Олардың барлығы да жастығына қарамай, өмірдің әр саласында үздік жетістікке жеткендер болатын. Мысалы, Қадыржан Мақанғалидың өзі жас ғалым. Ол таяу уақытта облыс орталығынан шалғайда жатқан Қамысты ауданында халықаралық дәрежеде аталып өткен инновациялық технологиямен өңделетін шұжық цехын ашуды жоспарлап отыр. Ал Дмитрий Ромащенко мемлекеттік тілді таза меңгеріп алуымен қатар, Федоров ауданындағы №1 орта мектепте қазақ тілінен озық әдістемемен сабақ береді. Биыл «Алтын кітапқа» есімдері жазылған 11 жастың әрқайсысы өзінің ісімен, дарынымен қызықты дастан секілді.
– Менің бала жасымнан мемлекеттік тілге қызығушылығым болатын. Бірақ А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығына түскенімде тілім қазақшаға онша келмейтін және көп сөздерді түсінбейтінмін. Бірінші курста бір сөз де айтқан жоқпын, тапсырманы үнсіз орындаумен болдым. Екінші курста бір-екі ауыз сөз сөйлейтін болдым, үшінші курста одан да жақсы, тезірек сөйледім, төртінші курста сөйлеп кеттім. Мен мемлекеттік тілді білуім керек деген мақсат болды менде, сонымен қатар өзім туған Федоров ауданынан ешқайда шықпаймын деген ойым болды. Ал ауылда мемлекеттік тілде сабақ беру менің өмірлік наным деп білдім, – дейді Дима ағынан жарылып. Қазір оның қазақ тілін меңгеру және үйрету жөніндегі ізденістері тіл мамандарының назарын аударып жүр.
Жыл да дәстүрлі өтетін «Қостанай облысы жастарының алтын кітабы» балына биыл да облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар ісіне ылғи да көңіл бөліп отырады. Оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы айтылған мәселелердің барлығы да жастарға арналады, сондықтан оны жүзеге асратынын да сіздер боласыздар. Еңбексіз, мақсатсыз ешкім де мемлекетке, отбасына пайдалы іс істей алмайды. Біздің бұл шара жыл сайын ел болашағының көкжиегіндей арман қуған талантты, дарынды жастардың өсіп келе жатқанына кепіл болады. Бүгінгі марапат, құрмет сіздердің еңбектеріңізді мойындау ғана емес, қоғамның сіздерге көрсеткен үлкен сенімі. Өзге жастар сіздерге теңелгісі келеді», деді Архимед Мұхамбетов.
Қостанайда 184 жастың есімі «Қостанай облысы жастарының алтын кітабына» жазылды. Жалпы Қостанай облысында мемлекеттік жастар саясатын қаржылық қолдау да жыл сайын өсіп келеді. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 190 миллион теңге бөлінді.
Жастарға арналған биылғы бал қайырымдылық акциясымен аяқталды. «Алақандағы өмір» жобасы аясында 9 жасар Коновальчук Ираға операция жасауға керек 5 миллион теңге қаржыны жинау жүріп жатыр. Кеште оған арналған қайырымдылық жәшігіне 50 мың теңге жиналды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай