Тарих • 27 Желтоқсан, 2017

Ежелгі қаңлылар «Хань ағаш жазуларында» хатқа түскен

1684 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қытай жылнамаларында ежелгі ғұн, үйсін, түркі мемлекеттері туралы егжей-тегжейлі жазылған мәліметтер көптеп кездеседі. Қа­зақстандық тарихшылар сол деректер бойынша Қазақ елінің ерте заманғы тарихын зерттеді. Бұдан тыс, Қытай жылнамаларында ежелгі сақ, қаңлы мемлекеттері туралы жазылған мәліметтер де бар, дегенмен ол мәліметтер ғұн, үйсіндерге қара­ғанда азырақ. 

 

Ежелгі қаңлылар «Хань ағаш жазуларында» хатқа түскен

­­­­­Б.з.б. 202 жылы бүгінгі Қытайдың Орта Жазық өңірінде Хань мемлекеті құрылды. Осы мемлекет елді орта­лықтан біртұтас басқару жүйесін құ­рып, сыртқа ықпалын күшейтіп, салтанатын асырғаны тарихтан белгілі. Бұл оның терістігіндегі  ежелгі Ғұн (қытайша Шиоң-ну деп айтылатын) мемлекетінің де тарих сахнасын дүр­кіретіп тұрған кезі. Бірнеше ғасыр бойы өзіне үнемі тырнағын батырған Ғұн елін Хань патшалығы назарда ұс­тап, қадағалап, сол ел туралы көп мә­ліметтерді бамбук  шыпталарға жазып, хаттап, мұрағаттарында сақтады. Хан ордасының мұрағаттарынан бүгінге жеткен жазбаша түрдегі мәліметтер баға жетпес құнды дереккөз болып отыр. Бұдан да маңыздысы, сол тұста ағаш шыпталарға жазылған Хань елі­нің шекара бекеттеріндегі қа­рауылдарының күнделіктері мен бас­шылық мекемелердің хаттамалары тағы бар.  Ежелгі заманғы құнды қол­жазба деректердің бүгінге же­туі кімді болсын қызықтырмай қой­майтыны сөзсіз. Осыдан екі мың жыл бұрын шыпталарға жазылған сол бір шекаралық хаттамалар бұл күндерде «хань ағаш жазулары» деп аталады.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Қытай-Швеция бірлескен ғылыми экспедициясы ұйымдастырылып, оған швед саяхатшысы, географ, этнограф ғалым Гедин Свен Андерс жетекшілік жасады. Сол жолғы экспедиция құра­мын­да тағы бір швециялық атақты археолог Ф.Бегман да  болған еді. Осы экс­педиция 1929 жылы қыркүйек айын­да қазіргі Ішкі Моңғол автономия­сына қарасты Ежина жеріне барып, ар­хеологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 

Қытай-Швеция бірлескен ғылыми экспедициясының Ежина жеріндегі Поч­энзыға археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізуінің өзіндік сыры да бар-тын. Бұл жер Хань мемлекеті би­лік құрған тұста шекаралық бекініс әрі Ғұн еліне шығатын өткел болған. Ол кезде бұл өңір Гаян ( ғұн тілінде көлшік деген сөз) ауданы деп аталатын. Патшалықтар орнын ауыстырып, заманның өзгеруіне сай сондағы бекініс, өткелдер бұрынғы қызметтерін тоқтатып, топырақ астында тапталып қала берді.  Экспедиция, міне, осы бір мыңдаған жылдар бойы жер астында көміліп жатқан байырғы бекініс-бекеттердің құпиясын ашу үшін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл археологиялық қазба жұмыстарының ең басты табысы – «Хань ағаш жазуларын» топырақ арасынан аршып алу болды.

Оны алғаш тапқан археолог Ф.Бег­ман. Сол жолы қол жеткізген үлкен та­бысын Бегман  өзінің есеп дәптеріне бы­лайша хаттапты: «Желге мүжіліп, жаң­бырға шайылған өртеңнің (өртең – ежелгі қытай елінің шекаралары мен маңызды қатынас жолдарының бойларына топырақтан үйіп тұрғызылатын биік   құрылыс. Сол замандардағы да­былдық жүйе бойынша түтін, жарық, от шығару арқылы әр тарапқа түрлі бел­гілер беріледі) жанындағы ежелгі за­ман үйлері қабырғаларының сорабы мені қатты қызықтырды, солар­дың ішіндегі төртбұрыш пішінді там­ қабырғасын өлшеуге ыңғайлана берге­німде қаламым жерге түсіп кеткені. Содан еңкейіп қаламымды ала бермек­ші болғанымда көзіме ежелгі хань пат­шалығы заманындағы металл ақша у-жудың бір данасы түсті. Сол маңды тағы да анықтап қарай бастадым, нә­ти­же­сінде бір тал қоладан жасалған оқ­­тың басы мен тағы бір тал у-жу тауып алдым. Ертеңіне сол жердің шы­ғыс жағынан бастау алып қаза бас­тадық, көп ұзамай бетіне жазулар жа­зылған жіңішке ағаш тілкімі табылды.­ Қуанышымызда шек жоқ. Аздан соң тағы да бір ағаш тілкімін тауып алдық». Міне, осылайша Бегман «Хань ағаш жазуларын» тауып, күллі әлемнің на­­за­рын өзіне аударды.  Одан соң Ф.Бег­ман Лобнордағы  ежелгі Кроран қа­ласы орнының  маңынан  «Шиау-хы  қо­рымын» тауып, әлем назарын Такла­маканға тағы бір рет аударған еді.

Жоғарыда аталған сол «Хань ағаш жазулары» – мыңдаған жылдардан бе­рі ешқандай өзгеріссіз сақталып келген түпнұсқалық қолжазба. Өз­герістерге ұшы­рамаған осындай жазба­ша деректер­ге талмай үңілгенде ғана ежел­гі ғұн, үйсін, қаңлы, т.б. ұлыстарды зерт­теуге жол ашып, ұлтымыздың арғы та­рихын тамырынан тарқатып зерделей аламыз. 

Кейінгі уақыттарда ғалымдар «Хань ағаш жазуларының» жүз мыңдаған да­насын тауып, ғылыми айналымға тү­сірді. Олардың мазмұны да әртүрлі. Атап айтқанда, орталықтың шекара аймақтарына түсірген бұйрығы, шекара бекеттеріндегі қарауылдардың күнделігі, соғыс жағдайы туралы жа­зылған хаттамалар, жергілікті ха­лықтың арыз-шағымдары, ресми хат­тар. Осылардың ішінде біз үшін ғұн­дар туралы жазылған мәліметтердің құн­дылығы аса жоғары болып отыр. Мысалы, сол жазбалардың арасынан шық­қан, кезіндегі хань патшалығы заманында шекаралық өртеңдерде белгі берудің шарттары туралы жазылған хаттаманы атауға болады.  «Өртеңде от тұтандырудың шарттары» деп аталатын сол шарттың 14-тармағында: «Егер ғұндар шекараға шабуыл жасағанда жасағы мың аттыдан аз болса, бір үйім отын, мың аттыдан көп болса, екі үйім отын, екі мың аттыдан көп болса, үш үйім отын тұтандырылсын, басқа бе­кеттегілер соған қарап жағдайды білсін» деп көрсетілген. Бұдан сол кездегі ғұн елінің хань мемлекеті үшін өте қауіпті жау болғандығын аңғарамыз. Бұдан бас­қа да, сондай ағаш шыпталарға жа­зылған маңызды мәліметтер көп кез­деседі. Қытайда хань ағаш жазуларын іздеу жұмыстары күні бүгінге дейін жал­ғасын тауып келеді. Таяудағы жыл­дарда қытайлық ғалымдар ежелгі Ба­тыс аймақпен (ежелгі заманнан бері қытайлар Орта Азияны Ши-юи – Батыс  аймақ деп атап келді) шекараласқан өңірлердегі шекаралық бекіністер мен бекеттерге зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, көптеген құнды жәдігерлер тапты. Солардың ішінде   Қытай археологтары 1991 жылы Дон хуаң жерінен тапқан «Қаңлы елшілері туралы хаттаманы» ерекше атауға болады.

Дон хуаң – Хыши дәлізінің батыс қақпасына орналасқан маңызды кент, Ұлы Жібек жолы бойындағы батыс-шы­ғыс мәдениеттерін түйістірген мәдениет орталықтарының бірі. Хань империясы Хыши дәлізіндегі ғұндарды ығыстырып шыққаннан кейін құрған батыстағы төрт әкімшілік орталықтарының бірі тағы осы Дон хуаң болған. Дон хуаңға сол замандарда Қытайдың батысында тұ­ратын елдердің елшілері, саяхатшылары, саудагерлері мен дін таратушы монахтары үздіксіз келіп қонақтап, әрі қарай ішкі Қытайға жол тартатын. Ол елшілер мен саяхатшылардың ішінде біздің арғы ата-бабаларымыз болып саналатын үйсін, қаңлы елдерінің өкілдері де болыпты. Бұл сөзімізге куә болатын айғақтардың түр-түрі бар. Соның бірі – хань ағаш жазуларына хатталған «Қаңлы елшілері туралы хаттаманы» атап өтуге әбден болады. 

1991 жылы Қытай археологтары Дон хуаң жеріндегі Шуань-чуань ескі қа­ла орнына археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізіп, өте көп хань ағаш жазуларын тапты. Солардың арасынан шыққан «Қаңлы елшілері туралы хаттама» жұрт назарын өзіне бірден аударып әкеткен еді. Ежелгі Қытай жыл­намаларындағы деректер бойынша Шуань-чуань маңызды шекаралық аудан болғанға ұқсайды. Онда Батыс аймақтан келетін сауда керуендерін тексеру, шекаралық аймақты бақылау жұмыстары жүргізілетін болған. 

«Қаңлы елшілері туралы хаттамада»  б.з.б. 39 жылы болған іс туралы баяндалған. Барлық мәтін ежелгі қытай тілінде, сол замандағы қолданыста  болған қытай иероглифі бойынша­ ­7 бөлек жұқа ағаш тілкімдеріне жоға­рыдан төмен қарай жазылған. Әрбір ағаш тілкімінің ұзындығы 23 см, кеңдігі 1 см шамасында. Бұл жеті тілкім ағаш бөл­шектері кендір жіп арқылы шыпталанып біріктірілген. Жалпы мәтін 291 иероглиф, төрт мазмұнға тұрақтаған. 
«Қаңлы елшілері туралы хатта­маның» мазмұны төмендегідей:

«Қаңлы елінің елшісі Янбота, орынбасары Бадүн, Сағай елінің елшісі Гамо, орынбасары Сакүн, оларға ілес­кен тағы бір сыйлы кісі Дон-хуаң қамалынан кіріп, Жию-чюаньға  жол тартқан, жолдарында оларға азық-түлік берілмеген, Жию-чюаньға келіп патшаға сыйға апара жатқан түйелерін тек­серуден өткізген. Жию-чюань бас­қар­масы­ның бас қолбасшысы ел­ші­лердің қа­ты­суынсыз олардың түйелеріне өз беттерімен тексеру жүргізген. Янбо­талардың семіз түйесін арық деп, Га­молардың бір бас ақ бурасы мен екі бас ақ інгенінің түсін сары деп кесім шы­ғарған. Оған келіспеген Янботалар ор­даның басшылық мекемесіне шағым берген. 

Юоң-гуаңның 5-ші жылы маусым айының 1-і күні (б.з.б. 39 жылы шілде айының 21 күні) орданың сыртқы істер басқармасы Дон-хуаң басқармасының бас қолбасшысына болған істі анықтау, нәтижесін белгіленген уақыт бойынша жоғарыға мәлімдеу әрі кешіктірмеу туралы жарлық түсірді.
Юоң-гуаңның 5-ші жылы шілде айының 18-і күні (б.з.б.  39 жылы қыр­күйек айының 6-сы күні) Дон-хуаң басқармасының ұлықтары жол бойын­дағы аудандарға қаңлы елшілерін азық-түлік және жем-шөппен қамдауға бұйы­рып хат жолдады. 

Юоң-гуаңның 5-ші жылы шілде айы­ның 20-сы күні (б.з.б. 39 жылы қыркүйек айының 8-і күні) Дон-хуаң басқармасы аудандарға  ат-көлік, азық-түлік және жем-шөппен қамдау істері­нің қалай болғандығын үш тәуліктен асырмай мәлімдеуі керектігі туралы бұйрық түсірді». 

Істің ақыры немен аяқталғаны туралы мәліметтер сақталмаған. Қалай бол­ғанмен де, бұл жазбада ежелгі қаңлы елі туралы анық дерек бар. 
Осы арада ежелгі қаңлы елі қан­дай ел, жері қайда, елшілер қайдан ке­ліп­ті дейтін сұрақтың кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Мәтінде Сағай елі де кездеседі, ол қайдағы ел деген сұрақ тағы туындайды. 

«Хань-шу (хань патшалығының жылнамасы). Батыс аймақ тарауында» ежелгі Қаңлы мемлекеті туралы былай хатталған: «Қаңлы мемлекетінің пат­шасы қыста Логатнук қаласын қыс­тап, жазында Бетен қаласына кө­шіп кетеді. Чаң-аньнан (Қытайдағы қа­зіргі Ши-ань қаласы, ежелгі хань патшалығының ордасы) 12300 ли (қы­тай өлшем бірлігі бойынша 1ли ша­мамен 415,8 метрге тең келеді) шал­ғайға орналасқан. Хань ордасы тұ­тықтығының бақылауына кірмейді. Логатнук қаласына атпен жеті күнде жетуге болады. Чаң-аньнан патшаның жазғы ордасы Бетен қаласына дейін 9104 ли. Қаңлы мемлекетінде 120 мың отбасы, 600 мың халық, соғысқа даяр 120 мың жасағы бар.

Қаңлының шығыс шеті Хань ордасы тұтықтығынан 5550 ли шалғай. Салт-дәстүрі юе-зымен (юе-жы) ұқсас. Ғұндардың айтағына ілесіп кетеді». Тарихшылар осы атал­ған аумақты бүгінгі Сырдарияның те­рістік жағындағы кең алқап деп тұрақ­тандырған. Енді Сағай елі туралы айтар болсақ,  «Хань-шу. Батыс аймақ тарауында» тағы да былай деп хатталған: «Қаңлыға бағынышты бес шағын мемлекет бер. Бірінші, Сағай мемлекеті, ордасы Сағай қаласы. Ол тұтықтықтан 5776 ли, Яң-гуаннан (Хань елінің батыс шекарасындағы шекаралық ба­қылау өткелі) 8025 ли шалғай жерде. Екінші, Бомык мемлекеті, ордасы Бо­мык қаласы. Ол тұтықтықтан 5767 ли, Яң-гуаннан 8025 ли шалғай жерде. Үшінші, Раунік мемлекеті, ордасы Рау­нік қаласы. Ол тұтықтықтан 6296 ли, ­Яң-гуаннан 7525 ли шалғай жерде. Төртінші, Ге мемлекеті, ордасы Ге қаласы. Ол тұтықтықтан 6296 ли, Яң-гуаннан 8555 ли шалғай жерде. Бе­сінші, Үргеніш мемлекеті, ордасы Үргеніш қаласы. Ол тұтықтықтан 6906 ли, Яң-гуаннан 8335 ли шалғай жерде. Осы аталған бес шағын мемлекет түгел қаңлыға бағынады». Осында аталған Сағай қаласы қытай деректері бойынша бүгінгі Самарқан қаласының оңтүстігіндегі Шахрисабыз жері.

Қаңлы мемлекетінің елшілері сол заманда Хань еліне бүгінгі Сырдария өңірінен аттанған болды.  Хаттамадағы дерек бойынша сапарға төрт елші, бір сыйлы қонақ аттанған. Мақсаттары – Хань елінің патшасына тарту-таралғы ұсыну. Олар патшаға керемет түйелерін сыйға тартпақ болған, бірақ шекара өткел бекетіндегі хань елінің жауапты адамдары оларға дұрыс мәміле жасамай, түйелерін сараптамадан дұрыс өткізбеген, сол аралықта дау-шар пайда болған. Дауға патша ордасының сыртқы істер басқармасының араласқаны байқалады.  

Заманында Орта Азиядағы көптеген елдердің елшілері мен құрметті қонақ­тары хань еліне сапармен барып тұрған­дықтары қытай жылнамаларында көп­теп кездеседі. Ал соншама алыстан ат терлетіп барған елшілерді хань елі­ қалай қарсы алып, оларға қандай жағ­дай жасағанын да сол жылнамалардан бай­қауға болады.

Хань патшалығы тұ­сында Батыс аймаққа орналастырған тұтықтықтың тұтықтары хань елінің патшасына батыстағы елдердің жағ­дайы туралы мәліметтер беріп отырған. Ол мәліметтер жылнамаларға да енгі­зіліп хатталыпты. Осы сөзімізге дәлел ретінде  «Хань-шу. Батыс аймақ тара­уындағы» мына бір мәліметке назар аударайық, батыс тұтықтығының тұты­ғы Го-шун патшаға берген мәліметінде былай жазады: «Қаңлы туралы айтар болсақ, олар өздерін зор, өзгелерді қор санайды, айлакер, қу келеді. Хань патшасының елшілеріне ешқашан құрмет көрсеткен емес, тұтықтың бек­тері Қаңлы мемлекетіне барғанда олар­ды есік жаққа үйсін елшісінен төмен отырғызып қойып, алдымен пат­шалары мен бекзаттары өзге ел­дердің елшілерімен бір дастарқанда та­мақтанып алғаннан соң барып, біздің елшілерге дастарқан жайғызыпты, сөйтіп өзгенің алдында бізді мұқатып, өздерінің кереметтігін көрсетіпті. Қаң­лының патшасы бір ханзадасын біздің елге жіберіп отыр, мақсаты не? Шындығына келсек, олардың бар мақсаты бізбен сауда жасасу ға­на, қалғандарының барлығы өтірік, көз­бояушылық.

Батыстағы елдердің ішінде ғұн елі әлі де ырықты орында тұр, тек хань елінен тайсалып, істің соңын күтіп тыныш отыр. Егер Қаңлы елінің хань елшілерін мазақ қылғанын  ғұн тәңірқұты білсе, онда ол өзін қор санайды да, намысы басына шабады. Сондықтан Қаңлы ханзадасын еліне қайтарып, олармен арадағы байланыс­тарды үзіп, біздің ондай айлакер елдермен қатынас орнатпайтынымызды өзгелерге сабақ ретінде көрсетуіміз ке­рек. Батыстағы сегіз елге шығатын жолдың бойындағы Дон хуаң, Жию-чюан сияқты бақылау бекеттері мен аудандар әрлі-берлі өтіп жатқан жүр­гіншілерді ат-көлік, жем-шөп, азық-тү­лікпен қамдаумен әуре болады, бұл олар үшін оңай жүк емес. Алыста жат­қан, ешкімді көзге ілмейтін, айлакер қаң­лы елінің елшілерін қошеметпен қарсы алып, жолдағы аудандарды сабылтып қоюдың қажеті аздау». 

Енді қараңыз. Жоғарыдағы «Қаңлы елшілері туралы хаттамада» жол бойын­дағы басқарма қолбасшысы қаңлы елші­сінің түйелерін тексеруден дұрыс өткіз­бегені айтылады. Ал оның себебі, тұтықтың патшаға жолдаған  хатында айтқанындай, бір түйткілді мәселенің бар екендігінде тұр. 

Осы ретте ашылмаған дерек әлі же­терлік. Олардың талайы сондай ағаш шыпталар мен бума қағаздарға жа­зылған бойы сарғайған топырақ үйіндісі астында көміліп жатқан болуы бек мүмкін. Оны айтпағанның өзінде, ежелгі ғұн, үйсін, қаңлы, сақ, түркі мемлекеттері туралы шетел тарихшылары мен археологтары қаншама дерек ашты. Біз үшін сол табылған дүниелерді іздеп тауып, ауда­рып, халыққа жеткізу де үлкен борыш. Мәңгілік елдің тамыры терең, өзегі шымыр, тарихы ұзақ екендігінде дау жоқ. 

Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ,
аудармашы, деректанушы