11 Қараша, 2011

Ақмола алып жоба, ауқымды істер жетегінде

381 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
16-17 қарашада Астанада Ақмола облысының күндері өтеді

ЕЛОРДАЛЫҚ ЕСЕПКЕ – ЕСЕЛІ ТАБЫСТАРМЕН

Сарыарқаның төріндегі қуатты аграрлы өңір саналатын Ақмола облысы соңғы жылдары аграрлы-индустриялық сенімді бағыт ұстанып отыр. Қоғамдық өмірдегі елеулі сілкіністерді, экономикалық және қаржылық дағдарыс­тар­ды еңсере білген облыс Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды, маңызды бағдар­ламалар мен индустриялық-инновациялық жо­ба­ларды табысты атқарып келеді. Әсіресе, биылғы мерекелі жылдың жетістіктері көңіл өсірерлік дәрежеде. Облыс әкімі Сергей Дьячен­ко бізбен әңгімесін «Ақмола алып жоба, ауқым­ды істер жетегінде» деген сөздермен бастауы алдағы күндердің міндеттері де ауқымды екендігін аңғартады. – Елбасы Н.Назарбаевтың «Мен астаналық облыстың тұрғынымын» деген сөзін жерлестеріміз жауапкершілік жүктейтін жоғары баға санайды. Сенім мен серпілістен туындайтын басты міндеттер нені көздейді? –  Мемлекет басшысы – Ұлт көш­бас­шысы жүргізіп отырған кең ауқымды реформалар өңіріміздің дамуына, оның эко­номикалық қуатының нығаюына айрық­ша серпін берді. Осыған сәйкес, елімізде қол­ға алынған маңызды бағ­дар­ламалар желісіне салмақты үлес қоса білдік. Қазіргі таңда Қазақстан шеңберіндегі ақмола­лық­тардың үлесі алтын рудасын өндіруде – 35 пайызды, алтын алуда – 25, электро­воз­дарға ар­налған подщипниктер шығару мен олар­ға жөндеу қызметін көр­сету бо­йын­ша – 100, ауыр салмақты ав­то­­көлік­тер шы­ғаруда – 99,8, кірпіш дайындауда – 14 және жоғары сапалы би­дайдың 25, ет пен сүттің 6-10 пайыз­дан астамын құрайды. Облыс­тың экс­порттық әлеуетінің 37 пайызы уран өнімдерінің еншісінде. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан хал­қы­на Жол­дауында қойылған тапсыр­ма­ларды орын­дау барысында Қазақ­стан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы ме­рей­тойы ерекше көңіл күй қалыптас­ты­рады. Күн өткен сайын бұл мереке де жақындай түсіп, ақмолалықтар оны өз­дерінің нақты істерімен және еңбек­тегі жоғары нәтиже­лері­мен қарсы алуда. Индустрияландыру картасының жо­баларын жүзеге асыру барысында өнер­кәсіп қарқынды дамып келеді. Жыл ая­ғы­на дейін 12 миллиард теңгенің 13 жобасы пайдалануға беріліп, желтоқсан айында таныстырылымы өтеді. Осы мерзім ішінде, жаңа нысандарды қатарға қосу есебінен 35 миллиард теңгенің қосымша өні­мі алынды. Бұл бүкіл қайта өңдеу кәсіп­орындарының 30 пайыздық үлесі. Осы­ның нәтижесінде, 2011 жылы өнім шы­ға­ру кө­ле­мі 230 миллиард теңгеге жетеді. Сондай-ақ, қайта өңдеу кәсіп­орын­дары­ның үлесі 70-тен 75 пайызға көтерілді. Саладағы әр жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі үстіміздегі жылы 4,4 мил­лион теңгеге ұлғаймақ. Мал шаруа­шы­лығын жедел да­мы­ту шаралары қолға алынды. Мол астық шықты. «Бизнестің жол картасы – 2020» және шағын несиелендіру бағдар­ламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасалды. – Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жы­лын­дағы бұралаң белестер мен игі ұмтылыстардың қорытындысы шы­ға­рылады. Ендеше, облыс қандай мақ­саттар биігінен көріне алды? – Иә, жүріп өткен 20 жылымыз сын­дар­лы кезеңдерді бастан өткеру және оны табандылықпен еңсеру кезеңі бол­ған­ды­ғы анық. Бұл тұрғыда президенттік тәлім мен тағлымның құнды­лы­ғы ерекше. Мұ­ны облысымыздың тыныс-тірші­лігінен де молынан көреміз. Облыстағы жалпы өнім деңгейі 2010 жылы 1993 жыл­мен салыстырғанда 255 есе өсіп, 586 миллиард теңгені құрады, әр тұрғынға шақ­қан­дағы жалпы өнім деңгейі 1993 жылғы 3 мың теңгеден 849 мың теңгеге жетті. Яғни, ол 2011 жылы 622 миллиард теңгелік көр­сет­кіштен асып түседі деуге негіз бар. Негізгі капи­талға инвестиция жұмылдыру көлемі 73,5 миллиард теңге болса, тұрғын үйді іске қосу 36 пайызға көбейіп, 147 мың шар­шы метрлік деңгейге жетті. Бюд­жет­тің кіріс бөлігі 12 пайызға артығымен орын­дал­са, еңбек­ақы мөлшері 59700 тең­геден ай­налды. Бұл 13 пайыздық өсімді білдіреді. – Елбасы Н.Назарбаев облысы­мыз­ға келген сапарларында қол жеткен табыстар мен мүмкіндіктерді екшей отырып, өңірдің дәстүрлі даму сипаттамасына өзгерістер енгізу қа­жет­тігін атап көрсеткен еді. Бұл ба­ғытта қандай қадамдар жасалуда? – Ағымдағы жылдың 9 айының қоры­тын­дысында барлық негізгі бағыттар бо­йынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Об­лыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 119,7 пайызды құрап, ауыл шаруашы­лы­ғының жалпы өнімі 117,3 пайызға асыра орын­дал­ды. Бұл ретте, аграрлық сектор­дың ел экономикасындағы үлесі 16 па­йыз болып отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері 182 миллиард теңгенің өні­мін өндіріп, қыз­метін көрсетті. Мұның өзі өңір­лік жал­пы өнімнің 23 пайызына тең. Үстіміздегі жылы ғана 9 мыңдай жерлесіміз жұмысқа орналастырылды. Қайта өң­деу кәсіп­орын­дарын дамытуға басымдық беру нәтиже­сінде оның өнеркәсіп сала­сын­дағы үлесі 72 пайызды қамтып отыр. Үдемелі индустриалдық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы қолға алынған 1,5 жыл ішінде 95 миллиард теңгенің 20 жобасы жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Облыс өнеркәсібінің инновациялық әлеуеті алтын, уран, подщипниктер, элек­тро­­воздар, авиация техникаларының бөл­шек­тері, құрылыс материалдары, астық сияқ­ты бәсекеге қабілетті өнімд­ер­дің озық технологиялық құрылым­дары­нан тұрады. Аталған өнімдер көлемін арттыру нәти­жесінде жалпы өнім ау­қы­мындағы инно­ва­циялық үлес 24 пайызға жетіп отыр. Тиімділіктің негізгі факторы болып саналатын өнеркәсіптің өңдеуші сала­сын­дағы еңбек өнімділігі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артты, сөйтіп, ол еңбек етуші әр адамға шаққанда 19 мың АҚШ долларын немесе 2,8 миллион теңгені құрады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық өнім өндіру­ші­лер­ге мемлекеттік тапсырыстар бойын­ша басымдықтар қарастырылғаны ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен ықпалын тигізуде. Тауарлар мен жұмысты, қызметті мемлекеттік сатып алу бойынша салалық үлес 2010 жыл­дың осы кезеңіндегі 39,5 пайыздан 60 пайызға өсті. Ал, өңдеуші саладағы ең­бек өнімділігі 2010 жылмен салыс­тыр­ғанда 2 есеге артып, әр адамға шаққанда 5 миллион теңгеден айналды. – Диқан қауымы мерекелі жылдың егін орағының мәресіне үлкен мереймен жетті. Қамбамыздың қорлануы қай деңгейде? – Ауыл шаруашылығы облысымыз­дың әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіш­терін жақсартуды негізгі көзі. Биыл бұл салаға 42 миллиард теңге қаржы салынса, мемлекет егіншілік жүйесіне 8,1 миллиард теңгелік тікелей қолдау көрсетті. Осының арқасында өнімділігі жоғары 276 шетелдік ауылшаруашылық техникалары сатып алынды, барлық егіс алқабының 70 пайызында ылғал үнем­дегіш технология қолданылды. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 155 миллиард теңгеге, яғни бұрын болмаған деңгейге жетеді деген болжам бар. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе, ал 1993 жылғыдан 13,2 есе жоғары деген сөз. Диқандарымыз мерекелі жылы 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұр­шақ дақылдарын септі. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 125 мың гектарға артық. Биыл 7,3 миллион тоннадан астам астық жиналды, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3,2 есеге артық. Гектар түсімділігі 17 центнерден айналды. Облысымызда соңғы екі жылда салын­ған заманалық астық қоймалары 4,1 миллион тонна дәнді қабылдап, сақтауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда біз республика облыстарының бәрінен озық тұр­мыз. Сондай-ақ, шаруашы­лық­тар­дағы қой­­малар ішкі тұтынуға (1,1 мил­лион тонна) қажетті астықтың бар­лы­ғын ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз етеді. Экспортқа астық шығару мақсатында «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақмола бөлімшесі 500 арнайы вагон сатып алса, оның сапар барысындағы бүлінбеуіне Көкшетаудағы «НОВОПЭК» ЖШС септігін тигізуде. Былайша айтқанда, серіктестік шығарып жатқан ультрақызғылт сәулелерді өткізбейтін, сиымдылығы 75 тонналық полиэтиленді алып қанарлар тиімділігімен ерекшеленеді. Астықты өңір жұртшылығының басты байлығы­мыз­ды ысырапсыз сақтаудағы өзге де бастамалары қолдауға тұрарлық. – Президент ақмолалықтарға абы­рой­лы да аса сындарлы екі тапсырма берді. Яғни, Астананың азық-түлік бел­деуін құру мен осы аймақта агло­ме­ра­циялық үйлесімді жүйе құру мәсе­лесі­нің жай-күйі туралы хабардар етсеңіз. – Республика Үкіметі 1999 жылдың сәуіріндегі қаулысымен қалаға іргелес аймақтың аумағын, қазір айтылып жүр­геніндей, Астананың агломерациялық белдеуін айқындады. Оған облысы­мыз­дың Аршалы, Целиноград және Шор­тан­ды аудандарының жекелеген бөлігі енгізілген. Ол Астанадан 30 километрлік шеңбердегі 20 ауылды, бекеттер мен кент­ті қамтиды. Қала маңындағы аймақ­тың жалпы көлемі 256,5 мың гектарды құрайды. Ондағы үйлесімді дамуды қамтамасыз ету Ақмола облысына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Сал­мақ­ты мәселенің тағы бірі ауыл құрылысы мен тұрмысының Астананың сән-салтанатымен жарасымды үйлесім табуында дер едік. Алғашқы күндерден бастап облыс басшылығы, мүмкіндігіне қарай, тұрғын үй және әлеуметтік ны­сандар құрылысын жүргізу, инженерлік-коммуникациялық, көлік инфрақұры­лымын қамтамасыз ету сияқты өзекті міндеттермен айналысуда. Өткен жылдың 5 тамызындағы Елба­сының Ақмолға сапарын агломерация ауқымын кеңіткен бетбұрысты қадам деп санаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен Үкімет 2010 жылғы 30 қарашада Астана қаласына іргелес елді мекендердің әлеуметтік-эко­но­мика­лық дамуының 2011-2014 жыл­дарға ар­нал­ған кешенді жоспарын бекітті. Кең көлемді жоба аталған 20 ауыл­дағы даму үрдісіне 40,4 миллиард теңге қаржы жұмыл­дыру­ды көздейді. Оның 4,3 миллиард теңгесі жергілікті бюджет қаражаты. Былтыр аудан орталығы инфрақұры­лы­мын дамытудың бірінші кезектегі жо­ба­лары жедел қарқынмен жүзеге асы­рыл­ды. Белгіленген мерзімінен бір ай бұрын, Ақмол тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қазір мұн­да тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Сондай-ақ, Астана­ға серіктес кентте 250 орындық аурухана мен емхана, қуатты жылу қазандығы, мемлекет жеке меншік әріптестігі негізіндегі қоғамдық монша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға қосылады. Ал, Астананың азық-түлік белдеуін қам­тамасыз ету бойынша, 2008 жылдан бастап мал шаруашылығы, қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау бағытында 43 инвестициялық жоба іске асырылды. Сондай-ақ, өнімді қай­та өңдеудің аяқталған циклімен 2 зама­на­лық тауарлы-сүт фермасы, экс­порт­қа ба­ғыт­талған қуатты ет комби­на­ты, 5 бор­дақылау алаңы және мал тұқы­мын асыл­дан­дыру шаруашылығы, құс фабрикасы, жылыжай және 6 көкөніс қой­масы пай­да­лануға берілді. Оның үс­ті­не, жыл соңына дейін құны 27,4 миллиард теңгелік 27 жоба ел игілігіне жара­тылады деп күтілуде. Қолданылған басқа да кешенді шаралар нәтижесінде ет өндіру көлемі 24 пайызға, өңделген сүт 1,5 есеге, өсімдік майын алу 8,5 есеге жоғарылады. – Сергей Александрович, игілікті адамдар жасайды дейміз, Сіз айтқан жетістіктер де солардың қажырлы ең­бегінің нәтижесі. Ендеше, жерлестерімізге жасалып жатқан өмірлік қолайлы жағдайлар жайында білгіміз келеді. – Ел Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қа­зақ­стан халқына арнаған биылғы Жол­дауын­да, әдеттегідей, әлеуметтік жаң­ғырту­ларға ерекше назар аударылды. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, халықтың ең­бекпен қамтамасыз етілуі, тұрғындарды тұрғын үй мен сапалы сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашы­лық­ты жаңғырту мил­лиондаған қара­пайым адамдардың күн­делікті проб­ле­ма­сын шешу болып табы­ла­ды. Бұл, сіз айт­қандай, Тәуелсіздігіміз басты мұраты. Соңғы бес жылда облыстық ма­ңыз­дағы 706 шақырымдық автомобиль жолы жөндеуден өткізілді. Бурабайда айнал­малы жол салынып, Көкшетау әуежайын халықаралық стандарттарға сай қайта жаңғырту жүргізілуде. Облыста 2000 жылдан бастап 1,3 мил­лион шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Ал, соңғы бес жыл са­йын орта есеппен 170 мың шаршы метр, 2000 жылғыдан 5 есе артық тұрғын үй қатарға қосылды. Осы кезең аралығында 7700 отбасы пәтер кілтін алды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын жаңғырту жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес, биыл 19 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөнделуде. Бұл жұмыстарға 326 миллион теңге бөлініп отыр. Облыстық бюджеттің қомақты қар­жы­сы әлеуметтік салаға жұмсалып, оның көлемі жыл сайын артып келеді. Негізгілеріне тоқталсақ, өткен жылы балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелерге тарту 58,5 пайыздың төңірегінде болса, биыл ол 67,5 пайызға жетпек. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында 57 балалар бақшасы мен 305 шағын орталықтар ашылды. Сондай-ақ, 6300 орындық 20 жалпы білім беретін мектеп салынды. Ең алғашқы президенттік мектеп те бізде бой көтеріп, өзі тектес ордалар арасында үздік келеді. Соңғы бес жылда 6 жаңа денсаулық сақтау нысаны іске қосылса, спорттық ғимараттардың саны 548-ге өсті. Ауыл­дық жерлерде медициналық оқу орын­дарының 214 түлегі еңбекке орналас­ты­рылса, 31 жас маман тұрғын үймен қам­тамасыз етілді. Облыс тұрғындары 776 мәдениет мекемесінің игілігін көруде. Еңбек рыногындағы жағдай тұрақты сипатта. Жұмыссыздар саны 1999 жыл­мен салыстырғанда 2,3 есе қысқ­арып, 132 мыңнан астам жаңа жұмыс орын­да­ры құрылды. Орташа айлық жалақының көлемі 7,2 есе, жан басына шаққандағы ақшалай кіріс 6 есе өсіп отыр. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.

* * *

20 ИГІ ІС

Қазақстан Журналистер ода­ғы­­ның мүшесі, «Мәдениет қай­раткері» төс белгісінің иегері Шай­мұрат Тынымбаевтың «Мен оқып үйренемін» атты жинағы­ның төртінші кітабы жарық көр­ді. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланған танымдық ба­сы­­лым 3-15 жастағы балаларға ар­­нал­ған. Қазір 3-16 жас ара­лы­ғын­­дағы балалар мүддесімен орай­лас кітаптың бесінші томы да баспаға тапсырылды. Бұған дейін қаламгердің «Тіл­ашарының» екі кітабы, «Біз: кеше, бүгін, ертең» сериялы жи­на­ғы­ның жеті кітабы оқырман қолына тиген. Бұл шығар­ма­лар­дың барлы­ғын­да Қазақстан Тәуел­сіздігінің құндылықтары жырланады.

* * *

ҚАЗАН АЙЫНДА 1000 АДАМ ҚАБЫЛДАНДЫ

«Нұр Отан» ХДП Ақмола об­лыстық ұйымы партия мүшесін біріктіреді. Қоғамдық құрылысқа бел­сене араласатын жетекші пар­тия­ның қатары күн санап толыға түсуде. Ал, қазан айында оның қатарына өтуге тілек білдірушілер саны 1000 адамнан асып түсті. Зеренді ауданындағы Қызыл­сая ауылының бастауыш ұйымы 19 мү­шемен толықса, Сейфуллин округі­нің 11 медицина қызмет­кері мен мек­теп мұғаліміне билеттер тап­сы­рылды. Сондай-ақ, Шағалалы агроколледжіндегі сал­танатта 20 адам­ның өтініші қанағаттандырылды. Құрамында 120 мүшесі бар электровоз жөндеу зауыты Атбасар ауданындағы ірі ұйым сана­лады. Ал, соңғы мәжілісте 50 жұ­мысшы мен маман «Нұр Отан» ХДП мү­шелігіне қабыл­дан­ды. Осы күні кәсіпорын мү­­шелерінің «Халық­тың дауысы» акциясы шеңберінде 500-ден астам ұсы­ныс, тілектері тіркелді.

АГЛОМЕРАЦИЯЛЫҚ АУМАҚ ГҮЛДЕНУДЕ

Жаңа Астананың өркендеуіне байланысты облыстың 20 елді мекенін қамтитын агломерациялық аумақ құрылған болатын. Солардың қатарында ел тойына еселі тартулар әзірлеп жатқан Аршалы ауданы да бар. Мұнда жыл басынан санағанда 37 жаңа нысан қатарға қосылған екен. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына арналған алақай қуаныш әлі де жалғасып жатыр. Атының өзі тәлім төгетін Жібек жолы ауылының тұрғындары ерекше қуаныш үстінде. Биылғы оқу жылы 600 балаға арналған заманалық үлгідегі жаңа мектепте басталды. Құтпанұлы атауындағы мектеп қазақ тілінде дәріс береді. Білім ұясының іші-сырты сәулет өнерінің сәтті нақыштарын төгіп тұр. Бүгінгінің оқушысына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Алты компьютер сыныбы, бес мультимедиялық, төрт химия және физика бөлмесі жабдықталыпты. Оның үстіне, Жібек жолы балалары екі спорт залының, атшаптырым асхананың, салалық мамандармен қамтылған медициналық блоктың, сахналы мәжілісхананың игілігін пайдаланады. Ең бастысы, жаңа мектеп сабақты үш ауысымда жүргізіп келген осындағы екі мектептің мойнындағы жүкті жеңілдетіп отыр. 1500 адам тұратын Волгодон ауылының күнделікті тұрмысқа қажетті сұранысы бір-ақ күнде шешілді. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын кешенде дүкен, тәулігіне 2000 бөлке нан пісіретін наубайхана, тойхана, шаштараз, 25 адамдық монша, тіпті кір жуу орталығы жұмыс істейтіні қуанышқа толы елеулі оқиға. – Волгодондықтар көп салалы ауыл шаруашылығымен айналысады, – дейді ауылдық округ әкімі Жанат Күселбаев. – Бізге Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелген. Мал шаруашылығының өнімділігі артып келеді. Диқандар қауымы биыл мол астық жинады. Елбасы Н.Назарбаевтың бас қалаға іргелес агломерациялық аймақты дамыту жөніндегі қамқорлығына дән ризамыз. Біздің тарапымыздан толымды қайтарым болатындығына сенімдімін. Аршалылықтар мерекелі жылдың айрықша тартуы ретінде 27 елді мекеннің ауыз сумен толық қамтамасыз етілгенін мақтаныш етеді. Енді Тәуелсіздік тойына дейін қалған төрт ауылдың қолын ұзарту мақсаты қойылып отыр. Оған 1,4 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысы жұмылдырылуда. Халқымызда тойды сән-салтанатпен, жасанып қарсы алу дәстүрі бар. Үлгіні аудан орталығы – Аршалы танытып отыр. Мұнда ерте көктемнен бастап 12 көп қабатты үй, 2100 жеке меншік тұрғын үй, 66 қоғамдық бағыттағы нысан жөндеуден өткізілді. Осы мерзімде саябақтар мен аллеялар тәртіпке келтіріліп, 4000 түп ағаш, 3000 саялы көшет отырғызылды. Ауыл көшелерінде әсем гүлзарлар көз тартады. Сондай-ақ, аудан бойынша қырықтан астам қараусыз ғимарат қалпына келтіріліп, 54 шақырымдық аула көшелерінің қайта құру жұмыстары жүргізілді. Серіктес ауылдардың мәдени өмірдегі серпілісі де әуесіңді келтірерліктей. Аршалы ауданы.

* * *

ҮЗДІК ЗАҢГЕР ОТБАСЫ

Ақмола облысы Әділет департаментінің ұйымдастыруымен облысы­мыздағы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің арасында Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына және Қазақстан Республикасы Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының 90 жылдығына орай «Ең үздік заңгер отбасы» байқауы өткізілді. Дәстүрлі әрі жыл санап мазмұны байытылып келе жатқан бәсекеге биыл 20 отбасы қатысты. Қазылар алқасы екі күнге созылған ақтық жарыста Астрахан аудандық сотының судьясы Оралхан Тұрсыновтың отбасын бірауыздан жеңімпаз деп тапты. Ол заңды да еді. Өйткені, байқаудың басты талабы – кәсіби әулет сабақтастығы осынау отбасы жарастығынан үлгі төгіп тұрғандай. ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген Оралхан Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде дәріс беріп, алты жыл қатарынан республика Парламенті депутатының көмекшісі қызметін абыроймен атқарды. Тәжірибелі заңгердің елорданың жылы орындарын жағаламай, аудандық сотта төрелік жүргізіп отырғаны да сүйінішті. Бұдан бұрын мемлекеттік қызметкерлер арасындағы республикалық қазақ тілі мен ұлттық дәстүрлер сайысында бірінші орыннан көрінген Оралханның келіншегі Гүлмира Сарпекова аудандық нотариустың қызметкері, екі баланың анасы. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығындағы ел табысын өлең жолдарымен жинақы кестелеген Оралханның отбасы ұлдары Айсұлтан мен Нұрсұлтанның қатысуымен салт-дәстүрлеріміздегі тілдік тұтқаларды нақыштаған тәлімді сахналық көрініс те қойды. Жас жұбайлардың қосылып ән шырқауы, дөңгеленіп би билеуі, қазылық төрелік құруы көпшілік көңілінен шықты.

АРДА ЖІГІТ АРДАБЕК

Біржан сал елінде әйгілі жауынгер композитор Рамазан Елебаевты еске алу кеші өтіп жатқан. Оның кіндік қаны тамған Құдықағаш ауылының ақсақалдары, құрметті қонақтар, жергілікті ақындар естелік, өлең-жырларын төгіп жатыр. Рух жыры – «Жас қазақ» әні шырқалғанда жанымда отырған күлімкөз полиция офицері орнынан атып тұрып әнге тебірене қосылсын. Неге екенін қайдам, мен де орнымнан тұрдым, залдағылардың бәрі тұрды. Күлімкөз жігіт... Енді есіме түсті. Бұл осыдан он екі жыл бұрын Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті Ардабек Партизан ғой. Газетіміздің тілшілер қосынына келіп, қазіргі тұрмыс-тіршілік, әдебиет мәселесі тұрғысында ой-пайымдарын ортаға салатын. Ішім жылып жүретін. Кейін хабар үзілді. – Мен сізді бірден таныдым. Бас салып амандасудың ретін келтіре алмадым. Үзілісті күтіп отырғанмын, – дейді Ардабегім жүзінен нұр төгіліп. Даңқты жерлеске арналған мәжілісіміз үзіліссіз аяқталды. Аудан орталығы Степняк қаласының саябағында сыр-сұхбатымыз жарасып келеді. Ардабектің ата-анасы Моңғолиядан тарихи Отанына оралған 1992 жылы оның ең бірінші мүшел жасы тойланған. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап жер-жаһанға тарыдай шашылған қандастарды бауырға тарту болашағын ойлаған мемлекеттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын айқындайды. Мұны туған елдегі тұңғыш қонысымыз бұрынғы Уәлиханов ауданындағы Сапақ ауылында тұрғанымызда, Бурабай кентінде орта мектепті бітіргенімде жан-жүрегіммен сезініп, аяулы да қастерлі Отаныма жан-тәніммен қызмет етуді абыройлы парыз санадым, дейді Ардабек. Жас мұғалім жолдамамен Еңбекшілдер ауданының ауыл мектебіне жұмысқа орналасты. Отбасын жергілікті атқарушы билік берген төрт бөлмелі үйге көшіріп алды. Ел-жұрт қора алдына жылқы мен сиыр, бес бас қой байлады. Теледидар, тоңазытқыш, газ плитасын сыйлап жатқандар да бар. Партизан әулеті өсіп-өніп, шаңырағы биіктей бастады. Ардабек аянбай еңбектенді. Ауыл-аймақтың беделді азаматына айналды. Бір күні мектебінен келсе, келіншегі Марал үрпиіп отыр. «Сені аудандық милиция, бастықтың орынбасары Қайрат Баймағамбетов шақырып жатыр екен», – дейді даусы дірілдеп. Қатты ойланды. Арғы-бергісі түгел сияқты. Ол аудандық ішкі істер бөлімінде ұзақ кідірді. Үй-ішінен дегбір кеткен. Ардабек есіктен көңілді енді. «Мені милицияға қызметке алатын болды», – дегенді аптығып әзер айтты. Оралманды милицияда жұмыс істеуге шақырады деген кімнің ойында бар. Анасы мен Маралы қосылып жыласын. Бұл Отан сеніміне қуаныштың, оған деген шексіз сүйіспеншіліктің көз жасы еді. Қазір олар Степняк қаласының сыйлы азаматтары қатарында. Аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің инспекторы Ардабек Партизан полиция аға лейтенанты шенінде. Келініміз, Қорғалжын елінің қызы Марал сауда қызметкері екен. Ынтымақ ұялаған үйде Ерұлан мен Нұралы, кішкентай Кәусар қызымыз өсіп келеді. Отан деп оралған бауырларымыздың жарасты тіршілігі, елімізді еңселендірудегі ерен еңбегі кім-кімнің де әуесін келтіретініне қызықтым. Еңбекшілдер ауданы. __________________ Материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.