Аграрлық сектордағы кооперацияны тиімді ынталандыру тетіктерінің бірі – жеңілдікпен несиелеу. Осы мақсатта Қор арнайы несие бағдарламаларын әзірледі және іске енгізді.
– Қор қызметіндегі негізгі басымдық – Елбасының ұсақ тауарлы шаруашылықтарды біріктіріп, ауылшаруашылық кооперациясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров.–Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша, сонымен қатар Қор өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 45,7 миллиард теңгеге 12,6 мың несие берді. Қаржыланған жобалар бойынша 13 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.
«ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын Қор бүгінде көптеген көрсеткіштер бойынша жедел өсуді көрсетіп отыр. Ауылды шағын несиелеудің ең ірі операторы, яғни Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры соңғы бес жыл ішінде жыл сайынғы қаржылай көмек көлемін төрт есе ұлғайтты.
Қазіргі таңда Қордың қатысуымен құрылған кооперативтер ауылшаруашылық өнімін жинауға және дайындауға кірісті. Олардың бірқатары өнімді әрі қарай қайта өңдеуге, тауарлы сүт тағамдарын, шұжықтарды, жартылай фабрикаттарды шығаруға да кірісіп кетті.
Қор қаржыландырған кооперативтердің бірі – Қарағанды облысының Шет ауданындағы «Алға» кооперативі. Алғашында құрамында 20 қатысушысы болған бірлестіктің бүгінде 40-тан астам қатысушысы бар.
Кооперативке кірген шаруашылықтар қандай табысқа қол жеткізді деген сауал туындайды. Біріншіден, жеңілдетілген несиелеуге қол жеткізді. Шағын несие ретінде берілген 82,3 млн теңге 630 ірі қара мал басын сатып алуға жұмсалды. Екіншіден, кооператив ауылда мал соятын бекетті орнатты. Модулдік жабдықтың жарты сомасы мемлекеттік субсидия есебінен төленіп, қалған жартысын кооператив 7 жыл ішінде қайтарады. Үшіншіден, өндірушілер өнімді тауарлық заттармен сапалы түрде алатын болды.
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданының «Красный яр» кооперативі өз ауылында құс фермасын ашты. Жеңілдікпен несиелеу асыл тұқымды қаздарды және өнеркәсіптік инкубаторды сатып алуға мүмкіндік берді. Ендігі жерде мал соятын және мамықты қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Қордың қолдауымен 160 сүт қабылдау бекеті, 70 мал сою бекеті қаржыландырылып, бордақылау үшін 100 мың ірі қара мал және 28 мыңнан аса сүтті ірі қара мал сатып алынды, 51 сүт тасымалдау көлігі мен 42 рефрижератор сатып алынды. Құрылған кооперативтер толық жұмыс істегенде жыл сайын 67,5 мың тонна сүт, 24 мың тонна ет, 10 мың тонна алма, 15 мың тонна басқа ауылшаруашылық өнімін дайындайтын болады.
2018 жылы да ауылшаруашылық жобаларын қаржыландыру жалғастырылады. Бұл орайда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жалпы сомасы 45 млрд теңгеден астам несиелеуді жоспарлап отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»