12 Қараша, 2011

Алтын бесік Үшқоңыр

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Алматы облысындағы Үшқоңыр ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.

АЛТЫН БЕСІК ҮШҚОҢЫР

Алатаудың етегіндегі құстың ұясындай Үшқоңыр ауылы асқаралы биіктермен астасып, кең көсіліп жатыр. Тереңнен тамыр тартсақ, тарихы тым әріден басталады. Сонау 1913 жылы мұнда 140 қана түтін болса, бүгінде халық саны 18900-ден астам. 3778 отбасында ынтымағы жарасқан 20-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендесе, қай ұлттың өкілі болмасын қазақ тілінің қаймағын бұзбай сөйлегенде таңдана қарайсың. Үшқоңырлықтар Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осында кіндік қаны тамып, есейіп-ержетіп, үлкен өмірге қанат қаққан туған жері екенін ерекше мақтанышпен еске алады. Сондықтан болар, елді мекен тұрғын­дары ауыл мәдениетін асқақ ұстап, көркейтіп, сәулеті мен дәулетінің артуына өзіндік үлестерін қосып, жұдырықтай жұмылған. Аға ұрпақ өкілдері бүгінгі жастардың бойына отаншылдық қасиеттердің орнығуына ерекше мән беріп, ел мен жер тарихынан сыр шертуді дәс­түрге айналдырған. Осындай кездесулерде со­ғыс ардагерлері мен еңбек озаттары Шәйке Ыды­рысов, Василий Шустов, Күләш Әмірова, Бақ­бер­ген Ділдәбеков және басқалар өткен мен бүгінгінің арасын жалғайтын тартымды әңгіме қозғайды. Жастар болса, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, оқуда озат, үлгілі өрен болуға ұмтылады. Ауыл-аумағының жер көлемі 28 мың гектар және Үшқоңыр, Еңбекші, Үштерек, Сауыншы, Құмарал, Айқым елді мекендері кіреді. Ауыл жыл өткен сайын құлашын кеңге жайған. Кіреберістегі Алланың үйі мен осында баһадүр батыр Қарасай Алтынайұлының қасиетті қара шаңы­рағы сақталған. Алыс-жақыннан ғибадатханаға келушілер қатары әсте толастамайды. Осын­дағы Жібек жолы, Д.Қонаев, М.Мақатаев және Әлжан ана, Т.Рысқұлов атындағы көшелердің көрікті келбеті кімді болса да таңдандырады. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беретін бес мектепте 4 000-ға жуық бала оқиды. Елбасы 1948-1957 жылдары Фурманов мектебінде білім алған. Қазіргі кезде білім шаңырағы Қарасай батыр есімімен аталып, «Шапағат» мұражайында Нұрсұлтан Әбішұлының жастық шағынан басталған тарихи суреттер, құнды құжаттармен толығып, ұрпаққа ұлағат болатын игілікті істермен ұштасуда. Тәуелсіздік таңымен түрленген елді мекенде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен жаңа үлгідегі салынған мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі тұрғындар игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Бір айта кететіні, №2 кәсіптік лицейде құрылысқа қажетті 8 сала бойынша ауыл шаруашылығының кәсіби мамандары даяр­ланып, жұмыссыздықты болдырмаудың алғы­шарт­тары қарастырылған. Үшқоңыр ауылының сән-салтанатын арт­тыр­ған әсем үйлер мен ғимараттар да көптеп салынуда. Шағын ауылда 560-тан астам шаруа қожалығымен қатар орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын «БН Винзавод», «Нұрбол», Сигма», «Kazach Cool», «Еңбекші Агро», «Экофурд» жауапкершілігі шектеулі серіктестік­терінің өндіріс орындары тұрғындардың әлеу­меттік жағдайының жақсаруы мен екі қолға бір жұмыс табуына берік негіз қалаған. Кәсіпкерлер «Туған жерге туыңды тік» деген тәмсілге сай өндіріс орындарында 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашыпты. Тәуелсіздік әкелген асыл құндылықтарды бойтұмардай қастерлейтін тұрғындардың ер­теңге деген сенімдері де нық. Өйткені, ауыл түр­леніп, береке-бірлігі жарасым тапқан. __________________________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.