау, қайта өңдеу, сақтау мен сату істеріне корпорация тара­пынан 5-7 жыл мерзімге 5 пайыздық өсіммен қаржы берілуде. Мұндай несие алушы бірлестіктердің саны қазір 139-ға жетті, оларға бүгінге дейін 4 миллиард теңгеге жуық қаржы берілді. Бұл бірлестіктерге 1600 кәсіпорын мен 3,5 мың жеке қосалқы шаруашылық иелері біріктірілген. Атқаратын қыз­мет­терінің бағыттары бойынша мұнда 34 жоба сүт өндіру мен олардан дайын өнімдер шығаруға, 34 жоба ет өн­дірісіне, 29 жоба жеміс-көкөніс бағы­тына, басқалары май өндіру, мақта саласы, балық, жүн, т.с.с. бағыттарға бөлінеді. Бұл істер жергілікті басқару органдарымен бірлесіп ұйымдас­ты­рылуда. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры» АҚ ұсақ шаруалар мен ауыл тұрғындарына микрокредиттер берумен айналысады. Осы жұ­мысты үйлестіру үшін еліміздің заң­намасына сәйкес 51 микрокредиттік ұйымдар ашылған, олар 94 аудан орталықтарында жұмыс істейді. Бес жыл ішінде микрокредиттік ұйым­дарға қор 4,2 миллиард теңге қаржы берді, соның есебінен ауылда тұратын 12 мыңнан астам адам несие алды. Жалпы 2005 жылдан бері қор 14,1 миллиард теңгелік 61,6 мың микрокредиттер таратты. Ол 56 мыңдай отбасының ұсақ қажеттіліктерін шешуге жәрдем болды. Соңғы жылдары қор «Егінжай» деп аталатын жаңа бағдарлама бойынша 500-600 гектар жері бар шаруаларға да несие беруді ұйымдастырды. Осы бағ­дарлама бойынша 2010 жылы 500 миллион теңге, 2011 жылы 700 миллион теңге қаржы 552 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілді. Құрғақшылықтың нәтижесінде жем-шөп бағасының өсіп кетуіне бай­ланысты қор «Мал азығы» деген бағ­дар­лама бойынша 500 миллион теңгеге 793 несие берді. Қор сондай-ақ, шағын жылыжайлар сатып алып орнатып пайдалану үшін 250 миллион теңгенің 124 жобасын қаржыландырды. Осы арқылы мектеп­тердің, басқа да мемлекеттік мекеме­лердің аумағында бос жатқан 0,03-0,05 гектар жерге жылыжайлар орнатып, сол ұйымдарды қысы-жазы көкөніспен қам­тамасыз етуге болады. Сондай-ақ қор мұндай жылыжайларды тұрғын­дарға лизинг жолымен беру ісін де ұйым­дастыруда. Бүгінге дейін Жамбыл, Оң­түс­тік Қазақстан, Алматы облыста­рын­да 3 жылыжайлық кешен, 254 ша­ғын жылыжай лизингке берілді. Осы жылдар ішінде «ҚазАгроӨнім» АҚ 11 128,4 тонна ет және ет өнімдерін, 65 993,8 тонн сүт пен сүт өнімдерін, 11 146,7 тонна жүн, 12 944,6 тонна мал терісін, 66 455 бас ірі және ұсақ мал дайындап, түрлі мал өнімдерін 11 387,7 млн. теңгеге сатты, оның ішінде шетелдерге 1 760,8 млн. теңгенің өнімдері сатылды. «ҚазАгроГарант» астық және мақта кепілдіктерін орындау міндеттемелері жүйесін жетілдіру қызметтерімен нақты айналысуда. Осы кепілдіктерге арқа сүйеген екінші дәрежелі банктер ауыл­шаруашылық тауар өндірушілеріне несие беру үстінде. 2002 жылы банктер тарапынан ауылдағы тауар өндіруші­лерге бар болғаны 500 миллион теңге несие берілген болса, 2010 жылы 144,3 миллиард теңге несие берілді. Соның нәтижесінде шаруалар өздерінің өнім­дерін лайықты бағаға сату мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазақстандық ауылшаруашылық өнім­дерін экспортқа шығарумен хол­дингтің еншілес компаниясы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ айналысады. Астық сатуды жақсарту мақсатында бұл компанияның қаржы­сына 2007 жылы Әзербайжанда қуаты 350 мың тонналық астық терминалы салынып, іске қосылды. 2010 жылы Иранның Әмірабад портында жылына 700 мың тоннаға дейін астық экспорт­тауға мүмкіндік беретін астық терми­налы салынды. Бүгінде астықты ұн етіп сату мақсатында Маңғыстау облысы­ның Бейнеу қаласында 6,9 миллиард теңгеге қуаты 100 мың тонналық астық қоймасы мен диірмен қоса салынып, бірінші кезегі пайдалануға берілді. Онда тәулігіне 400 тонна ұн, 100 тонна құрамажем шығаруға болады. Бұл жоба Каспий маңы аумағында 1,5 миллион тонна астық сатуға мүмкіндік береді. Холдингке қарасты «ҚазАгроҚар­жы» АҚ құрылғалы бергі он жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніне 221 миллиард теңге қаржы салды, сол арқылы 3800 шаруашылық құрылымдарына қаржы­лық қолдау жасады. Қоғам арқылы 149 миллиард теңгеге 17 мың дана ауыл шаруашылығына қажетті түрлі техникалар, егіс кешендері, комбайндар, тракторлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін құрылымдар сатып алынды. Бұдан басқа «ҚазАгроҚаржы» арқылы тамшылатып суару, «No-Till» топырақ­ты жаңаша өңдейтін ресурссақтаушы технологиялары тауар өндірушілерге лизингке сатып әперілді. Тамшылатып суару әдісін енгізу бүгінде өз нәти­жесін бере бастады, бұл технология пайда­ланылған жерлерде өнімділік ашық жер қыртысымен салыстыр­ғанда 50-70 пайызға артты. Соңғы бес жыл ішінде 125 «No-Till» егіс кешені сатып алын­ды, ол 340 мың гектар жерді қопсытуға жарайды. Мал шаруашылығын өркендету, 2016 жылға қарай жылына 60 мың тонна етті экспортқа шығарып, табыс алу­ды астық өндірісімен теңестіру жайын­дағы Елбасы тапсырмасына сәйкес «ҚазАгро» кешенді шараларды қолға алды. Соның нәтижесінде елімізде мал бордақылау алаңдары, асыл тұқымды мал өсіру, фермерлік ша­руашылық­тарды нығайту, мал сою пункт­терін жасау мен ет өңдеуші кәсіпорындарды құру секілді жұмыс­тар жүзеге асуда. Жоба бойынша алдағы бес жылда бір мезгілде 150 мың бас малды бор­дақылауға болатын алаңдар кешенін салу жүзеге асы­рылуда. Етті малды көбейту мақса­тында сырттан асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынуда, қазірге дейін бір мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді, оның саны сегіз мыңға жеткізілмек. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің ұйымдастыруымен еншілес компаниялар көктемгі егіс және егін жинау нау­қандарындағы агротехникалық ша­ра­ларды дер кезінде жүргізуге қажетті қаржы таратылып жатыр. Тек қана астық өндіруге үстіміздегі жылы 78 миллиард теңге қаржы қарастырылып, дер кезінде диқандарға жеткізілді. Қазір­гі астықтың мол өнімділігінде холдинг ұйымдастырған істердің үлесі едәуір. Үстіміздегі жылы қаржылық қиын­дықтарға қарамастан холдинг несиелерге қойылатын жылдық ставканы 4 пайызға азайтып отыр. Бұл әлемдегі қаржы дағ­дарысы мен қаржы тұрақ­сызды­ғының жағдайында жасалып жатқан ең батыл шара және несиеге мұқтаж шаруалар үшін таптырмас көмек. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ірі қалалар төңірегінде азық-түлік белдеуін жасау бағдарламалары бар. Ол бағдарлама­лар қалалардың төңірегіне түрлі қоймалар мен өңдеу цехтарын ашумен шектелмей, аймақтармен мықты ло­гис­тикалық байланыс орнату мәсе­лесін жолға қоймақ. Қай өнімді қай жақтан жеткізіп тұру тиімді әрі қо­лайлы екені зерттеліп, әрбір өңір сол өнімдерге мамандандырылуы, сөйтіп бір орталықтан басқарылып отыры­луы керек. Мысалы, көкөніс – оңтүс­тікте, күріш – Қызылордада, қарақұ­мық – Талдықорғанда, балық – теңіз­дер мен көлдерде мол болса, соны жеткізіп тұруды ойластыру керек. Жылдың үш мезгілінде от жағуға тура келетін орталық және солтүстік өңір­лерге жылыжайлар орнату қажетсіз. Өйткені бір кило қызанақты өндіруді жылыту үшін кететін шығын ол өңір­лерде суық болғандықтан 40 теңгеге түссе, ал оны оңтүстіктен тасымал­дауға бар болғаны 8-12 теңге ғана кетеді екен. Бұл іс жүйелі түрде ұйым­дастырылған жағдайда өзіндік құн мен жол шығынын бұдан да төмен­детудің жолдары жоқ емес. Еліміз тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойы күндері құрыл­ғанына 5 жыл толып отырған, шаруа­ларға ашық әрі жұмысты екі жақты тиімділік деңгейінде атқаруға әзір болуымен қатар өз жұмысын да жаңаша ұйымдастырып келе жатқан «ҚазАгро» холдингі алдағы кезде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға бөлініп жатқан орасан зор көлемдегі қаржыларды ауылшаруа­шылық тауар өндірушілеріне жеткізуді жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, жобалардың тиімділігі мен қайтарым­дылығына баса көңіл бөліп жүргізе беретіндігіне сенім зор. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, профессор.