12 Қараша, 2011

Бизнесті дамытуға не кедергі?

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үкімет басшысының қатысуымен өткен бюджет заңна­маларын талқылаулар барысында сенаторлар өз пікірлерін бүкпесіз жеткізіп келеді. Бұл жолы палатаның Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінің төрағасы Қуаныш СҰЛТАНОВ 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдау барысында елдің дамуына кедергі жасап отырған кейбір мәселелерге Үкіметтің назарын ерекше аударды. Бүгін соны оқырман назарына ұсынып отырмыз. Жылдан-жылға айтылып жүрген субвенциялар тәжірибесі аумақтарды өз табыстарын кө­бейтуге ынталандырмай отыр­ғанын мойындауымыз керек. Алматы қаласы, Атырау және Маңғыстау облыстарынан басқа өңірлер түгелдей республикалық бюджетке тәуелді. Субвенция бюджетпен бірге өсіп келеді. 2000 жылғы субвенциялардың көлемі 27 млрд. теңгені құраса, ал 2012 жылға 880 млрд. теңгені бекітпекпіз. Яғни, он жыл бұрынғы бюджеттің 7 пайы­зы­нан 16 пайызға дейін өсті. Үкі­меттің осыған байланысты іс-қимылы қандай болмақ? Жергілікті билікке жергілікті салық түрлерін және олардың став­каларын бекіту құқығын заңна­малық түрде беру мүмкіндігі қарастырылуына көшкен дұрыс болмай ма? Өңірлер бюджет­терінің кіріс мүмкіндіктерін арттыруға кәсіпкерлікті, әсіресе шағын және орта бизнесті да­мытуға бағытталған шаралар әлі жеткіліксіз. 2011 жылғы 1 қаңтарға республика бойынша 675 937 шағын және орта кәсіп­керлік субъектілері тіркелген. Кейбір мәліметтер бойын­ша осы­лардың 40 пайызға жуығы жұмыс жасамайды. Табыс жоқ, табыс бол­маған соң салық та жоқ. Жұ­мыс істеп тұрғандарының өзі­нің са­лық төлейтін мүмкін­діктері төмен. Шағын және орта бизнестің дамуына басты кедергілер не? Олар – қаржы институттарын­дағы жемқорлық, заң бұзушы­лық, сондай-ақ несиелер үсте­месінің жоғарылығы мен банк қызметкер­лерінің шенеуніктік мінез-құ­лықтары. Кәсіпкерлікті дамы­ту­ға бағытталған түрлі даму қорлары және басқа да институттар, мемлекет тарапынан қолдау ретінде жұмсалатын не­сиелердің қымбат­тап кетуіне үлес қосқан­нан басқа ешқандай пайда әкеліп отырған жоқ. Кә­сіп­керлер олардан оңай­лық­пен қаражат ала ал­майды. Атал­ған институттар жо­баларды іріктеуді тек өздеріне ғана түсі­нікті, өздеріне ғана тиімді тәртіппен жүргізеді. Осының салдарынан жаңа өндіріс және қосымша жұмыс орындарын ашуды көз­дейтін көптеген жобалар мемлекеттік қолдаудан тыс қалған, ал оларға жетпей қалған бюджеттен бөлінген қыруар қа­ражат екінші деңгейдегі банк­тердің депозиттеріне орналасты­рылғанын Есеп комитеті анық­таған болатын. Үкімет осыларға тосқауыл қойып, кәсіпкерліктің, шағын жә­не орта бизнестің қанатын жазып, еркін өрістеуіне тікелей қамқор­лық жасауға міндетті. Бюджеттің орындалуы жөніндегі есептерді қараған кезде, квазимемлекеттік мекемелерді қысқар­ту жөнінде ұсыныстар айтылып жатса да, біреулері жабылып, екіншілері жаңадан ашылып жатады. Мысалы, мақсаттарына жетпеген Стрессті активтер қорының орнына Проблемалық несиелер қоры құрылып жатыр. Қаржы институттары, банктер көбіне отандық тауар өндірушілерді қолдауға емес, сыйақы алуға машықтанып алған. Кеден одағына кіргелі Қа­зақстаннан Ресейге жіберілетін экспорттың 10-пайызға азайып, Ресейден импортымыз көбей­генін Үкімет қалай түсін­ді­реді? Осының өзі біздегі өнім өнді­рісінің төмендігін көрсетіп тұр емес пе? Үкімет осыған айрық­ша назар аударып, екпін беруі тиіс. Сондай-ақ, біздің мем­лекеттік телеарналар көрші елдерден «сөй­лейтін» арналармен бәсеке­лесе алмай жатыр. Тіпті олар 24 сағат Қазақстанға «сарнап» тұрғанда, біздің мемлекеттік арналар түн ортасы­нан таңғы 6-ға дейін үзілісте жатады. Осы бостықты толық­тыру қажет. «Хабарды» 24 сағатқа көшіретін мезгіл жетті. Телеарна сапалы түрде қызмет көрсету үшін спутник арқылы ақпарат тара­туға мүмкіндік беретін ең жаңа техникамен жаб­дықталуы тиіс екені сөзсіз. Осы жөнінде жаса­ған ұсыныс­тарымыз Үкімет тарапы­нан қол­дау табады және келесі жылғы бюджетте оған қаражат бөлінеді деген сенімдемін.