Осыдан бірнеше жыл бұрын, тәуелсіздіктің елең-алаңында солтүстік облыстардың бірінде болған сорақы қылық еске түсіп отыр. Республика күнін салтанатпен атау кешіндегі концертке сол кездері атқа мініп жүрген бір орыстілді, шолақ белсенді қазақ әйелі домбырамен ән айту нөмірін енгізбей тастапты. Бізде еуропалық өрнекпен романс айта алатын адамдар толып жатыр, «зачем домбра нужна» дейтін көрінеді. Сол әйелді халық қанша жек көрсе де, сынаса да құқылық тұрғыдан жауапқа тарта алмады. Өйткені, ешкімнің ар-намысына тимей, домбыраға қарсы сөз айтқанға құқылық жауапкершілік болмайды екен. Сөйтсек, мәдениеті жоғары елдерде мұндай сорақылықтар халықаралық деңгейде жауапқа тартылады екен ғой.
Мәжілістің соңғы жалпы отырысында «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. ЮНЕСКО шеңберінде, 2003 жылы Париж қаласында қабылданған бұл конвенция нені көздейді дейсіз ғой. Ол өз қатарына енген мемлекеттер ұсынған материалдық емес мәдени мұраларды тізімге алып, оларды халықаралық деңгейде құқылық жолмен қорғайды. Егер, жоғарыда аталғандай, біреулер алда-жалда тізімге енгізілген мұраға тіл тигізсе немесе оны жоққа шығарып, менсінгісі келмесе жанашыр жандар бірден ЮНЕСКО-ға шығып, әлгінің халықаралық деңгейде құқылық жолмен қудалануын талап ете алады. Бұл конвенцияның, міне, осындай зор пайдасы бар.
Заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед конвенцияның барлық қырларын ашып, көрсетіп берді. Жалпы, конвенция материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген құндылықтар туралы ақпараттар жинау, зерттеу, қорғау жөніндегі шара қолдану жұмыстарын халықаралық деңгейде қаржыландырып, ұйымдастыру істерін жүргізеді екен. Бүгінгі күні оның құрамына 132 мемлекет енген.
Ал енді осы қасиетті тізімге ену бойынша кейбір шалалықтар, дұрысы кереғарлықтар да болмай қалмайтын көрінеді. Мысалы, қырғыздың атақты «Манасы» тізімге Қытай елінің атынан өтіпті. Мұның құқылық тұрғыдан қателігі де жоқ. Өйткені, Қытайда біршама қырғыздар тұратыны белгілі, осыны пайдаланып Қытай өкіметі баға жетпес рухани қазынаны өз атынан тіркете қойған. Енді «Манас» туралы жаңа зерттеулер мен ғылыми еңбектерді ЮНЕСКО тарапынан қаржыландыру Қытай елінің өкіліне ғана тиесілі. Дегенмен, министрдің айтуына қарағанда, тізімге ену бойынша қатып қалған қағида да жоқ екен. Мәселен, «Наурызды» ұлттық мереке ретінде Иран, Әзербайжан, Өзбекстан және т.б. елдер тіркеткен. Сол қатарға конвенцияны ратификациялаған соң Қазақстанның да енуіне болатын көрінеді.
Конвенцияны ратификацияласақ тізімге қазақ халқының дәстүр-салттарын, домбыра және қобызбен ән айту мен күй тарту өнерін, салт-жораларды, халықтық мейрамдарды, табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдеттерді, дәстүрлі кәсіптерді тіркете аламыз, деді министр. ТМД аумағындағы барлық көршілеріміз бізден бұрын қимылдап, өздерінің осындай дүниелерін баяғыда-ақ тіркетіп қойған. Мәселен, қазір Әзербайжанның кілем тоқу өнері осы тізімге енгізіліп, ол ЮНЕСКО тарапынан қорғауға алынып, жаңа зерттеулерге қаражат бөлінеді екен. Біздің ұсынарымыз тіпті мол болады. Жоғарыда айтқандардан басқа батырлар жыры, айтыс өнері үлгілерін, бүркітпен аң аулау сияқты халықтық кәсіп және т.б. осы тізімге қосу ниетіміз бар, деді М. Құл-Мұхаммед.
Конвенцияға ену үшін мүшелік жарна ретінде екі млн. АҚШ доллары шамасында қаражат аудару қажет екен. Бірақ ұлан-асыр пайдасына қарағанда бұл шығынның түк емес екені көрініп тұр. Талқылауға қатысқан барлық депутаттар да осыны айтты және олардың бәрі де конвенцияны осы уақытқа дейін ратификацияламағанымызға өкініш білдірді. Палата Төрағасы Орал Мұхамеджановтың өзі бұл құжатты баяғыдан-ақ ратификациялау қажеттігін депутаттар айтқан да еді, деді. Оны ұзаққа созып жіберу ?мәдениет министрлігі тарапынан болған қателік екенін М.Құл-Мұхаммед те мойындады.
Жақсыбай САМРАТ.