Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Руханият орталығындағы рухты істер

903 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы – бас шаһардағы руханият ордасы. Ықылым заманнан кітап ордасы – парасат үйі, елдің мәдениеті мен әдебиетінің ошағы болып келген. Кітапхана – тек рухани-мәдени жұмыстармен ғана шектелмей, халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, келісімді нығайтуға қызмет ететін қоғамдық маңызы зор фактор. 

Руханият орталығындағы рухты істер

Қай заманда болсын кітап пен кітапхананың орны да, жөні де бөлек. Жыл табалдырығындағы кітапхана жұмысын сарапқа салып, қорытындылар болсақ, 2017 жыл  біздің кітапханамыз үшін маңызды оқиғалар мен елеулі жаңалықтарға толы берекелі жыл болды. Барлық атқарылған іс – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосылған үлес. 

Елбасы Н.Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда,­ мо­биль­­ді банкинг, цифрлы қызмет көр­се­ту секілді ден­саулық сақтау, білім бе­ру ісінде қол­­данылатын және басқа да перс­пек­ти­валы салаларды дамыту керек. Бұл индус­­триялар қазірдің өзінде дамыған елдер­дің экономикаларының құрылымын өз­ге­ртіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», деп нақты бағдар берді. Осы бағытты жүзеге асыру үшін бүгінгі таң­да қашықтықтан кітап оқу заманауи талаптардың бірі болып қоғамда ауқымды орын алады. Мәдениет және спорт минис­трлігінің «Мемлекеттік электронды кітап­ханалық қорды құру» жобасы «2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық тең­сіз­дікті төмендету» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Қазақстан ұлттық элек­тронды кітапханасы бастау алып, жүзеге асырылуда. 40 000 электронды контент құйылған Қазақ Ұлттық электронды кітапханасы – әлемнің кез келген нүктесінде отырып, кітап қорымен танысуға, оқуға бар мүмкіндікті туғызған, ешқандай кедергісіз тегін әрі сапалы қызмет алуына жағдай жасаған ұлтты танытар ашық заманауи жүйе.

Ұлттық академиялық кітапхананың қорында біржарым миллионнан астам кі­тап қоры бар. Оның оқу залдары бір мез­гілде 500-ден астам оқырманды қабыл­дайды. Ал «Мәжіліс», «Сұхбат» және «Кон­с­титуция» залдарында дәрістер, кон­ференциялар, презентациялар, көр­мелер және жұмыс кездесулерін өткізу үшін толық жабдықталған жағдай жаса­лынған. Сонымен қатар оқырмандар үшін барлық залдарда жоғары деңгейде қыз­мет көрсетеді. Біздің кітапханамызда кі­тап қорын толықтыру мақсатымен фи­ло­логия ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішұлы, ҰҒА академигі К.Нұр­пейісұлы, жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Д.Досжан, халық жазу­шысы Ә.Тарази, жазушы Н.Ораз, мем­лекет және қоғам қайраткері, ғалым М.Жолдасбеков сынды азаматтардың же­ке кітапханалары арнайы оқу залы болып ашылып, жасақталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында­ғы ең өзекті мәселе  латын әліпбиіне көшу, қазақ жазуын заманауиландыру болатын. Кітапханамыздың жанынан «Жаңа қазақ әліпбиі» залын ашып, барлық жастағы оқырман үшін арнайы оқу-жаттығу кур­сын ұйымдастырдық. Айналдырған екі­ айдың ішінде тегін курсқа мыңнан астам оқырман келіп қатысып, жаңа қа­зақ әліпбиін меңгеріп, әліпби ауыстыру мәселесіне деген көзқарастары мен ұста­нымдарын қалыптастырды.

«Туған жер», «Туған ел» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында «Кітап­ханалық туризм» жобасы іске асырылып келеді. Отан­сүйгіштікке шақыру мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың туған жері туралы «Үш­қоңыр» фото­альбомының тұсаукесері ұйым­­дастырыл­ды. М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов, Қ.Салғараұлы, Т.Жұртбай, Қ.Бе­гманов, А.Оразбаева, Ж.Шәкен, Б.Тобаяқов, Ш.Бейсенова және басқа қалам­герлер кітаптарының тұсаукесер рә­сімі өтіп, оқырманмен шығармашылық кез­десу ұйымдастырылды.

Кітапхана ісін Үкімет қашанда бол­сын қолдап, қуаттап келеді. Жуырда ғана Премьер-Министр Б.Сағынтаев Парламент Сенатының депутаттарына­ берген жауабында Ұлттық ака­демиялық кітапхана негізінде балалар мен жасөспі­рім­дер кітапханасын құру мәсе­лесінің қарас­тырылғанын айтып өтті.
Осы күзде табиғаты тамаша Бурабай жерінде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жалынды жастар» атты ІІ республикалық жас кітапханашылар форумы ұйымдас­тырылды. Форумға еліміздің түкпір-түк­пі­рінен жас кітапханашылар келіп, Т.Жұртбай, К.Әмірбек, С.Тұр­ғынбеков, Б.Аяған, Ә.Асқаров сынды зиялылармен кездесіп, еркін пікір алмасып, Елбасы Н.Назарбаевтың атына Үндеу жолдады. Жас кітапханашылар форумы – елдікке, бірлікке шақырған жа­стар қозғалысы болды десем артық айтқаным емес. Биыл тұңғыш рет «Әдеби бал» ұйымдастырып, жастар мен зиялы қауымға әдеби кеш өткіздік. 

Қазіргі уақытта: Абай, Шәкәрім, Мұх­тар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин және көптеген басқа авторлардың шығармалары әлемнің ірі кітапханаларында өз оқырмандарына қолжетімді болып отыр. Олай дейтін се­бе­біміз, біз шетелдердің ұлттық кітап­ха­наларында «Қазақ әдебиеті және мә­дениет» орталықтарының ашылуы бойын­ша жобаны ойдағыдай жүзеге асырып келе­міз. 2016 жылдан бері шет мемлекеттер кітапханаларында Қазақ əдебиеті мен мəдениеті орталығын ашу кітапхана мәртебесін одан сайын биіктете түсті. Бір жылдан аса уақытта 16 мемлекетте осындай орталық ашылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы елшіліктерінің тікелей басшылығымен және Ұлт­тық академиялық кітапхананың ұйым­дас­ты­руымен Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтары Корея, Қырғыз­стан, Ресей, Армения, Финляндия, Венгрия, Түркия, Қытай, Малайзия, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Чехия және Болгария мемлекеттерінде ашылды. Желтоқсан айының соңына қарай кітапханамыздың қызметкерлері Египет және Дубай мемлекетінде халық­аралық тәжірибе алмасу, қазақ кітаптарын сыйға тарту және халықаралық қатынас­тарды дамыту мақсатында іссапарға кетті. Осындай мәдениетаралық және гума­ни­тарлық ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның халықаралық дәре­жеде танылуына да ықпал етеді. Әлем елдерінде орталықтардың ашылуы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру аясында қазақ халқының мәдени және әдеби байлығын дамытуға жаңа халықаралық қатынастар орнатудың тамаша үлгісі болып табылады. Бұл жоба аясында кітапханашылар кəсіби білік­тіліктерін арттырып, тəжірибе алмасып жүр. 

Қазақстан әдебиеті орталығының шет мемлекеттерде ашылуы қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл тәуел­сіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік сала­лар­дағы табыстарын көпшілікке таныс­тыруға жол ашады. Орталықтарда Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектері соның ішінде, Елбасының әлем­дік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптар, тарих, ғылыми-көп­шілік және көркем әдебиет бойынша кітаптар ұсынылды. Қазір бұл кітаптар шет мемлекеттер оқырмандары арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, қазақ­тың бай мәдени мұрасын тануға мүм­кіндік беруде. Әрі кітапханалар арасын­дағы ынтымақтастықты арттыруға себін тигізуде.

Айталық, Сечени атында­ғы Венгрия Ұлттық кітапханасында Орта­лық­тың ашылуына Қазақстанның Вен­гриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Рүстемов, кітапхана қызметкерлері К.Оразова, М.Аманбекова және мажар­стандық түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жары, қандасымыз Оңайша Мақсұмқызы да қатысып, мажар­лықтарға Қазақстан тарихы мен мәде­ниеті, тәуелсіздік туралы мағлұмат бердi. 
Осындай әрбір іс-шара барысында кітапханалар арасындағы ынтымақтас­тықты арттыру мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылып, жаңа кітап­тармен толықтырылып отыратын болады.

Париждегі BULAC Шығыс тілдері мен өркениеті институтында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» орталығы ашылды. Бұл шара «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен таныстырылымы аясында жүзеге асты. Салтанатты шараға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Н.Айтұлы, жыршы, жазушы Б.Әлімжанов, ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Есім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұ.Есдәулет және аудармашы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Б.Қанапиянов, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Т.Теменов сынды белгілі қоғам және өнер қайраткерлері қатысты. Осы салтанатты шара аясында қазақ ғалымдары BULAC кітапханасының қорындағы көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ойшыл, түркі халықтарының руха­ни көсемі Мұстафа Шоқайдың қолжаз­баларымен және архивтік тың деректермен танысты. М.Шоқайдай ғұламаның қолжазбаларының көбі латын әліпбиінде жазылғанымен құнды болып табылады. Франция сапарындағы басты әсеріміз осы алаш арысының қолжазбаларымен танысып, оларды қолға ұстап көруіміз болды. 

Қытай мемлекетінде де оқырман қауым­ға қазақтың аса бай әдеби мұра­лары мен қазақстандық көркем әдебиетті жан-жақты насихаттау үшін тағы бір орта­лық аштық. Бір айта кететін жайт, орталықты ашудағы мақсат қазақстандық авторлардың еңбектеріне, ғылыми-зерттеу базаларына, білім беру ісі бо­йынша ақпараттарға және басқа да сапалы ресурстарға көрші Қытай зиялыларының да қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы орталық ашылуының тағы бір ерекшелігі Қытайдағы қазақ ақын-жазушыларымен кездесу болатын. Солардың арасында белгілі жазушы Акбар Мәжит ағамыз да бар еді. Акбар аға ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, ҚХР Жазушылар одағының «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы қызметінде жүр. Шығармаларын қытай тілінде жазады, отызға жуық кітап­тың авторы. Соның ішінде Абай шығар­маларының аудармалары да бар.

Кітапханамызда ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор­ Б.Көмеков, ҰҒА академигі, филосо­фия­ ғы­лым­дарының докторы, профессор Ғ.Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Т.Жұрт­бай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын О.Тұржан, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты М.Ершу сынды ғылым, әдебиет және мәдениет саласының майталмандары қызмет етеді. Бұл азамат­тардың кітапханамызда қызмет етуі – кітапхананың «академиялық» мәр­тебесін одан әрі жоғарылатқанының бел­гісі. Өркениеті дамыған әлемнің көптеген кітапханаларында ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар қызмет ететінін ескерсек, ­білімдар адамдардың кітапханамызда жұмыс істеуі – оқырмандар үшін орасан зор мүмкіндік болып отыр. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз болып, халықтың қолдауымен Елбасымен ар­найы кездескен тәуелсіздік жастары қатарында біздің кітапханамыздың қызметкері Нұржан Жолдыбалиновтың болуы жалпы кітапхана саласы үшін үлкен мерей. Сонымен қатар биылғы жылы кітапханамыздың тағы бір қыз­мет­кері белгілі жас жазушы, әдебиет зерт­теушісі Елдос Тоқтарбай «Әдебиет» ата­лымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осындай зияткер, ойлы жастардың кітапханада жұмыс істеуі ел ертеңінің жарқын боларын көрсетеді. Ал Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы тағайындаған «Тіл жанашыры» марапатының бізге бұйыруы ұжымға көрсетілген құрмет деп білемін. 

Сөзімізді жинақтай айтқанда, Ұлт­тық академиялық кітапхана – рухани жаңғыру жолында болашаққа нық қадам­мен алға басқан үлкен ұжым. Кітап­ханамыздың тірегі де, қорғаны да – оқыр­ман қауым. Күннен-күнге оқырман саны көбейсе, оқырман сұранысына қызмет ететініміз анық. Бұл – біздің саладағы ең абыройлы іс. Қазақстанның даму перспективасына кітапхана саласының қосқан үлесі осындай болып отыр. Бұл – біздің жеткен жетістігіміздің бір парасы ғана. 

Үмітхан ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы