Суретте қойылымнан көрініс
Драматургиялық жанрдың тек өзіне ғана тән ерекшелігі мен оған арқау болып тартылған оқиғалар мен құбылыстардың өзіндік берілу пішіні болатыны табиғи жайт. Мұнда повесть немесе романдағыдай аяқты кең жазып, кең көсіліп отыра алмайсыз. Оны сахна табиғаты көтермейді. Сахна тек өзіне ғана тән мінезбен көрерменін баурай алады. Сондай-ақ киелі сахна драматургиялық туындының авторы мен оның қоюшы режиссерінен тек өзінің табиғатына тән шешім қабылдауды, осы арқылы көрермендерге өткір әлеуметтік ой тастауды талап етеді.
Темірбек Жүргенов 1937 жылдың 3 тамызы күні «Халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, ату жазасына кесілген трагедиялық тұлға. Оның бұған дейінгі өмірбаяны мен ел үшін атқарған ерен еңбегін сахнаға сыйғызу еш мүмкін емес. Әрі бұлай жасау тіпті де шартты бола қоймайды. Осындай жағдайда Р.Отарбаевтың ұлт жанашырының өмірі мен қызметінің белгілі бір тұсына ғана арқау жасағанына және оқиғаның шарықтау шегі мен кульминациялық бөлігіне басымдық бергеніне еріксіз келісесіз. Әйтпесе сахналық образдар ашылмай қалуы да мүмкін екенін автор алдын ала түйсінген сыңайлы.
Ең бастысы қойылымның басты кейіпкерінің қазақ мәдениеті мен руханиятының іргесін көтеру ісіндегі батыл іс-қимылдары басты рөлдегі актер Нұрболат Өтеғұловтың орындауында нанымды берілген. Бұл рөл халық зердесінде сақталған Темірбек Жүргеновтің сыртқы түріне, бойы мен сойына, тіпті шаш қою үлгісіне дейін өте ұқсайды. Яғни сахналық образ тарихы тұлғаның бітім-болмысы мен жаратылысына және биік рухына біршама жақын. Басты геройға тән үн мен екпін, қимыл-қозғалыс нақты іс-әрекет сахналық бейнені тұғырландыра түскендей әсер қалдырады.
Театрдың көркемдік жетекшісі Сержан Аманқұлов пен қоюшы режиссер Мейрам Хабибуллин зобалаң жылдар қасіретіне сай ұтқыр да ұтымды сахналық шешімдер туындатқаны да спектакльдің құндылығын көтере түскенін түйсіндік. Әсіресе Жүргеновтің жанарындағы жарқыл мен ұшқын шашқан отты беру кезінде алынған режиссерлік толықтырулар көрерменді енжар қалдыра алмайды. Сондай-ақ қойылымның бас кейіпкерінің жүріс-тұрысы мен өзін-өзі ұстай білуі де оның табиғи әрі шынайы қалпын танытып тұр деуге болады.
Спектакльдегі екінші бір ерекше рөл Темірбектің зайыбы – Дәмеш. Оны да сәтті шыққан образдар қатарына ойланбай қоя аламыз. Осы орайда сәл шегініс жасап, тарихи деректерге сүйенсек, ол арын ешкімге сатпаған текті тұқымның ұрпағы, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Лениннің қабылдауына екі рет кіріп, қазақ жерінің тұтастығын талап еткен Әлімхан Ермековтің ағасының қызы. Бір жақсысы оның осы талап-тілегі Лениннің тарапынан қолдау тауып, қазақ жері бөлшектену қаупіне ұшырамағаны да сол кездің шындығы. Өресі биік, рухы жоғары, қандай жағдайда да азаматының қолдаушысы мен тілекшісі бола білген Дәмеш образы қазақ әйеліне тән өрліктің жарқын бейнесі. Осы орайда актриса Айгүл Оразалина арқылы сәтті сахналық көрінісін тапқан Дәмеш тұлғасын – ерекше тұлға деуіміздің әбден жөні бар.
Бүгінгі қазақ драматургиясының хас шебері Рахымжан Отарбаевтың «Темір нарком» тарихи драмасы тарихи тұлғаларды тоғыстырған туынды болуымен де ерекшеленеді. Кім жоқ дейсіз бұл пьесаның ішінде. Сол жылдары Қазақстанды басқарған Левон Мирзоян. Осы кезеңде Мәскеуде өткізілген қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне барған жыр алыбы – Жамбыл, сөз зергері – Ғабит, халқымыздың күміс көмей әншісі – Күләш, өнердің өрен жүйріктері – Қаныбек пен Құрманбек, мың бұрала билеген ару биші Шара да осында жүр. Осы өшпес бейнелер шоғырында басты кейіпкердің кескіні өзінің биік көркемдік сахналық деңгейіне көтеріле түседі.
Темірбек Жүргеновтің ұлт рухын асқақтату жөніндегі сан қырлы қызметін тек бір Қазақстанмен шектей салуға болмайды. Сондай-ақ ол Тәжікстанның қаржы, бұдан соң Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған. Оны сол кездегі КазЦИК-тің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтың ұсынысына орай Мирзоян Қазақстанға алдырған екен. Оған Ғабит Мүсіреповті жіберген. Сондықтан да тарихи драмада Темірбек Жүргенов Орта Азия мен Қазақстандағы білім мен мәдениетті дамыту ісіне мол үлес қосқан тұлға ретінде көрінген. Қойылым жөнінде «Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсатов осындай ой-пікірін алға тартты. Аталған тарихи тұлға жөнінде жазылған өзге дүниелер мен шығармаларда оның әкесі мен арадағы қарым-қатынасы әртүрлі нұсқаларда айтылатыны аңғарылады. Ал Рахымжан Отарбаев сахналаған «Темір наркомда» автор өзінше ой түйеді. Мұнда бас кейіпкердің әкесі Қара (актер Әсет Оразалин) текті тұлға, өз заманының адамы, айбынды ақсақал, ақ-адал еңбегі және маңдай терімен бір кісідей дәулет жия білген, ісі де, сөзі де кесек кейіпкер ретінде көрінеді.
Қойылым кезіндегі әке мен баланың өзара үн қатысулары осы диалогтағы Қара Жүргенұлының түйінді сөзі көрерменді терең ойға қалдырады. «Үсті-бастарың жылтыр, тірліктерің боямалы, шекелеріңе қонжита қондырған бас киімдеріңнің күнқағарлары да тым қысқа екен. Сірә, ғұмырларың да ұзаққа бара қоймас», дейді де әке баласының үйінің есігін тарс жауып шығып кетеді. Мұны Темірбектің әкесі – Қараның Кеңес өкіметі мен социалистік жүйеге қарсы айтқан үкімі деп ұғынсақ керек. Бұған баласы қандай уәж айтарын білмей тосылып тұрып қалады.
«Саяси қуғын-сүргін жылдарында арамызда ешқандай кінәсі мен жазығы жоқ адамға нақақ жала жауып, оның тұтқынға алынуына себепші болып, ауызбіршілігімізге дақ салғандар да табылды емес пе? Рахымжанның қаламынан туындаған тарихи драма осындай олқылығымызды, опасыздық пен сатқындық көріністерін тұспалдап ұғындыра білуімен де бағалы, құнды. Рухани тұрғыдан жаңғыру мәселесіне келгенде өткеннен сабақ алар жайттың бірі міне, осында. Тарих тағылымы, тарихтан алынатын ғибратты да осы қатарға қоя аламыз» деді премьера аяқталғаннан кейін газет тілшісінің сауалына орай ел зияткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы.
Спектакльдегі декорация қоюшы-суретші Әсия Құманалинаның сол дәуірдің тынысын дөп баса білгенін білдіреді. Рөлдерді орындаушылардың қай-қайсысы да өзіне тиесілі образдарды ашуға әжептәуір ұмтылыс жасағаны да айқын көрінеді. Бұл түйінді НКВД қызметкерлерінің рөлдерін сәтті әрі шынайы түрде шығарған актерлер Дәурен Нарман, Бекжан Қайроллин, Қадыр Құттыбаев және Бекарыс Ахетовке қатысты да айтуға болады. Қойылымның етек-жеңі мен бас-аяғы жинақы. Қоюшы-режиссер Мейрам Хабибуллин жас та болса өзінің қабілет-қарымын жарқыратып көрсете алғаны тағы бір мерей. Тарихи драмаға арқау болған оқиғалар мен оның шарықтау шегін режиссер жүйелі түрде бере біліпті. Сондай-ақ режиссурадағы батыл ұстаным образдардың тобырға айналып кетпей дараланып, бөлектенуіне де әсерін тигізген.
Бүгінгі қазақ драматургиясының белді өкілі Рахымжан Отарбаевтың таңдауы нақ осы Темірбек Жүргеновтей трагедиялық тұлғаға түсуі неліктен? Бұл сауалға орай қаламгер өз ой-пікірін былайша жеткізді:
– Бас-аяғы небәрі он жылдың аралығында ұлтымыздың алтын құрсақты аналары Санжар Асфандияров, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев және Тұрар Рысқұлов секілді елі мен халқын шексіз сүйе білген мемлекетшіл тұлғаларды толғатқан екен. Олардың қай-қайсысы да елді ел қылуға әрі ұлтты ұйыстыра білуге қызмет жасай білді. Әттең, не шара?! Бәрі де өктемшіл, озбыр саясаттың құрбаны болды. Бұған сол кездегі ызғарын төккен тоталитарлық режім озбырлығы кінәлі дей тұрсақ та, біз бәріміз олардың өшпес рухтары алдында ақтала білуге тиіспіз. Қайтіп, қалайша ақталмақпыз?! Қабырғаммен кеңесе келе, оның басты бір жолы Темірбек Жүргеновтей қайраткер, аяулы азамат жөнінде қалам сілтеген жөн деп ұйғардым. Осы мақсатыма жете алдым ба, жоқ па, оның әділ бағасын көрермендер береді деген ойдамын.
Ақтөбеде сәтті өткен, «Темір нарком» спектаклінің премьерасы қаламгердің көкейіндегі осындай алаң көңілді сейілте алғаны анық. Тарихи драма Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген рухани бағдарлама аясында ұсынылған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ