Ұлттық музей жанынан құрылған «Киелі Қазақстан» орталығы «Қазақстандағы 100 жалпыұлттық деңгейдегі киелі орындар» тізімінің жобасын жариялағаны мәлім. Осы ретте ғимаратының өзі республикалық маңыздағы сәулет ескерткіші санатына жататын Ұлттық ғылым академиясын да сол тізімнің қатарына әбден қосуға болар еді-ау деген ой келеді. Ғылым академиясы өзінің құрылған кезінен бастап ұлттық мәдени және ғылыми мұраны сақтауға барынша белсенді, көшбасшы сипатқа ие. Сонымен қатар академия отандық ғылымның белді орталығы болумен қатар көп жылдар бойы еліміздің мәдени ошағы ретінде де айтарлықтай жобаларымен ерекшеленді. Мемориалдық музейдің бүгінде академияның сәулет кешенінде орналасуы біз үшін айрықша жағдай әрі үлкен мәртебе саналады. Бұл музей ондаған жылдар бұрынғы тарихи кезеңдерге сапар шеккізеді. Музей өзінің ғылыми және тәлім-тәрбиелік қызметі арқылы Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі жайындағы сан-сапатты мағлұматты ұлттық ғылыми және тарихи-мәдени мұраның бір бөлігі ретінде қарастырып, насихаттаумен айналысады.
Бүгінгі өскелең ұрпақты ғылымға, оның ішінде геологияға, геологиялық барлауға тарту – өте маңызды мәселе, дер едік. Қаныш ағамыз 1963 жылы жарияланған мақаласында былай деп жазған болатын:
«Болашақтың ғылымы! Кім оны көз алдына келтіре алады!..Болашақтың ғылымы бұрын болмағандай адамзат қоғамының бақыттылық пен ауқаттылық мақсаттарына толық қызмет етеді. Ол адамдардың тек қана материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырып қоймай, жан-жақты рухани гүлденуге әкелетін арманын өмірге алып келеді».
Былтыр күзде Ақмола облысының Степногор қаласында ғалым Қ.Сәтбаевтың ескерткіші бой көтергенде оған бәріміз шаттанып, марқайдық. Бұл іс-шараға еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, ғалымның немерелері, ғылым докторлары Әлима Жармағамбетова, Александр Третьяков, Қ.Сәтбаев атындағы Геология институтының директоры Герой Жолтаев және т.б. белгілі тұлғалар қатысты.
Ескерткіштің ашылу рәсімінде Степногор қаласының әкімі А.Күмпекеев: «Ұлы тұлғалардың есімін мәңгі сақтау, тарихи-мәдени мұра нысандарын, ескерткіштер ашу бұл Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы басым бағыттардың бірі болып табылады» деді. Соңынан «Тау-кен өндірушілер» сарайында академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейінен алынған жәдігерлер бойынша тамаша көрме өтті. Іс-шараны белгілі ғалымдардың қатысуымен өткен «Қаныш Сәтбаев – ұлы ғалым-ұйымдастырушы, данышпан, патриот» ғылыми конференциясы жалғастырды. Конференцияға 100-ге жуық мамандар мен сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, ғылым, білім саласының, мәдениет мекемелерінің басшылары, студенттер, аспиранттар, қоғамдық ұйымдардың белсенділері атсалысты.
Олар академиктің ғылыми мұрасына, оның Қазақстандағы ғылымның қалыптасуына және дамуына қосқан үлесіне қатысты ауқымды ойларын ортаға салды. Баяндамаларда негізінен ел аумағында сирек кездесетін элементтер, көмірсутектердің кен орындарын тәжірибелік қолдану және оны анықтау мәселелері бойынша теориялық-әдістемелік, ғылыми пайдалануы жөніндегі ой-пікірлер көрініс тапты.
Конференцияға қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарына тоқталды. Бұған түрлі сала мамандарын қамтуға орай тілектер білдірілді. Республика аумағындағы табиғи геологиялық ескерткіштерді, мәдени мұра нысандарын күтіп сақтау үшін қоғамдық-пайдалы жұмыстарға әсіресе, оқушылар мен студенттерді кеңінен тартуға назар аударылды. Мұнан басқа «Қазақстанның киелі орындар» тізіміне ҰҒА және академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейі ғимаратының енгізілуі, мемлекеттік музейлердің базасында Қазақстан ғылымының жетістіктері мен тарихы, тау-кен ісі дамуының тарихы және геология негіздерін зерделеу бойынша орта білім беру бағдарламаларына факультативтік сабақтар енгізу сияқты т.б. бірқатар өзекті мәселелер туралы әңгіме қозғалды. Осынау шарадан көкейге түйгеніміз – көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы негізін қалаған ұлан-ғайыр іске бүгінде жалынды жастар қамтылып, жарасымды жалғасын табуда.
Бақытжамал АЙТМҰХАМБЕТОВА,
академик, Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейі» ММ директоры