11 Қараша, 2011

Қазақстандағы туристік индустрия

1815 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ОЛ ТУРАЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУЛЕР НӘТИЖЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстанның" апталық қосымшасы

ӘЛЕМНІҢ ҚИЫЛЫСАР БІР НҮКТЕСІ

Тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы шетелдік азаматтар мен мемлекеттер тара­бы­нан үлкен ықылас аудартуда. Біздің Қазақстан – бұл Еуразия құрлы­ғының жүрек тұсында орналасқан үлкен ел. Сондықтан мұнда ежелгі әлем мен қазіргі дүние, шығыс пен батыс көрші орналасқан деп айтуға болады. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2030» даму стратегиясында «Біз өзімізді әлемнің және бүкіл планетаның бір бөлшегі ретінде сезінеміз» деп атап көрсет­кеніндей, осындай географиялық қолайлы орналасу нәтижесінде Қазақстанның халық­аралық мәселелерге қатысуы мен ықпалы жыл өткен сайын артып келе жатқандығы анық байқалып отыр. «Сапа» туристік жобасына қатысушылар осы мәселеге мән беріп, бірқатар әлеуметтік зерттеулер нәтижесін алға тартты. Осыған назар аударып көрейік.

ТАРИХЫМЫЗ ТУРИЗМ АЯСЫНДА

Қазіргі замандық туризм индустрия­сын­дағы ағымдардың бірі өнімнің өзіндік ерекшелігі мен қайталанбастығы болып табыла­ды. Сондықтан да туристерді өзіне тартушы әрбір ел бірінші кезекте өз ерекшеліктерін жарқыратып алға шығарғысы келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде әлемге туризм саласындағы брендтермен белгілі бола бастаған Қазақстанның да осы бағытта ұсынатын дүниелері баршылық. Қазақстанның көп ғасырлық тарихы бар. Біздің еліміздің аума­ғын­да көшпенді мә­дениет пен отырықшы өркениет біртұтас бірлікте көрініс береді. Еуразиялық конти­нент­те шығыс пен ба­тыс арасында орна­лас­қандықтан еліміз­дің транзиттік мүм­кіндіктері де жыл өт­кен сайын арта түсуде. Осы мәселеге бай­ланысты, еліміздің Пре­зиденті 2030 жыл­ға дейінгі Қазақстан­ның даму стратегия­сында былай деп атап көрсеткен болатын: «Біздің бабаларымыз түркі халықтарының туысқандық бірлестігінде бұл маңызды стратегиялық фактор­ды өздеріне тиімді жағ­дайда пайдалана білді: аты аңызға ай­налған Жібек жолы­ның бойымен Еуропа­лық және Азиялық елдер арасында сауда­ның кең арнасын ұйым­дастырды. Бүгінгі күні біз өңірдегі көрші елдермен бірлесе отырып және әлемдік қауымдастықтың қолдауымен осы жолды қайта қалыптас­тыру үстіндеміз. Болашақта Еуропа мен Азия арасында сауда жүйесі, қаржы ағыны және адамдардың қозғалысы арта беретіндігі анық». Елбасымыз атап көрсеткен осы мәселеден еліміз үлкен үміт күтуде және әртүрлі экономикалық арналардың басын қоса отырып, осы мақсатта үлкен істерді ұйымдастыруда. Соның бірі туризм саласы болып табылады.

КӨПҚЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ӘРКЕЛКІЛІК

Қазақстан өзіндік табиғи-географиялық ерекшеліктерге ие. Солтүстікте – ақ қайың­дар алабы қарағайлы ормандармен қатар қоныс тепкен. Орталықта шетсіз-шексіз кең дала шоқылар мен белдерге барып ұласады. Шығыс пен батыста ағынды таза өзендер, көлдер мен теңізге барып қосылады. Оңтүстікте ғасырлық шыршалар таулардың басына дейін өрмелеп шыққан. Осының барлығы біздің елімізде туризм­нің барлық түрлерін – танымдық, көңіл кө­теру, этникалық, экологиялық, сауық­ты­ру­шылық, балалар, спорттық, аңшылық, атпен серуендеу, қызықты оқиғалық түрле­рін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні туристер үшін біздің республикамыз аума­ғында 700-ден астам маршруттар ұсыны­лады. Осындай еліміздің табиғи ерекшеліктері мен географиялық тұрғыдан қолайлы орна­ласуын ескере келе еліміздің Президенті мұны дамудың үлкен мүмкіндігі деп атады. Әлемдік жаһанданудың экономикалық және саяси үдерістері бұл факторды дамудың ең маңызды белгілері қатарында барған сайын алға жылжытуда. Дархан жер, байтақ дала Қазақстан өзінің шикізаттық ресурста­рымен әлемдегі ең бай елдердің қатарында аталады. Мәселен, Менделеев кестесінде көрсетілген 105 элементтің 99-ы Қазақстан жерінде кездеседі. Көмір қоры жөнінен Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы он елдің бірі. Көмір өндіру жөнінен ТМД-да Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Қазақстан мұнайдың барланған қоры бойынша әлемде сегізінші орында тұр. Көмір­сутегі қорла­ры­ның бол­жамды көрсет­кіштері 12-17 миллиард тонна деп бағаланады. Республикамызда әлем­дегі уран қоры­ның мөл­шер­мен алғанда бестен бір бөлігі шоғыр­ланған және уранның барланған қоры бойынша әлемде Австралиядан кейін екінші орын алсақ, оны өндіру көлемі жөнінде бірінші орынға көтеріліп отырмыз. Қазақстан астығы әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Осының арқасында еліміз әлемдегі астық экспорты жөнінен көшбасшылар қатарынан көрінуде.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ОРНЫҚТЫЛЫҚ

Қазақстан ішкі саяси жағдайының тұ­рақ­­тылығы және халықаралық қатынастар­дағы орнықтылығымен ерекшеленеді. Ста­тисти­калық мәліметтер бойынша республика аума­ғында 130-ға жуық әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүруде. Еліміздің ұзақ мерзімді даму страте­гиясын жариялаған кезде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың толеранттылығы мен татулығын атап көрсетті. Мұны қазір көптеген шетелдіктер қуаттап отыр. Үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанын­дағы жүргізілген әлеуметтік мониторинг қазақстандықтардың 90 пайызы елдегі этносаралық жағдайдың көңілге қонымды және тыныштықта екенін білдіргендігін ай­қындады. Соның ішінде сұрау салынған­дардың 89,4 пайызы ұлтаралық қатынастың жақсара түскендігін мәлімдепті.

ДАМУДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫЛЫҚ

Бүкіләлемдік банктің мәліметтері бойын­ша, Қазақстан инвестициялық тартымды­лық жөнінен дүние жүзіндегі 20 елдің қата­рына кіреді. Ал елге келген шетелдік тікелей инвестициялардың жан басына шаққандағы көлемі жөнінен ТМД бойынша бірінші орын алады. Халықтың әл-ауқа­ты­ның жақсару және отандық экономиканың оң ағыммен дамуы еліміздегі туристік бизнестің жүйелі түрде дамуына сенімді алғышарттар қалыптастырылып отыр. Қазақстан 1993 жылдан бастап Бүкіл­әлемдік туристік ұйымның толық мүшесі болып табылады. Көптеген елдердің үкімет­тері біздің елімізді үлкен туристік әлеуеті бар сенімді әріптес ретінде бағалайды. Сон­дықтан туризм саласындағы ынтымақтас­тық жөніндегі екіжақты және көпжақты келісімдер саны жылдан-жылға арта түсуде. Еліміздің Туризм және спорт ми­нис­трлігінің мәліметтері бойынша, 2008 жылдан бастап Қазақ­стан­да туризмнің барлық салалары жүйелі және орнықты түрде даму үстінде. Туристік қызмет көрсетудің жалпы көлемі өткен жылы 11,1 пайызға артып, 73,1 миллиард теңгені құрады. Бүгінгі күні Қазақстанда 1500-ден астам туристік ұйымдар жұ­мыс істейді. Олардың әлемнің 80 елінде шетелдік әріптестері бар. Оның үстіне қазір Қазақ­станның әлемнің барлық елдерімен әуеара­лық байланысы жолға қойылған. Халық­аралық ұшуларды отандық және халықара­лық жетекші авиакомпаниялар жүзеге асырады.

ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ

Қазақстанда әртүрлі санаттағы 372 қонақ үй жұмыс істейді. Оларға бір мезетте 32 876 адамды сыйдыруға болады. Соның ішінде Алматыдағы 25 қонақ үйде 4950 орын бар. Еліміздің жас астанасында 60-тан астам қонақ үй жұмыс істесе, оларда бір мезетте 5000-нан астам адамды қабылдауға болады. Астанадағы қонақ үйлердің басым көпшілігі шағын және орта бизнестің қолында. Мұ­ның өзі елорданың бизнес ахуалына жа­ғымды ықпал етуде. Статистикалық мәліметтер бойынша, ше­телдік қонақтар негізінен сервистік қызметтің көптеген түрлерін көрсете алатын 5 жұлдызды қонақ үйлерде орналасуды қалайды. 2010 жылдан бастап оларда қыз­мет көрсетілген туристер саны елеулі түрде артып отыр. Ал шетелдерге шыққан қазақстандықтар көбіне 3 жұлдызды қонақ үйлерге орнала­сады екен. Оның үстіне соңғы жылдары республика азаматтары Қазақстанның өз аумағын жиі аралайтын болып жүр. Мәселен, 2010 жылы туризмнің осы түріне қатысушылар саны 10,3 пайызға ұлғайыпты.

БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ

Әлемдік даму орталықтарының қиылыс­қан тұсында орналаса отырып, біз отандық өнімдерді өткізуде үлкен мүмкіндіктерге ие бола аламыз. Елбасының атап көрсетке­ніндей, мұның өзі ел дамуына сенімді алғышарттарды қамтамасыз етеді. Осы жағдай туризмнің дамуына да оң ықпал етуде. Инвестициялық туристік жобалар еліміздің әр өңірлерінде әзірлену және іске қосылу үстінде. Мәселен, Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауынан «Жаңа Іле» халықаралық туристік орталығы салынып жатса, «Бурабай» курорттық аймағы, Жамбыл облысындағы Талас Алатауында орналасқан «Көксай» одан әрі дамытылуда. Астанада, Ақтау, Өскемен, Көкшетау қалаларында «Астана-Недвижимость» қонақ үйлер желісі өркен жаюда. «Балқаш-Нұрсая» халықаралық сауықтыру-туристік орталығының құрылысы жүргізі­луде. Осындай туристік жобалар тізімін көптеп келтіре беруге болады. Еліміздің туризмге ашықтығы 2010 жы­лы осы саладағы инвестицияны 58,3 пайыз­ға дейін арттыру мүмкіндігін берді. Бір жылдың өзінде ғана салаға 194,6 миллиард теңге инвестиция келді. Өткен жылы туристік индустрияның кірісі 56 пайызға артып, 122 миллиард теңгені құрады. Одан түсетін бюджеттік түсім 4,8 есе өсіп, 39,66 миллиард теңге болды. Міне, осы цифрлардың өзі Қазақстанда туризмнің жылдан-жылға кеңінен қанат жайып келе жатқандығын көрсетеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.