ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабтың ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы 8 желтоқсан күні Алматыда кезекті екінші Орталық Азия Агротехнологиялық саммиті өтті.
Халықаралық саммит жұмысы цифрлы технологияларға негізделген ауыл шаруашылығы, аграрлық сектордағы әлемдік тенденциялар, агробизнесте стартап жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығындағы маркетинг, мемлекеттік қолдау және аграрлық білім беру мәселелеріне арналды.
Агроөнеркәсіптік кешеннің келешегін сарапқа салған саммитке 137 жетекші кәсіпорын мен агроқұрылым, 108 мемлекеттік мекеме, 102 бизнес-құрылым, 44 ҒЗИ, 26 қаржы институты өкілдері, АҚШ, Германия, Қытай, Аустрия, Жапония, Корея, Нидерланд, Италия және ТМД елдерінің жетекші ЖОО мен ғылыми орталықтарының мамандары, магистранттар, докторанттар қатысты.
Саммит қорытындысы бойынша отандық АӨК-ті инновациялық бағытта дамыту бойынша арнайы ұсыныс әзірленіп, ҚазҰАУ базасында озық білім мен ғылым трансфертіне жаңа мүмкіндіктер беретін тұрақты бағдарламаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы мақұлданды. Саммитке қатысушылар республиканың барлық өңірлерінде ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб филиалын құру туралы аймақ басшыларының ұсынысын бірауыздан қабылдады.
Халықаралық саммиттің негізгі ұйымдастырушысы Агротехнологиялық хаб бүгінде шетелдік әріптестермен тығыз-қарым-қатынас орнатып, әлемдік стандарттарға сай бірлескен инновациялық жобаларды тиімді жүзеге асыратын халықаралық инновациялық зерттеу орталығы болып табылады.
Қазіргі уақытта Агрохабтың ауыл шаруашылығы ғылымы мен технологиялары бойынша АҚШ ауыл шаруашылығы департаменті, Колумбия, Корнель, Мичиган университеттері, Италияның тұрақты ресурстар мен жаңа технологиялар агенттігі сияқты ірі орталықтарымен әріптестікті жан-жақты дамытып, Азия, Еуропаның Даму және Дүниежүзілік банктерімен байланыс орнатты.
Агрохаб Голландияның Farm Frites, «Staay Food Group», БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО), «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен, Аграрлық несие корпорациясымен, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш агенттігімен, еліміздің белді ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен жобаларды іске асыруда.
Университеттің аталған бағыттар бойынша ғылым, білім, өндіріс интеграциясын дамытуға негізделген жүйелі жұмыстарында Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау көрсетіп келеді.
Саммитте ҰҒА вице-президенті, академик, ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов жиынның модераторы ретінде агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық бағытта дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Ректор өз сөзінде агроөнеркәсіптік кешендегі әлемдік тенденцияларға тоқталып, саладағы жаңа білім мен ғылым трансфертін тиімді іске асыру және заман талабына сай ауыл шаруашылығын цифрлы технологиялармен қамтамасыз ету мәселелерін атап көрсетті.
Пленарлық отырыста АҚШ-тан келген доктор Томас Селлучи ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа технологияларды коммерцияландыру үшін, ең алдымен, тұтынушылармен өзара тиімді серіктестік орнатып, аграрлық нарық қажеттіліктеріне бейімделген әзірлемелерді ғана ұсыну қажеттігін атап өтті. Коммерцияландыруды тежеуші факторлардың бірі – ғылыми зерттеу нәтижелерінің өндіріске қолжетімсіздігі. Оның айтуынша, коммерцияландыруға жаңа технологиялар мен жаңа өнімдер ғана жатады және оларды өндіріске жедел енгізіп отыру керек.
Қазақстандағы Азия даму банкінің Тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли саммитке қатысушыларды АӨК-ті дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған банк бағдарламаларымен таныстырды. Ол тәжірибе алмасу алаңына айналып, шұғыл жағдайларда жедел әрекет етуге қажетті ақпараттар ағынымен алмасуды қамтамасыз етеді. Су хабының қызметі су ресурстарын қорғауға, су балансы, жердің тозуы мен топырақтың сортаңдалуы, мелиорация, суландыру, қуаңшылық, өңірдегі тұщы су көлемінің, өзендегі су деңгейінің төмендеуі бойынша мәселелерді талқылауға сарапшыларды орталықтан тартуға, сондай-ақ барлық мүдделі тұлғалар мен ұйымдарды оқыту мен ақпараттандыруды қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Агротехнологиялық хаб директоры Марат Бексұлтанов жаңа технологияларды іздеуге, тартуға және әзірлеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыруға, ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға, аграрлық сектордағы жаңа технологияларды импорттауға басты назар аударды.
Мичиган штаты университетінің жаһандық өзгерістер мен Жерді бақылау орталығының жетекшісі, Қытайдағы бағдарламалар офисінің директоры Джиягуо Чи саммитке қатысушыларға климат өзгерісінің су, энергетика ресурстарына және ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге әсер ететіні туралы айтты. Оның айтуынша, жаһандық сегіз мәселе бар. Ең басты мәселе – табиғи ресурстардың шектеулігі жағдайында Жер шары тұрғындарын тамақтандыру қажеттігі. Ол әлеуметтік-экономикалық жүйедегі жаһандық өзгерістердің болып жатқанына, сондай-ақ Арал теңізі мәселесімен қатар, басқа да жедел шешімді талап ететін өзекті сұрақтарға тоқталды. Бұл мәселелерді шешу үшін білімнің түрлі саласындағы интеграцияланған прогрессивті идеялар, инновациялық тәсілдер мен технологиялар қажет.
Бұл тақырыпты Азия даму банкінің кеңесшісі Пламен Бозаков (Lahmeyer International GMBH, Германия) жалғастырып, су ресурстарын басқарудың интеграцияланған әдісі туралы айтты.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық ресурстарды сақтау агенттігінің орман және жайылым гидрологиясы бойынша жетекші докторы Кен Спает АҚШ-та жайылымдық жерлерді бағалау және мал азығы ресурстарын басқарудағы цифрлы құралдарды қолдану туралы әңгімеледі.
АҚШ-тың Корнель университетінің өсімдіктерді генетикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі Дженнаро Фазио Корнель селекциясының ең үздік екпелері негізінде ҚазҰАУ-дың Агрохабымен бірлесіп «virus free» алмасын отырғызу материалының тұрақты өндірісі үшін тәлімбақ құру жөніндегі ғылыми жобасы туралы айтып берді. Бұл тәжірибені Қазақстан жағдайларында қолдану алманың бактериалдық күйік және басқа ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Инвестициялық орталығының агробизнес бойынша жетекшісі Инна Пунда Қазақстан үшін де өзекті болып табылатын сүт сапасының мәселелеріне тоқталды. Ол ҚазҰАУ базасында сүт өнімі сапасын стандарттау және сүттің сапасы бойынша референттік зертхана құру қажеттілігін атап айтты. Ол үшін университетте біліктілігі жоғары және тәжірибесі мол кадрлар жинақталған.
«Агробизнесті қаржыландыру және оны дамыту» сессиясы қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері Т.Решетник және Н.Калмаматова банктің фермерлерді және ауылшаруашылық тауар өндірушілерін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шағын бизнестің дамуына ықпал ету бағдарламаларымен таныстырды және банк пен аграрлық кәсіпорындар ынтымақтастығының оңтайлы мысалдарымен бөлісті.
«Полимедиа» ЖШС ақпараттық жүйелері бағытының жетекшісі Николай Муравьев (Ресей) ауылшаруашылық нысандарын тиімді басқару үшін цифрландыру бойынша ахуалдық орталық құрудың және оны пайдаланудың келешегі бар екенін атап айтты. Құрылған орталық ҚазҰАУ агроөнеркәсіптік кешендегі барлық үдерістерді тиімді басқаруға және ақпараттарды жедел алып отыруға мүмкіндік береді.
«Almaty Tech Garden» компаниясының басқарушы директоры Асқар Айтуов өз баяндамасында АӨК үшін кадрларды дайындау туралы, яғни болашақ маман өзі таңдаған мамандығына қарамастан, нарыққа дайын кәсіпкер болып шығуы қажеттігін айтты. Бұған ҚазҰАУ-дағы стартап-жобаларды ұйымдастыру ықпал етпек. Мысалы, «Flyworx» компаниясы – дрондарды қолдану арқылы ауылшаруашылық жерлерін қашықтықтан барлаумен, «GreenPoint Marketing» талдау және маркетингтік зерттеумен, «UrbanGreen» қалалық типтегі инновациялық жылыжайларды іске қосумен, «DragonFly» дрондарды қолдануға және оларды жинақтап жасауды үйретумен айналысады. Сондай-ақ «Айболит» жедел ветеринарлық көмек көрсету, «Аквакультура», «Экопробиотиктер», «Шаруашылық деректері базасында компьютерлік модельдеу» және т.б. стартаптар жұмыс жасайды.
Саммит жұмысы барысында проректор Қанат Искаков жетекшілік ететін Еуразия технологиялық университеті стартаптары және MOST бизнес-инкубаторының жетекшісі Алима Хамитованың жобалары көрсетілді.
«Бизнестің жол картасы-2020» аясында «Даму» қоры ауылшаруашылық өндірісі мен өңдеу саласында шағын және орта бизнесті қолдау құралдары туралы баяндады. Жалпы, қор агроөнеркәсіптік кешенді қолдау саласында 396,4 млрд теңге көлемінде 2048 жобаға қолдау көрсеткен. Осы бағытта Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізілген.
«EurasiaGroup» компаниясының өкілі Василий Деменков «Нақты егіншілік: ақылды техниканы қолданудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы ауылшаруашылық менеджменті жүйесін ұсынды. Аталған жүйені қолдану өндіріс үрдісін барынша жоғары деңгейде басқаруға, жоспарлауға және талдауға, еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік туғызады.
«Apple World» ЖШС жобалау менеджері Арсен Рысдәулетов баяндамасында айтылғандай, жыл сайын үш оңтүстік облыста мыңдаған гектар аумаққа алма, жидек, сүйекті дақылдар отырғызылады. Бұл жерде отырғызылатын көшеттің сапасы, үдемелі бақша шаруашылығының мамандармен қамтамасыз етілуі, өсімдік қорғау құралдары мен фертигация әдістерінің орны зор. Жеміс шаруашылығын кеңінен тарату және дамыту мақсатында агротуризм, «Алманың гүлдеуі», «Алма өнімі», «Жеміс-көкөніс Pop-Up жәрмеңкелері» секілді үгіт насихат шараларын ұйымдастыру қажет.
Орталық Азияның Өңірлік экология орталығы бағдарламаларының менеджері Тахмина Азизова өңір экономикасының даму мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Орталық Азияда 60 млн адам тұрады, 2050 жылға қарай осы көрсеткіш 90 млн адамға жетеді. Климаттың өзгеруі және инфрақұрылым дамуының төмен деңгейіне байланысты жалпы өнім 1%-ға өсетін болса, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мәселелер туындайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына ресурстарды үнемдеу технологияларын кең қолдану қажет.
Саммит барысында мамандар инновациялық идеяларын ортаға салды, ноу-хоу жаңалықтар көп болды, әрбір қатысушы көкейіндегі сұраққа жауап тапқан шын мәніндегі іскерлік пікір алмасу болды. Әлемдік деңгейдегі білікті мамандармен бірлесе атқарылып отырған мұндай ауқымды шаралар еліміздегі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамытуға, әлемдік нарыққа шығатын, экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға ықпал етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге едәуір септігін тигізбек.
Үкілай КЕРІМҚЫЗЫ,
ҚазҰАУ Стратегиялық зерттеулер және агробизнес орталығының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор