Жыл бойы жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың негізгілерін сөз еткен Сенат Төрағасы биылғы жыл мемлекет дамуының жаңа сатысына көшуіне байланысты жүзеге асырылған жұмыстардың көлемі мен қарқыны жағынан ерекше жыл болғанын жеткізді. «Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарына берілді. Бүгінде еліміздің экономикалық және технологиялық жаңғыруының негізіне айналған Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасын іске асыру бойынша нақты қадамдар жасалуда», деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Сенат басшысы биыл Астанада өткен бірқатар маңызды шараларға назар аударды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті және Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана келіссөздері Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жаһандық саясаттағы белсенді рөлі мен халықаралық беделін айғақтай түскеніне тоқталды. Сонымен қатар, Елбасы белгілеген стратегиялық міндеттерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі Сенат қызметіне жоғары баға берді. «Сенат Үкіметпен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, еліміз үшін өте маңызды болып табылатын тоқсаннан астам заң жобаларын мұқият талқылап, қабылдады», деді Қ.Тоқаев.
Ал қабылданған заңдар негізінен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталды.
Палата басшысы, сондай-ақ Сенатта заң жобаларын талқылау барысындағы қызу пікірталастардың нәтижесінде, заң жобаларын біршама жақсартатын салмақты түзетулер енгізілгенін де еске алды. Конституциялық реформалар нәтижесінде күшейтілген парламенттік бақылау пәрменін пайдалана отырып, Сенатта қоғамды толғандырып жүрген өзекті тақырыптарға арналған бірнеше парламенттік тыңдаулар өткізілді. Өткір мәселелер кеңінен талқыланған жиын барысында осы бағыттардағы жұмысты жандандыру бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты нұсқаулар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, жаңа 2018 жыл да еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болмақ. «Санаулы күндерден кейін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін болады. Барша қазақстандықтар елордамыз Астананың 20 жылдығын қарсы алуға қызу дайындалуда», деді ол. Осыған байланысты Парламент жоғары Палатасының басшысы депутаттарды заң жобалары бойынша белсенді жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен жалғастыра беруге шақырды.
Бекітілген күн тәртібіне сай, бұл күні депутаттар ең алдымен Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың таныстыруымен Мәжіліс мақұлдаған екі құжатты талқылады. Оның алғашқысы – «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» болса, екіншісі – «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы.
Шарттың ережелеріне сәйкес тараптар халықаралық терроризмге және діни экстремизмге, сондай-ақ жаңа қауіптер мен қауіпсіздік сын-қатерлерінің өзге де көріністеріне қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.
Осы күні палата Қазақстан мен Ирландия арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялады. Бұл конвенция екіжақты халықаралық шарт болып табылады және қосарланған салық салуды жою мақсатында жасалған. Сонымен қатар жиында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға түзетулер қабылданды. Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев пен Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұрлан Қылышбаев баяндаған заңда мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі реформалау қажеттігі ескеріліп, заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, аудитке халықаралық стандарттарды енгізу және тиісті қызмет салаларының кадрлар құрамын жақсарту үшін «мемлекеттік аудитордың ассистенті (көмекшісі)» ұғымы енгізіледі.
Сенаторлар қабылдаған құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заң да болды. Әділет министрі Марат Бекетаев пен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Владимир Волковтың таныстыруымен бағалау қызметі мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен сенатор Сәуле Айтпаеваның баяндауымен отырыста «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заңы да талқыланып, қабылданды. Бұл құжат қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен жәбірленушілерге өтемақы төлеу жөніндегі құқықтық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерді реттейді. Заңда жәбірленушілер құқықтарын қорғау тетіктерін қалыптастыру, оларға және олардың заңды өкілдеріне қаржы көмегін беру үшін, сондай-ақ Жәбірленушілерге зиянды өтеу қорында құқықтық, ұйымдастыру, қаржылық, әкімшілік-бөлу ресурстарын жинақтау арқылы қаржыландыру және қаржы төлеу тәртібін жүйелеу туралы ережелер бар. Сол сияқты, осы күні екі оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңмен Бюджет, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түзетулер енгізілді.
Айта кетейік, отырыс барысында сенатор Дархан Кәлетаевтың ұлттық спорт түрлерін мемлекеттік қолдау шараларына қатысты депутаттық сауалы жария етілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»