15 Қараша, 2011

Мира ЛИБГАРД: Үш тілді меңгергенмен, қалауым – қазақ тілі

425 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Сексен жылға жу­ық тарихы бар Семей мемлекеттік педагогика инс­ти­ту­ты еліміздегі байыр­ғы жо­ғары оқу орын­да­ры­ның бірінен са­на­ла­ды. Бас­қасы бас­қа, атал­ған оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті ма­ман­дарын даярлауда ежелден қалыптасқан жақсы үрдіс бар. Соның бәрі мұндағы білікті ұстаз­дардың қажырлы еңбектерінің арқасы болса керек. Есімі елге белгілі ғалым-ұстаз,  Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов солардың бірі ғана емес, бірегейі болатын. Бұл ағамызды бөле-жара айтып отырғанымыз, мұн­дағы филология факультеті қазақ бөлімінің сақ­талып қалғаны да осы Қайым ағаның арқасы. Бұл оқиғаны қысқартып айтатын болсақ, өткен ға­сырдың алпысыншы жыл­дары қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары енді қажет емес деген желеумен жоғарыдан бұл факультетті жабу туралы нұсқау түседі. Сонда Қайым ағамыз сол кездегі облыстық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы, ұлтжанды азамат Екейбай Қа­шағановқа  барып, ақыр соңы екеулеп жүріп қа­тер­­­лі шешім­нің алдын алғаны аңызға бергісіз ақиқат. Ел егемендігінің арқасында қазірде мұнда қа­зақ филологиясы өз алдына жеке факультет. Мұ­ны бір десек, екіншіден сол факультетте бүгінде басқа ұлт өкілдерінің де оқып жатқаны көп нәрсені аңғартса керек. Ал кешегі кеңес заманында бұл өңіміз түгіл, түсімізге кірмейтін шаруа еді ғой. Соның бәрі өзара түсіністіктің арқасында мүмкін болып отыр. Мемлекеттік тіл факторы елімізді мекендейтін ұлт­тар арасындағы береке, бірліктің басты құндылық­тарының біріне айнала түсіп келе жатқандығы да шындық десек, институттың қазіргі ректоры, ғылым докторы, профессор Мейір Ескендіров өзара бір әңгімеде қазақ филоло­гия­сы факультетінің екінші курсында бірқатар өзге ұлт өкілдерінің оқып жатқанын, соның бірі Мира Либгардтың өзінің талабымен институт ректорының грантын жеңіп алғанын ризашылық сезіммен мәлімдеген еді. Міне, сол Мирамен тілдесіп отырмыз. Ашық- жарқын бойжеткен әңгімені әріден, ата-бабасы мен нағашы жұрты, ата-анасы туралы жүрекжарды сөзімен бастап кеткен. – Менің атам Александр мен әжем Валентина Қырым жағының немістері екен, – деп бастады өз сө­зін Мира, – соғыс жылдары олар бұрынғы Семей облысының Ақ­суат ауданына көшіп келеді. Бас­тапқыда олар жаңа ортаға сіңісе алмай қиналған де көрінеді. Бірақ жергілікті халықтың бауыр­мал­дығы мен қайырымдылығы бұ­­лардың жүрегін тез жаулап алады. Ал мұндай жағдайда өзіңді бөтен сезінуге жол қалмаса керек. Ал­дымен бұлар тіл үйренуге ты­рысып бағады. Әрине, бастапқыда тілді бұзып сөйлегендеріне қы­сылады. Бірақ қазақ ағайын­дар­дың оған күлмей, керісінше қол­паштап, қолдағандарына риза бо­ла­ды. Сөй­тіп, тез арада тіл үй­реніп алады. Содан кейінгі жерде бұ­ларды ешкім жатсынбаған тәрізді. Біраздан соң бұлар қазақы ор­таға тіптен бейімделе түсіпті. Яғ­ни, қазақтардың балажандығы бұ­ларға да жұққан секілді. Соның айғағындай, менің әкем тоғыз ағайын­ды. Көп ағайынды болған­дығына бүгінде өздері де қуанады. Соның бәрі тіпті Ақсуатта орысша оқыса да қазақшаға жүйрік, өйт­кені достарының бәрі қазақ. Бірақ, өкінішке қарай кешегі мызғымастай көрінген алып империя ыдырай бастаған шақта біздің әулет алдымен Бородулиха ауда­нына қотарыла көшіпті. Бұған енді оларды сөгуге болмас. Қалай болғанда да олар үшін Ақсуаттың жөні бөлек. Өйткені, олар сол жақ­та өсіп, өнді. Оның үстіне ата­мыздың сүйегі сол жақта. Яғни, өзінің өсиеті бойынша қайтыс бол­ған соң Ақсуатқа жеткізіліп, жерленген. Оның бір себебі сол, ертеректе қайтыс болып кеткен Эвальд деген ұлы сол жаққа жерленген екен. Екіншіден, атамыз қазақ ортасында мәңгілік тыныс­тауды жөн көрген бе деймін. Атам дүниеден озғанда мен бар жоғы екі жаста едім. Сол себепті атам есімде қалмапты. Ал әжем қайтыс болғанда мен алты жаста болатын­мын. Ол кісінің жарқын бейнесі, айтқан ақылы әлі есімде. Әжем Бородулиха жағында мәңгілік ты­ныстап жатыр. Әкеммен бірге ту­ғандардың көбі негізінен Герма­ния­ға көшіп кетті. Арасында Ресейге кеткендер де бар. Солардың қай-қайсысы болсын, ара-тұра Семей өңіріне келіп кетіп жүреді. Сонда жас болсам да олардың бұл жақты қимайтындықтарын байқап қаламын. Ағайындарымның қазақ­тарды, қазақ тілін сағындық дейтінін қайтерсің! Бұйыртса, алдағы жылы Германиядағы туыстарға мен де барып қайтатын шығармын. – Ал енді ата-анаң туралы айта кетсең. – Иә, өзім де соған келе жатыр едім. Әкемнің аты – Либгольд, отбасында сегізінші болып өмірге келіпті, Ақсуат елінің тумасы. Мектепті сол жақта орысша бітірген. Бірақ жоғарыда айтқандай, қа­зақшаға судай. Мектептен кейін сол жақта техникалық училищеде оқыған. Әскерге барып келген соң Семейдегі жиһаз фабрикасында шебер болып жұмысқа орналасады. Ал шешем Торғай Абыралы өңірінің қазағы, Қайнар ауылы­нан. Бұлар алты ағайынды, бес қыз, бір ұл. Солардың ең үлкені менің шешем мектепті бітірген соң Семейдегі технология инсти­тутының экономика факультетіне түседі. Ал оны бітірген соң бірер жыл сырт жақта жұмыс істеп, ақыр соңында әкем жұмыс істеп жатқан жиһаз фабрикасына ма­ман­­дығы бойынша қызметке орна­ласады. Содан дәм-тұздары жара­сып, өз алдына шаңырақ құрады. Алғашқыда баспана қайдан болсын, жатақханадан бір бөлме алғанға қуанады. Сонсоң мен туған соң бұлардың алаңсыз қызмет етуіне бөгет болмасын деп мені нағашы апам Бақыт Қайнарға алып кетеді. Ол кісі сол шақта медбике, ал нағашы атам Хатшыбек есепші болып еңбек ететін. Қазірде наға­шыларым Семейде тұрады, екеуі де зейнеткер.  Өсіп-өнген әулет негізінен осы Семейде тұрып жатыр. Әйтеуір, отбасымыз туралы сөз басталып кеткен соң енді соны жеріне жеткізіп айта кетсем, артық­тығы болмас деп ойлаймын. Қазір­де ата-анам мамандықтарына орай жеке кәсіппен айналысады. Яғни, бұрынғы кәсіптерін одан әрі дамы­тып, жиһаз өндірісімен шұғыл­дануда. Бір сөзбен айтқанда, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік жасап келеді. Қалай десек те соның бәрі ел егемендігінің арқасы. Болмаса жеке шаруамен айналысқан жандарды кешегі кеңес заманында ит қосып қуалапты деп естиміз. Өзімнен кейінгі бауырым Владислав мен оқыған №7 мектеп-лицейдің 11 сыныбында оқып жа­тыр. Ол да үш тілді біледі. Ол мектепті бітірген соң тәртіп сақшысы болсам дейді. Оны енді уақыт көрсетеді. – Е, мемлекеттік тілді нағашы жұртың да Қайнарда жүргенде үйренген болдың ғой? – Тіптен де олай емес. Менің жасым екіге келгенше тілім шықпапты. Бұл бала мылқау болып қалмаса неғылсын деп уайымдапты нағашы жұртым. Содан қалаға, ата-анамның қолына қайтып келдім. Құдай қолдап, тілім де шықты. Бірақ, мына қызықты қараңыз, әкем неміс, шешем қазақ болғанмен тілім орысша шықты. Өйткені, отба­сында әке-шешем көбіне орысша сөйлесетін және аулаға шықсаң да бәрі орысша сайрайды. Балабақ­шада да солай. Енді соның бәрі баяғы заманнан қалған ескі үрдіс қой. Сол шақта мүлдем тіл білмегеніме назаланып, шешеме мен неге қазақша ұқпаймын, неге қазақша сөйлемеймін деп жылағаным есімде қалып қойыпты. Сол тұста үш тілде – немісше, қазақша және орыс­ша еркін сөйлейтін әкеме ұқ­сап бағуға тырысқаным ғой өзімше. Шындығында тіл білген адам өзін суда жүзген балықтай еркін сезінетіні рас қой. Кейін уақыты келгенде сен де әкең секілді үш тілді еркін меңгеретін боласың деп анам менің жігерімді жанып, қайраттан­дыр­ғаны да есімде. – Сонымен мектепке бардың... – Мен мектепке барған шақта теміржол вокзалының маңында тұ­ратынбыз. Сол себепті осы маңдағы №23 орыс мектебінің табалдыры­ғын аттадым. Мұнда қазақ тілі бірінші сыныптан бастап оқытылады екен. Және мұғалімге байланысты ма, талап күшті. Сонсоң мұны заман талабы деп те түсінуіміз керек. Болмаса кешегі кеңес заманында орыс мектептерінде қазақ тілінің жай әншейін көз алдау үшін оқытылғанын көрмесек те, естідік қой. Сол себептен де, бұл сабақты беруге тәжірибесі аздау, әйтеуір ақша тапқанға мәз мұғалімдер жегіледі екен. Ал бізге қазақ тілінен сабақ берген Алмагүл Ерғасенова өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін тәжі­рибелі мұғалім, білікті маман бо­лып шықты. Мемлекеттік тілді білу міндетің екенін  ол мейлінше түсін­діріп бағатын. Және жай құрғақ үгітпен шектелмей, әуезді тілдің қыры мен сырына үңілуімізге жол аша білді. Қандай ертегі, батырлар жырын оқымасын, еліктіріп әке­теді. Көп сөздің мәнін түсінбей қалсақ та, білмекке құштарлық бәрін жеңеді екен. Оның үстіне басқаларға қарағанда, маған жеңіл. Өйткені, үйдегі кеңесшім де мық­ты. Яғни, анам өз білгенін маған үйретуден аянып қалған емес. Осы екі аралықта ата тілі – неміс тілін де үйренуге ынтам ауа бастады. Ал бесінші, алтыншы сынып­тарда оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен түрлі олимпиадаларға қатыса бастағаннан өз болашағым­ды айқындап алғандай болдым. Яғни, бастауыш сыныпта архитектор, яки дизайнер болсам деген бала арманым жайына қалды да, оның орнын тілге деген құштарлық баса берді. Сөйтіп жүргенде қаланың Жаңасемей деп аталатын бөлігіне қоныс аудардық. Соған орай маған үйдің маңындағы №7 мектеп-лицейге ауысуға тура келді. Мұнда да тілге құштарлық арта түспесе кеміген жоқ. Соның айғағындай, бұ­рынғы ескі дағдыммен тіл олим­пиа­даларына белсенді түрде қатыса бастадым. Бұл шақта Семей өңі­рінен шыққан Абай, Шәкәрім, Мұх­тар сынды алыптардың шығар­маларымен ептеп болса да сусын­дап қалған едім. Ал одан кейінгі жерде ақиық ақын Мұқағали өлеңдерімен таныстығым басталды. Бір сөзбен айтқанда, көкірек көзім ашылып, санамда сілкініс пайда болды. Қызыл сөз үшін айтты демеңіз, осыдан кейінгі жерде кеудеде отаншылдық сезім де бас көтерген. Шындығында, «мен егер лапыл­дап жанбасам, сен егер лапылдап жанбасаң, серпілер түнек түн қашан» деп ақындардың бірі жыр­лағандай, тәуелсіздіктен соң іле-шала өмірге келген біздің толқын­ның да сол ел тәуелсіздігі үшін қызмет етер кезі келді ғой. Сөйтіп жүргенде тағы бір жауапты сынаққа түсудің сәті түсті. Бұл өткен жылдың наурыз айы болатын. Онда мен 11 сыныпта оқитынмын, яғни мектепті бітірейін деп жатқанмын. Қазақ тілі пәнінен аймақтық олимпиада осы Семей педагогика институтында өткізілді. Аруақ қолдап дегендей, осы сайыста жүлделі бірінші орын­ды жеңіп алдым. Мұны өз басым әзіргі өмір жолымдағы ең басты жеңісім деп білемін. Өйткені, сол жеңістің арқасында аталған институт ректорының грантын иелендім. Солайша мектеп бітірмей жатып менің болашағым айқындалып қалды. – Ал енді Мира, өзің оқып жатқан институт пен факультет туралы, бірге жүрген достарың жайында айтып берсең. – Біздің институтта есімі бүкіл елімізге белгілі Қайым Мұхамед­ханов, Төлеубай Аманов сынды әдебиетші, математик ғалымдар еңбек еткен. Институт шәкірттері арасынан Еңбек Ерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушы-ақындар көп­теп шыққанын да жақсы білеміз. Қазірде бізге Арап Еспенбетов, Қинаят Шаяхметов сынды білгір ұстаздар дәріс оқиды. Оның бірі – белгілі сұлтанмах­мұттанушы, ал екіншісі білікті тіл маманы ретінде қалың көпшілікке есімдері кеңінен танылған ғалымдар. Институт, факультет басшылары туралы менің баға беріп жатқаным дұрыс болмас. Солай дей тұрған­мен, институттағы өзара түсіністік, қалыптасқан жақсы үрдіс туралы осындағы студент жастар атынан өз лебізімді білдіре кетсем, артық болмас.  Айталық, институт ректоры Мейір Ғариполлаұлы жаңа заман­ның жаңа басшысы. Ол кісімен ректордың жаңа жылдық шырша­сында, институт деңгейіндегі түрлі іс-шараларда кездесіп қаламыз. Мұның сыртында ректордың жеке сайтына кіріп, өзімізді толған­дырып келе жатқан сауалдарға қол­ма-қол жауап алып жатамыз. Мұны да жаңа заман тынысы, демо­кратияның бір көрінісі деп білеміз. Ал факультет деканы Фарида Жақсыбаева бұл қызметті он жыл­дан бері атқарып келе жатқан тәжі­рибелі ұстаз. Бір жағынан ақылшы анамыздай. Кураторымыз Қарлы­ғаш Құрманбаева жас ғалым, қа­шанда жастардың арасынан табы­лады. Факультетімізде биылдан бастап тәрбие жөніндегі куратор және бар. Бұл міндет Гүлжанат Мұқанғалиева деген апайымызға жүктелген.  Міне, осы кісілерді өзіміздің ақылшымыз деп білеміз. Ал институт көлеміндегі барлық рухани шаралардың басы-қасында жүретін тәрбие жұмыстары жөнін­дегі проректор Ерғали Есенжолов деген ағайымыздың да біз үшін жөні бөлек. Институт көлемінде ұлттар дос­тығы, тіл, жастар тәрбиесі туралы өтіп жататын шараларда есеп жоқ. Мұнда бүгінгі күні жиырмаға жуық ұлт өкілдері оқыса, солардың ешқайсысы әлгіндей мазмұнды шаралардан тыс қалған емес. Соның ішінде желтоқсан қаһарманы Қай­рат рухына арналған дәстүрлі кешті бөле жарып айта кетсем деймін. Осы кеш соңы студент ақындардың мүшәйрасымен қорытындыланып келеді. Оған республикамыздан тыс жерлерден де жас таланттар қаты­суда. Қайрат жалпы студент жас­тар­дың мақтанышы десек те, оның семейліктер үшін орны бөлек. Өйткені, тәуелсіздік жолында қыр­шынынан қиылған ол осы Семейде мәңгілікке тыныстап жатыр. Жоғарыда институтымызда жи­ыр­маға жуық ұлт өкілдері оқиды дедім ғой. Соның төртеуі болып біз бұрнағы жылы қазақ филологиясы факультетіне оқуға түстік. Соның екеуі қазақ мектебін бітірген. Орыс қызы Наталья Бородулина Үржар ауданынан болса, белорус қызы Диана Дергач Курчатов қала­сынан. Ал енді ана заманда кешегі атом полигонының астанасында қазақ мектебі ашылады, оның түлегі жоғары оқу орнына барып, оның қазақ филологиясы факультетіне түседі деп кім ойлапты. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқа­сы деп тағы бір қайталап қойған жөн. Сонымен, әлгінде айтқан төр­теудің екеуі қазақ мектебінің түлегі дедік. Ал менің шешем қазақ қызы екендігін естіп, біліп отырсыздар. Сондықтан біздің арамыздан алғашқы бетте тілден қиналыңқыраған Наталья Минх болды. Бір жақсысы, абзал ұстаздардың арқасында қазір ол да ысылып қалды. Күні ертең оның басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді терең үйрететіндігіне еш күмән жоқ. Ал таза қазақ бөлі­мінде оқып жатқан бізге бұдан да ширай түспесек болмайды. Соған орай, кейде кейін таза қазақ мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен қалай сабақ беремін деп қобал­жып қалатыным да бар. Қазақта жаман сырын айта­мын деп шынын айтады деген сөз бар. Осы орайда сырымды да, шыным­ды да айта кетсем, мені дұрыс ұғарсыздар деп ойлаймын.  Менің педагогика институтының қазақ филологиясы факультетіне ешкім­нің зорлығынсыз, жүрек қалауым­мен түскенім рас. Сон­дық­тан қалаған мамандығым­нан ешқашан бас тартпаймын. Бірақ реті келіп жатса қазақ журна­листкасына, оның ішінде теле­журналистикаға бет бұрсам деген де ойым жоқ емес. Туыстарым сені «Қазақстан» телеарнасындағы Мая Веронская секілді тележүр­гізуші ретінде көрсек деп қояды. Енді оның бәрін уақыт көрсетеді. – Сөз соңында институтқа оқуға түскеннен бергі жердегі қол жеткен жетістіктерің ту­ралы айта кетсең. – Институтқа түсіп бәрін тындырып тастадым дей алмай­мын. Бірақ азды-көпті жетістіктер жоқ емес. Ең бастысы, бұрын­ғысынша тіл сайыстары­нан тыс қалған жоқпын. Айта­лық, биылғы жылдың көктем айында «Тіл – мемлекетіміздің тұғыры» деген атпен студент жастар арасында өткен байқауда жүлделі бірінші орынды иелендім. Ал тамыз айын­да облыс орталығы Өске­менде ел тәуел­сіздігінің 20 жыл­дығына орай «Мемлекеттік тілді білу – парызың» деген атпен 18 бен 30 жас аралығындағы басқа ұлт өкілдері арасында өткен бай­қауда бас жүлдені жеңіп алдым. Сонда Диана Дергаш, Наталья Минх үшеуіміз «Қара­жорға» биін биледік. Бұдан кейін сол тамыз айы­ның соңында Астанада өткен тіл сайысына қаты­с­тым. Оған негізінен жоғары оқу орындарының, колледж бен мек­теп­тердің оқы­тушы-мұға­лім­де­рі, журналистика саласының қызмет­керлері қатыс­ты. Сон­дық­­тан жүлделі орынға іліге алма­дым. Бірақ оған еш ренжімеймін. Қайта осындай мәрте­белі бай­қауға қа­тысып, тәжірибе жинақ­тап қайт­қаныма қуанамын. Институтқа түскелі қоғамдық жұмыстан да сырт қалған емеспін. Айталық, студенттер арасында факультет кәсіподақ комитетінің төрайымымын. Оның сыртында институт кәсіподақ комитетінің хатшысымын. Осы міндеттерді атқара жүріп, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан студенттерге қол ұшын беріп, көмектесуді өзімнің парызым санаймын. Кейде оралман студенттерге де көмек­тесіп жатамыз. Мәселен, кәсіп­одақ комитеті Дәулет Арын деген оралман студенттің Астанада «Жастар жырлайды» деген атпен өткен жыр сайысына қатысып келуіне жәрдемдесті. Жуырда Семейде облыс әкі­мінің бастамасымен «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының облыстық фору­мы өтті. Оған біз де қатыстық. Осының бәрі студент жастар арасындағы береке-бірлікті ны­ғай­та түсетін оң шаралар деп білемін. Біз – тәуелсіздік түлектері ел ертеңіне нық сенімдіміз. Хакім Абай атамыз айтқандай, сол егемен ел іргесіне бір кірпіш болып қалана білсек, арманымыздың орындалғаны. Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.