Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Барқыт үннің иесі

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мүсілім Магомаевтың «Синяя вечность» әнін қатты жақсы көремін.

Барқыт үннің иесі

 Өзі шығарғаннан соң ба, Магомаев шырқағанда ән тылсымы сенің де кеудеңе саулай құйылып, бар болмысыңмен әуенге елтігеніңді білмей қалатынсың. Ән жұмбағы да, өнер құдіреті де, әншінің құдай берген таланты да сонда болса керек. Ал ол өмірден озған соң кім айтса да бір қайнауы кем болды-ау дегендей, дәл Мүсілім биігіне жетіңкіремей, жетпей қалған тұстарында қайран әнші «Синяя вечносты» өзімен бірге алып кетті ме дейтінмін. Ара-тұра Ютубтан Мүсілімнің орындауында тыңдап осы бір әнге деген ынтызарлығымды кемерінен асырмай қоятыным және бар. Бірде «Голос Краіни» атты жобада Украинада оқитын әзербайжан жігіті Вагиф Нагиевтің өзінше салған өзгеше өрнегіне разы болғаным бар. Ал қазақ баласында бұл әннің тұңғиығына бойлап, жанды тербеп айтар біреу шығады деп те ойлап көрмеппін. Жоқ, қайта бүгін сол пендешілігімнің мүлде қате болғанына қуанып отырған жайым бар. 

Ойда жоқта бір әншіге жолықтым. Сұңғақ бойлы, жылы жымиятын әдемі күлкісі бар, бойынан қазақылықтың жанға жұмсақ лебі ескен, көшеде кезіксең, қарапайым көптің бірі санап қасынан өте шығар жас жігіттің есімі – Марат, сойы – Айтымбай екен. Ал ән салған тұста көз алдыңда Марат асқақтап кетеді. Жоқ, менменсіген емес, ол сіз үшін биік тұлғаға айналады. Одан енді паңдықты да, әнге ғашықтықты да, өнер киелілігін ұғынғанды да көресің. Шырқап кеткенінде бойың шымырлап, ән кейде қисапсыз кеңдікке құлаш ұрып, кейде өрге ұмтыла, шыңға көтерілген тұстарында ән асқарының ғажайып биігін бағындырған жасқа сүйсіне қарап, әншінің таза үніне тамсанасың.

Мараттың туған жері – Шымкент қа­ласы. Әу демейтін қазақ жоқ, дегенмен де тұқымында кәсіби түрде өнер қуған, ән­шілік дарыған жан жоқ, екен. Ата-ана­сы баламыз ойын ойнап, доп қуғанша, өнерден сусындасын деп кішкентайынан музыка мектебіне сүйреп, фортепьяно сыныбында оқиды. Одан сол Шымкенттегі Музыка колледжіне түсіп, сонда жүргенде конкурсқа қатысқанының арқасында көзге ілініп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға шақырылады. 2017 жылы Арменияның халық әртісі Барсег Туманянның сыныбында «вокал өнері» мамандығы бойынша университетті үздік бітіріп шығады. Қазір өзі білім алған шаңырақта магистратурада оқып жатқан Марат 2016 жылы болашағынан үміт күттірген студент ретінде Римдегі әйгілі «Санта Чечилия» консерваториясына 4 айға оқуға жіберіледі. – Маған сабақ берген өзі Рим сахнасын бағындырған, Ла Скалада көрермендерін тамсандырған маэстро Клаудио ди Сенни қазақтың әндеріне қайран қалды. Не деген керемет дүниелер, халық әндері дейсің бе? Қандай кеңдік, мынау әншіге техникалық тұрғыда баға жетпейтін дүние ғой. Мысалы, немістің, француздың әндерін айтушыға дыбыс қысаңдығы кедергі келтіреді, ал қазақтар қалай кең шырқаған деп «Ақбақай», «Тілеуқабақ», «Қарғам-ау», «Назқоңыр» сынды әндерге тәнті болып, біраз әннің нотасын сұрап алып қалды, – дейді Марат. 

«Адам әнді орындағанда әр жаста әрқалай сезінеді екен. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын сіз жақсы көретін «Синяя вечносты» қалай айттым. Техникалық тұрғыда емес, сезіну жағынан. Жалпы, репертуар таңдағанда ішкі жан дүнием мен сезіміме көп жүгінемін. Өткенде қанша ән білесің деген сауалға жауап беру керек болып, соған ерінбей үш күнімді арнап тізімін жасап, 1100 әнді тізіп шықтым. Бірақ оның барлығын айтамын деген сөз емес, кей әнді оқу үдерісі кезінде үйренесің, ал негізі мен өзі не нәрсенің де түбіне, тереңіне бойлағанды жақсы көремін, сондықтан да италия, ағылшын, француз тілдерін үйреніп, оған қоса қазақтың халық әндерін орындағанда тек нотаға сүйене айту дұрыс емес деп, дәстүрлі ән шеберлері Қайрат Байбосынов, Ерлан Рысқали тәрізді майталмандарға құлақ түріп, ән сөздеріне мән беремін. Ал шетелдік ария, романстарды орындау үшін тілін ұқпасаң, сөзінің мәніне жетпесең, ол көпшілікке де жетпейді», дейді әнші.

Мараттың ән салғанда теңіздің түбі көрінгендей тазалық, тұнықтыққа қоса, тұңғиықтан қуат алып, буырқанып, толқыны тулап бір кеткенде алып кемені бұйым құрлы көрмейтін теңіздің ересен зор күші тулап жатады. Ән биігіне шығып, дауыс төрт құбылаға тегіс тарайтындай кеңге құлаш кергенде қан тамырларыңыз бен әрбір клеткаңыз ән тылсымынан ширығып, қатты бұралған шектей, сымдай тартылып, әуенді қабылдаудың шырқау шегіне қалай жеткеніңізді аңғармай қаласыз. Ішкі жан әлеміңіз ерекше бір күйге бөленеді. Сірә, бұл Мараттың барқыт үніндегі биіктіктің сиқыры болса керек.

– Өз аспабым фортепьяноны да қатты жақсы көремін, сондықтан жиі-жиі оған оралып, орындайтын әндерімнің өңдеуін де өзім жасаймын. Ермек Серкебаевтың өзінің фортепьянода сүйемелдеуімен айтқан әндерін тыңдап көріңізші, қандай керемет! Операда партитурадан ауытқып шығуға болмайды, оркестрдің әр аспабының өзінің тартар иірімі бар, сондықтан одан ауысып кете алмайсың. Ал Ермек ағаның импровизацияға баруы, халық әндерін шарықтата айтуы ғажап. Жалпы, шығармашылық адамына белгілі бір дербестік, еркіндік қажет деген ойдамын. Тек қалыпқа түскен бағыттан ауытқымай, тактіден шықпай айту әншінің ойын да, өнерін де тұсайды деген жас жігіттің пайым­дарына қарап, одан болашақта жарқырай жанатын жарық жұлдызды көргендей болдым. Сәт сапар саған, Марат!

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»